Дидар АМАНТАЙ

ГҮЛДЕР ҚАЙДАН КЕЛДІ ЕКЕН

“Откуда берутся цветы”

Әңгіме

 

Күн ашық – біз жайбарақат төмен түстік. Түні бойы жауған жаңбыр елең-алаң – сап тыйылды. Көңілімізде қаяу жоқ, кешегі шер тарқап, жүзімізде – күлкінің табы, қуаныштың ізі, кенет елден қоңырау шалынды, бір ояндық та көз іле алмадық, ұйқымыз қашты, жастық шақ, жалынды кез, бозбалалық уақыт еске оралды, қайдағы-жайдағы, көлденең жүріс, бейсауат қыдырыс, ғашық жарды кездестіргенше, қалқатайлардан құтылғанша, көп сүйістік, таң атқанша құшақтасып жаттық, соңымыздан түн қатып қаралы хабар жетті, көрнекті шайыр шаһид болды, тірісінде жылы сөз естіп көрмеген белгісіз бір ақын қазасы туралы күллі басылым, баспасөз біткен құлаш-құлаш мақала жазды, телевизиялық арналар ұзақ-ұзақ хабар арнады, сыншы, зерттеушілер шығармашылығы жайлы жаңалықтардан толағай-толағай пікір, тұңғиық-тұңғиық сөз сөйледі, оны ютюбтегілер жоққа шығарып жатты, еуропалық көше-бульварларда жаз маусымы, Елісай даңғылы, кафе-ресторандардың жазғы террасалары, ағаш сәкілер, бәрі-бәрі жасыл желек, себет-себет гүлдестелерге толы, Парижде гүл көп, қала ерте атқан күн шұғыласына кеш батқанша шомылады, қайғыны, мұңды, қазаны мойындамайды, қоңыр салқын ұзақ кештері ұйқысыз түндерге ұласады, Моэмнің Лондон биржасынан данышпандар астанасына қашқан қаржыгер кейіпкері тәрізді бақыт кешіп, рақат көруге келдік, ақындар өлмейді, сен екеуміз жыламаймыз, ерге де, әйелге де жараспайды, біз ұзақ өмір сүретін боламыз.

Көне, ескірген баспалдақпен абайлап сатылап түсіп келеді – ақырын басып ылидиладық. Тас өрілген жолдары мұнтаздай таза Париж – әрі мәңгілік өзгермейтін шаһар, әрі үнемі жаңаны туып отыратын елді мекен. Дәстүр модернді қолдаған, постмодерн  классиканы толықтырған адал да айнымалы Париж.

Париж. Әдепті Париж. Ескірмейтін Париж. Бірақ, асыл әдеті тозбаса керек. Әдеби мектептер бесігі. Сән, талғам алуандығы. Әртүрлі көзқарас – сан қилы әлем. Шахия – ырза.

Шахия – Парижде.

Біз Париждеміз.

Шерді ұмыттық. Қайран, Париж. Хемингуэй жырлаған “Клозери де Лила” есте. “Ротонда” ше.

Камю жүрген, Сартр қыдырған Париж. Студент кезімізде бір қыздың айтқаны бар: “Париж сейчас не в моде”.

Рух кетпейді. Далаға шықтық. Күн жарқырап тұр. Қандай ғажап! Біз Париждеміз.

  • Сонымен, ақырында, кәрі актрисаға бір себет гүлді кім үнемі әкеп тұрған екен?
  • Кейін белгілі болды.
  • Түбінде.
  • Иә.
  • Айт.
  • Бір бозбала.
  • Қызық екен.
  • Қызық.
  • Соңы немен бітті?
  • Дәл білмеймін, сюжеті еміс-еміс есімде.
  • Моруаныкі ме?
  • Моруаныкі.
  • Шатастырған жоқсың ба?
  • Жоқ.
  • Осында отырайық.

Даяшы келе жатыр.

