Сұлтан Ыбырай

Толық адам кім?

«Толық адам» жайында көп айтылса да, жазылса да, бүгін оның кім екені анықталып, бір тоқтамға келгенортақ көзқарас жоқ. Пікірлер алуан болып, қателесуіміз де заңды болар, өйткені Абайдан жеткен ілімді жете түсінуге ақынның «дағуасына» тереңдеп бойлап бармаса, жағасында тұрып қармақ салғанға іліне салатын жеңіл дүние емес. Жаза баса, қателесе жүріп, анығына жетіп, бұл ілімнің ел игілігіне жарайтын күніне де жетерміз.Тек тоқтамай талпына беруіміз керек.

«Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі кінәлі».

Қиянатшыл жарым адам кім? Залым кім?

Жамандық қайдан шығады? «Тасдиқ кітабында»анықтауды талап ететін Абайдың сөгіп, астын сызған,адам баласының бойында болуы мүмкінжаман қасиеттерқиянатшыл жарым адамдық, залымдық.

«Тасдиқ кітабынан»: «Ол қиянатшыл балалары талапқа да, ғылымға да, ұстазға да, хаттә (тіпті) иман иғтиқадқа да (сенімге де) қиянатпенен болады. Бұл қиянатшылар – жарым адам, жарым молла, жарым мұсылман».

Бұл жердегі қиянат балаларға, ұрпаққа қатысты айтылған. Дін не дейді десек, бала Алланың адамға сеніп берген аманаты екен. Оларды өздері жетіп азамат болғанша өсіру, оқыту, тәрбиелеу(тәРБие сөзінің түбірі Раббы), өзін, Алланы тануына жол көрсету, қорғау– ата-анасының, сеніп тапсырған ұстазының міндеті. Сол Құдай алдындағы міндетке жүрдім-бардым, жауапсыздықпен қарау опасыздық, сол берілген аманатқа жасалған қиянат. Адам тағдырына, баланың болашағына, тәрбиесіне, сенім-иманына дұрыс қарамағандаржарым адам, жарым молла, жарым мұсылман. Бұның салдарынан сол қиянатпен тәрбиеленген ұрпақ та, олар өмір сүретін қоғам мен заман да «жарым» болмақшы.

«Тасдиқ кітабынан»: «Залымдық – адам баласының дұшпаны». «Ғамал ус салих (ізгі,салиқалы амалдар, жақсы істер)залымдықтықтың зидды (қарама-қарсысы)болар».Басылған кітаптардың көбінде«залықтықтың» деп қате беріліп жүр.

Зұлымдық жасаушы адам – залым. Қатыгездік, әділетсіздік, қорлау менбіреудің құқығын бұзу, өзіне тиесіліміндетін орындамау– залымның ісі.

Бүкіл әлемде, елімізде «жарымдықтан» шығып жататын залымдық пен қиянат таңсық істер емес.

Хакімнің сөз қисынымен айтсақ қоғамда «Жарым адамдар» мен «Толық адамдар» және соларға еретін «Көп» бар. «Көпте ақыл жоқ». Бірақ жарым адам да, толық адам да сол көптен шығады. Сол қоғамда «жарымдар» белсенді болса, билік құрса  «көп»«жарым қоғамға» айналады, онда әділетсіздік, қиянатшылдық, зұлымдық, жемқорлық, надандық белең алады. «Жарым қоғам» өз кезегінде «жарым адам» тудырады.«Жарым адамдар» мал, дүние жолында бірігеді, өз қатесін көрмей, басқаны кінәлайды, «Өзі шошқа өзгені ит деп ойлар». (Абай).

«Толық адамдар» қоғамда белсенді болса «көпті ебін тауып жөнге салып» өз ортасын дамитын, өскелең, гүлденген қоғамға айналдырады.«Толық адамдар» ақыл жолында бірігеді, ең бірінші өзін дамытып, өз кемшілігін түзейді, одан кейін қоғамды түзеуге ат салысады.«Толық адамға»үлкен мысал Алаш арыстары.

