Дидар АМАНТАЙ

ПҰТ-КІТАП

Повесть/Хикаят

“Тегі, әлемде кеңістік көп. Ғарыштардың да саны қисапсыз көрінеді. Дәлірек, шексіз. Демек, ғұмырдың да, уақиғалардың да, кісінің де басқа түрі, өзге нұсқалары жетіп артылады. Есепке бағынбайтын, қаптаған үлгілердің ішінде, түптің түбінде, біреуі бізді, біздің өмірімізді қайталайды екен. Ептеп ұқсайтындары да бар, аумайтыны да жоқ емес.

Біз – қайталанамыз. Түрленеміз. Бірақ, туысты-ғымызды жоғалтпаймыз. Кез келген хикаят кемінде егіз, жалғыз емес. Ол жұптасып жүреді. Әр ойдың сыңары бар. Пенденің іс-әрекетінде алғашқы жоқ. Бәрі еске түсіру ғана. Қосарланады. Ақиқаттың түбіне жетпейсің.

Қайсысы бірінші – таппайсың. Түпнұсқадан айрыл-дық. Негізі, айрылған жоқпыз, түсінігіміз өзгерді. Немесе, бұрын соқыр едік, енді – көрдік”.

Осы жерден қолжазба үзіледі. Үш-төрт беттен соң, қайта жалғасады. Бұл жолы – үлгілі үзіктер:

 

“Боги назначили эту судьбу им и выпряли гибель

Людям, чтоб песнями стали они и

для дальних потомков

“Одиссея” поэмасы, сегізінші жыр

Мир существует, чтобы войти в книгу

Стефан Малларме

Когда Амвросий читал, он пробегал глазами по страницам, проникая в их душу, делая это в уме, не произнося ни слова и не шевеля губами. Много раз — ибо он никому не запрещал входить и не было обыкновения предупреждать его о чьем-то приходе — мы видели, как он читает молча, всегда только молча, и, немного постояв, мы уходили, полагая, что в этот краткий промежуток времени, когда он, освободившись от суматохи чужих дел, мог перевести дух, он не хочет, чтобы его отвлекали, и, возможно, опасается, что кто-нибудь, слушая его и заметив трудности в тексте, попросит объяснить темное место или вздумает с ним спорить, и тогда он не успеет прочитать столько томов, сколько хочет. Я полагаю, он читал таким образом, чтобы беречь голос, который у него часто пропадал.

Во всяком случае, каково бы ни было намерение подобного человека, оно, без сомненья, было благим

Қасиетті Августин, “Мінәжат”

Согласно Малларме, мир существует ради книги; согласно Блуа, мы — строки, или слова, или буквы магической книги, и эта вечно пишущаяся книга — единственное, что есть в мире, вернее, она и есть мир.

Хорхе Луис Борхес

“Кітап даңқы туралы”, 1952

 

Мәтіннен тыс ештеңе жоқ

Жак Деррида

 

Әдебиет дегеніміз әріп таңбасы

Әлмира Наурызбаева”

Жанры белгіленбеген хикаят, жиырма бөліктен тұратын жұмбақ қолжазба менің кітапханама қайдан келгені белгісіз. Тасада көп жатып қалыпты. Бүлінген. Кей тұстары іріген. Бір-екі сөйлемі оқылмайды. Бүктелген жерінен қырқылып, екіге қақ бөлінген. Соңғы бетінде автордың аты-жөні толық көрсетілген екен, бірақ, ол да жартылай өшкен, басы қайсы, соңы қайсы беймәлім, ұзын фамилия үзік-үзік, кроссворд сияқты, шешімі, жауабы қиын.

Бір дана ғана. Мәшіңкемен терген, демек, көшірмесі жоқ. Бар болса, әрі кетсе – екеу. Демек, жалпы саны – үшеу. Маған қайдан келуі мүмкін. Біреуден ауысып… Ойланып көрдім. Ақыры – таптым. Бірақ, асығыстық жасаппын. Қазір ешкімде мәшіңке жоқ. Бұл, сонда, қай жерде басылған. Ең қызығы, қай жылы.

Оқуға – жеңіл. Тілі – жатық. Құнарлы. Сәрі, кәсіби жазушы болса керек. Жанрды меңгерген. Бірақ, мұраты – күңгірт. Не үшін мұндай шығарма жазды, түсініксіз. Ертегі сияқты. Алайда, жазғаны ертегі жан-рына жатпайды. Бұрын-соңды кездестірмеген, көр-
меген нәрсе.

Әдеби дүние ме, тарихи жәдігер ме, белгісіз. Ойдан шығарылған ба, қолдан жасалған ба, әлде қосарланған шежіре ме, тағы да дөп басып айту қиын.

Демек, авторы жоқ. Иесіз. Халықтыкі. Елдің қағазға түскен, тасқа басылған тағдырына деген жаңаша көзқарас немесе ескіше баяны. Біз хикаят деп атадық. Біреудің еңбегіне ат қойдық. Бірақ, біреудікінің бәрі – елдікі.

Оқуға тұрарлық дүние. Пайдасыз. Көркемдік құн-дылығы, әдеби маңыздылығынан гөрі дүниетанымдық мәні әлдеқайда зор.

Ғалам пішіні өзгеше көрінеді. Біртүрлі. Кеңістік пен уақыт формасын тапқан. Бейсауат емес. Ортақ тәртіпке, жалпылама заңға бағынған. Бірақ, қайталап айтайық, мақсаты – бұлдыр. Оқымаса да болады. Себебі, оқығаннан ештеңе өзгермейді. Пайдасыз нәрсе керексіз қалады. Бір шетте, түкпірде не қалтарыста. Кім біледі, бұл шығарма бірте-бірте ештеңеге жарамай, мәңгілік жадтан өшіп, жоғалып тынады. Ұмытылады. Бірақ, менің кітапханамдағы кітаптар айналып отырады. Бір жылда – бір рет. Ғарыштың өзі сияқты.

Десек те, алапат ғарыш – күмәнді, дүдәмал, сенімсіз. Бүгін қалқиып көз алдында тұрады, ертең жойылады. Ұшты-күйлі. Жым-жылас немесе зым-зия. Сосын – қайыра қалыптасады, дамиды, өседі, шырқау шегіне жееді. Бір-бірін өкшелеген, қуалаған, шеңберіне қамаған дүние.

Космос жұтып қоя ма, Жер сақтай ма, әйтеуір, бәрібір, мәңгілік ештеңе жоқ. Бәрі – бақилық. Тек сөз ғана… тиянақты. Қайта айналып келіп отырады. Сөздің жадында бәрі жазулы:

  1. Үңгір

Бұл кітаптың қай жылдары жаманқара дүзен жерінде қара көрсеткені беймәлім, бірақ, құдайсыз қалған мұңлы жұрт, кенет пейіл танытып, жаппай табына бастағанына көп ғасырдың жүзі болды.

Кітапты таңертеңгілік мезгіл ауыл сыртындағы қос ауыз шатқал, тар үңгір ішінен ойын балалары тауып алды, оң жақ кіреберістің құм-топырақ құйылған, шаң-тозаң басқан көмескі жолын мұқият аршып, кең босаға, ұзын дәлізге түскен топ бала қайран қалды, еңселі қара қақпаның жырық аузы жақпар-жақпар, жалпақ-жалпақ, ірі-ірі сандық тастармен нығыз толтырылып, қаланып тасталған екен, бейне бір сырт көзден қазына-байлық, қалың дәулет, құпия көмбе жасырғандай, ұрыны адастырмақ ниетпен, бірнеше жол бұралаңдап жалған есіктерге бастап алып барады да, алға, сыртқа жетелеп, тау асырып жібереді, ол басқа үңгірлерге жалғасады, көп қалталы бұл үңгірлердің қым-қуыт соқпақтарынан, тарам-тарам шытырман қалтарыс-бұлтарыстарынан қос қарауытқандай көрінеді, кірген адамның зәресі ұшады, жол іздеген, ұзақ қараған елге бір-біріне іргелес жатқан қатар-қатар қара түнек қуыстар біраздан соң, өзі қадала қарай бастайды, сөйтіп, кісінің есін шығарады, қарақшының өзін бағытынан жаңылдырып, шарасыз, екіұдай күйге түсіреді, бойын қорқыныш билеп, көңілін үрей жайлайды, бар ұядан жын-шайтандар елестеп, албастылар шулап тұрады.

Жұрттың шығар жақтан адасатын жөні бар, бір-біріне ұқсас ойық, терең сай, ұзын жыра, бірдей бұрыштың бәрі, жықпыл-жықпыл жынысты жер тәрізді, қара көлеңке тасада жатқандықтан, үстіне тікелей күн түспейді, демек, әккі ұры-қары қайтар жолын таба алмай, сенделіп, мәңгіге қамалады. Оңай олжа іздеген, біреудің несібесін, меншігін пайда көрген сартоқым ұры, саржағал қарақшының жазасы осы.

Саңылау-тесігі бітелген бірінші үңгір іші әрі қарай – көз байлаған қараңғы, жүрген сайын соқпағы тарылып, қос қапталдың басы қосылып, бірігіп, қысыла түсесің, ең ақырында адам қолы ғана сыятын жер қалады, білегіңе дейін сұғып жіберсең, саусақтарың қабырғасына тіреледі, төмен кетсең, сипалап жүріп бұлақ көзіңе шомыласың, қайнардың топырағы астында, қопарсаң, терімен тыстап, аузын тиянақтап тігіп тастаған осы бір жұмбақ кітап күміс жазуы, жиек алтыны жылтырап, су түбінде ағарып, тұнып жатады.

  1. Күміс шежіре

 

Әуелі, жұрт қолында – елеусіз, ел ішінде атаусыз жүрді, кейін, шер кітабы аталды, бір замандары әулие кітап деген атаққа ие болды, қазір Күміс шежіре деп айтылатын көрінеді.

