Дидар АМАНТАЙ

РӨЛДЕГІ ӘЙЕЛ

Әңгіме

 

Жеңіл көлік көпірден өтіп, оңға бұрыла бергенде, қарсы алдынан жүк машинасы шықты.

Шағын автомобиль қапталға тақап, қашып үлгерді, айна аман қалды, бірақ, соққыдан құтыла алмады, алға ұмтылғанда, шытынап сынғаны көзге түсті. Қай жері іліп кетті деп ойлады. Оңбаған.

Ол теріс айналды. Газды асыға басып, жылдам кері жүрді. Жол үстінде зымырап келеді. Жүк машинасы қарамайды, жайбарақат теңселіп алыстап барады. Кенет бағдаршам жанып, тасқын тына қалды, әйел бер жақта, ауыр көлік ар жақта – ақырын қыбырлап, ұзай түседі.

  • Фотосурет!
  • Телефонға ма?
  • Иә.
  • Қазір.
  • Номерін басып алыңдар.

Екі мектеп жасындағы қыз бала тырсылдатып түсіре бастады. Жасыл түс жанған заматта, қозғалысқа дайын жеңіл көлік асау бәйге атындай ілгері жұлқынды. Бір сәт жылдамдығын күшейтіп, еріп, таусылып бара жатқан сулы қарды жан-жағына саз-балшықтай лақтырып, жағалай шашып, жүк машинасымен қатарласа кетті, еш қиындықсыз, оп-оңай басып озып, алдына шығып алды да, тежеуішін қосты. Соңындағылар қалт тоқтады. Әйел сыртқа шығып, көлікте отырған үш жігітке ақырды.

  • Сендер айнамды сындырдыңдар! – деді, – құнын төлейсіңдер!
  • Әй, мынау апаттан ақша жасап жүрген қатынға ұқсайды.
  • Ұзын тұра, аузыңа қарап сөйле, алаяқты тапқан екенсің.
  • Рас, елдің пейілі бұзылған!

Күн қақап тұр. Қыстың басы – құрғақ аяз. Шынылтыр. Қол-аяқты үсітіп әкетіп барады. Қараша бітпей, желтоқсан жетпей, осындай қара суық. Кеше жауған қардың ізі де жоқ. Мұздақ жатыр, қабыршықтанып, қатып…

  • Тапал қара, сен пассажирсің, рөлге жүргізуші жауап береді.
  • Інім.
  • Біз – біргеміз.
  • Қап, тапаншамды алып шыққанда, табан астында атып тастап, тасқа бастырып кетер едім.
  • Қару-жарақ ұстайсыз ба?
  • Егер үйде болғанда…
  • Бәсе.
  • Тапсырыс беріп қойдым, рұқсатымен қоса аламын.
  • Сосын, шетімізден қырасыз ба?
  • Сөйтемін.
  • Қатыгез екенсіз.
  • Жылап тұратын жағдай жоқ.
  • Сізге шындықты айтайын.
  • Нені?
  • Бұрын бүлінген дүние, беті ғана быт-шыт, біз соқсақ, құлағын айнасымен қоса жұлып түсер едік, байқадыңыз ба, артында еш зақым жоқ, соққы тиді деген жорамалдаған тұсқа назар ауарыңыз, бүтін.
  • Тап-таза.
  • Ал, қай жері майысты?
  • Егер құнын төлемесеңдер, жол полициясын шақырамын.
  • Кімді қорқытасыз, шақырыңыз.
  • Жала жапқандарың үшін де жауап бересіңдер.

Әйел жол полициясына қоңырау шалды. Сосын, жүк машинасы номерін хабарлады.

  • Енді апат орнына бармасаңдар, тағы бір қылмыс қосылады.
  • Көбейте бер.
  • Жігіттер, не салғыласып тұрмыз, әйелді тыңдайтын заман емес, қайта жайғасыңдар, жолдан қалмайық, жұмыс көп.
  • Өздерің біліңдер.

Әйел айнасын соққан бұрылысқа келді. Қараса, аналар да соңынан жаяу шұбырып келеді.

  • Құнын қайтарыңдар, мен де тоқтаймын.
  • Жоқ.

Кенет жол полициясы көлігі көрінді. Әйелдің күдігі көбейді, ер адам қашанда ер адамды жақтайды. Дауласушылар қоршап алды. Полиция көліктен шығып, жан-жағын шолды.

  • Көліктерің қайда?
  • Ана жақта.
  • Апат орнына әкеліңдер, қазір жанжал неден туды, кім қатысты, қай уақытта, бәрін түгел тізімдеп, бас-аяғын айқындап, болған оқиғаны қалпына келтіреміз, кімдікі – бұрыс, кімдікі –дұрыс, ашамыз, сырын.

Екеуі машинаға кетті. Ол қатып қалды. Қара суық, аяз емес, өңмеңіңнен өтетін, бойыңды алатын қара суық. Тез қайтып келді. Қара суық.