Енді «Толық адам кім» дегенге Абайдыңөзіне сөз берсек,осыған байланысты хакімнің берген екі анықтамасы менбір шартыбар. Сонымен қатар «толық адам» қатарында бола алатын төртадам санаты бар.

Абайдың 1889 ж. жазған «Әуелде бір суық мұз ақыл зерек» өлеңі:

Әуелде бір суық мұз ақыл зерек,

Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.

Тоқтаулылық, қалыпты, шыдамдылық,

Бұл – қайраттан шығады, білсең керек.

 

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек.

Жеке-жеке біреуі жарытпайды,

Жол да жоқ жарыместі жақсы демек.

 

Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,

Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.

Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,

Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек.

Кітап тасдиқ–38 қара сөз, 1896ж: «Сіздерге адам ұғылының мінездері туралы біраз сөз жазып ядкар (естелік) қалдырайын»… «Құдай тағаланың жолы деген жол Алла тағаланың өзіндей ниһаятсыз(шексіз) болады. Оның ниһаятына (шегіне)ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді»… «Сен де бұл ғылым, рахым(мейірім), ғадаләт(әділет)үш сипатпенен сипаттанбақ: ижтиһатың (ыждағат, ынта, жігер) шарт еттің, мұсылман болдың һәм толық инсаниятың (инсаният-адамдық) бар болады»…  «Белгілі жәуанмәртлік(жомарттық)үш хаслат (қасиет)бірлән(пен) болар деген, сиддиқ, кәрәм, ғақыл – бұл үшеуінен сиддиқ(шындық)– ғадаләт болар, кәрәм – шафағат(шапағат-мейірім) болар. Ғақыл (ақыл)мағлұм(белгілі) дүр, ғылымның бір аты екендігі. Бұлар әр адамның бойында Алла табарака уа тағала тәхмин(шамамен) бар қылып жаратқан. Бірақ оған рәуаж (өрістету)беріп гүлдендірмек, бәлки, адам өз халінше кәмәлатқа(кемелдікке) жеткізбек жәһәтінде (бағытында, жолында)болмақ. Бұлар – өз иждиһадың(ыждағат, ынта, жігер)бірлән (-мен)ниет халис(шын ниет) бірлән (-пен)ізденсең ғана берілетін нәрселер, болмаса жоқ. Бұл айтылмыш үш хасләттің (қасиет) иелерінің алды –пайғамбарлар, онан соң –әулиелер, онан соң –хакімдер, ең ақыры –кәміл мұсылмандар».

«Толық адамның» анықтамасы (бойында болатын қасиеттері):  ақыл, қайрат, жүрек, бұлар– бірінші үшкіл. («Үшкіл» – ғалым Ақыжан Машанов енгізген термин. Бір ізгі мақсатқа жұмылатын адамның үш қасиеті).Рахым-мейірім, ғадаләт-әділет, ғылым – екінші үшкіл. Шарты:Құдай тағаланың жолындажүруді мақсат қылған таза мұсылман.Төрт санаттағылар: пайғамбарлар, әулиелер, хакімдер мен кәміл мұсылмандар.

Абай 1889 жылы жазған өлеңінде ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған «толық адам» десе, 1896 жылы  «Кітап тасдиқта» ғылым, рахым, ғадаләт «толық адам» сипаты дейді. Бұдан біз хакімнің пікір-ой дамуын, өзгерісін көреміз. Қазақтың, жалпы мұсылманның ғылымда, технологияда, экономикада, саясатта артта қалып отырғанын  Абай көріп, өзгеріс керек екенін біліп отырғандықтан «толық адам идеясын» заманға сай жаңғыртып, жаңалап отырғанын байқаймыз.