Кітап түсініксіз қаріпте жазылған, жаманқара елі құлыптаулы сөздің белгісін танып, кілтін тапқан күннің өзінде ойы күңгірт болса, қайтеміз десті, алайда жұрт пейілі адал, анық, түзу, таңбалар жазбада емес, адам санасында тұр. Белгі ұйқыдан оятады, түйсік түбінде жатқан терең астарын үстіне қопарады, бетін табанына аунатып, оқылымы күрделі, бөгде жазуды сана, ақыл-ес жетегіне байлайды. Тегінде, жүзтаныс, жұмбағы – бөтен. Бірақ, оқымыстылар баспалдақтап, саты сайын төмендеп, тереңдеп, тоқтамай оқып, құнды ой, қуатты сөзден толқып, теңселіп, тебіреніп, бірте-бірте түп негізі, мәніне жақындап, ақыры танымы қабат-қабат мазмұнды ұғып, жұмбақты біртіндеп, бір-бірлеп шешіп, тұңғиықтан мәтін құрып, көтеріліп келе жатқандай.

Мәтін – түсінік, хат, қаптаған белгілер, мағынасын – жазба мұратынан танимыз.

Ел билеушілері қасына жүз қаралы шерік, бірнеше жасақ, бірталай батыр сарбаздарын ертіп, жер шетін көріп, шекара белгілеп қайтуға асулар асып, қиырға барғанда, өздерімен бірге осы кітапты ұзақ сапарға ала шыққан дейді. Елден алыстап, жер мойны қашық шөл далаға жеткенде, қарпін танып, мәтін оқитын сауат ашқан біреуі жоқ, кітапты орталарына алып, әркім өз дұғасында ақырын күбірлеп, көз жұмып, ұйып отырыпты, жиынды отпен қоршап, жалын ішінде өртеніп, алаулап жанып жатқандай күй кешіпті. Әредік, бейнелері бұлдырап кетеді екен. Бұл анталап, ентелеп шеңберді бұзып, кіруді ойлаған албастылар дейді.

Ғұмыр, жаманқаралар ұғым-түсінігінде, өзегін өз жалыны пышақтай тілгілеген от. Өмір – өзін-өзі өлтіру. От өртеніп өмір сүреді. Жанғанда – тірі, жанып біткенде – өлі. Тегі, өлім жану мен өшу арасында, қоламтаны қуалай жүріп, от артынан еріп бара жатады. Өлім, сөйтіп, өмір бойы тіршілік соңында. Күл – қаза.

  1. Жер шеті

 

Асан, Үсен, Тақабай, Жарас, Өтеп еліне ағайынды Дүзен жұрты жер шеті деп Қарқаралының шет аймақтарын түсінетін еді. Әлем Қарқаралы тау-қыраттары кейпінде елестейтін. Сондықтан, жаманқара халқы өздерін ғарышты билеген естияр кіндік жұрт есептейтін.

Дүзен – жаманқара баласы. Бәрі бір атаға туысады. Кейде қатар-қатар қонған керегелі жұрт, киіз туырлықты елді қаралар деп те атайды.

Көшпелілер Жер бетін біртұтас әлем деп түсінеді. Бүкіл адам перзентін бауыр көреді, себебі Отаны – бір, жайлаған жері ортақ, мекендеген тау-тасы, ірге бекітіп, жағалай қонған ауыл-аймағы, шалқар даласы, оты қалың, суы мол, кең жазықты, ұлан-байтақ сақарасы, сай-салалы, көп жыралы жон-жотасы тегіс жапсарлас, қоңсылас, іркес-тіркес.

Кең ойлайды, ұзақ толғайды. Ашық бетпақта, шексіз аспан астында адақтап жүреді. Сары Арқадай сабырлы, Түбектей түйінді, Жетісудай жайдарман.

Ғарыш дегеніміз Қарқаралы. Шет-қиырына көз жетпейтін, тау-шоқылары таусылмайтын алып өлке. Бірақ, әйтеуір бір жерде Қарқаралы аяқталуы тиіс деп ойлайтын. Шексіз жалғаса беруі мүмкін емес.

Уақыттың өзін енді санай бастады. Өмір, тіршіліктің бастауы, қайнары ретінде, қарайған меже тұрғысында кітаптың Қарқаралы өңірінде, тас үңгірден табылған күні алынды.

Кітап түскенге дейінгі заманда кеңістік туралы түсінік қана болды. Уақыт кеңістіктен туады деп есеп-теді.

Кеңістік, деді абыз, кітапқа дейінгі дәуірден бұрын қалыптасты. Ол кезде кеңістікте ештеңе жоқ, адам нәсілі алыста, тумаған уақыт жолында еді. Қаншама кезеңдер, қашықтықтар, шақырымдар бос тұрды. Уақыт бұл әлемге адаммен бірге келді.

Бірақ, бірде абыз ғалам пішіні туралы тұрақталған ой жүйесіне кітапқа дейінгі дәуірден ерте замандағы мезгілді орналастыра алмады. Ол заманда уақыт түгілі кеңістік те жоқ-тұғын.

Сәруәр абыз кеңістіксіз, уақытсыз, нәсілсіз әлемді көз алдына елестете алған жоқ. Бұл мәселе жаманқара жұртының ақиқатын жұмбақтаған қабырғалы ойына, қалың мәселесіне айналды, абыздар оны мың-жылдықтардың шешілмейтін қайшылықтары атады, ақыл-ойдың бейнеті көрді.

Бұлағай ойдың күрделі жұмбағы адамзаттың, демек, жаманқаралардың мәңгілік құпиясы деп жарияланды.

  1. Мәңгілік құпиялар

Мәңгілік құпиялар адамзат ғұмырының кепілі саналды. Өмір мағынасы да сол. Ақиқат – мәңгілік құпиялар меншігіндегі нәрсе. Мағына – біздің көзімізден жасырынған құпия. Бұ дүниеден мән іздеудің қажеті жоқ. Ізін ғана көруге болады. Бір қызығы, мәннің ізі бұ дүниеге сұлбаланып жетеді, таңбаланып түседі. Ол таңбалар кітапқа енген, алайда оны адамзат нәсілі оқи алмай отыр. Көктегі мағыналарды Тәңірі әрі-бері қозғап, дөңгелете, домалата бастағанда, сыр сандықтың аузы ашылып, Жер бетіне мән жауады, мәшіңкеде әріп тергендей, жас іздер тау-тасқа тигенде, таңба салады, мағына көшірмесі, Құдай мөрі, әдетте, жазу түн мен таңның алмасатын уақытында, екі мезгілдің аражігінде, үңгір кеңістігінде пайда болады. Үңгір – екі дүниенің көпірі. Кеше аяқөткел еді, енді ашылып келеді, үлкейіп барады.

Сосын, жаманқара жұрты үш күн аңдып күткен соң, таңбалар иесі өз арасынан табылмаған жағдайда, абыздар оны Құдай жазуы деп танып, жарлық шашып, шешім жариялады, бүкіл адамзат нәсілі түгел жиналып, қасиетті белгілерді мұқият кітаптың соңғы беттеріне көшіреді. Бұрын жазу тең жартысына ғана жететін, қазір бел ортасынан асты. Кітап толық жазылып біткенде, адамзат ғұмыры да аяқталады.

Басқа заман орнайды. Жаңа кітап беті ашылады. Енді оны толтыру керек. Сәуегей абыздар болжамынша, дүние жаралуы туралы өз түсінігі бар жұрт әлем жасалуының басқа нұсқасын алға тартады. Жас ойдың кем-кетігі, қайшы тұстары көп болады. Адасуы да мүмкін. Қолдағы кітаптармен салғастырады, айырма-белгісін табады. Қалыптасу кезеңінде жаманқаралар бастан кешкен уақиға, жайттар әулие абыздар қолымен жазылып отырады. Кітап қасиетті атанғанша, түзіледі. Түзіліп біткен соң, қол тигізуге болмайды. Мәртебесі орныққан, мәтіні тиянақталған кітапқа түзету енгізуге ресми түрде тыйым салынады. Күндердің күнінде мәжіліс келісімге жетеді, сөйтіп, абыздар қабылдаған шешімін халыққа паш етеді.

Жаңа тәртіп орныққан межеден бастап, діни көзқарас, сана-сезім, салт-дәстүрлер ереже бойынша өмір сүреді, шарттар бірдей атқарылып, бірыңғай, біркелкі өткеріледі. Ауытқуға ұлықсат жоқ, талап қатты. Жиылған, бас қосқан әулие-әнбиелер, тіпті, бір кезде кітап беттерінде ештеңе жазылмағанын ұмытуды талап етеді. Қара халық көнеді, дәргейіне бас ұрады. Басқа нұсқа жоқ. Бір ғалам пішіні, бір дүниетаным, бір Тәңірі.

Бір сөзінде бүтіндік, біртұтастық жатыр. Әрі біркелкілік. Кітаптың құпиясы көбейді. Ара-арасына түсініксіз сөздер кіріп кетіпті. Кейбір мәндер нақты емес, көмескі. Бұлдыр тұстарын, бұлағай ойларын, жалпы, ширатылған түйінді жерлерін тек абыздар шешетін болды.

Мәңгілік құпиялар адамзатты сақтайды. Бірақ, бөтен жұртқа айналдырады. Өзіне өзі жат ұрпақ өседі, дейді алғашқы тараулары. Қалыптық үлгісі тұрақтанады, енді елтен-селтеңге, бұлғаңға орын жоқ. Бәрі – нақ. Көріпкел абыздар болашақты осы межеде көреді.

  1. Таңбалар

Қаралар көз ашқаннан бері көне Қарқаралы өлкесін мекендеген, шың-құздарын айнала қоршай ірге бекіткен ел еді. Олар артынып-тартынып, жол бойы жаппа құрып, ұзақ көшіп-қонып, бір жақтан, белгісіз бір төбеден ауып келген жоқ, өздері тәрізді қоңсы жұртпен бірге, әсіресе, туыс шаншар елімен қоса, сонау мыңжылдықтар межесінде, алғашқы кітаптар түсіп жатқанда, Қарқаралы тауларымен қатар жаралған.

