Дидар АМАНТАЙ

ТАҢ АЛДЫНДА

Әңгіме

Кафеде ешкім жоқ. Екеуі ғана отыр – фужер толы конъяк беті әлсіз діріл қағады.

Жым-жырт. Манадан бері шулаған жұрттың бәрі кетіп үлгеріпті. Бір топ даяшы үстел үстін шүберекпен сүртіп, айнадай жалтыратып тазалап жүр. Бардан басқасының бәрі жабық. Түнгі үш-төрттің кезі – кіреберіс есіктің аузына құлып салынатын мезгіл жетті.

Әуен көңілсіз. Қыздың махаббатын шертеді. Сезімде шек бар ма, деп сұрақ қояды. Кім білген, бұрын байланыс құралдары болған жоқ, қазір әлеуметтік желілер керек адамыңды тауып береді, жалпы, бүгін кісі жоғалмайды, жасырынып жүргендері жараспайды, Фейсбукті көрмей ме, инстаграмға кірмей ме. Жалған. Бүгін кісі жоғалмайды.

Іздеген адамның ұялы телефоны жүрген жеріңді көрсетіп отырады, әрине, ажырасады, үйленуден жиренісу көп.

Тез некелеседі, жылдам айырылысады. Бұл неден екен. Әлде, ашық ақпарат еркіндікті көбейте ме. Сыры белгілі қоғамның жыры да белгілі ме.

Ертеде құпия мол еді, дәйектің орнына өтірікті пайдаланды. Енді, технология дамығалы, заман өзгерді, ақпарат құралдары басқан ізіңді аңдып, аттанған марашрутыңды танып-біліп отырады, тығырыққа тірейді, бой тасалатпайды. Бүкіл өмірің жария – тығылуың бекер. Елдің назарындасың, сырт көз алдындасың.

Ол қалғып отыр. Қолындағы фужері шайқала бастапты. Оны байқаған серігі тост көтеруді ұсынды.

Даяшылар тізіліп тұр. Жұмыстары аяқталды. Бір көз іліп алып, сабақтарына барады. Қашанда асығыс, үнемі уақыт тар. Мұраттары ғасыл болғанда, қолдары босайды. Бірақ, арман біте ме, біріне жетсең, екіншісі шығады. Өмірін қанша сүрсе де, тауыса алмай қойды. Күн артынан күн туады. Еріксіз кешеді. Әйтпесе, кетер уақыты болды. Олар бейшара жандарды бөгеп, ұстап тұрған секілді.

  • Тәке, достық үшін!!

Тәке естіген жоқ. бірақ, оның соңынан, қалмай ішіп салды. Тамағын жыртып, қыздыра жөнелді. Қалай тарап жатқаны сезілді. Не үшін ішсек те, бәрібір, емес пе.

  • Қайттық па?
  • Қайттық.

Ол тағы құйып қойды.

  • Шаршадым.

Тәке түсінбей, жүзіне үңіле, көз салды.

  • Неғып?
  • Бірге өлейік.
  • Бірге өлеміз.
  • Қазір.
  • Қазір ме?

Сағатына қарады.

  • Әлі ерте.

Кафе іші тыныш. Белгісіз бір музыка төгіледі. Даяшылар киіне бастапты.

  • Не умирайте здесь, – деді жас қыз, – я ненавижу смерти.

Өзі көңілді, қалжыңдап сөйлейді. Бойы аласа. Сүйкімді, аққұба, қылықты бойжеткен, төңірегін нұрға бөлеп жіберді.

  • Впрочем, как и все.
  • Иә.
  • Прошу вас.
  • Нені?
  • “Не умирай (те) прежде смерти”.
  • Жарайды.
  • “В смерть подобает вступать как в праздник”.

Тағы күлді.

  • Кеттік пе?
  • Кеттік.

Қалғаның екіге тең бөліп құйды.

  • Оян.

Тәкең ұйықтап отыр.

  • Аға, біз жабылдық.
  • Қазір оятып алайын.

Ол Тәкеңді жұлқыды. Тәкең басын көтерді.

  • Идеяң ұнап қалды.
  • Қандай?
  • Бірге өлейік деген.
  • Бір күні, әйтеуір, бірге ме, бөлек пе, өлуге тура келеді.

Іштегі қамырық. Мұратынан адасқан тәрізді. Әлде, мағынасын жоғалтып алды ма. Көргені көп, көрмегенге қызықпайды. Несіне қызығады, адамзат ғұмыры – шексіз ғарыштағы шаң-тозаңдардың тіршілігі. Шаң-тозаңда уақиға жоқ, бөлініп-жарылып, ұсақтап-іріленіп жатады. Тұрақты ұғымы, айнымас бейнесі бар ма екен.

  • Басымда баяғыдан жүр.

Тәкең ошарыла көз тікті. Барға сүйеніп, анда-санда бір ішіп отырған қандай жақсы.

  • Басымда баяғыдан жүр.
  • Мен қарсы емеспін.

Әуен тоқтады.

  • Келістік.
  • Нешеде?

Ол фужерге қолын созды.

  • Шынымен, өлгің келе ме?
  • Шынымен.
  • Неге?
  • Шаршадым. Бәрінен шаршадым.

Екеуі тысқа шықты. Түнгі шамдар жанып тұр. Көше қыдырғандар некен-саяқ. Тәкең телефонын қолына алып, терезесін жарқыратып, біреуді іздей бастады. Күн суық. Қарашаның кезі. Тапты. Номерін басып, қоңырау шалды. Қоңыраудың абонентке барып тұрған дыбысы естіледі. Әр жақтан көтерді.

  • Қайырлы түн.

Үнсіз.

  • Мен саған түнде телефон соқпа деп айтым емес пе.
  • Дәкең екеуміз кетеміз деп шештік.

Тұтқаны тастап жіберді.

  • Маңызды шаруа еді, ертең өзі өкінеді.

Жол бойымен келе жатыр. Бір машина көрінбейді. Мына түрімізбен үйге жете алмаймыз. Таң атқанша бір жерде отыра тұру керек.

  • Өлгенше, бір конъяк ішейік.
  • Жарайды.
  • Бірақ, бір ақылым бар.
  • Сенде ақыл көп қой.
  • Жетеді.
  • Айт.
  • Мен қимаймын.
  • Өмірді ме?
  • Әйелдерді.
  • Ғашықсың ба?
  • Жаңағы қыз күшті екен.
  • Даяшы ма?
  • Иә.
  • Ұнады ма?
  • Ұнады.

Бұрыштан кафе көрінді. Ашық. Екеуі қарды сықырлатып келе жатыр. Есікті итеріп еді, шалқасынан ашылды. Музыка тысқа лап берді. Жұрт би үстінде – өлімді ойлап жүрген адам жоқ. Бәрі мәңгілік өмір сүретін секілді. Ол да ойламайды. Қайтеді, келгенде, тақағанда – көре жатар.

10.01.2021

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here