Алғашқы «инсан әл кәмил» – «кемел адам» пайғамбардың өзі, яғни пайғамбарға ұқсау үшін жасалған сол заманындағы идея, «жауанмәрттік» одан берідегі орта ғасырда болған, «толық адам» Абай заманының сұранысы. Бірақ түптеп келгенде бұлардың бәрінің мақсаты бір.  Ал мақсаты бір болса, бұлардың атын өзгерткеннен бірдеңе өзгере ме?  Тіпті кейбір ағылшынша аудармада «инсан әл кәмил»-«complete person», яғни тікелей мағынасында «толық адам»деп аударылған. Әр заманның өз сұранысына орай өз «толық адамы» болғанын көреміз. Неге? Жауабы «Кітап тасдиқта»:«Және Пайғамбарымыз СҒС «ақыр заманда бір жылдық бір күн болар» дегенде сахабаи кәрәмлар «бұл бір жылдық бір күнде намаз нешеу болар» деп сұрағанда: оның пәтуасын сол заманның ғалымдары білер деген сөзінен ғибратланып қарасаң, замана өзгеруімен қағидалар өзгерілмегін білдіргені мағлұм болады». Абай өз заманының ғалымы, заман сұранысына орай жаңа «толық адам» ілімінәкелді, Жаратушының заңы өзгермегенмен,замана өзгеруімен адам санасының, ғылым-білімнің өзгеруіне байланысты қағидалар өзгеруі керек.

Абайдың бірінші, екінші үшкілдері дейтіндер не үшін керек, қайдан, неден бастау алған, күнделікті өмірімізде қалай қолданамыз?

 

 Бірінші үшкіл: ақыл, қайрат, жүрек

 «Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,

Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек».

Ақыл мен жүрек. Орта ғасырлардан бері мұсылман түсінігінде адамдағы  ақыл мен жүрек (қалып) Алланы танудың құралы болып есептеледі. Яғни бұлар Абайдан бұрын бар, «кемел адамның» қасиеті.

Хакім әр сөзін ойдан шығара салмағаны анық, оларды өзі айтатын бұрыннан белгілі «нақлия ғылымдар» Құран, хадистерге сүйене отырып жазғанын байқаймыз.

Омар халифтен жеткен белгілі хадис бойынша Жебрейіл періште адам кейіпінде келіп Пайғамбарға СҒС дін жайында «Ислам, иман және иһсан деген не?» деп сұрақ қойған. Пайғамбарымыз СҒС: Ислам – мойынсұну, бес парызды: куәлік келтіріп шәһада айту, ораза, намаз, зекет, қажылық орындау, иман – Алланың барлығы және бірлігі, Оның кітабына, пайғамбарларына, періштелеріне, Қиямет күніне, тағдырға деген сенімде болу, иһсан – құлшылықта Жаратушыны көріп тұрғандай, болмаса Жаратушы сені көріп тұрғандай рухани деңгейде болу деп жауап берген.  Пайғамбардың СҒС бұл үш сұраққа берген жауаптарына Жебрейіл періште «дұрыс» деп разы болған.

Ислам – негізінен сыртқы көрініс, яғни шәһада айту, намаз оқу, ораза ұстау, зекет, қажылық көзге көрінетін тілмен, тәнмен істейтін амалдар.

Ислам сөзінің мағынасы «мойынсұну», «бағыну». Діни контексте бұл «Құдайдың қалауына толықтай бағыну» дегенді білдіреді.Исламға келген адамды – мұсылман дейді.

Иман – ақылмен келетін сенім, Жаратушы бар және біреу ғана, Оның періштелеріне, жіберген пайғамбарларына, кітаптарына, бұ дүниелік ісіңе жауап беретін ақырет күніне, жақсылық пен жамандықты жаратқанына сену. Иман ақылы бар адамға парыз. Жануарларға, ақылы кем адамға, иман парыз емес. Иман сөзінің мағынасы тыныштықта, амандықта болу. Сенімділік, шыншылдық. Иманға келген адамды – момын, муһмин дейді.