Жайықтан келді, Сыр бойынан ауды, Түркістан деген ескі елді мекен, көне шаһардан шұбырды, ағылды деген түсінік те бар, әлем туралы ойларына, құрылған жүйесіне, пішініне сәйкес келмегендіктен, бұл аңыз-әңгімелерді ешкім еске алмайды да, естімеген болады, бірақ, бір қызығы, бүкіл жұрт, бәрібір, әфсананы жақсы біледі, ел арасында үнемі айтылып жүреді.

Кезінде, кітапты сақтау, қорғаудың да үлкен мәселесі алдарында тұрды. Ертеде бұл кітапқа бәрі бірдей таласа беріпті, дау-шарды шешіп, тартысты түбегейлі жойып, мәңгі-бақи тоқтатып, бейбітшілік орнату мақсатында, жазбалар абыздардың үйінде кезек сақталатыны жөнінде тәртіп енгізіліпті, ұйғарым осы күнге шейін мұқият орындалып келеді.

Жер шетіне жеткенде, жоталар аяқталып, жон Арқа таусылып, жол сілемі күнбатыс жақтан көрініп, көкжиектен асып, құла дүз, бетпақ дала тегіс көз ұшында жоғалады екен.

Қарсақ жортпас қара адырлы сақара.

Шолғыншылар жер шетінде жер бар екендігін көріп, таңырқап қайтыпты. Бұрын аңғармапты, қазір дүние шексіз, ел – санатсыз.

Бүгінде, ен даланы жалғыз өзі иемденген бүтін жаманқара, шағын дүзен әулеті кітапты сан ашып, сан парақтап көрсе де, түскен қаріптеріне үңіле қараса да, күдер үзді, түңілді, көп топшылап түбіне жетпеді, тыныс белгілерін танымады, түскен іздерін де түсіне алған жоқ.

Жат сөйлем, бөтен мәтін. Ішінде терең мән жатқан сияқты көрінді. Бірақ, ұғынықты емес. Бітік жазу қысқа қайырған көп қаралы, жылқы таңбалы жұмбақ сөйлемдер, қаптаған шағын мәтіндер бір құпияны жасырып тұр. Көне сырдың былғары бетінде жатқан ашық кескіні Арқа өңіріндегі бейне дақтарға ұқсамайды. Қара таяқ әріптер қай сөзді белгілегені түсініксіз. Сөзін тапса, қарпін таныр еді. Алайда, сөз дыбыстан туады, дыбыс – табиғаттан. Шуға еліктеген адам тіл қатқанда шудың ауызша кейпін қайталайды. Бұл таңбаларда дыбыс жоқ, – деді абыз, – үнсіз. Жаңғырық мылқау, ештеңе естілмейді.

Шуламайды, деп бір-ақ кесті.

Жаманқара жұрты қаріптерге жаңадан ат қоя бастады. Дауысты қалпын қалыптастырды. Мәтінге тіл бітті. Бұрын қалай сөйлегені белгісіз, қазіргі сөзі түсінікті. Мазмұн көмескі тарта бастаса, түсініктер өзгертіледі. Сонда, ықшам сөз жиынтығы анық бола қалады.

Жұмбақтың сыры шешілді. Бірақ, бұл басқа жұмбақ еді. Таңба қалды, алғашқы мәтін өмір сүргені ұмытылды. Күнді белгілеген күнбасты суреттерден алтын шеңбер бөлінді.

  1. Шеңберлер

Кез келген тіршіліктің төл шеңбері болады. Шеңбердің іші – өмір. Шеңбер, бірақ, шеңбер ішінде. Ең кіші шеңбер мен ең үлкен шеңбердің арасында жүздеген, тіпті, мыңдаған шеңберлер тұр. Шекаралары берік, күзеті мықты. Әр шеңбердің өз шексіздігі бар.

Тұйық шеңбер шексіздікті білдіреді, демек, шеңбердің шеті жоқ. Тұйықта шексіздік болса, ол – шеңбер.

Шеңберді шеңбер туады. Шеңберден тыс әлем жоқ, шеңбер сыртында – шексіздіктердің шексіздігі тұр.

Шексіздіктер біріге ме, оны көне абыз білмейді. Көне абызды дүзен елі кейде Чылбы атайды. Чылбы сөзі қай заманда өмір сүріп жатқандығын көрсетеді. Өз есімі – Жайық. Дүзен Жайық Чылбы. Арғы бабалары Құту, Үкен, Батачы, Бөрү, Бұқа бәрі сәуегей болды.

Шексіздіктер басқа бір әлемде тоғысуы мүмкін, сол кезде араларынан өткел ашылады. Өткелдер үңгір ішімен өтеді.

  1. Тұңғыш соғыс

Дүзен Жайық Чылбы заманында Асан Чылбы, Үсен Чылбы, Тақабай Чылбы, Жарас Чылбы, Өтеп Чылбылар өмір сүрді. Бір күні жаманқара жеріне арғындар келді. Қарқаралы өлкесінен қашық, Жиделібайсын жақта тұрады екен, жуықта жау келеді, шерік қосын-дарын орналастыратын сай-жыра қарап жүрміз, деді. Бұл кезде Чылбылар дұшпан дегенді білмейтін еді.

– Ол не? – деді Дүзен Жайық Чылбы.

– Ұлыңды құл, қызыңды күң етеді.

– Біздің жігіттер жол бере ме?

– Жау көп болады.

– Бізден де көп пе?

– Сізден де көп.

– Қиын екен.

– Сүйретіп жүретін, от шашатын зеңбіректері бар.

– Зеңбіректер?

– Иә.

– Қорқынышты ма?

– Жалын атады, от құсады.

– Қиратамыз.

– Ұзын.

– Жақпыз.

– Бірге соғысамыз.

– Иә.

– Ортаға әскер шығару керек.

– Дегенмен де, келісуге болмай ма?

– Жоқ.

– Неге?

– Жер сұрайды.

– Қарқаралыны?

– Иә.

– Бірге соғысамыз.

Сосын, бөтен жұрт кетіп қалды. Көп ұзамай, қайта келіп, Қарқаралы төңірегіне қоныстана бастады. Жасақ құрды, ауыл сыртына күзет қойды, жас батырлар қызды ауылдарды жағалады, Сақыпжамал Дүзен, Қамария Жарас, Шұға Өтеп тәрізді бойжеткен арулар бірден көзге түсті. Батырлар мәрт еді, уағда байласты, серттесті, бірақ, түн жамылып, бозбалалық қызығына түсіп, қыз аңдып, әйел іздеген жоқ.

Жауды ұзақ күтті. Елде күн сайын бір той, алтыбақан құрады, ақсүйек ойнайды, жастарға жеке үй тігіледі. Жөн-жоба бойынша, жоңғардың төрт қабырғалы руы – қалмақ, ойрат, дүрбіт, торғауыт, хошауыт – жаз бітіп, қара суық түскенде, қазақ жеріне Алтай және солтүстік-шығыстан шекара бұзып, қалың қолды жапырып, талқандап, қақыратып қақ жарып, күркіреп кірмекші.

Дүзен Жайық Чылбы дұға жазды. Тақабай Чылбы Сақыпжамал Дүзенге сөз айтып, көңіл білдірді, Шұға Өтеп Дүзен Жайық Чылбыны сүйетін еді, Қамария Жарас пен Асан Чылбы екеуі серт байласты.

Жұрт дүрлікті, көрмеген жау қаптап келе жатқан көрінеді. Күндердің күнінде, жау шапты деген хабар жетті. Алғашқы бекіністерді құлатып, жан алысып, жан беріскен шеріктерді аяусыз қырған жоңғар әскері жолда кездескен елді мекендерді түгел өртеп, Қарқаралы өңіріне таяп қалыпты.

Жауға қарсы шежіре бойынша, Құту, Үкен, Батачы, Бөрү, Бұқа аталарынан қосылатын Асан, Үсен, Өтеп, Тақабай, Жарас ұрпақтары тегіс атқа қонды, әр әулет ортаға жылқы шығарды, шерік берді. Шежіре былай деп сөйлейтін еді

“Дүзен: Құту, Үкен, Батачы, Бөрү, Бұқа. Асан: Құту, Үкен, Батачы, Бөрү, Бұқа. Үсен: Құту, Үкен, Батачы, Бөрү, Бұқа. Өтеп: Құту, Үкен, Батачы, Бөрү, Бұқа. Жарас: Құту, Үкен, Батачы, Бөрү, Бұқа. Тақабай: Құту, Үкен, Батачы, Бөрү, Бұқа”.

Құтылар заманынан соң Үкендер, Үкендерден соң – Батачылар, Батачылардан соң – Бөрүлер, Бөрүлерден соң – Бұқалар, Бұқалардан соң – Чылбылар.

Жаманқаралар тұңғыш рет соғысқа қатысты. Екі жақ беттескенде кімнің кімге қарсы қару жұмсап, сойылдасып, найзаласып, қылыштасып жатқаны белгісіз. Қару-жарақтары ұқсас, киімдері бірдей. Тіпті, түрлері де бір-бірінен айнымайды. Ұрандары ғана өзгеше. Қалың қолдың өз ұранын естуге шамасы да жоқ. Айбалта сілтейді, пышақ лақтырады, сүңгі кезеніп, оңтайлы сәт бүйірден түйрейді. Қолтықтан кірген көсем найза жауырыннан шыққанда, арқа етін қоса жұлып түседі. Бірін-бірі аямай шабады. Қылыштар қалқандарды турап тастайды. Қиратады. Семсер кесіп өтеді.

Чылбылар мұндай сұмдықты бірінші рет көрді. Бұл жаманқаралар қатысқан алғашқы соғыс еді. Естері шықты. Бірақ, бір адым кейін шегінген жоқ. Омыраулатып алға ұмтылғанда, қатарын бұзып, жауды қашырды. Көбіне өлтірмеуге тырысты, құлатып, жаралап кете береді. Соғыс тәртібі осылай деп түсінді. Бірақ, жаралы жау тәртіпке бағынған жоқ. Басын көтеріп, Чылбылардың ту сыртынан садақ тартты. Дұшпан опасыздығын байқаған Асан, Үсен, Тақабай, Өтеп, Жарас ұрпақтары тағы састы.

