Дидар АМАНТАЙ

СЫҒАНДАР

“Бақыт биохимиясы”: романнан үзінді

Құба жон, қыр етегінде, өзен-сайларды жағалап, қоңсы отырған, көп ауылдың біріне, көш түзеп сығандар келді. Киіз үйлерден қашық, оқшау ойпаңда, бір-біріне қатар-қатар орналасты, өзен бойына тізіле қонды.

Қызыл іңір ауып, қас қарайып, кірпік үйіріле бастаған мезгіл, жұрт алыстан қарап тұрды. Қанша санаса да, дәл санына ешкім жеткен жоқ. Қарақұрым, бәрі жабыла бірнеше шатыр тігіп жатыр. Әйелдер қауымы жылқыны тұсап жіберіп, пәуеске, арбаларынан бір сағат ішінде нығыз тиелген бүкіл жүкті түсіріп үлгерді. Шулап жатқан, бейсауат жүрген ешкім жоқ. Бәрінде бір жұмыс. Біреуі де бос емес. Тегіс еңбекқор. Әкесі сырық көтерсе, баласы сырғауыл байлап жатады.

Биік күркелері бой көтерген кезде, қолдары босап, енді сығандар қазақ ауылдарына қарай бастады.

Қазақтар мал ұрлап, жылқы айдап кете ме деп қорықты. Сығандар көп болса да, тез жиналып, орындарынан қопарыла, тік көтеріліп, дүркіреп көше жөнелуі мүмкін.

Жолға шықса, ұстатпай кетеді. Алғанын бермейді, шапқанды қанжарға қадап, найзаға піседі.

Сығандар – ержүрек халық. Еркін жұрт. Жүйрікті қазақтай сүйеді. Бар өмірі – жолда, сапарда, бір сәт кідірмейді. Алда күткен арманы жоқ. Өмірінің мұраты – үзілмеген ән, іркілмеген сөз, ірге бекітпеген салт. Көргені қимыл, қозғалыс, әрекет.

Қазақтың да көші күшпен тоқтатылды. Қыстаудан қора, жайлаудан жайылым қалмады. Жан-жақтан қысты, есіл жұрт, қайран елді қынадай қырды, баудай түсірді. Көзін жойды, айдады, абақтыға жапты, түрмеге қамады, ең ақырында жартысынан көбі опат болды.

Бірақ, сағыныш кеудесін кернеді. Көңілі сайын даланы аңсады, сары жұртын қимады. Колхозға тықты, қалаға жібермеді. Төлқұжатсыз селоға байланды.

Көш көкірегінде қалды.

Қария сығандарға қарап отыр. Әзір күдікті ештеңе жоқ. Ұры біткен апақ-сапақты жақсы көреді. Әдетте, қарбаласта қол сұққанды байқай алмай, қағып, іліп кеткенді көре алмай, наразы.

Қазақ өзгерді. Елімайлап өткен өмірден бір белгі бар ма, рәсуа, тып-типыл, бір күндік сәуленің қараңғылығы ұзақ екен, жарқ етеді де жоқ болады. Әр жарқылдың тағдыры да бірыңғай, мағынасы еш, бейнеті бекер, мехнаты зая, қатар туады, бірге жүреді, бөлек өледі.

Қоңсы қонған күллі ауыл бас қосып, мәжіліс құрды. Шапқан жаудан жаман, дұшпан ішіндегі әккісі, ие бермейді, қазынаңа қол салады, жеріңді еркін жайлайды, қылығына еріксіз көнесің.

Мәжілістен соң, қора біткенге күзет қойылды, жорық-жортуылға мінетін жылқыны ауылға таяу ұстады, шұғыл шаруаға дайын бірді-екілі қаңтарылған аттар кермелерге байланды.

Түн тыныш өтті. Алауларын қоршап, ән айтты. Би де биленді. Әуендері бірде жылап-сықтайды, бірде дүрмекке ілесіп шауып келе жатқан ат дүбірін, қыр астынан шыққан жау қиқуын естисің.

Бозбала жігіттер қатты құмартты. Отқа барып, сығанның пері қыздарын көргісі келді. Сұлу дейді, көздері тостаған дейді, белдері қыпша дейді. Екі жағына кезек аунаған, селкілдеген омырауы ше… Бірақ, қызын бермейді екен. Сыған – сығанға үйленеді, қызы өздеріне тиеді, өзгені араластырмайды.

От түні бойы жанды.

Сығандарға киіз үйдің тұс-тұсынан сығалады. Жасы аңдыды, кәрісі шын екендігі аса күмәнді аңыз әңгімелер шертті.

Бір кезде сығандар суға түсіп жатыр екен деген хабар жетті. Ауылдың есі шықты. Барса болмай ма, көрсе болмай ма. дүрліктіріп алмаймыз ба, жауласып қалмаймыз ба.

Іле-шала жалаңаш шомылып жатыр деген жаңа ақпар келді. Жігіттер сабырынан айрылды, дегбірі қашты, шыдамсыздана бастады, қонғаны – біздің жер, рұқсат сұраған жоқ, баса-көктеп кірді, елдің шетін, ата-бабамыздың киелі өлкесін, атамекенімізді басып алды, кетіңдер деп талап қояйық, дастарқанына шақырып қалар деп үміттенді, асынан дәметті – қандай екен, не пісіріп жейді, қызық көрді.

Талас күшейді, шатырына барайық десті қызу қандылары, сумен ағып келейік десті тапқырлары, өзенді алыстан кесіп өтіп, ар қабақтан жақындайық десті еңбекқорлары.