  • Ұлы актриса кенет дүние салса да, жанкүйері жұлдызды ханшайымын бір сәт ұмытпаған екен.
  • Өлімнің бәрі – не кездейсоқ, не аяқастынан.
  • Иә.
  • Әрі қарай.
  • Жексенбі сайын құлпытасына барып, басына гүл қойып кетеді екен.
  • Бізге екі шай, таңертеңгілік ас, бір-екі тілім нан, май.
  • Жақсы.
  • Не түсіндің?
  • Ештеңе.
  • Екеуің орысша сөйлестіңдер.
  • Енді байқамай айтып қалғанымды жазып түртіп алып жатқан соң, жалғастыра бердім.
  • Сүйген бе?
  • Иә.
  • Өнерін де, өзін де?
  • Театрды.
  • Анық Моруаныкі ме?
  • Меніңше, анық.

Ас ішіп біткен соң, екеуі көше аралап кетті. Қол ұстасып келе жатыр, күн жексенбі, елдің бәрі үйінде, сыртта жүргендер, негізінен, қонақтар. Париж қаншама кемеңгерді көрді. Ұлы уақиғаларды бастан кешті. Кезінде көп оқыдым, көп аңсадым, көп қызықтым. Енді – алаңдарында алаңсыз, ойланып-толғанып, қызықтап серуендеп жүрміз.

  • Сонда, гүлді әр спектаклінен соң, бөлмесіне қалдырып кете ме екен?

Парижде автомобильдер де әдемі. Шағын. Жалпы, айқайлап тұрған ештеңе жоқ, бәрі – сабырлы, байсалды, сұлу. Қымбат дүние алыстан біртұтас көркем, жақыннан бөлек-бөлек әсем.

  • Опа-далапты жуып, сүртіп жатып, айнадан артында, үстелде жатқан бір шоқ гүлді көреді екен.
  • Қандай бақытты әйел.
  • Бақытты актриса де.
  • Бақытты актриса.

Екеуі көлік ұстап, Эйфель мұнарасына жол тартты. Тақап қалғанда, темір мұнара төбелерінен төніп, жарқырап көрінді.

  • Рұмда шашылып жатқан тастың да тарихы бар, Парижде әрбір тас әдемі.

Мұнараның төңірегі ағаш сәкілерге толы. Жұрт екі-үшеуден отыр. Қолдарында – кока кола.

  • Еуропада шай қымбат, – деді ол, – сондықтан, көбі сусын ішеді.
  • Өтірік.

Батыс Еуропа, тегі, жер жағдайы, ауа райы тұрғысынан өмір сүруге аса қолайлы өлке. Қайта такси ұстады. Ендігі бағыттары – “Клозери де Лила”.

Биік, үлкен ғимараттар, ескі архитектуралық үлгідегі әсем үйлер дөңгеленіп жан-жақтан кейін қалып жатыр. Қаланы, қалтарыстарды жақсы білетін жүргізуші төте жолдармен межелі жерге зымыратып жылдам алып келді. Көліктен шығып жатып кафе маңдайшасынан таныс жазуды оқып, қатты толқып, көңілі босады, асып бара жатқан ештеңесі жоқ, бірақ, атағы жер жарған киелі орын. Бұл террассада отырып, Фрэнсис С. Фицджеральд, Эрнест Хемингуэй, Томас Элиот, Дос Пасос, Гертруда Стайн тәрізді модернистер сан рет шай, шарап, виски ішіп, әдеби таным-талғам жөнінде дауға кіріп, таласқа түскен.

  • Ертегі аяқталды, – деді ол, – түсінесің бе, Шахия, ертегі аяқталды.
  • Біткені дұрыс, қанша созуға болады.

Енді айтпайды. Өзінің дәуірі келді. Біз туралы кейінгі ұрпақ айтуы тиіс. Олар жайлы одан кейінгі ұрпақ. Одан кейінгі ұрпақ өзінен соңғы буынға жеткізеді. Ертегі, тіпті, аяқталмақ емес, Жазу мен оқу бір-біріне сүйеніп мәңгі-бақи жалғаса береді.

  • Париж всегда в моде.

 

20.01.2021

 

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here