Бұл кезде қазақтар көмекке келді. Чылбылар аттан аударған жау шеріктерін арғын тобы қанжар қадап өлтіріп жатты. Кірш етіп кіріп, төсті қақ айырған ауыр қанжар жүрегін де шаншыды, істіктер жылпылдап сауытын тесіп жіберді. Қан бұрқ етті. Тау сауырынынан атқылаған қасқа бұлақ секілді ойылған тұсынан жоғары шапшыды. Бәсеңдеп, екпіні азайғанда, арна тауып, кеудесінен төмен ақты. Жерге құйылды. Көп ұзамай, қан қарайып, көкірегінде ұйыды.

Чылбылар бойында кек оянды. Енді еселеп жықты. Қатарын сиретіп, қабырғасын сөкті, қақыратып алай-түлейін шығарды, ту сыртынан да шықты, қарсы алдынан да шапты. Қынадай қырды. Тас-талқан қылды. Қалың сапты тұс-тұсынан үздіксіз шабуылдады, аттарын омыраулатып қосындарына салды, жаппаларын жайратты, тәртібін бұзды. Керегелерін қиратты, бақандарын сындырды.

Тоз-тозы шықты. Ержүрек Чылбылар жау шебіне шауып барып, ор қазып, қада-қазығын берік орнатқан мойны ұзын зеңбіректеріне шиырлай лақтырып, бұғалықтар тастады, тақымына басып, орнынан суырып алды да, шаңын бұрқыратып ен далаға сүйретіп әкетті. Кейде екі жаққа жұлқи тартқан арқандар тұмсығын жұлып, бір бөлек, құйрығын қиып, бір бөлек, шетке апарып тастады.

 

 

  1. Тәңірдің балалары

 

Қанды қырғын. Жоңғарлар майдан даласында тарыдай шашылып, басы ауған жаққа босып барады, қолбасшылары алды-артына қарамай, бас сауғалап қашқан жауынгерлерін кері қайырып, соңдарынан қуып келеді. Қатары сирей бастады. Негізі, қалмақтар батыр халық екен, ойраттар айбынды, дүрбіттер дүбірлі, торғауыттар қаһарман, хошауыттар жаужүрек. Десек те, қорқақ шерік кез келген әскерде бар.

Жаманқаралар басым түсті. Олар Тәңір туын кө-теріп жүрді. Байрақтарына кітаптан бір үзінді жазып алды. Өздері бұл жазуды біз Тәңірдің баласымыз деп оқыды.

Кітапты бір түсінікте ғана оқуды ұйғарды. Жалпы, әр ұрпақ мәтінді өзінше оқиды. Мәтін-мазмұнды қайтадан жаңалап жазып шығудың қажеті жоқ, ескісін жаңаша оқыса болғаны.

Кейін, бірнеше ғасыр өткен соң, жаңа ұрпақ, жас нәсіл туға жазып жалаулатқан таңбаларды басқаша оқыған кезде, бергі жұрт жат қаріптерді қолданып, өзге жүйе жасап, қайта кестелейді, оны теріс көрген сақаралықтар төл жазуына тағы ауысады.

Таңбалар өзгеруіне байланысты кітап мазмұны да өзгеріп отырды. Үтір-нүктесіне дейін мәтінге әсер етті.

Дүниетаным – таңба. Таңба жаратылыс мән-мағынасын қалыптайды. Мағына таңба ауысымына тәуелді. Әлемде дербес зат жоқ. Бәрін таңбалар жүйесі белгілейді.

Әр жұрт бұл кітаптан өз тарихын оқиды, оған таңбалардың тұрақтылығы, атауларының айныма-лылығы, мағына-түсініктердің дамып, кемелденіп отыруы куә.

Таным таңбаның атауын өзгертеді. Жаңа мән қаріп пішіні емес, адам санасындағы түсініктің өзгерісінен көрінеді.

Қоры, Оғыл, Марал да осыны бастан кешеді. Ертең Қоғай, Батұн, Қаршы, Өгүз де көреді, тіпті, Боты, Отчы, Тау, Батығай, Сембекі, Бөкүтей, Борылдайларға шейін жетеді.

Әлемнің бейнесі таңбадан көрінген заманда таңбалар әлемнің суреті еді. Бұлыңғыр суреттер айқындала түсті, бұлағай түсініктер суреттерге байланып тұрды. Бертін келе таңбалар суреттерді емес, түсініктерді белгіледі. Түсінік таңба болды. Таңба суреттің мазмұнына сілтеді. Мазмұн, түсінік, таңба суреттерді бөліп тастады.

Енді Чылбылар таңбаны ауыстырмай-ақ жаңа түсініктерді қалыптастырды. Түсінік болмыс мазмұнын таңбалады. Таңба – тілдің белгіленген түсініктері. Болмыс – түсінік. Оны тіл бейнелейді. Демек, тіл – болмыстың таңбасы. Біздің өміріміз түсініктерден тұрады. Түсініктен болмысты көреміз, танимыз. Болмыс түсінікте паналайды.

Жұрт айқасып жатыр. Лек-лек қолдың қарасы азайған. Қатары сиреген. Жоңғар топтары қаша соғысады.

 

 

  1. Бірінші өлім.

 

Жаманқара рулары ішіндегі Үсен, Тақабай, Жарас, Өтептің Чылбылары жауға қарсы соғыста үлкен қайрат көрсетті. Бірақ, сұлу жүзді, аққұба сылыңғыр Асан Чылбы ерлікпен қаза тапты. Ол қашқан жоңғар тобын түре қуғанда қоршауға түсіп қалды. Он шақты шерікпен жалғыз өзі алысып, бой бермей, айлаға да салып көрді, сыналап бұзып-жарып өтіп кетпекші де болды, алайда, әккі дұшпан алдырмады. Бір шабуылында мергендер оның ту сыртынан бірнеше садақ тартты, жебе оқтар Чылбы жауырыны тұсына қатар-қатар тізіліп, кірш-кірш қадалды. Қан бұрқ-бұрқ ете қалды. Сарбаздың әдемі көздері үрейден үлкейіп кетті.

– Жалған-ай, – деді ол.

Чылбы ат жалын құшып, жерге сыпырыла құлады, жоңғар жасағының басшысы шауып келіп, атынан қарғып түсті де, басын кесіп алды.

Қаралар соғыс көрмеген халық еді. Алғашқы құрбандық Асан әулетінен болды. Олар қазаны түсінген жоқ. Құдай емес, адам қайтіп жан алады. Тәңірге арналған сұрағын абыздар кітапқа жазып қойды. Жауап көктен түсуі қажет. Тас бетіне жазылады, сосын, оны көшіріп алады.

Қаралы көш Қарқаралыға ұзақ жүрді. Асан Чылбы қазасы Қамария Жарасқа ауыр тиді. Ол шалықтап, дала кезді. Қыр астынан Асан Чылбыны көргенін айтып келді. Қуса, жеткізбейді, кейін жүрсе, соңынан еріп, қалмайтын көрінеді. Бірақ, Асан Чылбыны көргендер көбейіп кетті. Сақыпжамал Дүзен ертеңгілік суға барғанда, қатты қорқып, шелегін қайнар бұлаққа тастай бере, ауыл жаққа қаша жөнеліпті. Сөйтсе, Асан Чылбы қарсы алдынан, тауға жауырынын тіреп, қарап тұрса керек. Шұға Өтеп өрістен қайтқан малды Асан Чылбы айдап келе жатқанын байқапты. Қызыл іңір Қызыр тәрізді бірнеше Асан Чылбы отқа қашқан ірі қараны бәрі жабыла қайырып келеді екен.

Көш ұзақ еді. Жаралы елдің өзі он арбаға толды. Қолы шыққан, жағы сынған, найза түйреген, қылыш кескен, семсер шапқан, қанжар тиген. Жаяу ерген жұрт қаншама, атынан айрылғандар жеке сүйретіліп, көш соңынан асықпай ілбиді. Сауыт-сайманы бүтіндер жайдары. Ауылға сән-салтанатымен кіреді. Жауды жеңген, бетін қайтарған осылар. Ұрыстан аман шыққандар даурығып әңгіме-дүкен құрады. Көңілдері шат, қалжың айтады, бір-бірін әзіл-оспақпен түйрейді, қағыта сөйлейді.

Бұл жорықта жаманқаралар қазақ деген атауға ие болды. Енді қазақтар құрған мәжіліске, әскери жиынға, үлкен асқа, торқалы той, топырақты өлімге бір кісідей қатысып тұрмақшы.

Асан-Үсендер бұрын қаза дегенді білмеуші еді. Қараларда кісі өлімі болмайтын. Өйткені олар бір-бірін өлтірмейтін. Кісіге қол көтеру үлкен қылмыс саналатын. Бар дау абыз алдында шешілетін.

Арғы ата-бабалары Асан, Үсен, Тақабай, Өтеп, Жарас, Дүзен руынан тарайтын Құту, Үкен, Батачы, Бөрү, Бұқалар әлі тірі, орта жастары мың жылды қамтиды.

Бағзы замандарда өлім-жітім көп болды деп жырлайтын көне дастандар, дерек келтіретін ескі аңыз-әфсаналар бұл күнде санада көмескі тартты, жадтан ұмытыла бастады.

 

 

  1. Аруақтар

 

Қарқаралы етегіндегі бір сайды аруақтар мекендейді деген алыпқашпа сөз тарады, бірақ, оны барып тексеріп қайтқан ешкім жоқ. Жарық кейпінде өмір сүреді екен. Әрі-бері нұр шашып түнде ұшқан жарқанаттар құсап, ентелеп жоғары өрлеп, сорғалап төмен құлайды деседі. Көп жиналған кездері маңайды жарқыратып жіберетін көрінеді. Ол не аруақтар, қай жақтан ауып келген, неге бейсауат жүр, белгісіз. Елең-алаң, таң сыз берген алагеуім шақта, шұғыла, шапақтың алғашқы сәулесі шашыраған шамада, бәрі сайға шүпірлеп толып алады екен. Күн шыққанда, қайда жоғалып кететіні беймағлұм, сайда іркіліп су жатады, ол Жарлының ескі арнасы. Қас қарая, қайтадан жарықтар жүзе бастайды. Су ұшты-күйлі жоқ.

