Дидар АМАНТАЙ

ЕКІ ӘҢГІМЕ

(Марат Әбдіраманханұлы қос шығармасына шағын пікір)

Қараша айының қатқақ қар, шынылтыр аяз күндерінің бірінде, қолыма жас автордың екі әңгімесі тиді. Бірі – “Жалғыздық”, екіншісі – атауы жоқ ықшам дүние екен. Нығыз.

Бізді мазмұн емес, формалық ізденістері қызықтырды. Ішкі монолог тұрғысында жазылған туындылардың ойы да, жасайтын қорытындылары да ерекше.

Ой формасында кейіптеген күңгірт сюжет ақиқаты шығарманың өн бойына жарық сәуле түсіріп тұр: алтыншы сезімі сағыныш па, махаббат па, жалғыздық па, әйтеуір азапқа салады, жан қинайды.

“Әлгінде ғана жұтқыр әйнектің көз нұрын сорғылап жатқанын шыбын шаққандай көрмеп еді. Енді міне, одан ажыраған сайын жүйке талшықтары жалмауыздың өрмегіндей шатаса бастады”.

“Алтыншы сезімі мұның дәл өзі екеніне еш зорлықсыз сендіре түсті. Иә, осы, нақ өзі. Сандаған жылдар бойы сарыла тосқаны. Бар әлемді қиялымен шарласа да, таппағаны”.

“Mенің шынайы бейнемді көріп, шошып кетпедіңіз бе? Белгісіз бейне аядай бөлмені аялай қарады”. “Не болса да, қалай болса да, өлгенге дейін өмір сүру керек, бәрібір”. “Уақыт тек өтеді. Біз уақытты өлтіріп жатқанда, уақыт бізді өлтіріп жатады”.

Бірақ, автор жап-жақсы модерндік формасын дәстүрлі түсінік аясында, ескі үлгімен аяқтапты: “Таң қылаң беріпті”…

Меніңше, күрмеуі де тосын болуы тиіс-ті. Мысалы, сол күні таң атқан жоқ немесе үш тәулік бойы ұйықтаған жұрт төртінші күні оянғанда, ұзақ ұйықтағанын білген жоқ, тек бір бозбала ғана есік алдында жұмыс істеп жүрді.

Екінші әңгіме, тіпті, қысқа. Менің бір формулам бар – үш бетке сыймаған әңгіменің бір жері өтірік.

“Жансыз сурет. Тұман жалмаған орманның өлі тыныштығын көкке үдере көтерілген қарғалар бұзғандай. Сәл назарын төмен құлдилата бергені сол еді, жанарына мыжырайған ескі қоныс ілінді. Шатырын сабанмен жапқан қоныстың терезесінен шикіл жарық сығырая қарайды. Беріректе жіптей созылған өзеннің тар арнасын қос қу бауырымен сызғылай қалқып барады”.

“Ол бұлдыр терезеден тұнық әлемге көз тастады”…

Асқан шеберлікпен тоқыған, өрнек салған кестесі соңына қарай тарқатылып кетеді, автор үйреншікті, таптаурын сөзге бой алдырады, жақсы фабула сюжетке айналып келе жатқанда ешқандай мін жоққа тән еді, прологтан эпилогқа тартылған жолдың қай жерінде іліп алды екен:

…”Сарғыш Ай, сені жек көрген сәттен бастап, ұнатып қалыппын. Сені неге жек көргенімді енді түсінгендеймін. Неге екен”?

Қорыта келгенде, біз үміт артқан жас прозашы келешекте көркем мәтінде қимыл-қозғалыс, іс-әрекеттің де көп, басым болуын ескеруі қажет, деп таптық.

21.11.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here