Дидар АМАНТАЙ

ЖАҚСЫ ӘҢГІМЕЛЕР

(Абылайхан Қуанышевтің шағын екі шығармасы жөнінде)

1.

Кеше жарықты басып озған жүйрік бөлшектер бүгіндері қара үзіп кетті. Қолға түскенше еркін жүреді. Таным тереңдеген сайын танық көбейетін заман туды. Білген межеміз білмегеніміздің көлемін білдіреді. Шексіз…

Ізденіс – түпсіз. Кемеліме келдім деген келесі күні тоқырауға ұшырайды. Тіршіліктің аялдамасы бар ма, аялдамалар артта қалып жатады.

Ілгері жүру керек. Үнемі. Талант еңбек жолында, еңбектенбесең талантқа жолыға алмайсың.

Өмірде жоқ пафос өнерге қайдан келеді: дәл айтасыз – адамдар енгізеді. Әйтпесе, ғылымда, тіпті, тұрмыста пафос жоқ.

Белгілі жайт, пафос із кеспейді, жол бастамайды, ол адасады, табиғаты – адасқақ. Сөздегі, сөйлемдегі ұстамдылық сабырға ұласады, сабырлы бола білген шексіз рақат күй кешеді, күйгелектің көз алдында дүние тербеліп тұрады, сондықтан, бейтарап қаламның сөзі орнықты, сөйлемі – тың, суреті – анық.

Пафос – өнердің дерті, атмосфераны бұзып, жалған ситуация қалыптастырады, фальш туғызады. Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді. Бүкіл атфмосфераны бұзу үшін бір фальше те жетеді. Себебі, атмосфераны түзуге уақиғаның күллі персонажы мен деталі қатысады. Қай жерден тесілсе, сол жерден сөгіледі.

2.

Мен жақсы жазушымен таныстым. Ұстамды, сабырлы, ойлы. Қаламынан метафора ұшқындайды:

“Буылтық-буылтық бұлттардың қазасын көріп, қызыл іңірді ырымдап отырған сәт еді” (“Құм құшағындағы қарғыс”).

“Тамшы түспегеніне көп болған тарамыс топырақ” (“Құм құшағындағы қарғыс”).

“Өткенді мен айтам” (“Құм құшағындағы қарғыс”).

“Жалпы, мен Құдай мен сенімнің арасын 45 градус деп есептеймін. Себебі, 45 градустағы әлемнің ең ұлы бұрыштары синус пен косинус мәндерінің қатынасы тура 1-ге тең. Ал, мен Құдай мен Сенімнің бір ұғым екеніне ешқашан шүбә келтірмегем. Мен Құдайды көрмесем де сенем” (“Құм құшағындағы қарғыс”).

Немесе, “кейіпкерлерінің бәрін аяусыз қырған, ажалға құштар Харуки Мукарами” (“Шекспир”),

“Жаратқан жаратқандарын жалғыздықпен жазалаушы ма еді?” (“Шекспир”),

бақыттан жалыққан көңілдің қайғыдан жалықпайтыны несі екен? (“Шекспир”),

“Ал, өмір өзгермейді, өмір аяқталады” (“Шекспир”).

3.

Енді талап-тілектерге кезек берейік. Әуелі, шығармаларды нығыздау қажет секілді. Сана ағысы не болмаса ішкі монолог әрі түсінікті, әрі түсініксіз дәрежеге жетуі тиіс. Анық іс-әрекеті артынан бұлыңғыр ой немесе күңгірт сюжет бой бергені дұрыс.

Қысқартудан шаршамаған жөн. Шығарма қысқарған сайын қызықты бола түседі.

Кей жерінен пафостың ұшығын көрдім. Тазалау керек.

Туынды атауы шығарма мазмұнын қайталап тұруы міндетті емес. Сосын,  біржақты түсінілетін атау – кітапты таяз етеді. Құрылым күрделі, мән-мағынасы сан қилы болса, тіпті, тамаша.

Шығатын қорытынды – үштаған: сөз нақты, әрекет анық, сөйлем ықшам.

Абылайхан! Болашағың үлкен, қаламың қарымды – іздене түс. Түбінде сенен жақсы жазушы шығатынына сенімдімін.

 

Дидар АМАНТАЙ, 14.11.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here