Сақара топырағында ажал өмір сүретінін Асан Чылбы қазасы қайта еске салды. Ертеде тек сыйлы адамдар ғана бақидан озар еді. Енді жас қыршын кетіп отыр. Өлім жұмбағы қайыра көлбең етті. Туу өзімен бірге өлімді де туады. Қаза ше? Ажал өмірді шақыра ма.

Әлде, қаза біткен тек адам санын азайта ма. Тірі мен өлі қатар ма? Бір-бірімен беттесе ме.

Қаза – уақыт қазығы. Жөн-жоба бағдары. Қазаға қарап, уақыт мөлшерін танимыз, ұзақтың соңын, шолақтың басын көреміз. Ажалы жоқтың мезгіл түсінігі жоқ. Уақыт – мәңгілікке қорек. Мәңгілік – ұзын уақыт.

Ұзын уақыттар – мәңгіліктер азығы. Бітпейтін, таусылмайтын жемі. Мәңгіліктің өзі уақыттың арқасында тірі. Мәңгіліктер өлгенде, Жер жойылады. Өйткені аспан жүректей болады. Күн сөніп, өзегіне құлайды. Өзін-өзі жұтады. Дүние айналып Жерге түседі.

Ақырзаман соңы жаңа дәуірге ұласады.

Қаралар бұрын уақыт жоқ деп ойлайтын. Сөйтсе, кеңістіктің бірге туған қасиеті екен, ал кеңістік – уақыттың сипаты.

Қасиет пен сипат уақыт/кеңістікке айналғанда, әсер заттанады, рух материяланады.

Бір дауыс абыздың ойын бөлді. Қарсы алдарында хабаршы тұр. Әулиекөкірек абыз ақсақалдар шешім ұйғарыпты. Ескі салт – ескі сана. Дәстүр ұстанған, дағдыға берік жұртпыз.

Бұйрық талқылау үшін емес, орындау үшін бе-ріледі.

Қаралы көшті тоқтатты. Кеш қалды. Күн батқанда өлікпен ауылға кіруге болмайды. Жын-шайтандар қоса еріп келуі мүмкін. Таң атқанда да қауіпті. Өлік оянады. Дәл мезгілі – қызыл іңір. Қызырлар қорғайтын уақыт.

Жаппа жасап отыр. Ертеңді күтеді.

Дүзен Жайық Чылбы абыз бірге.

Баяғыда, деді абыз, Қарқаралыда, Жер бетінде топансу қаптады, жұрт бас сауғалап тауға қашты, бірақ, екпіні қатты тасқын судан қара орман халық , бәрібір, құтыла алмады, жолда қынадай қырылды. Шаңкөз, Жиренсақал, Жетіқарақшы шыңдарының ұшар басына дейін көтерілген топансудың белгісі әлі күнге шейін бар. Ол – алып жартастар ойығында жатқан Шайтан көл. Қайтқанда орға толып, іркіліп қалыпты. Содан бері құрғамайды. Қасіретті жылдардың көз жасындай тау жанарында ілініп тұрған бір тамшы.

Арада мың жыл өтті, біздің өңірде қайғы деген қайталанып көрген емес. Өлім қабырғамызды қайыстырмағалы Адам бабамыздың өмір жасындай уақыт өтті.

 

 

  1. Уақыт

 

Жаманқарада уақыт көп. Үй сыртындағы қорада қаланып тұр. Балалар кейде уақытты ат қып мініп жүреді. Әдетте, көшпелі халықтарда уақыт көп болады. Түрлі көлемде. Кейде екі араға уақыт сыймаған соң, олар кездесуге кешігіп жүреді. Қаралар, жалпы, уақыттан бас тартпақшы. Тиімсіз көлік, уақыты болса, елден маза кетеді. Жауласады, араздасады, ел іші бүлінеді. Ауыл базарында қымбат тұрады. Көбіне шаһар халқы, керуен тізген саудагерлер сатып алады.

Ауылда уақыттың еш құны жоқ. Бәрінің үйінде не қорасында үйіліп тұр. себебі, көшпелілер уақыт жұмсамайды.

Уақыт бөлшектеліп тасталған. Әрбір бөлшек уақыт қала тұрғындары қолындағы уақыттан көлемді әрі ауыр.

Бірақ, қадірі жоқ. Далада жатқан есіл уақыт. Бұрын өмір сүруге уақыт жетпейтін еді. Бір-бірінен қарызға сұрап жүретін. Кешіктіріп алса, артынан із-деп бармайтын. Уақыты болған күні қайтарады. Қазір бағаламайды. Шашылып, аяқ астында жатыр.

Уақыты көп, сондықтан адам өлмейді. Мерзімі жеткендері көршіден ала салады. Ұмытып кетіп, төсек тартып қалғандары болмаса, бұлар – бақытты ел, уақыт керек емес. Себеп, уақыттың жүгі ауыр.

Уақыттары жүйрік емес, ешкіммен жарыспайды, дүниеден озбайды. Бәсекені жек көреді. Бақ таласы жоқ. Бір-біріне сүйемел, жанашыр, қамқор. Уақыты көп елдің кеңісітігі де жартылай бос.

Уақыт – кеңістік перзенті. Дүзендер, керісінше, ол екеуі туған ағайынды, егіздер деп түсінеді.

Түн. Жұлдыздар асқақ жымыңдайды. Шеріктер ауыл сыртында от жағып отыр. Әңгіме көп.

Жас сарбаздар көп білгісі келеді, абыз, дейді, кеңістік пен уақыттың жасы қанша, екеуін де тапқан шексіздік. Ол барлық жерде ел аралап жүреді, жүрген жерінде шек жоқ, шет дегені шексіздіктің бір қыры, біз бағытымыздан ауытқымай, тік жүре берсек, қайтадан Қарқаралыға қайтып келеміз.

Денсаулық уақытқа тәуелді ме, дербес пе, бейтарап па?

Оны уақыт құртпайды, пейілге байланысты, ниетіне қарай тәні қартаяды, себебі, адам бойындағы оң/теріс күштер бір-бірімен арпалысады.

Уақытты ешкім ұрламайды, оны жұмсайды. Оңды-солды.

Сонда бұл екінші өркениет пе, жоқ, деп жауап қайырды Дүзен Жайық Чылбы абыз, белгісіз, жаманқаралар шежіресінде ақтаңдақтар көп, меніңше, адамзат аспаннан түскен, Жер, негізі, мақұлықтар мекені. Сана мен сезім адамда ғана бар. Біздің бір бөлігіміз ғарышта, арамызда рухани байланыс бар, не бізді таба алмай жүр, не жете алмай келеді.

 

 

  1. Елажыраған

 

Қарқаралы жаманқараға қалай ежелден Отан болғаны жұмбақ. Не құпия. Біз бауырларымызды іздеуіміз қажет. Ғарыш таудың жолы тәрізді, қасында тұр, бірақ, жолы ұзақ.

Күміс шежіренің басқа мазмұны бар деп ойлаймын. Оны оқысақ, Қарқаралының тарихын, қаралардың шежіресін таныр едік. Оның сыртында адамзат құпия-сын ашып, жұмбақтың шешіміне жетеміз.

Есте жоқ ескі замандарда біз қазақтың құрамында өмір сүрдік. Қазіргі тарих бойынша, енді тізе қосып жатырмыз.

Біз де қазақпыз. Елажыраған жылдары бір-бірімізден адасып қалдық. Қазақтың көп жұрты босып кетті. Қасіретті дәуір еді.

Әскер ұйықтап қалыпты. Дала балалары. Кішіпейіл, кісілікті, биязы. Біз ажалды келтірмеуіміз керек. Арамызға бір кірсе, шықпайды. Бәрімізді алады. Одан құтылған ел мәңгі жасайды.

Таң сібірлеп атып келеді. Кешке дейін жарты тәулік бар.

Қызыр көбейген мезгіл көш орнынан қозғалды. Енді ештеңе қауіпті емес. Ғаріп-қасер арбада, жеңіл жаралылар жаяу.

Ауылға кірді. Жаманқара үнсіз жылайды. Сол кезде, бірге еріп келген қазақтар жоқтау айтты.

Күн салқын, мүрдені үшінші тәуліктен асырып барып жерледі. Есік алдына шығарғанда, бір қазақ бәрін тұрғызып қойып дұға оқыды. Қол жайды, бетін сипады.

Түзге жаңа дін келді.

Бұл Шыңғысхан бабамыз жорықтарынан соң өткен уақиғалар еді. Жаужүрек жоңғар қолының Жошыхан еліне жасаған алғашқы шабуылдары болатын.

Қабір басында тағы дұға оқылды. Әй, қаралар, деді абыз, сендер кеше де мұсылман едіңдер, аумалы-төкпелі заман болды, ағайын-туыстарыңды ұмыттыңдар, басқаның уақыты туды.

Асан, Үсен, Тақабай, Өтеп, Жарас бауырым, Дүзендерім, сендер де қазақсыңдар, өз замандарың келді, аруақ деп шапқанын Аллаға тіл қатқанын, Тәңірім деп айтқанын, таза мұсылманмын деп жатқанын, деп насихат сөйледі абыз.

Ел дүрлікті. Үлкен мәселе туды. Пұт-кітапты қайтеміз десті қариялар. Дереу мәжіліс құрды. Отқа тастаймыз ба, орнына қоямыз ба, ислам дәстүріне қосамыз ба. Қазақ үзілді-кесілді қарсы болды. Ештеңе қоспаймыз. Халық танымы – исламның бір жолы, апарар жері – біреу, мұратымыз бірге. Бірақ, Пұт-кітап Құдай емес, пайғамбардың өзі де емес. Ол бар болғаны қастерлі жәдігер, сондықтан, қайнардан алдық, қайнарға қоямыз.