Иһсан – сенімнің жүрекке жетуі, ішкі дүниенің кемелденуі, ішкі әдемілік, тақуалықтың шыңы. Өзі Құдайды көріп тұрғандай, не Құдай оны көріп тұрғандай жүреді. Басқалардың көзінше істемеген жаман қылықты өзі жалғыз болса да істемейді. Яғни адам өз істейтін қарекетін, амалын Құдайдың заңына сай өз ішінен реттейді, сыртқы бір заңның, не адамдардың  қалыптасқан көзқарасына сай «ақсақал айтты, бай айтты» дейтіндей емес. Иһсан сөзінің мағынасы: хасан, хусни сөздерімен түбірлес, әдемілік, көркемдік дегенді білдіреді. Иһсанға жеткен адамды – мұқсин дейді.

Сонда дін-сенім деген адамның үш өлшемін: сыртын-тәнін, ақылын және ішін-жүрегін қамтиды екен. Ең жоғарғы деңгейі иһсан, одан кейін иман, үшіншісі ислам.

Орта ғасырдан келе жатқан ақыл мен жүрекке Абайдың үшінші қылып қосқаны қайрат, дінтанудағы, Алланы танудағы жаңалығының бірі де осы.  Неге қосты және ол неге жаңалық?

Ақынның өзіне сөз берейік:

28-ші қара сөз: «Құдай тағала әрбір ақылы бар кісіге иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз деген екен. Және де әрбір рас іс ақылдан қорықпаса керек. Жә, біз енді ақылды еркіне жібермесек, Құдай тағаланың ақылы бар кісіге иман парыз дегені қайда қалады? «Мені таныған ақылменен таныр» дегені қайда қалады? Дініміздің бір жасырын тұрған жалғаны жоқ болса, ақылды, оны ойлама дегенімізге пенде бола ма? Ақыл тоқтамаған соң, діннің өзі неден болады. Әуелі иманды түзетпей жатып, қылған ғибадат не болады?».

17-ші қара сөз:: «Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, Ғылымға жүгініпті.

«ҚАЙРАТ: Құдайға лайықты ғибадат қылып, ерінбей-жалықпай орнына келтірмек те – менің ісім..

ҒЫЛЫМ: «—Ей, ақыл! Сенің айтқандарыңның бәрі де рас. Сенсіз ешнәрсе табылмайтұғыны да рас. Жаратқан тәңіріні де сен танытасың, жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің».

ЖҮРЕК: «Жақсылыққа елжіреп еритұғын – мен, жаманшылықтан жиреніп тулап кететұғын – мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады».

ҒЫЛЫМ: «Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет».

Хакім неге «толық адамның» үш қасиетін Ғылымға жүгіндірді?  Неге жүрекке бағын деді, бұл тұжырым неге негізделген?

Ғылым, қайрат, ақыл мен жүрек  төртеуінің ішінде Ғылым Алланың сипаты, қалған үшеуі адамның қасиеті.

Енді жоғарыдағы келтірілген хадиспен кемеңгердің 17, 28 -ші қара сөздермен тығыз байланысты табамыз.

Қайрат адамға  «Құдайға лайықты ғибадат қылып, ерінбей-жалықпай орнына келтірмек» үшін, яғни ораза, намаз сияқты діннің сыртқы көрінісінатқару, адамзатқа қызмет қылмақүшін керек екен.

Ақыл, «Жаратқан Тәңіріні де сен танытасың», яғни адамды иманға келтіретін, иманның шарттарын қабылдататын ақылы, Құдайдың барлығына, бірлігіне сендіретін діннің екінші құрамдас бөлігін қамтиды, жаралған екі дүниенің жайын білуші.

Жүрек, «Жақсылыққа елжіреп еритұғын – мен, жаманшылықтан жиреніп тулап кететұғын – мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады». Яғни Алланы көргендей, не Алла адамды бақылап тұрғандай деңгейге жеткізіп, осыларды адамнан шығаратын діннің иһсан аталатын үшіншіәрі жоғары бөлігі. Адамның махаббаты мен әділеттінің көзі.

Енді барып хакімнің Ғылым деген Алланың сипаты арқылы жүрек неге ақыл мен қайраттан жоғары тұру керектігін айтуы діннің негізін түсіндіруші хадистен алынғандығын байқаймыз.

