Дидар АМАНТАЙ

АСУДА

әңгіме

 

Бір кезде Дон жағасында жайнап тұрған станица қалың өрт құшағына оранғалы төртінші тәулік. Соңғы күндері билік жиі ауысады, бірде қызылдар күші атаман Колчак әскерін қыр асырып түре қуып тастайды, бірде ақтар эскадроны қайта қаптап келе жатады.

Қос өкімет орнаған кезең, ел іші бүлінді, жан-жақтан пана іздеген босқындар көп, азған адам, тозған шаруашылық. Екі жақ та қиянатшыл, жалаң идеяға қамқор, жетегіне ерген жігіт-желең, қыз-қырқынға басшы, жұмысы да маңызды, махаббаты да еркін. Сірә, бір отбасы – бірнеше ердің шаңырағы, дәулеті ортақ, перзенті бірге, малы ұжымдас. Әйел иесіз. Үйелмен, әулет қадір-қасиеті мансұқталды.

Әлде, хром етікті, аса жоғары лауазымды, орта жастағы офицер – аса күпті, қапалы, наразы. Қатты ширығады. Қайтеміз, ардан безген, ұяты жоқтан не сұрайсыз. Шағын жасақты генерал басқаратын заман туғаны анық. Тіпті, шабуылдарға дейін өзі бастап шығады. Қасындағы көмекшісі Голицын үш-төрт зеңбіректің басын құрап, аласа кезең, түйетайлы белден құлаған қыруар салт аттылардың қатарын сиретіп бұрқылдатып атып жатады.

Кездескен сайын екі тарап итжығыс түседі. Ұрыс даласында айқын ұтқан топ жоқ, қайраты қайтса, қарсы жақ қашпайды, жарасын таңып, қайта айналып келе жатады.

Майдан шебі тұрақтамай тұр. Тұс-тұстан қосылған қол, жиылған мол жиын тарқайтын емес. Нәтижесіне қарайды, жемісін аңдиды. Бетпе-бет ғаскер бір-бірінен қаймықпайды. Кейін де шегінеді, ілгері де озады. Үлкейгенде, еркін соғысады, кішірейгенде – тығыз, тар жерде шығын көп. Жан-жақтан келіп жатқан хабардың дені жаман, нашар. Орта Сібір, Қиыр Шығыс, Орал тауының маңайы, Орта Азия, аймақтар, өлкелер, хуторлар, деревнялар, ауылдар, кишлактар, барлық жерде советтер Керенский үкіметін құлатып, қысқа уақыт ішінде өкіметті өз қолдарына алды.

Бас офицер тас-талқан алып әскердің ұсақ-ұсақ шерік жасақтарына айналып кеткенін жақсы түсінеді. Енді тәртіп жоқ. Еуропа окоптарында қорғаныс шеп құрған кешегі біртұтас орыс әскері қазір тоз-тоз. Патша ағзам тақтан бас тартып, комиссарлар оны өлім жазасына кесті. Не үшін?

Ер тұлға елді бейбіт басқарғанына жазықты ма, нақты қандай қылмыс жасапты. Қан төкті ме, қазына тонады ма, Отанын сатты ма.

Күллі революционер атаулы империяның қадірін кетірді, белсіз, беделсіз, белгісіз елге айналдырды.

Генерал шарап ішіп отыр. Көзін жұмса, дүниежүзілік соғыста Батысқа қарай уралап қол бастап бара жатқан жарқын уақыты есіне түседі, сосын, көңілі босайды.

Жалғыз өзі. Әні ерекше, сәні кеткен… Даяшы ыдыс-аяқтарын реттеп жатып, ұзын кірпіктерін қағып-қағып қойып, қабағының астымен генералға мейірлене қарайды. Генералдың көзі жасаурады, шараптан тағы құйды, сірә, соңғы ақпараттар көңіліне жақпаса керек, әлде намысына тие ме, амал құрыды, Корниловқа үміт артып еді, тез қаза болды, ұлы империя құлады, сақтап, қорғап қала алмады, бойын ыза қысады. Қайта-қайта қол орамалын шығарып, мұқият сүртеді. Кім – кімге қарсы? Сергелдеңге, азапқа толы қу дүние. Қалалар жермен-жексен, жұрт азан-қазан. Петербор, Мәскеу жау қолында. Күйіктен жылайды. Иә, күйіктен. Өзегін өкініш өртейді. Жазаға бұйырғандар кесігіне жолығады. Діннен безгендердің ажалы да безбенді болмақ. Жұрт алдында, орталық алаңдарда. Біз әлі ораламыз, деді генерал. Жанарында жас толқыды. Ораламыз. Жұдырығын түйді. Сайтандар сазайын тартады, зауалын табады.

Трактир ескі әуенге елтіп тұр. Байғұс қашқан-пысқан жаудан қорқады. Жол аузында. Бірақ, аумалы-төкпелі заманда жауды айырудың өзі қиын екен. Әдетте, ақтар ақысын төлеп кетеді. Комиссарлар маузерін шошандатып, адал асты тегін пайда, арзан олжа көреді.