Ақсақалдар қарсы шықты. Мың жыл ішкі жан дүниемді толтырған аса қымбат, аяулы Пұт-кітап менің үйімнің төрінде тұрады, деп кесті абыз. Ол халықтың қарсылығынан қорықты.

Ислам, деді қазақ, ұлт танымына, түсінігіне, өнеріне, сөзіне қарсы емес, қайшылығы да жоқ, бір-бірімен туыс.

Сөйтіп, Құдайдың орнын белгіледі. Пұт-кітап сувенирге айналды. Ислам ажал түсінігін әкелді. Енді екі дүние бар, адам пенде болды, періштелер абыздардың орнын басты. Дүзен Жайық Чылбы абыз көп күндер ұйықтаған жоқ, ауыл сыртында дала кезіп жүрді. Ол тылсым әлеммен тілдескен үңгірлеріне, киелі деп атаған шоқыларына оралды. Көңілі босады. Сүйген кітабы еді, әр парағы ыстық, бар қарпі қымбат, бүкіл мәтіні таңғажайып.

 

 

  1. Қала заманы

 

Ол қыр басында отырып өкіріп ұзақ жылады. Бүкіл ауыл абыздың жылағанын естіп жатты. Қош бол, бетімізді қақпай өсірген қастерлі кітап. Енді үңгір таудан атақ-даңқ кетеді, аймақтан тылсым жоғалады.

Көкке қолын жайып, абыздығымен қоштасты.

Ау, шексіз аспан, өлшеулі дүние, біздің уақыт таусылды, уақытымыз қораларда ұйықтап жатқан қу ағашқа айналды, оянғанда жанады, жанғаны – тірі жүргені, өртеніп кеткені – өлгені.

Біз отын болдық.

Бізді жақты. Бойымыз суыды. Күліміз қалды. Біз – тарихтың күліне айналдық.

Ол Пұт-кітапты орнына қоямын деп шешті. Орнына қойылған күннен бастап үңгір іші құпия, өзі киелі тау-тас деп жарияланды.

Киелі тас үңгірге құлып салынды. Жұрт оны Кешегі құдай үйі атап кетті. Ауылда мешіт тұрғызылды. Мұнарасы биік, көлемі кең, аумағы – атшаптырым.

Сәждеге жығылған жаманқаралар ішінен молда шығарды. Ол ғаріп адам еді. сондықтан Ғаріп молда деген атқа ие болды.

Ауыл іргесінен қала тұрғызу жұмысы басталды. Шағын шаһар тез салынды. Қала бой көтергелі, елде қылмыс көбейді. Қаптап ұрлайтындардан бастап қалтаға түсетіндерге дейін саны артты.

Әуелі бір қыз зорланды деген хабар тарады. Бос пәтердің іші екен, иесіз, терезелері бітелген, едендері жұлынған. Бұрын киіз үйде ұрлық та, зорлық та болмаушы еді. Тас үйдің әлегі көп екен.

Енді бір қызды екі адам зорлапты. Одан кейін, еркекті – еркек, әйелді – әйел. Сосын, бала періштелерге көшіпті.

Жаманқаралардың қаланы құлатуына тура келді. Күректерін сүйретіп, балталарын көтеріп, қалаға кірді. Құлаған қала соңынан бұрқыраған шаң-тозаң ғана қалды. Тып-типыл болды. Жермен-жексен. Ел артынып-тартынып ауылға қайта көшті. Естелік ретінде қираған қаладан мылтық, ойыншық, айна-тарақ ала шықты. Бір мезгілде тұру, бір уақытта жатуға үйрене алмады. Бірге ас ішіп дағдыланғандар бөлек отырып кофе жұтқан, оңаша жерде ет жеп, нан қаужаған ғадеттен қашты. Бір-бірін танымаған көршілерге таң қалды. Тұрбадан су тартқан шүмекті көрді. Үстінен ит, астынан атжалман жүрген заманды да бастан кешті. Арбасына ақы, көлігіне құрмет сұраған көшірге де кездесті. Бәрінен бұрын, жолдың оң жағын ала жүргенді ұнатпады. Белгі жолдың тіліне айналды. Үлкені кішіге зор, ұзыны қысқаға талап. Оң жүріп, сол басқан ел. Солдан шығып, оңға бұрылған тұрғын. Алайда, қала жақпаса да, дерті жұқты.

Қалада сөйлеу де қиын еді. қай жерде екеніңді түсіндіре алмайсың. Көз ұшында кетіп барады деуге жол тар әрі қысқа. Екі-үш қара құлады деген сөзде мағына жоқ, үйдің төбесінен құламаса, қайдан құлайды, түзде дүние шеңбер, қалада – төртбұрышты. Себебі, бірі – шексіз, екіншісі – шекаралы.

Күн сәулесі аңдыздап жетеді десең, тағы өтірік, кеш батқанда, көше тез қараңғыланып кетеді, бағаншамдар жанады.

Қалада адам түнде көрмейді, себебі жарық көп, далада анық байқайды, өйткені қараңғылық бірыңғай.

Сүт пісірім, ет қайнайтын уақыт деген жоқ. Бәрі – жылдам. Халық емес, тұрғындар. Көліктің жүргізушісі бар, жолаушы өзіне-өзі қожайын бола алмайды. Жүргіннен жүргізуші көп.

Ауыл – даланың жалғасы. Қала – жер телімі. Тұйық аудан. Мал қорада емес, үйде ұсталады.

Жан арзан, жануардың құны қымбат.

 

 

  1. Өсиеттер

 

Бойына ажал қонған Асан Чылбы елін қимай, көрінен шығып кетіпті деген қауесет тағы тарады. Бірі қырдан, бірі сайдан көріпті. Екі көзі бақырайған, ажал арқасына қонып, жабысып отыр екен. Шеңгел қолдарымен мойнынан құшақтап алған.

Абыздар ол ауылға ажал кейпіндегі жын-шайтан әкеліп жүр, қарсылық қылар не қайратымыз бар, деп Ғаріп молдаға жүгінді.

Ғаріп молда жан алатын періште, оның ішінде – Жәбірейіл, деді. Алдында қонағы бар екен, екеуі әңгіме-дүкен құрып отыр.

Жиылған елдің көптігін аңғарып, тысқа шықты. Енді шайтандар көбейеді, қырға ажал келді, сондықтан Ібіліс пен періштені айыра білген жөн, әдетте, иман келтіргенде, жас халық арасында жұрт сенімі бірыңғай емес, ала-құла болады, екіұдай кезең – екіталай ниет уақыты, еліктейтін, солықтайтын заман, албастылардың күшейетіні осы тұс, көз ашылған соң бәрі көрінеді.

Біраз жұрт Пұт-кітапқа қайта оралуымыз керек, десті, жаңа келген дінде бәрі күрделі, күңгірт, көп сатылы, кеше бәрі түсінікті еді, көргенге анық, ұғуға жеңіл, сенім нық, сөзіміз нақ болатын.

Енді бәрі өзгерді, бас қосқан ел тік көтеріліп, үңгір жаққа бет алды. Келсе, қақпа ашық, жолды бөгеген тас жоқ, жағалай шырақ жағылған, бұлақ қайнарына төбеден су тамшылап тұр, анда-санда тұрып-тұрып жалп етіп құлайды.

Олар су қайнардан шығады деп жүрсе, төбеден ағып түседі екен, қатты таң қалды.

Ғаріп молда ентігіп әзер жетті. Жамағат, деді ол, бәріміз аға-бауыр, апалы-сіңлі, әпке-қарындастымыз.

Ел шулап кетті: Пұт-кітап! Пұт-кітап! Пұт-кітап!

Біреу үңгірдің ішіне кірді, біраздан соң хабар әкелді, қайнар астында Пұт-кітап жоқ.

Ел толқып кетті. Көздері жанып, тістері шы-қырлады. Тұла бойы шымырлады. Кейін серпілді, алға ұмтылды. Қайта шегінді, қайта озды. Сосын, лап берді.

Жұрт қатты наразы, ыза буған, ашу қысқан, жабыла есік аузына жүгірді. Босағада сығылысып, қуысқа құйылып жатыр, сыймағаны қайта сыртқа кері ақтарылды. Азан-қазан. Іштегілер кенет сыртқа төгілді. Бірінің қолында кітап. Мұқабасын сүйіп, маңдайына басты.

Іргеден таптық, екі тастың қуысына тығып тастапты, бәрі Ғаріп молдаға тап берді. Ол қашып үлгерді. Қыр асып кетті. Содан бері оны көрген адам жоқ.

Жаңа дінді теріс түсіндірген Ғаріп молданы табамыз десті, айыптыны жазалаймыз. Сол күні ел Асан Чылбы ауылдан шығып, моласына кетіп бара жатқанын байқапты.

Бірақ, басқа қайғы жабысты.

Соғыс дүрбелеңі мен дін дүрмегі тұсында жастар қараусыз қалған екен. Оның үстіне қаланы аңсайтын топ қалыптаса бастады. Ауылдың іргесі шайқалды, шаңырағы ортасына түсуі мүмкін.

Күндердің күнінде, от ұстаған бір жиһанкез ақырын аяңдап басып ауылға кірді. Ол бар үйге шырақ жақты. Сабырлы әңгімелер айтты, салиқалы ой түйді, жылы лебіз білдірді. Байсалды мінезі қалың жұртқа жақты.

Қырға ислам келді. Бұл дабыра емес, даңқы емес, өзі еді. Жұрт ұйып тыңдады. Жиылған топқа пейілі ұнады.

Ғаріп молда – Әзәзіл деп шешті жаманқаралар. Ол бұрмалады. Қайшылықта көрсетті, арпалыста кейіптеді.

– Ей, ізгі ниеттегілер, – деді жолаушы, – Құран Кәрім, ислам танымында, ұғым-түсінігінде, тарихында Жаппар Иеміз сәулесін, Құдай Тағала нұрын Жер бетіне үздіксіз төгуші. Ол талай заман төңірегіне, жан-жағына шамшырақтай жарық шашып тұр.

– Е, бәрекелді!

