Дидар АМАНТАЙ

НЕСИЕ АЛУШЫ

Әңгіме

Кеш жарық. Бірақ, кафе іші – ала көлеңке. Тыста, ерте жанған көше шамдары тас төбеден жарқырап жан-жағына нұр шашып тұр. Көпсініп сөйлеп, көлгірсіп тіл қатқан арқа-жарқа, көңілді жұрт тұстан-тұстан әсіре емен-жарқын, жайма-шуақ мінезі біле тұра жорта, шат қонақ, қамсыз мейман, сүйген жұп әлдеқалай мөлдір, тұнық, әмісе шынайы, бейуақ мезгіл әзіл-қалжың төгіп, жарқылдай күліп, әредік, әлдекімдер, күбір-күбір етеді. Күңгірт кафеде дауыстар ғана айқын. Тегіс – зілді. Қатты айтпаса, тұрып айтпаса, түсінбейді.

  • Білесің бе, өмір өтіп жатыр.
  • Білемін.
  • Қалай жеткізсем екен, енді қайтып оралмайды.

Қолында – фужер.

  • Бір сәт тоқтап, жан-жағымызға қарайықшы.
  • Қарадық.
  • Қыздарға емес, өмірге.
  • Қыздар – өмір.
  • Не көрдің?
  • Өмірді.
  • Жоқ, сен, көзіңді аш, аңғардың ба, кім өмірді жоқтап отыр?
  • Екеуміз.
  • Екеумізден басқа ешкімнің шаруасы жоқ.
  • Бәрі сәнді, мағыналы, басқа не керек?
  • Қашан ойланамыз?
  • Не үшін?
  • Осының бәрі бір күні жоғалып кетеді.
  • Банкте былай, шығынды іземейді, пайда кірісте отыр.
  • Есеп-қисаптың да тағдыры бар.
  • Әрине.
  • Несие өсиет тәрізді, өлсең, балаңда қалады.
  • Рас.
  • Өмір үшін.
  • Тоқтамасын.

Ол ішіп салды. Тамағын күйдіріп, өңешіне жетті. Шабдалыдан ұрттады. Іргеден автомобильдер зымырап өтіп жатыр.

  • Жалғыздықтың дыбысын естіп көрдің бе?
  • Иә.
  • Қара.

Екеуі тына қалды. Құлағын түріп, тың тыңдады. Кенет шүмектен су тамғаны естілді. Бір, екі, үш…

  • Тағы.
  • Ұнап қалды ма?

Үнсіздік орнады. Тақау маңда бір адам тәрелкесін шықырлатып ет кесіп жатыр. Дамыл таппайды. Шаңышқы ілген бифштексті пышақ оп-оңай аударып-төңкеріп, жаныштап жатып, кесе-көлденең турап түседі. Тез аузына салады. Приборын үстелге тастап, қолына стақан алды. Сусын жұтқаны, содан соң, қырлы стақанды орнына қойып жатқаны естілді.

  • Асығыс.
  • Үйіне бара жатқан жоқ.
  • Меніңше, шақырған адамы сылтау айтып, келмей қойды.
  • Кәрі бойдақ.
  • Жалғыз тұрады.

Түкпірден қыздың күлгені шықты. Қыздардан – екеу, жігіт меню ұстап отыр. Күн салқындап келеді. Тау жақта кафелерде плед жамылады. Жылы, үлкен, таза.

  • Мен, – деді ол, – маспын.
  • Ешетеңе етпейді.
  • Қайттым.

Орнынан көтерілді де, қол жуатын бөлмеге беттеді. Бір кезде қайта көрінді. Теңселіп келе жатты. Үстелге жетіп, бұрылып қарады.

  • Мені өлтіріп кетті, – деді.

Гүрс етіп алдына құлады.

  • Не? – деп кафеге бірге еріп келген көршісі жорта шошып үстелді айналып шыға берді.
  • Мерт болды, – деді даяшы.

Сосын, полицияға телефон соқты. Теледидар сөйлеп тұр. Жас тергеуші шырын ішіп, сериал жүріп жатқан арнаға жайбарақат қарап отыр. Тез қайтатын сияқты еді, кешікті. Он лағман жейтін уақыт болды. Қайда жүр. Даяшы тағы қоңырау шалып, жылдам келуін сұрады. Сөзі анық емес. Көлік жоқ, деді ол. Көлік жоғы несі. Кафеде кісі өліп жатқанда, тез жетіңіз.

Полиция ше, осында, кенет қасындағы серігін кешкі ас ішуге ерте жібергеніне өкініп қалды.

12.12.2020

 

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here