О, сұмдық, қандай билік келе жатыр деп күңіренді генерал. Отанымыз кімнің қолына өтті. Ресей неге бұндай күйге ұшырады. Құдай алдында айыбы бар ма, асқан кезі болды ма. Әмірші күнәкар ма еді, Жасаған Ие қаһарына ілінгені несі, елін қанға боятып…

Кенет ағаш есікті ішке итеріп поручик кірді. Көңілсіз, қападар жүзінде – қайғы, қимыл-қозғалысы – бәсең. Рухы түскен, дауысы құмығып шығады, күңгірт үнінен адасқандық, мойынсынғандық, шарасыздық сезіледі.

  • Әскер дайын.
  • Онда, менің де атымды әкел.
  • Жол ұзақ па?
  • Төтелеп қиямыз.
  • Жақсы, генерал мырза.
  • Бізді кеме күтіп тұр, Түркия арқылы Грекияға, одан ары – Еуропаға аттанамыз.

Поручик үнсіз. Қалпағын шешіп, жүзін сүртіп жатыр. Сосын, еңкілдеп жылап жіберді.

  • Бәрі бітті ме, генерал мырза.
  • Иә, бәрі бітті.

Ол қипақтап не айтарын білмей біраз тұрды да, шығып кетті, сосын, біршама уақыттан соң, қайта оралды.

  • Аттар дайын.

Генерал ақшаның орнына алтын сақина тастады. Даяшы алған жоқ.

  • Өзіңізге керек болады, генерал мырза.
  • Маған несіне керек.
  • Берлинде, Парижде жаратасыз.
  • Егер жетсек…
  • Ресей сіздерді ұмытпайды.

Даяшы көзімен ұзатып тұр. Генерал бойын тіп-тік ұстап трактирден шықты.

  • Қандай генерал, – деп тамсанды даяшы, – кетіп барады.

Тамағы түйіртпектеліп кетті. Қолына шөткені ұстап, иіле берді. Еден сыпырып жүріп, даяшы жылап жүрді. Генерал қатар-қатар тұрған шағын әскер жасағы алдына барып сөз сөйледі:

  • Құрметті офицерлер, есауылдар, шеріктер, Патша ағзамның алдында берген сертімізге адал болдық. Біз соңына дейін күрестік. Күш тең емес еді. Әдетте, талқандаушылардың жақтастары да көп болады, құрылысшылардың қатары қашанда сирек.

Генерал тамағын қырнап, тоқтап қалды. Сосын, қайта бастады.

  • Қаламын деушілерге ұлықсат. Ерік өзінде. Біз қоршауды бұзып, теңізге қарай өтеміз, сол жерде кеме күтіп тұрады.
  • Айналып өтсек болмай ма?
  • Болады.

Кісі көп емес еді.

  • Кетеміз, – десті бәрі.
  • Онда, поручик Голицын, патрондарды тарат!
  • Құп болады, генерал мырза.
  • Эскадрон, соңымнан еріңдер!

Бүкіл эскадрон орнынан қозғалып, қаптап генералдың артынан сапқа тұрды. Генерал қылышын көтеріп:

  • Во имя веры и правды! За мной! – деді.

Әскер де айғайлай жөнелісті. Қиқу салып, Оңтүстік-Батысқа шауып барады.

  • За царя!
  • За великую Россию!

Әскери жасақ жол-жөнекей кездескен бірді-екілі қарулы топтарды қиратып, ілгері оза берді. Бірер сағаттай шауып отырып, теңіз көрінгенде, генерал тізгінін тартты.

  • Келдік. Қызылдар біздің жолдан тыс қалды. Бірақ, соңымыздан шықты.
  • Түйресуге әзірміз!
  • Бұйырыңыз, Отан жолында – жан пида.
  • Дінсіздермен тәжікелесуге де, қидаласуға да уақыт жоқ, шекараға жеттік. Патрондарыңды, қару-жарақтарыңды тастандар, офицерлер тобы, орден-медальдарыңды омырауларыңа қадаңдар!

Жұрт мылтықтарын жоғары көтеріп, оқтап, солқылдатып атып, патрондарын тауысып жатыр. Бос гильзалар құм бетіне дүрс-дүрс құлайды. Бейне бір салют жасап жатқандай. Босаған қару-жарақтарын тегіс ат үстінен жерге тастайды. Тез арада төмпешікке айналып, үйіліп қалды. Сосын, бәрі жөңкіле ілгері кетті. Көлік дайын тұр екен. Генерал бірінші мінді. Кеме баспалдағына аяғын созып жатып, табаны сатыға тимей, соңына бұрылды:

  • Голицын мырза, мүмкін, елде қалармыз, бөтен жердің бізге не керегі бар?

Поручик үндемей тұрып-тұрып, генерал палубаға өткенде, ақырын ғана қамырыға тіл қатты:

  • Қайран, генерал мырза, бізде Отан да қалмады ғой.

 

 

09.12.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here