Дидар АМАНТАЙ

ТОЛҒАНЫС

Новелла

 

Есіңде сақта, құрбым, мейлі, жадыңда тұт, әлде, күнделікті күніңдей ұмыт, ғұмырдың түпкілікті мәні жоқ, қырда, қара суықта тентіреген пенде, бәлкім, көше жағалап қаңғып жүрген түбегейлі шешім, жауабын іздеген Ницше сұрақтары, арандап қалма, қауіптен сақтан, қатерге басыңды тік, ештеңе өзгермейді, бәрібір, әйтеуір, көзден кетіп, көңілден өшері анық, елестің орнына түс келеді, мәңгі, ұйғарымды ұйқы жеңіп, түн қатып көктен бұйрық түседі, дүниеден баз кешіп, оқшау жүреді, бірақ, өзі барда өлім жоқ, өлім барда өзі жоқ, пенде ажалмен жүздеспейді, қазаны бер жақтан емес, әр жақтан көрген, бәрібір, қайта айналып соқпайды, өткендер бір сәт оралмайды, өзгесінде өлім тәжірибесі жоқ, қамық, қамықпа, сөз ашық, ойдың салмағы ауыр, тасына күш, жасына шек, өмірде ештеңе өзгермейді, бес күн жалғанда тамұқ бар ма, пейіш жоқ па, бірде, бесқонақта аттанып, құс қанаты жауғанда қайт, қайтпа, бірақ, жер мойны қашық, кең жазира, тың жайлаудан асып, шетсіз қиыр кешіп, шексіз сапар шегіп, ту сыртымнан қараған жұрт жанарында мұң тұнып, сәуле сөніп, қараңғыдан қара ноқатқа айналып, көз ұшында, Құсжолында жоғаламын.

Сонда, іздеме, соңыма ілесіп келме, қайтпағаныма, қалағаныма қабақ шытпа, мен бақытымды таптым, мүмкін, тапқан жоқпын, ештеңе анық емес, адасуым да мүмкін, барар жолды танып, жақсы білгеніме сеніп, қайтар соқпағымды есімде сақтамаппын, бұралаңы көп, бұлағай уақыт, аңғарыма алаңдап, алған бетімнен қайтпай алға ұмтылып келемін, алайда, қараңғылық албастыдай көрініп, қара аспандай төніп, жүрегімде жанған алау от өшіп бара жатқан секілді.

Өрт еді күлге айналды, топырақтан қара жерге, қара жерден қазығына, қазығы – азығына. Кім жазықты, не амал.

Қара көп. Қайғының бояуы. Ақ түс қызылға жақын, қызыл жалын – ғұмырдың таңбасы.

Кейде, қараңғылық қайта айналып қалың қалаға қаптап төніп келе жатқанда, жамбастан құлаған күн табағы қызарып барып қыр басына ілінеді, қызыл іңірлетіп көз байлаған түн алды көңілге қаяу салады, ағаш кереуетте, шаңдып байлап тастағандай, шаңыраққа қадалып құлазып жатамын, терезеден құйылып ымыртта жаңа жанған бағаншамдар сәулесі жан-жаққа шашырайды, жадыма балалық шағым оралады, сосын, тынық бақыт орнына тыныштығымнан айырған шулы шаһарға, талайлы тағдыр жолына тартқан, ауылдан елең-алаң шыққан шағын автобус, қара жол бойына қонған бейкүнә күзгі сары жапырақтар, қара суық, үлкен үміт, қызықты өмірді аңсаған ұлы армандарым есіме түседі.

Бұл – құсаның белгісі. Қолыма кітап аламын, кетпейді, қағаз жазамын, болмайды, бозбала шағымда оқыған, бала кезімнен жақсы көрген, тіпті, қазіргі жасыма дейін сақтап келген кітаптарыма дән ризамын.

Кітап оқып өскеніме қуанамын. Орнымнан тұрып, қараңғыда шайнек іздеп тауып, суға толтырамын, кранды бұрағанда, екпіндеп су ағады.

Үйдің екінші қабаты үнсіз, бір жақта жүрмін бе, әлде, ұйықтап жатырмын ба, түсімде жалғыздық кешемін. Ешкімге көрсетпеймін, ескі фотосуреттерімді алып қарағанда, күліп түскен жүзіме оқыс көзім түскенде, көңілім біртүрлі жабырқайды, сондықтан, артығын, кейін – қолыма түскенін өртейтін болдым, қажет емес, текке мазаны алады, бірақ, өздері бітпейді, әр бұрыштан, қағаздар ішінен, кітаптар арасынан топ-тобымен шыға береді. Кезінде суретке көп түсіппін. Енді өртеп тауыса алмай жатырмын.

Басында қызығып көп жинадым, альбом жасадым, төбесіне аты-жөндерін жазып, астына жылдарын көрсетіп қойдым, әр суреттің өз тарихы бар еді, бұл өзі бөлек өмір, сөреде тұрғанда не сандықта жатқанда, бір-бірімен тілдесетіндей көрінетін.

Қазір ғой, қағаз фотосуреттің құны жоқ, бұрын аса қадірлі болатын, түпкілікті бағасы бір қараға тең альбомдарды да көрдік. Бақытты жылдар екен.

Енді – бәрі виртуалды, цифрлы нұсқада, электрондық күйде. Күллі суретіңіз құйтақандай байланыс құралы ішінде жүреді, қанша жіберсеңіз де саны азаймайды.

Мен екі тілде түс көремін, оянғанда, қай тілде түс көргенімді ұмытып қаламын. Бірақ, қазақша түс көргеннен артық бақыт жоқ. Кейде түсімді қазақшадан орысшаға аударамын, аударып жатып, үшінші бір тілдің дерек-дәйекті, хабар-ошарды, сурет-көріністі қосымша есте сақтап тұрғанын аңғарамын.

Түстің тілі көп тәрізді. Үйренген сайын түсің де көбейеді, бірақ арманың да асады екен, бір қызығы, барлық түсімде уақиға қай жерден басталғанын түсіне алмай қаламын, неге ұмытамын, белгісіз, әлде, алапат жарылыс секілді, түстің ар жағына қарауға қауқарымыз жетпейді, тегі, қорқынышымыз жібермейді, ойлау – химиялық-биологиялық үдеріс, сосын барып ой тілге көшеді, сірә, бүкіл түстің ата-тегі бір, ол – біздің о дүние мен бұ дүниеде іздеген бақытымыз, жаратылыстың бастауы – бақыт, соңы да, біз бір бақыттың соңынан еріп жүріп отырамыз, бақыттың мағынасы – қозғалыс, қозғалыс – уақиға, уақиға – бақыт. Тұйық шеңбер ішіндеміз бе, кім білсін.

Түс биохимиялық процестерден жарала ма, жоқ, тілден туа ма, оны шешу қиын, көру мүмкін емес, ойдың бейнесі заттан емес, күйден құралады, ахуалда өмір сүреді, оймен де бір жаққа аттанып кетуге әбден болады.

В сумерки, как вечерняя тень, наступает какое-то наваждение, пробуждается навязчивое чувство, мысль о конце, и мне становится страшно, через окно просвечивается вялый свет уличных фонарей, я лежу лицом вверх, и смотрю на потолок, и мне, попеременно, вспоминаются детство, отрочество и юность, поздняя осень, забытые листья и непременно проселочные дороги, по которым я уходил в даль, бескрайние степи, пока я не встретил город и рок суьбы вместо тихого обещанного счастья.

Есіңде сақта, құрбым, мейлі, жадыңда тұт, әлде, күнделікті күніңдей ұмыт…

 

06.12.2020

 

 

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here