Дидар АМАНТАЙ

АПТАНЫҢ СОҢЫ

Новелла

Ол жұма сайын таңғы сағат алтыда хабарлама жолдайтын еді. Ықшам мәтін, шағын үшбу хат сыңғырлап мессенджер түрінде келетін. Хат мазмұны қысқа, жазба – екі-үш сөйлемнен аспайды. Мәні өзгермейді. Ұялы телефонға жалғасып, әр аптада қоңыраулатып  бір тектес сөйлемдер қайталанып түседі.

Бүгін жұма, ертең екі күн демалыс, ура, жолдастар, деп хат жазады Нелли, Нелнора, Нелуфар.

Нелуфар – әдемі. Ұзын бойы, сүйкімді бет-әлпеті, сүйріктей саусақтары – көп уақыт өтсе де, есімнен бір кеткен емес, әдетте, ойымда ештеңе жоқ, университет аудиториясына қапиясыз, қамсыз маған еріп келген құрбы-құрдасым, кенет, есіктен кірген бойда екі көзі танадай жарқыраған оны бірден көргенде, тез арада байқап үлгергенде, аяқастынан, нілдей бұзылып, тым жылдам ғашық болып қалады, шығып бара жатқанда, екінші рет көруге асығады, демек, байғұс ұмыта алмай – азаптанады деген сөз.

Сосын, Шария, Мария, Шафия, Шафика деп… жалғасып кете береді. Досымның дағдысы көп, ең қызығы – жүрген жерінде бір қызға ғашық, әйтеуір қатты ұнатып мақтап қайтады.

Ол жорта сөйлеп, бұйырса, түбінде бір төсекте құшақтасып жатамыз деп һарам жоспар құрмайды, тіпті, тырыспайды да, ол өліп-өшіп шын ғашық болады.

Тәбеті қашып, көңіл күйі түсіп, бейнет кешеді, құса тереңдеп, ішіне шер толғанда, шерменде досымызды басқа бір жаққа қонаққа апарып, тағы бір сұлуды көрсетіп, құсадан құтқарып қаламыз.

Құрбымыз – ақынжанды еді. Өлең жазады. Топтамасында қыздың аты мен қыздарға арнауы көп.

Бәрінен қатты оны Нелуфар қинады. Ұзын дәлізбен қалқып жүзіп келе жатқанда, әр аудитория басында, босаға аузында иіріліп тұрған студент жастар көз айырмай тесіліп қарап қалатын. Ол сән-салтанатымен биік қақпалары арқылы Рұмға кірген патшайым тәрізді қос қапталына сызыла, ырғала әлсіз бас шұлғып, қара бұқарамен ақырын тілдесетін.

Жігіттер қаз-қатар жығылып жатпаса да, жүректері дүрсілдеп қоя беретін. Нелли, Нелнора, Нелуфар.

Нелли құрбыма қараған жоқ. Ол бақытын күтті. Болашақтан келе жатқандай көрінді. Уақыт өткен сайын күмән көбейе бастады. Қосылған әр жасы жыл сайын мойнына ауыр жүк еселеп артқандай еңсесін баса берді. Ұнжырғасы түсті. Күлкісі жоғалды, жүзін қайғы көлеңкеледі.

Бақыты келмей қойды. Жиырма беске толғанда, туған күні көңілсіз өтті. Бақыты емес, көлденең көк аттыдан келген сәлемдемелер көп болды, бірақ, оны бұл жайт қуанышқа кенеген жоқ, керісінще, қапаға батырды.

Отызды өкінішпен қарсы алды. Кезінде кім үйленгісі келді, қазір бәрі тегіс балалы-шағалы.

Төсекті де көрді. Төзе алмай жылап жіберді. Бақыты күйді, өзегі өртенді. Ештеңе айтқан жоқ, тұрды да, үнсіз киініп, есік жаққа беттеді. Есікті жауып шығып кетті.

Ол арманы алыстағанын аңғарды. Бұл өмірде бақыт деген бар ма екен. Бір кеште қараңғы бөлмеде еңкілдеп жылап отырды.

Енді армандамайтын болды. Үнемі аптаның соңын күтеді. Түнгі клубтарға барады. Сыра, конъяк ішеді. Ортада би билейді. Біреумен танысып қайтады. Сөйтіп жүріп, жүкті болды.

Анасы тумайсын, деді. Әкесі араласқан жоқ. Ағасы қолдады, Нелли – сен ерекше жансың. Пусть весь мир смотрит на тебя, а ты даже не взглянула на них.

Маңдайы торсықтай бала. Күледі, сөйлейді, жылайды. Бір айдың ішінде үйдің сәніне айналды. Өскен сайын қылығы көбейді. Сыртқа шықса, хал-жағдайын көрші-қоңсы тегіс сұрайды, апасы қылықтарын бір сағат жырлайды.

Нелуфар қайран қалды. Үш ұйықтаса түсіне кірген жоқ. Тағдыр заңға бағынбайды екен, жолсыз жердің өзінен жол салады. Ештеңеге қарамай.

Бақыт басқа жағынан келді. Күтпеген тұстан сау ете қалды.

Нелуфар, деген дауыстан артына жалт қарады ол, мен едім, қалт тоқтап, жыға танымай, шырамытып тұрды да маған қарсы тұра жүгірді. Бұрынғы Нелли. Тек жастық шағы ғана жоқ, оны бақытына айырбастап алғандай көрінді.

Говорят, деп бастап келе жатқанымда, ол баяғыдай сөзімді үзіп жіберді. Что не говорят люди, деді, но сказать не могут.

Не сыйларымды білмей, әмиянымды аша бастадым, если б ты был смелее, деді ол, сосын, жүзіме қарады:

  • Я знала, что ты меня любил.

Сөйлесіп ұзақ тұрдық. Күннің жаманы жоқ, апта бойы жұмыс істедік, енді демалу керек. Ең бір жақсысы, апта соңы айналып келе береді. Бақыт тұрақты болғаны жөн. Қазір ескі күннің естелігіндей, Нелллиден компьютерлік бағдарламаға жүктеп, автоматқа қойылған хат келеді.

“Бүгін жұма, ертең екі күн демалыс, ура, жолдастар”, деп хат жазады ол, Нелуфар.

 

27.01.2021

 

 

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here