Иһсанды болмақ — жүректен, иманға адам ақылмен келеді, ислам парыздарын орындамақ, ерінбей, жалықпай жақсылық жасамақ үшінкүш-қайрат керек.

17 ҚС. «Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды (жүрегіңді)  таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы, — депті». Осыған қара отырып Абайдың жүрекке, иһсанға неге көңіл бөліп басымдық бергенін байқаймыз.

«Тасдиқ кітабынан»: «Иһсанда тапқан мал да махаббатыңды малға аудармайды», «Өнер — өзі де мал, өнерді үйренбек — өзі де иһсан. Бірақ ол өнер ғадалəттан шықпасын, шарғыға муафих (шариғатқа сай) болсын. Адамға халінше иһсанды болмақ — қарыз іс. Бірақ өзгелердің иһсанына сүйенбек дұрыс емес».

«Сұлуды сүймектік пайғамбар сүннеті».  Абайдың осы бір сөзін сан-саққа жүгіртіп, өз іс-әрекеттерін ақтап алушылар да баршылық. Пайғамбарды СҒС ондай жеңілтек қылып көрсету Абайдың мақсаты емес екені тағы анық. Сонда «сұлу» деп ақын кімді, нені меңзеп отыр?  3-ші қара сөзде ақын «Жүйрікті байлап, сұлуды жайлап» отырмақшыларды сөгеді.  Жалпы өз-өзіне  қайшы келу үлкен ойшылдарда сирек кездесетін, жоққа тән нәрсе.  2-ші қара сөзде ноғайлар (татарлар) жайында айтқанда «әсем де соларда» дегенді байқасақ, ол заманда «әсемдік» деген сөздің болмағанын көреміз.  Бұл «сұлулық» деген сөз де Абай заманында болмаған, жасала қоймаған деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді.  «Сұлу» деген сөзге кейін «-лық» жұрнағы жалғасып, жаңа «сұлулық» деген жаңа зат есім пайда болды. Әдемі өскен гүлден де біз жаратылыс арқылы Алланың ісінен көркемдік сипатын көреміз.  Бұдан «Сұлулықты, көркемдікті сүю пайғамбар сүннеті» деген анық мағына шығады. Адамның сырты мен ішкі дүниесі, істеген ісінің нәтижесі әдемі болуы керек. Яғни иһсанды болу да сүннет.

 

Екінші үшкіл: ғылым, мейірім, әділет

 «Муттакалимин мантикин бекер босқа  езеді дүр» деген өлең жолына қарап Абайдың кәлам мен мантықтан, яғни теология мен логикадан жақсы хабары бар екенін сеземіз. «Тағриф», «тасдиқ», «ақыли, нақли дәлелдер» бұл шығарма мантықтың терминологиясын қолданғанына көз жеткізеді, яғни бұл шығармада логикасы бар философиялық жүйе барлығын көреміз. «Тасдиқ» сөзінің екі мағынасы бар, теологияда сенім-иман деген сөздің сининимі. Ал мантықта шындық пен жалғанды анықтау, соған жету әдісі. Классикалық ислам екі түрлі білім мен ғылымға (ілім) негізделді – араб тілінде «нақыли», яғни «бұрыннан белгігі, таратылған, ауызша не кітап түрінде жеткен» және «ақыли» – «интеллектуалды» ақыл-ой қорытудың, пікірленудің жемісі, ғылыми жаңалық, жаңадан жасалған ғылым.Ақылдық білім – ғылым-білімнің қысқаша, керекті және ыңғайлы негізін алған соң, ғалымның өзі жасайтын білім.Нақылдық, ақылдық білімдердің, дәлелдердің өз орындары бар. Бұл екі білімді қай жерде, қалай қолдануды білетін интеллектуалдық кемелдікке жеткен, жүзеге асыра алатын және сәйкесінше әрекет ететін, дүниені тұтас қабылдай білген адам «хакім» деп саналады. Бірақ, хакімдіктің Алланың тарапынан берілетін нығмет екендігі Құранда айтылған: «Алла (Т.) хикметті (терең білімді) қалаған құлына береді. Ал кімге білім берілсе, оған көптеген игілік берілген болады. Бұны ақыл иелері ғана түсіне алады». (Бақара, 269 аят).