Жоқ, деді үлкені, кәдімгідей тура бара салайық деп түйді. Енді бәйбіше-тоқалдар оянды, іс қиындады, бізді жатқызып, ұйықтатып тастап, қай салдақыларға барайын деп жүрсіңдер, елден ұят, қаңғып келген сыған әйелдерінің қойнынан іздейік пе, енді қалғаны.

Киініп үлгермегендер де бар екен, төсектен тұра сала араласа жөнелгендер іш киімшең күйі сойыл ұстап жүгіріп жүр. Әйелдер таяқтарымен шықты. Күйеулері басына күн туды, қара аспан төнді, бұлт қаптады, бұрыш-бұрышты жағалап, қалтарыс-бұрталыстарды тінтіп қарады. Ауылды екі-үш айналып, ши түбінен, жықпыл ішінен тауып алды, жонына қамшы салды, арқасынан таспа тілді, кіреберіске іліп қоямын, қорлаймын, күлкі қылдырамын деп қорқытып, зәресін ұшырып, қарғысын да аямай үйіп-төгіп, алдына сап айдап келе жатыр, жүрегін ұстап, босағада құлап жатқандар да бар, ауыл маңайы азан-қазан, сығандар, керісінше, бізді шапқан сияқты.

Ел аяғы басылды. Басы бостар ғана қалды. Оның өзінде, анасынан тығылып басын арашалап алғандар. Ұзын-саны үш-төртеу.

Жайлап басып, шатырларға келе жатыр. От сөнген, жұрт ұйқыда. Бірен-саран сыған ақырын гитара шертіп отыр. Иегімен меңзеп, орын ұсынды. Сосын, әнін шырқап кетті. Құйқылжып қиядан шықты, сорғалап төмен ақты. Құстай самғады, қасқалдақтай ұшты,

Қазақ жігіттері жылап отыр. Қандай ән, қандай дауыс. Шынымен, алаш салатын саз, сақара шырқайтын әуен екен. Қайырмасы қозы көш жерден естіледі, үлкен шығарма екені көрініп тұр. Қазақ пен сыған құшақтасып, қосыла айтып, бір-бірін танып, тамыр болды. Біз де, Сіз де желмен жарысқан сәйгүлікті сүйеміз, қысы-жазы көлік, жалғыздықта серік, қуанышта дос, қайран, арғымақтарым. Табордың алдына бір үйір жылқы салып берсе де болады екен. Гитара қайта күңіреніп, күркіреген үні алагеуім шақ түн жарып анық шықты. Ішектерін алақанымен ұрып тартқан сәт, көкжиектен сыз берді, төңірек ағара бастады. Әйелдер көздерін сығырайтып ашып, күйеулерін көрді де, қайта қалың ұйқыға кетті.

Үш бозбала таң ата ауылға көңілі бұзылып қайтты. Сұлуын көрмесе де, сұлу әнін тыңдады, жібектей мінезіне, қонақжай қасиетіне, асқан талантына тәнті болды.

Ертеңіне жәрмеңке ашылды. Бір топ сыған ән оздырып, саудаға шақырды. Қазақтар орамал басына түйген ақшасын ұқыптап қайта санап, сатуға әкеле жатқан малын жетектеп, ойпаңға құлады. Желден пана қыр етегіне, сай-салаға халық құйылды. Аз уақыт ішінде, алыс-жақын жердегі, құлақтанған кірешілер қаптады, қара бұқара лық толды.

Бұлы көп, темір-терсегі, асыл тасы мол арбалар ортаға қойылды. Інжу-маржан, алтын-күміс, зүбаржат, лағыл, қой да, қозы да айырбасталып жатыр. Адам тағдырын, өмір жолын, қызық-қуанышын, қайғы-қасіретін дәл болжаған көріпкелдер алды бір сәт босамайды, ұзыннан-ұзақ кезек, талас, қазақ бәрін көргісі, білгісі келеді.

Енді жібек шүберектерге мұқият орап салған жәшік-жәшік айналарын шығарды. шешелеріне етегіне жабысып еріп келген майда бала, ақжарқын сәбилер бір-біріне жарық түсіріп ойнай бастады.

Қария мазасызданып отыр. Ұлына бір сыған не ерте асылып өлесің, не кісі өлтіресің депті. Екеуі де ауыр күнә. Өзі сығанға, ел елегізіп, жұрт күтіп жүрген ерен адам – мен, әлемді билеймін, депті.

Күн  тас төбеден құлағанда, сауда азайды. Бірді-екілі адам ғана қалды. Сығандар жиған-тергенін арбаға артып, алған малын соңынан байлап, батысқа бет түзеді. Батып бара жатқан күн табағына бейнеленген көш алау оттың ішінде өртеніп жатқандай көрінді.

Бүкіл қызықты өзімен бірге ала кетті. Қызу сауда туғызған көңіл күй, мереке-мейрам шағын ауылды тастап жүре берді. Қуаныш та көшпелі. Бір күн өткен соң ғана өзіне-өзі келген ауыл жәрмеңкені қырық жыл айтысты. Жылдан жылға көлемі ұлғайды, уақыты ұзарды, қатысқан, сауда жасаған бұқара саны көбейді.

Сығандар ауыл іргесіне жәрмеңке құрып, шатыр тігіп, қазақ өмірін екіге бөліп кетті. Келесі жәрмеңке келгенше…

 

22.01.2021

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here