– Мұсылман әулеті оның Мұхаммед пайғамбарға ақиқат туралы сырды баяндау үшін түсірілгендігіне, адамзатқа үзілместен жеткен Алланың сөзі екендігіне сеніп, иман келтіреді.

– Рас-ау!

– Оны оқу – Аллаға деген құлшылықтың бір парасы.

– Имандымыз.

– Құран – Тәурат пен Інжілден кейінгі көктен түс-кен кітап.

– Кәміл сенеміз.

– Біле білсеңіздер, араб тіліндегі кітаптардың ішінде шешендік тұрғысынан Құраннан озған ешқайсысы жоқ. Құран уахидың түскен жері мен уақытына байланысты меккелік және мединелік боп бөлінген 114 сүреден тұрады.

– Жөн екен.

– Мұсылмандар Құран Мұхаммед пайғамбарға қырық жасынан бастап соңғы күніне шейін, жиырма үш жыл бойы Алладан Жәбірейіл періште арқылы түсірілгеніне сенеді.

– Иә.

– Сонымен қатар, мұсылмандар Құранды сахабалар дәлме-дәл сақтағанына, аяттары анық әрі баянды екендігіне, бар заманға, күллі адамзатқа уағыз ретінде жіберілгеніне иланады.

– Дәл сөз.

– Мұхаммед пайғамбар қазасынан кейін Құран әділетті халифа Әбу Бәкр әс-Сиддиқ пен Омар ибн әл-Хаттабтың ұсынысы бойынша бір нұсқаға жиналады.

– Дұрыс.

– Екінші халиф Омардан соң, Құранның бұл нұс-қасы иман келтіргендердің анасы Хафса бинт Омарда сақталды.

– Оң шешім.

– Бұл жағдай үшінші халиф Осман ибн Аффанның мұсылмандардың Құран оқудағы түрлі диалекттердің себебінен болған қайшылықтарын көргенге дейін жалғасады.

– Иланамыз.

– Осман Хафсадан Құрайыш диалектіне сәйкес жазылған нұсқаны ортақ үлгі болу үшін сұрап алып, көшірмелерін жасауды, оған сәйкес емес нұсқаларды жоюды әмір етеді.

– Жұрт қолдаса болды.

– Османның бұл жинақтаған Құранның нұсқасы халифат аумағына таратылып, ол бір нұсқасын өзіне қалдырады. Бұл нұсқа Османның мусхафы (Құранның бір данасын “мусхаф” деп атайды) аталып кетті.

– Жақпыз.

– Зерттеушілер Осман жинаған Құранның нұсқасы Әбу Бәкр жинаған нұсқаға толығымен сәйкес санайды.

Кезбе жолаушы мәслихаты көшпелі жұртқа қатты әсер етті. Дүзен Жайық Чылбы естіген дұғаларын жадына тоқып отырды. Әуелі тас бетіне ойып, ағаш жаңқасына тырнап жазып көрді. Сол кезде ел кезген әулие дорбасынан бұзау терісінен қаптаған, күміс зерлі мұқабасы жарқыраған, ауыр кітапты шығарды.

 

 

  1. Кітап

 

– Мұнда бәрі жазылған, – деді.

Ол үнсіз қалды. Дүзен Жайық Чылбыға тесіле қарап тұр. Көздері – оттай. Тұнған жігер, қайрат, мехнат. Бірінші рет бейнет пен жігердің бұртұтас күйін көрді. Тас-түйін. Шешімі берік. Әзір. Кез келген қиындық пен мехнат азабына әзір.

Көз алмай қараған беті кітапты ұсынды. Ол бір қолымен берді, Дүзен Чылбы екі қолымен алды. Діндарман жиһангердің екінші қолы таспиқтың тасын санап тұр еді.

– Сенікі.

Сосын күлімсіреді. Көшпелі жұрт бейтаныстың күлкісіне сенбеуші еді, бұл жолы танып алды ма, түсініп үлгерді ме, әлде езу тартқаны риясыз шықты ма, иланды.

– Бұл – шырақ.

– Иә, – деді.

– Кеш батып, қараңғылық түскенде, жұрт жарық іздейді, сен ұстаған от біз жаққан алауды түнектерге жеткізеді, жолына сәуле түсіреді, санасына саңылау ашады.

– Рас.

– Төңірегі қарауытқан сананың өзі де алакөлеңке.

Дүзен Чылбы ширығып тыңдап отыр.

– Ес көргенде ес, көрмесе – үрей.

Ол басын изейді.

– Қара түнді қақ жарғанда, қарсы алдынан таң атады.

Нанбасқа амал жоқ.

– Бәріміз де пендеміз.

Орынды сөз.

– Пенде – Жер бетіндегі ең биік мәртебе.

Дүзен Чылбы осы тұсын ұқпай қалды. Жиһангер әулие сабырлы.

–  Жасаған Ие жаратқан жаратылыстың естісі – адам. Көргенді түсінетін бар, танығанын білмейтінді мақұлық дейміз.

Қандай ғажап сөз, деп ойлады Дүзен Жайық Чылбы. Бізге серік – ой, ұзақ сапарда жолдас, жанымыз ауырғанда – дауа, көңіліміз аласапыранда – жайластырушы.

– От қараны ағартуда бір қауіп бар.

Үрейлене қалды. Дін қатерсіз емес пе, сынақтың түбі – мадақ.

– Бұлақтан су ішкенде көрінбеген тас шөл қан-дырғанда қайнар түбінде жылтырап тұнып жатады.

– Қауіпті ме?

– Тас қауіпті емес.

– Енді не?

– Ерте байқаса, қауіптеніп су іше алмай қалар еді.

– Қайтіп?

– Жылан жатса ше деп бір ойлайды, қоңыз жүрсе ше, деп екі.

– Көңілі алаңдап, ішер асының берекесін кетіреді. Өзі.

– Себебі?

– Демек, пенде көргеніне сенбейді.

Ол күлді.

– Санасына жеткенше, түсінбейді, сезіміне соқтықса да аңғармайды.

– Иә.

– Қауіп ойлайды.

– Табиғатына тән нәрсе.

– Қауіп – ойлағанда, билейді.

Әулие – аса байсалды. Әңгімесі терең әрі баппен шертіледі. Самал желдің қоңыр салқын лебі есіп, маңдайдан сүйеді.

– Ойламасаң, қауіп жоқ.

Жиын түс ауа тарқасты.

 

 

  1. Алғашқы махаббат

 

Сол күні Тақабай Чылбы Сақыпжамал Дүзенге тағы сөз айтып, көңіл білдірді, күзге сала, деді ару көл жағасында, шөп үстінде жігіттің құшағында талықсып жатып. Жанарында – мұң.

– Қорқамын, – деді Сақыпжамал Дүзен.

Тақабай Чылбы ойланған қалпы.

– Қорықпа.

– Соғыс болып кетсе ше…

– Енді соғыс жылда емес шығар.

– Қайдан білесің?

– Нені?

– Соғысты.

– Ажал соғыста емес, адамның өзінде.

– Өзімен бірге алып жүре ме?

– Өзімен бірге.

– Кім ойлап тапты екен.

– Меніңше, дұшпандар, біздің түк қатысымыз жоқ.

Екеуі бір-біріне қарай қалды. Сосын, күліп жі-берді.

– Сүйгізші.

– Жоқ.

– Онда соғыс басталып кетеді.

– Мейлі.

– Неге мейлі?

– Біз қатыспай қоямыз.

– Күнә.

– Не?

– Құшақтасқанымыз.

– Меніңше, біздің ауылға күнә келген жоқ.

Алыстан ауыл көрінді. Мешітті жағалай қонған ауыл. Тұңғыш рет жас жұбайлар мешітке барды. Неке қиды, өздеріне міндет жүктеді.

– Дүзен Жайық Чылбы, мәңгілік біргеміз бе?

– Шұға Өтеп…

– Иә?

– Әрине.

–  Дүзен Жайық Чылбы, мен қатты жақсы көре-мін.

– Алла разы болсын.

Молда уағыз айтып, ұзақ сөйледі. Екеуі бас шұлғып, мұқият тыңдап отыр. Сосын, неке суын ішкізіп, мөр басып, құжат берді. Орындарынан тұрып, сыртқа беттеді.

–  Қамария Жарас пен Асан Чылбы екеуі серт бай-ласқан-ды.

– Шұға Өтеп, бізге ұзақ ғұмыр берсін.

– Кім?

– Құдай Тағала.

– Арғы ата-бабалары – Құту, Үкен, Батачы, Бөрү, Бұқа – бәрі тірі.

– Иә, Асан Чылбы қыршын етті.

– Өкінішті.

– Шежіре бойынша, Құту, Үкен, Батачы, Бөрү, Бұқа аталарынан

қосылатын Асан, Үсен, Өтеп, Тақабай, Жарас ұрпақтары тегіс күйзелдік.

Көне шежіреден үзінді келтірді: “Дүзен: Құту, Үкен, Батачы, Бөрү, Бұқа. Асан: Құту, Үкен, Батачы, Бөрү, Бұқа. Үсен: Құту, Үкен, Батачы, Бөрү, Бұқа. Өтеп: Құту, Үкен, Батачы, Бөрү, Бұқа. Жарас: Құту, Үкен, Батачы, Бөрү, Бұқа. Тақабай: Құту, Үкен, Батачы, Бөрү, Бұқа”

– Құтылар заманынан соң Үкендер, Үкендерден соң – Батачылар, Батачылардан соң – Бөрүлер, Бөрүлерден соң – Бұқалар, Бұқалардан соң – Чылбылар.

 

 

  1. Тағдыр

 

Қыр жақтан, ауылдың желке тұсынан шаң кө-терілді. Тақағанда таныды – Үсен Чылбы. Мәжіліс Қамария Жарас екеуін қосудан бас тартыпты.

Чылбылардан соң – Қоры, Оғыл, Марал, әлқисса, Маралдардан соң – Қоғай, Батұн, Қаршы, Өгүз, тегі, Өгіздерден соң – Боты, Отчы, Тау, Батығай, Сембекі, Бөкүтей, Борылдайларға жалғасады.

