Дидар АМАНТАЙ
“Жарық жолы” романының басы, “Адырна” жорналының 2020 жылғы қыркүйек, қазан айлары сандарында жарық көрді:
Кто не шокирован квантовой теорией, тот её не понял
Нильс Бор
Бастау
Біз, аталас ағайын-туыс, жанашыр жақын-жуық, бір топ адам, шаңырақ иесі рұқсатымен, әулет шырақшысы шешіміне орай, кірпішіне қызығып, аламыз деп қуанып, шаңын бұрқыратып, ескі үйдің қабырғаларын бұзып, қопарып жатқанда, барқыт кездемеге мұқият орап, таспен бірге қалап жіберген, осы бір көне компьютерлік дискетті таптық. Ескі дискет екен, күн көзі түспей, тасада, қалтарыста, сірә, ұзақ жатып қалған, қазан-қарашадағы қара cуық, қысқы аяз, жазғы жауын-шашын, әйттеуір қалың жатқан дымқыл, терең сақтаған ылғалдан бұзылып кеткен жоқ па екен деп уайымдадық. Жұрт әкелген лаптопқа салып көргенде, сәл кідіріп тұрды да, шағын экран жүзі таң бозындай ағарып, баяу ашыла бастады. Компьютер жүйесі толық қосылғанда, төмендегі жазба шықты:
“Құданың құдыреті, әлемді жаратқан алапат жарылыстан, тегі, үстеліңізде өлмеусіреп жанып тұрған білте шамға дейінгі арақашықтықты жүріп өткен жарық жолы, қара ноқат нүктені қақ айырған Big Ban нәтижесінде, ғайыптан туып, өмір сүре бастаған уақыттың ұзындығына, сол бір қым-қуыт сәттен бері үлкейіп келе жатқан қазіргі Universe көлеміне, яғни ғарыштың тарихына тең.
Әулие Емһад”.
Бәріміз үшбу хатты оқып таң қалдық. Қара шаруа біздің, шексіз ғарыш, түпсіз космос айдынында жүріп жатқан процестерде не жұмысымыз бар, бастаған ісімізді екі-үш айдың көлемінде абыроймен аяқтап шықсақ, одан басқа не керек деп ойладық. Бесінші күш, өлмейтін жасуша, тірі кванттар туралы естіп-білген едік. Бірақ, таңғажайып құбылыстарды бірде бір рет көзіміз шалып, көрген емеспіз. Елеңдейтін, алаңдайтын ештеңе жоқ, өзегінде – үш кезең ішінде – сутегі гелий затына айналған, қуат шашып, екі протонды босатып, еркіне жіберген, жанталасып, арпалысып жатқан тоғыз планеталы жүйе қазасына дейін, тегі, уақыт көп, Күн жұлдызы бес млрд жыл өткен соң ғана, ортасына құлап, ажал құшады. Сөнер алдында шоқтай жанып, қызарып тұрып алады, сосын, етпетінен жығылып барып, сүйегіне ілінеді, артынан күрт өшіп, бірден ағарып кетеді екен. Құдай кванттарда өмір сүреді деген сөз бар.
Ықшам компьютер тағы жүзден астам бет бар екенін көрсетіп, жымыңдап ескертіп тұр. Курсорды төмен түсірдік, сол кезде өткенді емес, кейін білгеніміздей, келешекті баяндаған кітаптың өзі көрінді:
“Қадірлі Емһад!
Бұл еңбекті Тәңірдің ризығы,
Сіздің құрметіңіз үшін
жасадым.
Яна Богушевская, қаңтар/ақпан, 2002 жыл”
Тегі, он жеті жыл бойы шаң-топырақ астында, екі қалақ құрылыс лайы ішінде, кірпіш арасында ұмыт жатқан кітаптың атауы анталап, ентелеп, бізді шеңберлей қоршаған жұртқа ұнаған болса керек, жиналған қара құрым ауыл халқы айғайлап жіберді – мазмұнды, мағынасы терең әрі мәні аса зор екен. Бірақ, дискетті сақтауға әкеп берген жігіт Емһадтың досы ма, жай танысы ма, әлде жанкүйері ме, әлі күнге шейін белгісіз, тіпті, үй иесінің өзі жадында жүзі көмескі тартқан, кешқұрым уақ, апақ-сапақ мезгіл, кенеттен алдынан шыға келген бейсауат, бейтаныс жас адамды есіне түсіре алмай, жан-жаққа шабарман жіберіп, енді білуге шамасы жетпей, дал болып отыр. Әкеп берген де қарасын батырған. Яғни, ұшты-күйлі жоғалған. Біраз уақыт өтті. Тастаған мекенжайы – жалған, байланыс құралдары тегіс өшірулі. Мүмкін, осы уақыт ішінде мерт болды ма, дүние салды ма, кім білсін, әйтеуір тағдыры беймәлім. Бет парақтары жылжып өтіп жатыр. Жылдамдатып түсіріп-түсіріп жібердік те, туынды атауына жеттік.