  • Сіз сөйлеңіз, – деді әйелге қарап.
  • Өз жолынан ауытқып, қарсы жолға шығып алыпты, тура маған келе жатыр.
  • Өтірік.
  • Әуелі, екі жақты да тыңдап алайық.
  • Сосын, дәл тұмсықтан соға ма деп, рөлді жалма-жан оңға бұрдым, соның арқасында айнаны аман алып шықтым, алайда, оза бергенімде, құйрық жақтан бірдеңе тарс ете қалды.
  • Не тиелген өзі?
  • Үй құрылысына қажетті ағаштар.
  • Бөрене, діңгектерді көріп тұрмын, сырғауылдар бар екен, есік-терезе жақтаулары.
  • Иә.
  • Борттың жарма есігі жабылмаған ба?
  • Жоқ.
  • Не жоқ.
  • Жаппадық.
  • Түсінікті.
  • Сенің ойың?
  • Мен бағдаршамнан өткенім сол еді, мына тәте алдыма шығып алды, бізге бейпіл сөзді боратып тұр.
  • Неге?
  • Өзінен-өзі.
  • Сонда?
  • Танымаймыз, білмейміз, көрген адамымыз емес.
  • Сен айнамды қағып кеткеніңді де білмейсің бе?
  • Иә.
  • Өзің қайдан шыққан шопырсың, көлігіңе ие бола алмай жүрсің.
  • Енді менің қорытындыма құлақ асыңдар. Жүргізуші бауырым, айып сенен, оны түсінесің бе?
  • Қалай?

Оның көзі жыпылықтап кетті. Полицияға бір, ағасына бір қарады. Ешқай жақтан көмек жоқ. Қалай енді, ол мойындаса бір сәрі, мына әйелді танымайды, қираған айнада соғып қалдырған ізі көрінбейді, ертеде өзі сындырған болуы мүмкін. Бұл жерде барлық вариантты қарастыру керек. Өзіне үлкен қиянат жасалып жатқандай сезінді. Бірақ, үндемеді. Рас, анық әділетсіздік. Көзі жасаурап әйелге мойын бұрды, жасық көзқарасы, егіліп, іштей жылаған жай-күйі, ескі көлікпен жалданып бала-шағасын, ата-анасын асырап-сақтаған, қара жұмыс, ауыр еңбектен нәпақасын айырған қиын жағдайы бұл не озбырлық деп әлемге шағым айтып тұрғандай. Тозығы жеткен жаман жүк машинасымен жан бағып, қоңыр төбел тіршілігіне, күнделікті ас-суына ақша тауып, үйін, отбасын жалғыз өзі күтіп, тағдыр тауқыметін тартып жүрген жас шопырды әйел аяп кетті. Бірақ, заң қатал, шындық – мейірімсіз.

  • Қазір мен протокол толтырып, істі сотқа жіберсем, ертең экспертиза

айнаны шағуға қандай күш жұмсалғанын, көлемін, соққы қай тұстан тигенін, түгел-түгел тексеріп-зерттейтін болса, бәрібір, айыптыны тауып алады, сотта білгір мамандар отыр. Шын, талайды көрген, қаншама қулық-сұмдықты бастан кешкен әккі, тәжірибелі адамдар.

  • Мен істің сотқа кеткенін қалаймын, ар-намысымды аяққа таптата алмаймын.
  • Егер іс сотта қаралатын болса, онда, кемінде, төрт бап бойынша азаматтық-қылмыстық іс қозғалады.
  • Қандай?
  • Апат орнын тастап кеткенің үшін, ережені бұзып, басқаның көлігін зақымдағаның үшін, кісілік шығынды қос, оған қылмысыңды біле тұра мойындамағаныңды еселе…
  • Апай, кешіріңіз, ағай…
  • Өздеріңіз шешіңіздер, осы жерде келісесіздер ме, әлде сотқа барасыздар ма.
  • Бағасы қанша?
  • Базарда ұсталған айнаның өзі жиырма бес мың теңге.
  • Көп қой.
  • Өз айнасы, ештеңе қосып отырған жоқпын.
  • Міне.
  • Осымен тәмам.
  • Сонда, қай жері іліп кетті?
  • Есігі. Үлкен айнасымен соға алмаса да, соңындағы жарма есігінің бірі әрі-бері шайқалып, ілгерілі-кейінді желпініп келе жатып, айна жүзін, аса қатты да емес, жайлап қағып жіберді. Өте шықты. Жұлып түспесе де, жұлқынған есік шыныны шақты.
  • Рас-ау.
  • “Хлопнул дверью”.
  • Міне, маман.
  • Келістіңіздер ме?
  • Иә.
  • Сізге көп рақмет, – деді әйел, – әділ екенсіз, шыншыл азаматтар бар әлі деуші еді жолдасым, растығына көзім жетті.

Жол полициясы күлді.

  • Күдер үзбеңіз. Бармыз.

Үш түрлі көлік үш жаққа тарады. Үшеуінің жылдамдығы да үш түрлі. Жүк машинасы салғырт – жүрісі баяу, полиция абайлап жылжып, жан-жағын жіті шолып, мұқият қарап, көше бойына көз тастап қояды. Әйелдің жылдамдығы қатты, шырқаған әні салонды жаңғыртып келеді, бәрі тәртіп бойынша.

 

18.11.2020

 

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here