Дидар Амантай

БІР КҮНІ СОҒЫСТА

Әңгіме

 Ол шепте жатыр. Терең қазылған ор пана емес, аспанда қалықтаған ажал төбесінен шүйлігеді. Тінтеді. Тірілерін іздеп, қыбырлаған жан иесін аңдып, төніп жүр. Бәрі өлген – дүниежүзілік майданда қырылған, жалғыз өзі төңкеріліп, төңірегіне үнсіз қарайды. Көз қиығымен көре алмайды, басы қозғалса,  атқылайтыны сөзсіз, сондықтан – қимылсыз. Жанары жеткенше шолады, бірақ іргені қиықтан аңғару қиын.

Жаңбыр жауғанда, өліктер төмен сырғып, окоп ішіне құлай бастады. Дыбысы шықпайды, ақырын сырғанайды. Сусып келеді де, аударылып кетеді. Жел тұрса, аумақты қан иісі жайлап, тынысын бітейді. Оны да аунатып әкетті. Ол жиегіне жетпей, көлденең жатқан шерік досына тіреліп қалды. Темекі сұрап еді. Қапелімде, атыс килігіп кетті. Соңы аласапыранға ұласты.

Енді керегі жоқ. Денсаулығына зиян. Бірақ, темекінің ащы түтіні мұрнын жарып барады. Қайдан… жақын маңда тірі жан жоқ. Өлі мекен. Қанша жатқаны беймәлім.

Қызыл іңір. Күн табағы қыр басына ілініп, кеш батты. Қасиетті жер қызылға боялды. Топырақ бетіне түскен сәуле қан кешті. Бел ортадан.

Түнде, тіпті, қиын. Қараңғыда жақсы көреді. Сергек. Төмендесе, көзге түседі. Жорғаласа, жон арқасынан тиеді. Шашылған өліктер қажет емес, оның тірі жатқанын білетін сияқты. Кетпейді. Шыр айналып оны жібермей қояды. Байлап тастады. Мүрдені жаралымен шатастырмайды. Бомбалар көп жарақаттайды. Ғаріп-қасер, мүгедектер азап кешіп жатады. Ыңырсиды, ауырсынады, тістенеді. Бұл бағытта соғыс аяқталды. Бейбітшілік орнады. Бірақ, үйге қайтатын ешкім жоқ. Табыттар жөнелтіледі. Қисапсыз көп жүк көліктері қаралы көш түзеп жолға шығады. Желкілдетіп жеңіс туын ұстап келе ме, әлде жеңіліс белгісі, қара жалаулар желбіретіп бара ма… жоқ, шағын-шағын жедел жәрдем автобустары. Көрген, байқаған. Ішінде орнатып қойған тоңазытқыштары бар. Қалаға кіргенде, иіс шықпасын деп жасаған амалы.

Ажалдың қолы ұзын. Тіміскілейді. Талпынса да, таба алмай жүр. Жақсы жасырынған. Бірақ, қоймайды, мойымайды. Шегінер емес. Ол әлі қай аяғынан айрылғанын білмейді. Қан тоқтады ма, жоқ па, бейхабар. Жарылыстан соң, жаралы жатыр. Бұрқ ете қалды. Көзді ашып-жұмғанша. Енді ол ажалдың жылдамдығын біледі. Көзді ашып-жұмғанша. Әлсірегеніңді алыстан ұғып, қасыңа баса-көктеп тез жетіп келеді. Өлетін шығар, осы жерде, майдан даласында, белгісіз солдаттың бірі болып, таң атқанша, таң атқан соң, оны тапқанша, тапқан соң, жүзін көргенше, ол өзгереді, адам танымастай, мүмкін, елде, зиратта, қабірде жатқан шығар, сүйегі басқа, атағы – өзі. Төбесінен үйіріліп, аспанда тағы бір ажал төніп тұр. Ұзақ қарайды. Тесіліп, қадалып.

Ол қозғалмайды. Қозғалса – өледі. Шабуылға қаптап шыққаны есінде. Бәрі дүркіреп тік көтерілді. Күрт. Бүкіл қару-жарағын көтеріп келе жатып, құлаймын деп ойлады. Жан-жағы түгел жарылыс. Қарсы жақтың оғы бар, өзі жоқ. Кіммен соғысып жүргені белгісіз. Шаң-топырақ тұс-тұстан қопарылады. Адам баласы қызық, түрлі кітапты оқып алып, топқа бөлінеді, сосын, бір-бірімен алысады. Жақтағаны – жақсы, жақтамағаны – жаман. Жазбаның мазмұны анық. Не үшін соғысады. Түсінікті. Алдағы шепке жеткенше тегіс қырылды.

