Дидар АМАНТАЙ. “КІТАП ЖАМАУШЫ”. Новелла

262

Дидар АМАНТАЙ

КІТАП ЖАМАУШЫ

Новелла

Қаза. Тегінде, күзде – ажал, көктемде ғұмыр көп, ақпараттық заманда – адамның ақыры. Келе жатқан жаздың бір атауы – жазғытұрым, кетіп бара жатқан күздің бір атағы – қара суық.

Шағын үйдің сенегі, әлде клеті, мүмкін, жүк қоймасы, тар – түс әлетінде алакөлеңке, қас қарайғанда – түк көрінбейді. Қара суық, қашанда, өкпе тұстан, қазан, қарашада, алапты шолған өңірі ашық баланың өңмеңінен шаншылып дөп қадалады, денесін қалтыратып, жылдам тоңдырып жібереді. Күндіз жайма-шуақ Арқа, көлеңкелер байланып, кірпік үйірілгенде – салқын, түн ортасы ауғанда – елең-алаң ызғар, алагеуім шақта таңғы шық, шұғыла шомылып жеткенше – жауратады, шаршатады – жоқшылар әлсін-әлсін жан сақтап жолда кездескен қарашы там үйлерде, қара пеш үстіне қолын жайып бой жылытады, тыста даланы тыстаған ақ жауын, бірен-саран жұрт жазда шет жайлап, қыста таяу ірге бекіткен, ұзақ орнығып, бір сәт, қопарыла тік көтеріліп, қоныс тепкен, ық, тау бөктері, жон етегі, бұзылмайтын әдет, бұлжымайтын тәртіп, үзілмейтін дәстүр, ендігі қазақ тарыдай шашылып қырда жатпайды, үркердей топтанып, шоқтай жиылып ауылда отырады.

Ол терезеден көз алдын шолады. Бұзау іздеп өскен бала, кішкентайынан аңыз-әңгімеге, жасынан қисса-дастандарға, кітапқа үйір, сан қилы желі, мың түрлі уақиғаларға – қызығады. Сәуірде мал қарап, жыңғылы мен жықпылы көп жонда аңдыздап қаптаған сәуле сипай жүзін сүйіп, қуанған қунақ бала күн жылуына қарсы ұшырасады, қарашада сырт кезіп, бұла өскен төлдің ізін кеседі, жас өскін дала аралап, түн қатып, жайылым-жайлау кешеді. Қырдағы түн қараңғылығы – адам мінезін шыңдайтын тез кеңістігі.

Жазғанына көңілі толған жоқ. Сосын, тастады. Күйсіз қаламның күйттегені – күйкі тірішілік, асқақ тақырыпты қозғауға асқан ерлік, алапат шабыт қажет.

Сіріңке жақты. Таң сәтсіз басталды. Ол жазуды қойғанына көп болды. Түтін бұрқ етті. Темекіні қоя алмады. Зады, сақара жайлы қалам тартқан қиын екен, қаһарман жоқ, уақиға сирек, елсіз сайын дала бос. Бірақ, көркем әдебиеттен алыстамады. Кітап жинады, ұлы романдарды оқыды, айлап, апталап қалың эпопеялардың парақтарын аударды, бетіне үңілді, үстінен төнді. Сатып алған, қолына тиген үлгілерін ұқыпты ұстады. Ертеден кітап жамады, мұқабасын бүтіндеді, түптерін реттеді, жұлмаланған тұсын тікті. Құрал-сайманы көп еді, қысқышы, бұрғысы, жуан тебен инесі, жіп өткізетін бізі, кескіші, арнайы қалың үстелі, желімі.

Кезінде, жұрт кітап жөндеуге тапсырыс жасау үшін алдына ала кезекке тұратын еді. Қамбаға құйылған астықтай, ақша төгіліп жататын, қанша жұмсап жатса да таусылмайтын.

Қазір тегін істейді. Істемесе тұра алмайды. Науқасты құтқаруға ұмтылған жедел жәрдем тобы тәрізді.

