Дидар АМАНТАЙ

ҮШ ИМПЕРИЯ АҚЫНЫ

Эссе

Эпиграф тұрғысында:

“Бродскиймен Бірге Серуендеген Жылдары”

кітабынан, Елена Якович

“В этом смысле есть ответ в книге, когда он говорит, что его можно считать двуглавым орлом, потому что для него империя – это прежде всего стихия языка. А русский и английский языки, очевидно, имперские: хотя империи распались, но полмира на них говорит. И вот я на двух этих языках говорю, и меня можно считать человеком двух империй”.

Сірә, тоқсаныншы жылдардың соңы болса керек, асылдың тұяғы Жәнібек Азатұлы маған әкесінің (түркітанушы Азат Сүлеев, алашордашыл Біләл Сүлеевтің перзенті) қырқына барғанымда, Ғалымжан Мұқановтың мекенжайын жазып берді.

Бұл – үш тілді анық меңгерген ақын-аудармашы ағамыздың атағы дүркіреп тұрған кез еді.

Мен адрес бойынша Байтұрсынұлы/Шевченко қиылысына келдім. Іздеген студенттер жатақханасы қарсы алдымда тұр еді. Ішке енгенімде, көлденең жатқан дәліз оң қапталға шақырды. Сол жақ тұйық еді.

Бұрылдым. Екі-үш есіктен кейін Ғалекең бөлмесіне кірдім. Біз таныстық. Сосын, шайға отырдық. Көп әңгіме айтылды, көркем шығарма, зиялы қауым, аударма мәселесі, шығармашылық ізденіс, Олжас… сол жылдары кез келген интеллектуалдық талас-тартыс Олжекеңмен аяқталатын. Екі қарама-қарсы топқа бөлініп алған жұрт келісімге, ымыраға келмейтін еді.

Ал біздің көзқарасымыз сәйкес, ниетіміз туыс, көңіліміз бір екен. Бәрі дұрыс, тек бір нәрсе жетпей тұрғаны… Көп ұзамай, шай үстіне жетпейтін нәрсе келді. Мен түн ортасы ауғанда үйге қайттым. Жалғыз келе жатырмын. Маған Алматы шаһары жап-жарық сияқты көрінді. Кеше ғана көшелері күңгірт еді. Өзімді бақытты сезіндім. Еш проблема жоқ – қарсы алдымнан қуаныш қана күтіп тұр. Жастық шақтың –  бітпейтіндей көп күндерінің – бірі еді. Әй, осы таусылмайтын тәрізді, дейтінбіз. Біз ертеңгі күнге сендік. Сөйтсек, алыс деп жүргеніміз, дүниенің түбі – іргемізде, қарға адым жерде екен, бір бұрылғанымыздан қалмады, өзімізді өзіміз алдағандай сезінеміз.

Содан бері жиырма жылдан астам уақыт өтті. Өкінішке қарай, ардақты да аяулы аға өмірден ерте озды. Әуелі оң жақ аяғынан айрылып, мүгедек болды, артынан өзі кетті.

Ғалымжан Мұқанов ҚазПИ-дің қазақ филологиясы тобы мен Шет тілдер институтының француз/ағылшын бөлімінде оқыды. Екеуін де үздік бітірді.

Қайтеміз, қабілетті, парасатты жан еді. Тұлға. 2007 жылы ауыр науқастан дүние салды.

Ұлт алыптары Абай, Жамбыл, Мұқтар мерейтойлары тұсында, тоқсаныншы жылдардың ортасында, Ғалекеңнің даңқы дүркіреп шықты. Қазақ ұлыларын бірінен соң бірін аударды.

Бұрын шет тілінен ана тілімізге тәржіме тек дәнекер орыс тілі арқылы ғана жасалатын, ал, бұл жағдайда тікелей аударма жүзеге асты. Әрі қазақшадан тура французшаға қотарылды.

Махамбет, Абай, Мұқтар (“Қилы заман”) шығармалары Ғалекең таланты арқасында французша үлгісі түпнұсқаға жақындады.

Ол үш тілде өлең жазған алғашқы қазақ ақыны атанды.

Өте қарапайым еді, қарапайымдылығының өзі ұшан-теңіз білімі фонында, тіпті, алапат көрінетін. Кішіпейілділігі оқыған-тоқыған таңғажайып білімін, биік өресін, жомарт талантын асқақтатып, ерекшелендіріп тұратын. Мен келгенде күні ұзақ үйде жататын Ғалекең қуанып қалатын.

Тілі шұрайлы, қаламы жүйрік бейнетқор жорналшы еді. Оқымағаны жоқ.

Кітап сөресінде аса қажет кітаптары ғана сіресіп тұратын.

Бірге оқыған Ақас Тәжуітов, Шәріп Құрақбай (1956-2018) ҚазПИ-ден соң, Шет тілдер институтына оқуға түскенде, әлем жауһарларын ана тілімізге көптеп аударамыз деген ниет, мұрат аясында топтасып, бір тудың астына жиналған, үлкен миссияны атқармақ мақсатында бірлескен деген әдемі аңыз бар еді. Сол рас болса керек. Ақас тамаша сөздіктер құрастырды. Шәріп басқа қырынан, дарынды жорналшы ретінде көрінді.

Қайран Ғалекең, сонымен қатар, орыс офицерінің қазақ ханының қызына деген махаббатын бейнелейтін, мәскеулік архивтердің бірінде жүз елу жылдан астам уақыт жатып қалған, Байрон зайыбы, Клер Клермонттың (1798-1879) “Владимир – Зара” атты поэмасын аударды.

Пьер Корнельдің “Сид” қасіретін, П. Верленнің, Ш. Бодлердің жырларын, Ги де Мопассан кіші прозасын, заманауи ақын Ж. Жостың шығармаларын тәржімеледі.

Ғалекең – атақты ақын Мұқағалидің жерлесі, Нарынқол өлкесінің түлегі, 1953 жылы дүниеге келген.

Әлі есімнен кетпейді, бір аяғын кесіп тастағанда, ауруханадан үйге шыққан соң, мен артынан іздеп бардым. Табалдырықтан аттап келе жатқанымды көріп, кесік аяғын құшақтап жылағаны бар:

  • Дидаш-ау, аяғымнан айрылып қалдым.

Қазір қарасам, табаны күректей он үш жыл өтіпті. Кейде есіме түскенде, мен өзіме-өзім күбірлеп, Ғалеке-ау, бізді айтсаңшы, біз өзіңнен айрылып қалдық, дегім келеді, соны еститін шығар деп ойлаймын, қуана ма, кім білсін, – халқы оны ұмытқан жоқпыз.

 

01.11.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here