Дидар АМАНТАЙ

ӨЛІМГЕ ДЕЙІН СОЗЫЛҒАН ОҢАША ӨМІР

Новелла

Сол бір қытайдың біздің ауылға қашан көшіп келгені белгісіз, біз ес жиғалы қос доңғалақты ескі арбасын сүйретеді де жүреді, үнемі бірдеңе тасып келе жатады.

Шаруамен келе қалған елді үнсіз отырып тыңдайды. Көп сөйлеспейді де, бірақ, күллі ауылдың құрылысын, құрал-сайманын, архитектуралық-инженерлік жұмыстарын қытайдың өзі жүргізеді, атқарады.

Бұл әдепкі қытайдай емес, ұзын бойлы, қарулы, тұйық кісі еді. Қорыққанын, біреуге жағымпазданғанын  көрген емеспіз, үнемі тәкаппар, еңселі, сабырлы. Шатақ шығарғанын, төбелес бастағанын да естіген жоқпыз, бейбіт адам-тұғын.

Он саусағынан өнер тамған ұста, шебер, көрікші. Тапсырмаңды алады, уақытын белгілейді, келіскен межеде барғанда, дайын тұрады. Тиеп береді немесе көлік табылмаса, арбасына салып өзі жеткізіп тастайды.

Ешқашан ештеңе уайымдамайды, әлде ішінде сақтайды, құлазып отырғанын, күйзеліп тұрғанын тірі жанға білдірмейді.

Украин әйелі бар, әдемі, екеуі қалай қосылғаны түсініксіз. Бір-бірімен қабыспайтын екі әлем. Жер мен көктей.

Қытай қазақтармен араласпайды – қонаққа шақырмайды, үйіне бармайды, нан ауыз тимейді. Тек жұмыс үстінде, бір нәрсені нақтылай түскенде, шолақ тіл қатысады, істің мән-жайын, мәселенің жай-жапсарын біліп, ақыл-кеңесін айтқан соң, қанден итін ертіп, арбасын дертесінен тартып сүйретіп, үйіне қайтады.

Ел атын да білмейді, бәрі қытай дейді, ол да суық, түзетпейді де, шын есімін ашпайды да, күллі жұрт ырза, балға сынғанда, орақ жүзін, шалғы тістерін қайрап, науқанға дайындағанда, арба жөндегенде, қамқор, тілеуқор, іскер.

Апта өтпей қалауың сөреде дайын жатады, іздегенің қорасынан табылады.

Тойда жүргенін, меймандарға еріп арақ ішкенін көрмеппіз. Қашанда сау, еңбекке жарамды, сапарға даяр, жалқаулықтан ада, тіленіп, сұранып тұрады, бейнетқор, жұмыстың үлкен-кішісі жоқ, жеңін түріп, білегін сыбанып, кірісіп кетеді.

Баласы болды ма, жоқ па, таза ұмытқан екенмін, нанға жұбайын жұмсайды, дүкенді өзі аралайды, үйі әдемі, ауласы таза, жинақы, сылағы жаңа, жазда қақпасын ашып кіріп барғанда, жерге су шашып қойғанын байқайтынбыз, бізге қатты әсер етуші еді.

Қазақтың бәрі үйіне кірмей, ауласынан қайтатын еді. Қандай дүние-мүлкі бар, ешкім білмейді, қонақты есіктен қарсы алады, табалдырықтан шығарып салады. Жеке өмірі құпия, жұрт қауесетті көп айтатын еді.

Күллі ауыл сырттай именетін, құрметі ерекше, беделі зор, сөзге сараң. Өзін әдепті ұстайтын. Мәдениетті кісі. Кездескенде, жолда ұшырасқанда қысқа ғана амандасатын, орысша, сосын, тоқтамаған қалпы қасыңнан өте шығады.

Әйелі де қазақтармен орыс тілінде сөйлесетін, ақжарқын, ақ пейіл адам, екі арадағы елшідей көрінетін. Жұрт қытайдың жаңалығын украин жұбайынан білетін. Оның өзінде негізгі жайттар жабық күйінде қалады, сол ұсақ-түйек мәселелер қозғалады. Мысық жоғалып, итінен айырылып, марғау мен күшік іздеп жүргендерін әңгіме қылады.

Баламыз, қалай елін сағынбайды, аңсамайды екен деп ойлайтынбыз. Әке-шешесі қайда, туған-туысқаны қайда, ағайын-жұрты қай жақта.

Өмірі де өзгеше. Бүкіл қазақ бір қытай бар екеніне үйреніп алған. Шаруаға епті, елге көмекші, өзі тыныш, тәртіпті.

Үйіне пошта келмейтін, газет-жорнал жаздырып алдырмайтын. Өкіметтің де ісі жоқ. Зейнетақысыз өмір сүрді. Әйеліне Украинадан туыстары ақша аударып тұратын. Қазақ жасын сұрамаған соң, оның нешеде екенін жұрт сан-саққа жүгіртетін. Түріне қарасаң, бетінде әжім жоқ, қимылы ширақ, жүрісі жылдам.

Бірақ, қазақтың күмәні көп-тұғын. Қашып келген қытай ма екен деп күдіктенетін, алайда, жасырынған дәнеңесі жоқ, ашық, ел алдында ғұмыр кешті.

Үйі – қорғаны. Жан баласы кірген емес, ішінде құпия қойма бар шығар. Қазақтың бәрі сырын ашуға ұмтылды. Жерді қазып жіберіп, тапқан ақшасын тығатын орын жасап алды ма, бұл не, үйін неге көрсетпейді. Елдің жайы өз жағдайымыздан маңыздырақ.

Әрі жақын, әрі бөтен тұлға. Бәрін қызықтыратын.

Ол туралы жұрт бір күні елді тастап, келген жағына қайта оралады деп ойлайтын. Жиған-терген қаражатын жолға жұмсайды, қазір дайындық жүргізіп жатыр, көп тараған қауесет өтірік боп шықты, ол ешқайда кеткен жоқ, өмір бойы қазақтармен бірге, бір ауылда тұрды.

Мекенін ауыстырмады, тұрағын өзгертпеді. Біз оның үнемі ауылдан шықпайтынына да үйрендік.

Мектеп бітіріп, мен оқуға кеткенде, ол ауылда қалған еді. Шаруашылықтың құлдыраған, бүлінген, елдің азып-тозған, Одақтың ыдырап жатқан мезгілі, кейін халық жұмыс іздеп, шұбырып қалаларға көшті, ауылдағы қалыпты тіршілік бұзылды, үйлер қирады, қаражат тапшы кез, аласапыран заманда сол бір қытайдан көз жазып қалдым.

Көп уақыт өтті, алайда, елі де, ертеңі де белгісіз сол бір қытай мен үшін өмір бойы үлкен жұмбақ болып қалды.

Қазір өлген шығар, әлде тірі ме екен, бір Құдайға аян, бойынан қайрат кеміп, күш-қуаты азайғанда, өлерін алдын ала танып, құпия үйдің жұмбақтарын жойып жіберді ме екен, мүмкін, құпия ештеңесі жоқ шығар, бұл жай бір әншейін ұлттық үрдіс, қытайлық салт қана ма, кім білсін…

 

25.02.2021

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here