Абай «Тасдиқ кітабында» адам Аллаға ұқсау керек, тәніміз емес, Құдайға ісімізді ұқсатуымыз керек дейді. Әл-Бұхари (6227) Mүслім (2841) Әбу Хурайрадан жеткен хадис: «Алла адамды өзіне ұқсатып жаратты».

Ислам логикасында (мантықта) үш әдіс бар, Тассаур, Тасдиқ, Истидлал, бұлар бір толық циклды құрайды. Тасауур – бұл объектілер мен ұғымдарды (зеттелетін тақырып, бұл жерде мінез, «Сіздерге адам ұғылының мінездері туралы біраз сөз жазып ядкар (естелік) қалдырайын») сипаттайтын әдіс, мінез сипаты, яғни адамның мінезін анықтайтын сипаттарын Аллаға ұқсату керек деп Алланың  сипаттарын алынады. Тасдиқ –  осы тасауурмен сипатталатын тақырыптың зеттеу барысында оның шын немесе жалған екенін зерттеу тәсілі. Шығарманың «Кітап тасдиқ» аталу себебі де осында жатса керек. Осы тасдиқпен  зерттеп жеткен нәтижені  тексеру,  растау немесе терістеу үшін дәлелдер келтіруге истидлал әдісі қолданылады. Абай «Белгілі жауанмәрттілік» деп айтқанда оның бұрыннан белгілі екенін ескеріп отыр. «Жауанмәрттікті» дәлел үшін ғана қолданған,  сондықтан оның Абайдың «толық адамына» жанама түрде ғана қатысы бар.Абайдың оқыған автордың бірі, XIX ғасырдың «ең ықпалды философы» атанған Джон Стюарт Милль. «Логика жүйесі» деген кітабының VI бөлімінде Милль «адамгершілік ғылымдар», яғни этика мен адам табиғатын зерттеу үшін физикалық ғылымдар сияқты логикалық құрылымдар керек екенін айтады. «Әрбір адамның этикалық сипаттағы қалыптасуы сияқты, адам психологиясы мен мінез-құлығы әмбебап заңдар арқылы басқарылады. Бұл заңдар бақылау мен эксперимент арқылы зерттелінбейді, сондықтан тек қана дедукция керек» – дейді Милль. Абай «Толық адамның» қасиеттері «ғылым», «мейірім», «әділетті» Алланың сипаттарынан дедукциялап (бөліп) шығарып алады.Бұл шығармада логикасы бар философиялық жүйе бар деп отырғанымыздың дәлелі осы, тек қана қолданылған терминдер ислам философиясынан (фәлсафа) алынған. Ислам фәлсафасы адам ақылы мен Құдайдың заңы арасындағы үйлесімділіктітабуға, қалыптастыруға бағытталатын ілім. Яғни, осы «Кітап тасдиқ» сияқты нақылдық білім мен ақылдық білімнің синтезі.

Осы Абайдың үшкілдерінің мағынасына жеткен соң неге «толық адамның» жолының  шарты Құдай жолы екенін түсінеміз. Жоғарыда айтылғандай Абай жаңа заман ғалымы ретінде, уақыт талабына сай ғылым, рахым-мейірім, ғадаләт-әділетті «толық адамның» сипаты ретінде ұсынып отыр. Бірақ бұдан мәңгілік құндылықтар «жүрек, ақыл, қайрат» ескіріп қалады деген ой тумаса керек.