Ту сыртынан толқын ұрғанда, ол тақап қалған орға құлады. Қарға адым жер қарғып. Кенет дүние өзгеріп кетті. Ештеңе естілмейді. Түк көрінбейді. Ордан шығып кетуге талпынды. Снарядтар көбіне окопқа түседі.

Балалық шағы есіне түсті. Өмірдің көп кезі. Үйде, көшеде, шаһарда, түзде, жолда, көлікте, барлық жерде – өмір. Қайнап жатқан, қызып жатқан, жанып жатқан еңбек.

Рас, өлім бар деп ойламаған кез. Өткенде болған, ілгеріде жоқ. Қала аулалары толы өмір еді. Әр тілде сөйлейтін өмір.

Өмір болған соң, қай тілде сөйлесе де, бәрібір. Өмірге деген құштарлық өлімнен үлкен.

Өл дегенге өле бере ме. Өмірдің ең ұзын оқиғасы – өлім. Ол да қарайды. Көк аспанға көз тігіп, ойға шомған Андрей Болконский тәрізді. Майдан даласында ұзақ жатып қалды.

Түн суық. Таң атқанда өлетін шығар. Қара құзғындар өлімін күтіп шулап жүрген сияқты.

Бақытты. Жарықты көрді, өмірдің не екенін түсінді. Күн нұрын, жан шапағатын, әулет қуанышын кешті. Өкінбейді. Мүмкін, өкінеді. Жалғыз аяқ жарты өмір… бүтін өлім жақсы. Елге оралып, мүгедек атанғанша, соғыста қаза тапқан қаһарман болғаны лайық.

Ойынан шатасты. Біресе өлгісі келеді, біресе, өмір сүргісі келеді. Енді бозбалалық шағын ойлай бастады. Мектебі есіне түсті. Оның орны терезе жақта болды. Он жыл бойы көршісіне ғашық боп өтті. Ешкімге қаратпады, ұялып өзі де қараған жоқ. Күзет мықты. Бірақ, оқу бітірген соң, басқаға тұрмысқа шығып кетті. Тойына барған жоқ. Барған жұрт дастарқанын айтып таңдай қақты. Ас та төк.

Ол бір күн соғысты. Бір күн де емес, таңертең келді, түсте сайланды, сосын, қаптап ұшып келе бастады. Бір шетінен екінші шетіне жеткізбей құлатамыз деп қаруларын көкке көтере бергенде, кеуделеріне темір оқтар кірш-кірш қадалды. Шабуылға шыққандары да болды. Ертең өлігін окоптан емес, шабуылдап келе жатқан жерінен тапсын деп ұйғарды.

Уралап алға түскені сол еді, бекініске жетер-жетпес етпетінен жығылды. Окопқа жармасып жоғары көтерілді. Сырт әлдеқайда қауіпті екен. Жатты да қойды. Өкшесін қабырға іргесіне тіреймін дегенде, жаңа байқады, оның бір аяғы жоқ. Соққы желкеден тиген жұдырықтай ту сыртынан келді. Масқара! Оның бір аяғы жоқ. Адамды дәу-дәу снарядпен атқылау деген не сұмдық. Бірақ, адам соғысқа адам өлтіруге келеді. Ойнауға, ойлауға емес. Солдатқа ойлануға болмайды, өлуге болады.

Ол өлетін сәтін ойлады. Жайрап жатады. Екі-үш күн. Әлде, бес-алты тәулік. Әрине, әуелі келіседі, апталап, айлап келіссөздер жүргізіледі, құжаттарға қол қойылады, мөрмен бекітіледі, оның мүрдесі айдалада мезгілін күтіп ұзақ жатады.

Өлімде мағына жоқ.

Өлген адам енді бізге жоқ, бәлкім, ол бақыт құшағына бөленіп, о дүниеде пейішті аралап, қыдырып жүрген шығар. Әлде, одан басқа дүниеге аттанып кетті ме, кім білсін. Өмір сүрмеген организм тасқа айналады, не тастағы суретке, өлім дайын кезде, жан іздеп сергелдеңге түсудің қажеті бар ма.

Шаруаң бітсе, қайтқан жөн, бәрібір, басқа шаруа табылмайды. Әркімнің өз шаруасы бар, басы артық шаруа ешкімде жоқ.

Бойын әлсіздік биледі. Ұйқысы келді. Ол ұйықтап кетті. Бір сәт тыныштала қалған қыр етегінде ол шолақ аяғын құшақтап өліп жатты.

 

15.11.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here