“ЖАРЫҚ ЖОЛЫ”
“(Әулие Емһадтың өнегелі ғұмыры мен өсиеті)”
Бір сұрақ туындайтыны анық: шығарманы Емһадтың өзі көрді ме екен, оқыды ма екен, мақұлдады ма екен. Маңызды нәрсе. Зады, деректі дүние сықылды. Ел ұмытқан бір уақиға ізімен таңбаланса керек. Жөн сұрамайды, айтпайды, түсіндіріп те жатпайды, уағызы жоқ, тек сыр шертеді, әңгімелейді, бірақ, бас-аяғы бүтін, біртүрлі баян.
Демек, басты кейіпкер өзі туралы шығарма желісін, тақырыбын, сапасын анық білуі тиіс. Ол – тірі ме, өлді ме, бар ма, жоқ па, елде ме, шетелде ме, қайдан табамыз, шығарманы не істейміз, лақтырып жіберуге обал, зор еңбек, рәсуа етпеген дұрыс, автордың қаһарманға деген шынайы сезімі шексіз, көзіміз қиып қалай қоқыс сауытқа тастай аламыз.
Мен роман-кітаптың соңына қарай төмендеп, ақырын жылжып, жазылу жылдарын қарадым: тамыз/қыркүйек, 2002 жыл. Тоғыз айда жазып шыққан. Шығармада шарттылық көп. Автор бір нәрседен қорқатын секілді. Не екені, неге екені – күңгірт.
Өкінішке қарай, жан тыныштығынан айырған қандай қорқыныш екені туралы, емеурінмен де, ашық та, еш жерде айтылмайды, әзірше бұл жөнінде бір мағлұмат кездестірген жоқпыз. Бірақ, жасырын үрей тіндей өріліп, түйіндей байланып, қоса оқылып отырады. Ол астарында жатыр.
Егер туынды авторы Яна Богушевская болса, үрей соныкі, алайда, сырт елдің баласы, несіне шошиды. Әлде, бұл – жан дүниесі алай-түлей, аласапыран Емһадтың – бір жат күштерден қауіптеніп, апақ-сапақ, қарбалас шақта келіп қала ма деп елеңдегені ме екен. Яна автор ретінде оны тек бізге жеткізіп отыр. Оның беймаза көңілін, тынымсыз ой-санасын, тұла бойын жаулаған алапат, бұлағай үрей кітапқа ұзын желі, кең арқау болған, бірақ, көрінбейтін, көзге түспейтін арқау.
Бір қызығы, пендешілік қауіптен басқа, бұл романда метафизикалық алаң бар. Ол – екінші сюжет. Бас қаһарман табиғаттың жаратылыс заңдары мен адам жаны, сана-сезім, болмыс-бітімі арасынан тығыз байланыс іздейді.
Менің түсінгенім: автор, неге екені белгісіз, стихиялы түрде жазылған еркін кітабынан кәдімгідей сескенетін тәрізді. Мазмұнында, ашық бейнелеуге әлі ерте, жасырын, құпия уақиға фрагменттері келтірілді ме, мүмкін, алдағы заманын асыға күткен, аса бір қауіпті жайттарды тиіп-қашып болса да суреттегеніне дегбірсіздене бере ме, білмеймін, әйтеуір, барлық сөздерін, мәтінді алдан қатер көрген бір жағдай не уайым мазалайды да тұрады. Қорқатыны бар, онда, неге өз басына қауіп төндіретін деталь-өрнектерді қосқан. Түсініксіз. Алайда, қоспаса, бүкіл эпизодтар бір-бірімен қабыспайтын секілді. Әлде, бұл мәселе міндетті түрде айтылуы тиіс нәрсе ме екен. Еріксіз байланған.
Шын, автордың өзі жеке басыма зияны тиіп кетпесе екен деп уайымдамайды. Бірақ, Яна Богушевскаяның қайғы-қасіретке белшесінен батқан досының тағдырына алаңдайтыны да рас. Ол қаһарманды, жас отбасын, керегелі әулетін бір кесір ұрмаса, қырсық шалмаса болды, деп тілеуін тілейді.
Неден қауіптенеді. Сыры табыла ма. Емһад пен Яна қандай тағдыр кешті екен, мен сол күні-ақ романның аяғына жетуге тырыстым.
Кейін оқып шыққаныма өкіндім.
Қорқыныш менің бойыма көшті. Оны тоқтату керек. Бірақ, қалай, білмеймін. Оқыған түсінеді.
Оқымағанда қайғы жоқ. Құл өмірдің қуанышы да көп болады. Ырзасыз ба, онда ырдуан арба сүйреп қажеті жоқ. Бәрібір, жолда қарақшылар тонап кетеді. Қалың әскері бар, қолы ұзын. Елден құраған, ержүрек шеріктер, бірақ, әдетте, шыққан елі – жасық, жуас, белсенді емес. Қатердің әсері.
Тегінде, қорқынышты роман. Көзден таса жерге тастайтын кітап. Берер кеңесім жоқ – осыған да дән риза болыңыз.
Шілде, 2019 жыл
Возможно, это изображение (Дидар Амантай Т.К., стоит и текст «3 MASSAGET®»)

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here