Жүрек, ақыл және қайрат өлшемге сиюы қиын ұғымдар. Ал әділет, мейірім, ғылым бұларды формалды түрде, өлшемге сиғыза аламыз. Мысалы ғылым деңгейі бакалавр, магистр, PHD деген ұғымдармен өлшенетіні сияқты. Әрине бұл атақтарды арам жолмен алатындар бар,  сондықтан сол атақты беретін жүйеде әділет болуы шарт. Абайша айтсақ «әділет барша ізгіліктің анасы». Әділет пен мейірімді өлшемге сиғызатын, формалды түрде өлшей алатын әдістер, батыста,шет елдерде жақсы зерттелген, соған негізделген адам мен қоғамды бағалаудың үлгілері бар. Сол тәжірибелерді үйрену арқылы «Толық адам» идеясын өмірімізде қолдануға мүмкіндік туады.

Бұл әмбебап заңдылық, жеке бастың ғана емес, кез-келген дамыған мемлекет осы маңызды үш жүйеге негізделеді: оқу-білім жүйесі – ғылым, құқық қорғау жүйесі – әділет, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау жүйесі – рахым-мейірім. Бұл үштік жүйе атеистік, зайырлы мемлекетте де белгілі бір уақыт шеңберінде ғана жұмыс істейді, өйткені Құдай жоқ деген жерде адамның шектеулі ақылы іске қосылып, тиым салынған мәселерге рұқсат бере бастайды.

45-қара сөзде хакім «Әділет» пен «махаббатты» айтады. «Мейірім» мен «ғылымды» «махаббатпен» айырбастайды. Махаббатсыз мейірім де жоқ, қызығушылықсыз ғылым да жоқ.

Сонымен, «толық адам» кім? Жоғарыда төрт санаттағы бірінші айтылған пайғамбарлар біздің заманымызда жоқ.  Әулие мен хакімдер мүмкін бар болса да, өздерінің рухани деңгейінің биіктігінен ол адамдар мен әулиемін, хакімміндеп айта қоймайды, олай деп айтуға Құдайдан да ұялса керек. Араларымызда кәміл мұсылмандардың барлығына күмән жоқ.

«Кітап тасдиқтың» басында  хакім бұл шығарма«мінез жайында» деп хабар береді. «Дін деген не?» деп сұрағанда Пайғамбарымыз СҒС үш рет «Дін – көркем мінез» деген.Көркем мінез –жасық, қой аузынан шөп алмас деген мағынада емес.Тағы бір хадисте: «Расында мен көркем мінезді кемелдендіру үшін (адамзатқа) жіберілдім» деген. Хакім «Насихатта», 37-ші қара сөзде: «Мен егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» – дегені де тегін емес. Оксфорд сөздігініңмінез жайындағы анықтамасы: «Character isthe mental and moral qualities distinctive to an individual». «Мінез – жеке адамға қатысты бар психологиялық және адамгершілік қасиеттер».

Адамзаттың асылы Пайғамбарымыздың СҒС адамзатқа жіберілгендегі миссиясы мінез кемелдендіру және адамзатта пайғамбардыкінен биік миссия болуы да мүмкін емес. Абайдың «Толық адам» ілімі сол кемел мінезге жеткізер жол. «Толық адам» —әділетті, мейірімді әрі ғылым игерген кәміл мұсылман.Әділетті, мейірімді адамнан көркем мінез шығады, бұлар Құранда «Ғамал ус салихқа» (ізгі, салиқалы амалдар, жақсы істер) жатқызылған. Таза ақыл-ғылымның бағыты жоқ, жақсылыққа да жамандыққа да қызмет ете береді. «Иман мен адамдық – әділет, мейіріммен бірге» – дейді хакім. Толық адам болу мұсылман үшін сүннет.Адамның іс-амалы әділет пен мейірімнің сүзгісінен өтсе одан қиянат пен зұлымдық шықпайды. Абайдың «Үш сүюі»: адам мақсаты әділет жолында болып, Құдайға құлшылық, адамзатқа қызмет ету.

Толық адамның мінезі көркем.«Елге (адамзатқа) қызмет ету мінезден».Бәлкім алаштың екі алыбыАбаймен Әлиханныңтабысқан, әрі тоғысқан жерлері де осы…

 

 

 

 

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here