Дидар АМАНТАЙ

ЧОРНОБРИВЦІ

Новелла

Димаш Құдайбергенге!

Мен арбада отырмын. Күн шұғыласы жүзіме құйып тұр. Төбемнен қалқалаған жиналмалы шатыр астынан, гүл көшеттерін шағын астаулар толтырылған топырақтан қазып алып, бақтың бір шетіне қаз-қатар тізіп егіп келе жатқан апамның әдемі аппақ қолдарын көремін. Таңертеңгілік мезгіл – шашақты, күлтелі шапағынан төгіліп, төңірегіне шашылған, Жер бетіне жауған нұр бөгеттерді бұзып, көктен баса-көктеп кедергісіз ағып келеді, анам қасымда, ақжарқын, ашық ажарын ақ сәуле аймалап сүйеді, ештеңеден қорықпаймын, аузымда емізік, қарным тоқ, көңілім жайлы, бауырым бүтін, қолы босап кеткенде маған бір қарап шолып қояды, оқыс көз салғанда, қимылдап қалуға, былдыр-былдыр сөйлеуге тырысамын, назар аударып, құлағын түріп, айтқан сөзімді қалт мұқият тыңдаса да, дауысымнан не айтып жатқанымды айыру мүмкін емес, тілім түсініксіз, бірақ, аса бір маңызды шаруаны қозғап отырғаныма кәміл сенеді, езу тартады, мен, әке-шешем туып-өскен, ата-бабам өсіп-өнген, көне замандардан бері кең-байтақ жерін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, көсем найза ұшымен, қайқы қылыш жүзімен қорғап, қорған салған, қожалық жасап, жүздеген жылдар бойы есіл ерім, асыл елім емін-еркін иеленіп жүрген, таңғажайып, таң-тамаша өлке – Украина аспанына көз жіберемін…

Украина аспаны ашық, қазбауыр бұлттар қырат-қырқаларға, тау-орман басына ілінеді. Әр тұстан жанардай жарқыраған айдын көлі, сарқыраған өзені, сай-сала, жыра-ойпаңды аралай аққан тау бұлағы көрінеді.

Анам қолы жылдам, босаған көшетті әрі тастап, жаңасына кіріседі. Кішкентай қалақшасы гүлді тамырымен қопарып алады да, көтерген күйі топыраққа салады, алдын ала дайындаған шағын-шағын ұяларға қондырады, түбіне шейін үйіп, егер реттен шығып, қисайып бара жатса, көршісімен көздеп,  қатарын қайта түзеп қояды.

Қайран анамның гүл отырғызған қолдары есімнен кетпейді. Көз алдымда тұрады.

Есімді еміс-еміс енді жиып келе жатқан кез. Маған бәрі қызықты, таңсық, ерсі. Оғаш нәрсе өмір жолын жаңа бастаған сәбиге томпақ. Өзімді-өзім түсініп-ұқпаған сәт. Бір жағынан, бақыттымын. Екінші тараптан – әлемді тануға асығамын. Мен, келгенше, табалдырығынан аттап, есігінен енгенше, уақиғаларына араласқанша, қызық-қуаныш таусылып қалмай ма, сырт жүріп, шеткері өтіп кетпей ме, деп алаңдадым. Бірсін-бірсін, жеңіл нәрсе қиындады, оңай нәрсе күрделенді, шағын нәрсе ұлғайды. Бұрын бір қарағанда түсінікті бола қалатын дүние қадала қарасаң да жыға тани ала алмайтын жаратылысқа айналды. Нәресте шағым қоршаған орта, жаралған әлем, ғалам пішіні туралы ой-санамда белгілі бір образ қалыптаса қоймаған уақыт еді, ақылым тұсаулы, таным-түсінігім ұшқары, ізденістерім үстірт.

Шексіз, шет-қиырсыз әлемге бала күліп көз тастайды. Оны жат көріп тұрған жоқ, бөтен санап тұрған жоқ, ол – біте қайнасқан туысқаны.

Мамамның қолдары. Көз алдыма келе қалса, гүлдердің ішінде өзі де гүлдей жайнап, көшеттер отырғызып жатады, қандай жас, қалай сұлу деп ойлаймын, маған өмір, ұлтқа өріс берген менің ұлы құдыретім.

Әсіресе, күлген қалпы керемет. Ғажап. Мама, деймін түсімде, мама, адасып қалған адамдай айналамды шолып қараймын, Сіз ұзап барасыз, қазір кері оралып, арбаны сүйретіп, итеріп, жақынырақ, өзіңізге қарай, жайлап, абайлап тартып, қаңтарып қоясыз, мен Сіздің таяу маңда жүргеніңізді біліп, сезіп, көріп отыруым керек, әйтпесе жылай беремін. Жасымда уатқан, есейгенде жұбатқан, қайран анашым.

Сіз балаңызды ғарышқа байлаған құдыретсіз, дүние салғанда күллі жіптер үзіледі, енді космостың бізбен байланысы жоқ, азатпыз әрі жанымызды аңсарымыз, сартап сағынышымыз азаптаған азагер жетімбіз, әлемді терең қайғы басады, асқан шер жайлайды, шерменде халық анасын іздейді, неге алыстады, тақау жерде көшеттер отырғызып жүр еді.

Мен – анам ізімін. Кетіп бара жатып соңынан қалдырған ізімін, демек, өмірді жалғастыруым керек, біздің де артымыздан із қалуы тиіс, ұрпақ жалғастығы осы – адамзаттың асыл көпірі.

Шынымен, шеше – өмірдің анасы.

Бастауы. Дүние қақпасы. Еңбегі ерен, есімі қасиетті, құрсағы – алтын, ана алдындағы қарызымыз – ұрпақ мойнындағы қанша өтегенімізбен – өтелмейтін парыз.

Бақта енді қызы жүреді. Ол да көшеттерді үйден тасып, қаз-қатар тізіп жатыр. Қарындасым анамнан аумайды екен, түрі де, тұлғасы да, талғамы да.

Күн жадырап көктем шыққанда, баласын арбаға салып алып, чорнобривці еккенді жақсы көреді… жаз бойы қаулап өседі.

 

24.01.2021

 

 

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here