Дидар АМАНТАЙ

СЕВИНДЖ

Әңгіме

Төменде Фердауси тұр. Қолында бір себет гүлі бар, ту сыртынан арқасына асқан гитараның ұшы қалқиып көзге түседі – қазір ән басталады.

– Севиндж.

Басында жазғы қалпақ. Ол бір көрінді де, қайта ішке кіріп кетті. Ташкент – жолда машиналар сирек. Биік үйлермен таласа өскен зәулім ағаштардың көлеңкесі ұзарып келе жатқан тәрізді.

  • Мүмкін болса, арқан таста, себетті орап жіберемін.
  • Жоқ.
  • Неге?
  • Әби ұрсады.

Севиндж бір шыққанда, бәрін байқап үлгерді. Үстіндегі киімі жаңа – соны көрсетуге келгендей, қайта-қайта балконға шақыра береді.

Күн ыстық. Суға түсетін мезгіл. Жағажай маусымы, етпеттеп не шалқалап алаңсыз жатқанға не жетсін. Қыздырынып, жүзің тотығып, денең күйіп. Қазір кетсін футболға, құрбысына қоңырау шалып, бассейнге тартады.

  • Жаным, Севиндж.

Енді ренжімеске амал жоқ. Көк торғын жібек пердені айқара ашып, басын шығарды.

  • Мен жаның емеспін.
  • Сертім –серт!
  • Қой, қарағым, елден ұят, ойланып сөйле.

Айтуға тура келді. Емексітіп қайтеді. Қазір тыйып тастамаса, кейін тізгін бермей кетеді.

  • Севиндж.

Дауыс үйден шықты. Әкесі – кіші бауыры сөмке жинап жатыр. Самса, көк шай, өрік-мейіз дайын. Шүберекке түйіп, байлап қойды. Табуға оңай. Шабуылдап келе жатқанда жейді. Бәрі қақпаға лап бергенде, ойыннан көз айыру оңай емес.

  • Ұлттық тулар, жалаулар қайда?
  • Мында, қойған жеріңізде.
  • Түгел сал.
  • Бірін қалдырмай ма?
  • Иә.
  • Жарайды.
  • Біздікілер қауіпті ситуация тудырған сәтте, қиын жағдай қалыптастырған кезде, желпіп, желбіретіп, шайқап отырамыз.
  • Ұрандатып, айғайлап, әнұранды шырқап.
  • Иә.
  • Севиндж!
  • Бұл кім?

Әкесі терезеден тысқа қарады, Севиндж жорта бірдеңе іздеп, әдейі балконға шықты. Фердауси жоқ. Жан-жағын шолды. Жоқ. Өзі таң қалды.

Қайда жасырынды екен. Кері бұрылғанда, балкон астынан абайлап пысылдаған дыбыс естілді. Түсінді. Құласа, өз обалы өзіне. Кіріп бара жатып, қос қапталына кезек-кезек үңіліп, басын созып, тексеріп тағы қарады. Тұр – асылып, діріл қағып, қалай түсерін білмей.

  • Севиндж.
  • Мынауың не?
  • Жерге арқан тасташы, басын балконға байлап, қолым талып барады.
  • Махаббат үшін жан пида.
  • Рас, рас.
  • Онда, асықпа, сабыр, шыда.
  • Бірақ, біз бақытты махаббатты қалаймыз.

Ол үйге кірді. Футбол жанкүйерлері даяр. Севиндж сөмке ұстаған екеуіне қарап:

  • Өзбекстан, алға! – деді.
  • Еліміз жасасын.
  • Туларыңды желпілдетіп отыруды ұмытып кетпеңдер.
  • Әрине.

Екеуі босағадан озып, есікті ашты, қарсы алдарында ұзын баспалдақтар жатты.

  • “Әзизім менің – менің әзизім”…

Әкесі ән айтқан қалпы төмен кетті. Севиндж сандықта жатқан арқанды алып балконға жүгірді.

  • Фердауси!

Орнында жоқ. Бейшара мертігіп қалмаса игі еді. Қараса, жерде құлап жатыр.

  • Не болды?
  • Құладым.
  • Еш жерің ауырмай ма?
  • Ауырмайды.
  • Екінші қабат – ерлік жасауға қолайлы этаж.
  • Мен шын жақсы көремін.
  • Онда, бара бер, сүйгенде келесің.

Севиндж артынан балконды жаба кірді. Қазір суға түсуге барады. Сырттан жедел жәрдем қиқуы естілді. Бәрібір, шақырған екен. Мені оңай шаруа дей ме.

 

27.12.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here