Келер ұрпақтардың ғұмыры жазылған шежіре өзгермеуі тиіс. Бәрі болжанған, мұраты айқын, міндеті – жүктеулі. Асан Чылбы марқұмның Асан Қоры, Асан Оғыл, Асан Марал деген, артынан еріп келе жатқан іні-бауырлары бар депті мәжіліс, алдын ала шежіреге түсірілген, қатталған, бекіген.

– Пешенесіне не жазылса, соны көреді.

– Маңдайына бұйырғаны.

– Өлім жоқта, солай еді.

– Енді ажал барда, әулетінде қала береді.

– Қамария Жарасты шақырыңдар, – деді алқалы жиын.

Ол бетін басып, жылап келді.

– Пұт-кітапқа жүгінейік.

– Оны оқитын адам жоқ.

– Е, неге?

– Ұмытып қалыпты.

– Санамызды сәулелі жаңа дін билеген екен.

– Жадын жоғалтқан есінен айрылғанмен бірдей.

– Сойы-тегімізді ұмытпайық.

– Жаңа дініміздің көлеңкесінде қалып қоймасын.

– Жоқ.

– Күнгей жағында тұруы қажет.

– Иман жүрегіңе, ислам ішкі жан дүниеңе толғанда, көлеңке жойылады.

– Иә, бәрі жарықта болады.

Үсен Чылбы атына міне сала қырға шапты. Тістеніп, іштей бекініп алған. Көнген жоқ. Келіспей бара жатыр. Ертеде әмеңгерлік деген жоқ еді. Жесірдің басы бос, еркі өзінде болатын. Дін ауысқалы низам көбейді. Заң күшейді.

Бір пәле болғалы тұр. Үсен Чылбы жігіт жинады. Бір шоғыр қол. Ниетін ашық көрсетті, жасырмады. Шауып аламын деген белгі.

 

 

  1. Чылбылар

 

– Мен, – деді Үсен Чылбы, – Асанға ағамын.

– Рас, рас, – деп қоштады жиған сарбаздары.

– Әрбірден соң, ол – менің де туысым.

– Аруақ!Аруақ!

– Е, Алла! Алла!

– Пұт-кітап қайда?

– Тартып аламыз!

– Шап!

– Аттан! Аттан!

Үңгірге барса, қаптаған жұрт, аузы жабық, үйілген тас, алдында Дүзен Чылбы тұр.

– Ей, Асан Чылбы!

– Не тұрыс, Дүзен Чылбы?!

– Кімді шаппақсың? Өз еліңді ме?

– Пұт-кітап заманын орнатамын, ескі низамды шығарамын, Күміс кітап қайда?

– Білмеймін. Қара да көр.

Үсен Чылбы атынан секіріп түсті де, үңгірдің аузына барды, оған бірнеше сарбаз қосылды, бәрі кіреберіс босағаны арши бастады. Сосын, ішке кірді. Түкпірге өтіп кеткен Үсен Чылбы үңгір ішінен айқай салды, дауысы жаңғырып сыртта тұрғандарға жетті.

– Құран тұр, Пұт-кітап жоқ.

– Үсен Чылбы, басыл, уақыт өзгерді.

– Сонда қорадағы, даладағы уақыттардың керегі болмай қалған ба?

– Иә.

– Кешегі – көне зат, ескі дүниенің де қажеті жоқ па?

– Олар – өткен уақыттар.

– Сонда, қалай?

– Отқа тастаймыз.

– Сосын?

– От оларды өткенге апарып тастайды.

– Уақыт көп еді ғой.

– Енді жоқ.

– Асан Чылбы да өтті ме?

– Иә.

– Қайран бозбалалық кез, қадіріңді білмедім.

– Біздің жастық шағымыз да кешегі.

– Бәрі бітті.

– Кешегіден керек еместі өткенге, керегін келешекке әкетеміз.

Үсен Чылбы тізе бүкті. Топырақта отыр. Есі кіресілі-шығасылы. Ел ақырын жылап тұр. Бәрі жаңа заман орнағанын ұқты. Кенет басын көтерді.

– Пұт-кітап қайда?

– Басқа үңгірде, бірақ жолын ешкім білмейді. Білгендер, бәрібір, адасады. Адасып, аштан өледі.

– Кім жасырды?

– Иншалла, мұсылмандар.

Үсен Чылбылар атқа қонды. Өткенді болашақтан іздеуге кетті. Басқа жол жоқ.

Соңынан ерген жұрт кері жүруге кеңес берді. Көш кейін бұрылды. Әуелі ақпанға түсті, сосын – қаңтарға, қаңтардан ығыс, ықтырғы, қауыс, күйек, соқтау, дәндеу (мизам), тамызық, шілдеу, көзгеу, мезгеу, көктеу, ергеу. Дүние кері айналды.

 

 

  1. Кері айналған дүние

 

Бір жыл өтті.

Наурыз – Хамал көш сапарға шықты, Көкек – Сәуірде күн жылынды, Мамыр – Зауза, жазғытұрым мал төлі аяқталды, Үсен Чылбы көшіп келе жатыр. Жадтағы кешегі уақиғалар рет-ретімен кездесіп, еске түсіп, көңілді босатады, бұл кеңістік емес, уақыт көші еді. Маусым – Саратанға жетті, Шілде – Әсет жайлауға тоқтады, Тамыз – Сүмбіле, күн суыта бастады, күз келді, Қыркүйек – Мизам, шуақ төгілді, арқырап Қазан –Ақырап туды, қарашы үйлерді салқындатып Қараша – Қауыс қара суық әкелді, Желтоқсан – Жәди жәдігерлерді тапты, Қаңтар – Дәлуде көш кідірді, алда Ақпан – Құт бар.

Көп аруақтардың ішінен Асан Чылбыны көрді. Бөтен елдің тобында жалғыз өзі жүр.

Ол жүдеп кеткен. Көздері шүңірейген. Бірақ, уақыт бойынша кері жүрген қызық екен. Бәрі сол қалпында, жад есінде сақтаған күйі. Бір ғана кемшілігі: қимыл-қозғалысы, қоршаған дүние, сөйлеген сөз соңынан басталады.

Кенет Қамария Жарасты байқады. Сәйгүлікпен шоқытып, желе шауып бара жатыр. Үсен Чылбыны көрсе де, қараған жоқ, бетке алған бағытымен қыр басына шықты да, ары құлап, көз ұшында жоғалды.

Ол қол бұлғап, айғайлап шақырса да, мойын бұр-мады, әлде дауысын естіген жоқ па екен, көзтаныс ауылдастары да оны көрмегендей жанынан өте шығады.

Қолын ұсынса, қабыл алмайды.

Сонда, түсінді, өткен шаққа тек көрермен боп қана оралуға болады екен, ештеңе өзгерте алмайсың. Үш мезгілдің басы бір нүктеде қосылса да, кеңістіктері бөлек әрі жабық, мұражай жәдігерлері сияқты. Тек қызықтап өтуге ғана мүмкіндік бар.

Бір ауылға жеткенде, көш кеңістік ой-шұқырына түсіп кетті де, бәрі өзгере қалды, соңынан ерген жұрт осы шақтың белгілерін аңғара бастады. Өткен шақтағы осы шақ. Ел танып амандасып жатыр. қайдан келе жатқандарын сұрайды, олардың кеңістіктен емес, уақыттан келе жатқандарын түсінбейді.

Қайыра өткен уақыт кеңістігіне кірді.

Қызыл іңір. Ақшам жамырап, кеш батты. Ел үйіне тарқасты. Ай қараңғылығында бір жас ару киіз үйді айналып, өзен жаққа беттеді. Жүзін жасырып, шапанының жағасын көтеріп алған. Қараңғыдан бір бозбала жігіт шықты. Асан Чылбы. Екеуі құшақтаса жөнелді. Сосын, сүйісті. Түнге сіңіп жоқ болды. Сырттарынан сығалап қарап тұрған өзін көрді. Қамария Жарас, деп ойлады ол, бәрібір, сен – мендіксің.

Осы жерде екі Үсен Чылбы бірдей ойлады. Уақыт нүктесі тәрізді. Мүмкін, екі аралық өткел. Уақыт екі жаққа ауысып отыратын көпір.

Ол әлгі екеуінің соңынан жүрді. Сергек, сырт ете қалған үнге де жалт қарайды, көбіне көлеңкелерге жабысып, ай сәулесі түскен жарық тұстардан қаша ілгері жылжиды.

Қос ғашық өзен жағасында отыр. Кенет оның жадынан келер шақтағы ғұмыры жойылып кетті. Ол біржола өткен шаққа көшті. Бойын ыза кернеді. Өзіне өзі ырза емес. Ерте қимылдауы керек еді. Түн жылы. Әлсіз самал еседі. Құрбақа құрылынан құлақ тұнады. Сан түрлі жануар-жәндік түнгі дала тыныштығын бұзады. Ән салады, жыр айтады, шөп басын қимылдатады.

 

 

  1. Қайту

Қайтар жолда қар жауды. Сөйтсе, олар басқа өткелге түсіп кетіпті. Бәрі – жат, кеңістік – бөтен.

Шоғыр – жинақы, шағын, суыт. Тас-түйін. Сергек. Кеше төнген қауіп бүгін қоюлануы мүмкін. Теріс уақиғалар түзелген. Бірақ, жылдам. Жан-жақтарынан дөңгеленіп, шыр айналып кейін қалып жатыр.

Уақытты түсінбеймін, деп ойлады Үсен Чылбы. Өзгерте алмайсың. Бір келген өкініш есіңнен бір кетпейді.

Қайтып келе жатып Үсен Чылбы кеңістік пен уақыт адамның көзі түскенде ғана өмір сүретінін аңлады. Сіз қарағанша – жоқ. Көрмейінше, көзге түспейді. Сонда, дүние бар ма, әлде адам санасындағы күй ме, түсінік пе, образ ба… Не?

Ол бір сәт тірі екеніне, дүниенің рас екеніне сенген жоқ”.

 

Оқылған жылы: 24.12.2019

“Адырна” жорналы

 

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here