Уағында ері жинаған кітаптың бірнешеуін көтеріп, бірді-екілі апа-әже, кейде, сәтін салса, студент жастар кіреді. Шаруасына тиянақты, уағдасына адал, сөзіне берік. Ол кітап жамағаннан басқа ештеңе білмейді. Күркесі толған кітап. Ескі, жаңа, ірі, ұсақ, Петерборда әдіптелген, Тифлисте басылған, Қазанда түптелген. Орынборда жарық көрген, Ташкентте шыққан. Мәскеуден тасығаны қаншама.

Түпкі ниеті – уақыт өлтіру. Қартайғаны жаңа, ажалға дейін жалғыздықта азаптанғысы келмейді. Ол – кітаптың емшісі, қамқор дәрігері. Кітапты да, оқырманды да емдеуі, сауықтыруы қажет.

Бірде, көрші ықшам ауданға көшкен үйдің алдында өртеніп жатқан есіл кітапты көріп, өртке қойып кеткені бар, отты жан-жаққа теуіп шашып, бетін ашып тастады, құтқарып үлгерген кітаптарды жөндеп, қайта жарқыратып сөреге қалап қойды.

Қаржы-қаражат қысқанда, тамақ таппай қиналғанда, жөндеген, бүтінделген  кітаптарын бір бөлек нанға айырбастап, нәпақасын айырып жүрді. Кітабының құны түсті, еңбегі арзандады, ақыры ешкімге керек болмай қалды.

Күркесінің іргесінен жәшік қойып, тақтаға: бұл жиналған ақша жер-жерде шашылып жатқан,  пәтер үйлерден көше-көшелерге ағылып төгіліп жатқан, күресіндегі кітаптарды жинауға, орналастыруға, тасуға жұмсалады деп жазып қойды.

Кітап қоры молая түсті, себебі, керек емес кітаптар көбейді. Иесіз жинақтар, көп томдықтар, орта буын, жас толқын авторларды біріктірген топтамалар, тіпті, таңдамалы шығармалары шоғырланған үлгілер қоқыс сауыттарға жөнелтілді.

Кеше кие тұтқан қастерлі кітаптарды ысырап еткен, қорлаған, аяққа таптаған  іс-әрекеттерге қарсы күресу қиындады, майдан, науқан жан-жақта жаппай жүрді, ірі қалаларда, ұсақ елді мекендерде жүздеген кітапханалар жабылды, көше толған, аяқ астында шашылған кітап-жорналдар желмен бірге ұшып белгісіз бір жақтарға сапар шегіп жатты.

Күнде қайғылы хабар келеді, бай кітапханалардан сирек кездесетін кітаптар жоғалыпты, ескі нұсқалар, көне қолжазбалар ұрланған, таланып, талан-таражға түскен, сүйегі, қаңқасы қаңырап сөрелер ғана қалыпты, кейін ғимаратын техника бұзып, орнына зәулім сарайлар тұрғызыпты.

Кітапты жаппай құрту әлегі дүниежүзілік әрекетке ұласты (эпидемиядан пандемияға айналды). Ештеңеге жарамайды, саудаға түспейді, пайда әкелмейді, үйден босқа орын алады.

Бірақ, кітап жамаушы өзіне ағылып келіп жатқан жыртылған кітаптарды қайта қалпына келтіре берді. Бір сәт науқасты дертінен айықтырған дәрігерге ұқсады, бір сәт талай кітап қолында өлді, бүтіндеуге, жөндеуге келмейді, парақтары шұбырып шашылып жатты. Қолында өткір жүзді кездік, тозған, іріген жерін сылып алып тастап, желім жағады, кейде қағаз жапсырады, кейде сол күйі қалдырады.

Қалада оның кітап жамаушы деген атағы дүркіреп шыға бастады. Қоңсы отырған ел естіді, көрші болған жұрт көрді.

Күндердің күнінде кітап жамаушы дүние салды. Адамдар кітап біткенді еркін өртеуге мүмкіндік алды. Қалалар үш күн, үш түн бойы қып-қызыл отқа оранған дейді, алапат алаудың төбесі көк аспанға тіреліп, шеті көкжиекке жетіпті, жанбай қалған кітаптарды терең құдықтарға тастаған екен.

Кітаптардан құтылған күні компьютерлік вирустар көбейіп, интернет істен шығып, тоқтаған ғаламтор қайта қосылғанда, жүздеген, әлде мыңдаған файлдар біржола, мәңгілік ұшты-күйлі жоғалып кеткен көрінеді.

 

24.02.2021

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here