Дидар АМАНТАЙ

ЕСКІ РАДИО

Новелла

Сағат тықылы ғана естіледі. Бұрын радио сөйлеп тұрушы еді, қазір жоқ. Смартфондар қала өміріне дендеп енгелі, үні өшті, бір күні бөгет жасай берген соң, сымын түбінен қиып тастады, кейін үйде жөндеу жұмыстары жүргізілгенде, сылақтың астында қалды.

Үнемі бір дауыс ауа райы болжамын айтып күркіреп тұрушы еді.

Қазір радио керек-ақ. Көңілін аулап, басындағы бүкіл проблеманы ұмытуға, өмірін жаңадан бастауға, ойлануға, дұрыс шешім қабылдауға қазір радио керек-ақ. Бар болса, сөйлеп тұрар еді. Қалың ойы сейілері рас. Жеңілірек, жақсы нәрсе, естеліктер еске ораларын анық біледі.

Радио – жалғыздықта серік. Ойға – ес. Орнынан тұрып, радионы іздеді. Қайда қойып еді. Балконда. Есікті ашқанда қарағай иісі бетін жуды. Ыстық лап берді. Жарықтық, қай мезгілде болса да, жұпар шашып тұрады.

Балкон қажет емес заттардың қоймасына айналып кетіпті. Қопарыстырып жүріп, ескі жәшікті тапты. Аузында – тат басқан, тозығы жеткен қара құлып, жабылмаған, іле салыпты.

Бетіндегі артық нәрселерді алып, бұрышқа қойды. Бұрыш – күресін, үйе берген, сүйей берген, содан үйінді шыққан.

Радио сымына оратылып, түбінде жатыр. Өзі қалай орады, сол – қалпы. Аршып түбіне жеткенше біраз зат шықты. Үйілді.

Приборды қолына алғанда, шаң басқанын байқады. Дымқыл шүберекпен сүртті де, іші-сыртын тексеріп көрді, бүтін екен. Балкон есігін ашық тастады, таза ауа құйылып тұр. Қабырғаны тесіп, сымды жалғады, шеге қағып, радионы іліп қойды. Қосқанда, Қайрат Байбосынов ән салып жатыр екен. Әннен соң, Ерлан Төлеутай қазақ өнеріне төнген қауіптер туралы сөйледі.

Кешегі заман қайтып келгендей үй ішіне жылы атмосфера орнады. Радиодан күй төгілді. Шалқып-тасып келе жатып, бірте-бірте жоғары өрлейді, сосын, біртіндеп төмен құлдилайды. Ырғақ тұрақты. Күйші жаңылыспайды. Дәулескер.

Бұрын күйді алқа-қотан отырып тыңдайтын, нәш бар еді, салтанаты асқан, сәні жарасқан, қазір жұрт жүре тыңдайды, сондықтан балаға жұқпайды, суық.

Асүй жақ үнсіз. Бірдеңе қуырылып жатыр. Күйген майдың иісі келеді. Радионы қосып қойғаны дұрыс болды. Үйдің орысшасы басым, үстем әрі белсенді. Күллі смартфон, компьютер, байланыс құралдары, бәрі – орыс тілді.

Тек радио ғана түс алдындағы жексенбілік тыныштықты жарып қазақша саңқылдап сөйлеп тұр.

27.10.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here