Дидар АМАНТАЙ .”21.02.2021″. Рецензия

385

Дидар АМАНТАЙ

“21.02.2021”

(Нұрасыл Зиядибековтің Уақыт машинасы атты әңгімесі туралы)

Рецензия

Тақырып – тосын. Сюжеттік желі, тіпті, жат – бөтен, қашық, шағын. Көлемі қысқа, әлде ұзын. Маңызды емес – мәселе шешімі таңсық, байлауы бөлек, түйіні – анық.

Нұрасыл Зиядибеков – қаламы төселген, ізденісте жүрген ізашар прозашы. Дегенмен, оқығаны бар, жоспары қалың, ниеті – оң.

Әңгімесінің атауы айғайлап тұр. Бұл көбіне сенімсіздіктен туатын ғадет. Жай атаса да болар еді, тіпті, тақырыбын жасырып қойса да жеткілікті екені рас.

Әдетте, жан-жағын жайпап, айғайлап келетін әңгіме өз тыныштығын өзі бұзады. Тыныштықты бейнелей алған қаламгердің қабілетіне күмән жоқ. Үнсіздік күшейген сайын бояуы айқындала түседі. Біз мәтін жабықтығын, сөздің екіұштылығын, көңілдің екіұдайлығын қалаймыз.

Бәрін білетін кейіпкердің бізге де қызықтылығы шамалы. Неміс халқы айтады: екі немістің білетінің доңыз да біледі. Елге жария сырдың ескілігінде шытырман ой, шимай жазу жоқ. Жиһаз салоны тәрізді бәрі әдемі, тегіс жаңа, тұтас – таза. Бар бұрышы жарқырап көрініп тұр. Әктің ізі – ақ.

Қымтанып жатқан мәтінде күлкі емес, езу тартқызар ептеген қалжың болса, мұратымыз ғасыл. Жақсы прозада айқай-шу жоқтың қасы. Қаһармандар қарқылдамайды, ақырын жымияды, шұғыл сөйлемейді, сөз баппен келеді.

Бұқпантайлап жүрген кейіпкердің жұмбағы көп. Емеурінмен ғана білдіріп кететін ғадетінде, айтпай кететін айласында ғанибет мол.

Өнеге. Шашып-төгіп алмай, ұқыпты жазып, байсалды қалпын, сабырлы кейпін әсемдеп жеткізіп, көрікті келтірген жөн. Сырын сұрағанда, шынын жайып салатын әдебиеттің күні өтті.

Бұрын, жағымсызы да, жағымдысы да жаппай белсенді еді, ойлы кейіпкер әдебиеттен тыс қалды, маузер ұстаған ойсыз образдар окопта жатқан Музаларын іздеп жүретін-ді.

Бүгінде бір жақты кейіпкер оқырманға жақпайды. Адамның ойы жүз өзгереді. Образ сомдағанда тұтқындалған қаһармен емес, еркіндікте көсіле жүйткіген жүйрік керек.

Нұрасылда жазушылық жақсы қасиет бар. Бірақ, техника жетіспей жатады. Көркем әңгімелерді көп оқу керек.

Сюжетінде, суретінде күрделі ештеңе жоқ, ептеген жасандылық сезіледі, өмірде бала өз мінезінен танып, үнемі образға кіріп жүре алмайды. Шаршайды, не жалығады.

Ал уақыт машинасы туралы жері жақсы. Жақсы стиль болса, әңгімені көтеріп әкетер еді.

Әңгімеде таныстыру, түсіндіру, мінездеме беру көп. Кейіпкерді ситуацияда кескіндеп үйренген жөн. Бейтарап жазған қаламның әсері қатты болады.

21.02.2021

                                             

 

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here