Дидар АМАНТАЙ

БИОХИМИЯ СЧАСТЬЯ

Роман

(үзінді: басы)

  • Сіздің ойыңызша, Құдай бар ма?
  • Адамдар Құдайды білмейді, сондықтан көз алдына елестете алмайды.
  • Шамасыз ба?
  • Құдай… бар мен жоқтан – тыс.
  • Көктен түскен низам кітаптары ше, бар екендігінің дәлелі емес пе?
  • Біз сенеміз, сондықтан Құдай бар.
  • Тура.
  • Хайдггер, біз болмысқа ерте, Құдайға кеш келеміз, – дейді.

Екеуі сүрлеуге түсті. Бақ аралап келе жатыр. Күз айы – қараша, өтпелі кезең, арғы жақта мойнын созып желтоқсан тұр, бергі жақта бетін басып қазан-қыркүйек қалды. Бірақ, қала жылы, түнгі қоңыр салқын жанға жайлы, бойды сергітеді, тынысыңды ашады, тіпті, қарашаның ептеген ызғары, таңға жақын беті қайтып, сай-саланы, қала маңын селдіреп тұман басады да, біраздан соң, жайлап сейіле бастап, жоғары өрмелеп бара жатқан Күн шұғыласына бөленеді, талтүсте, тас төбеге көтерілгенде, қызуы денесін, жауырынды қыздырады.

  • Ұйқыңыз қалай?
  • Жақсы.
  • Менің сырқатым жанға батты.
  • Әуелі анықтап көрейік, бұл – жаза ма, сынақ па, әлде, тәртіп бұзған

пенденің қателігі ме, күтімсіз өмірдің теріс салдары ма, қазақ, өз басына өзі тілеп алған пәле, демей ме.

  • Иә.
  • Ғұмырымды қысқарта ма, әлде ғұмыр бойғы азабыма айнала ма?
  • Күтіну – күрестің белгісі.
  • Ал, күрестің мәні – жеңіп шығамын, мақсатыма жетемін деген сенім.
  • Сенім көрген нәрседен қалыптасады, біз дүниені көрмейміз, дүние бізді көреді.
  • Түсініксіз.
  • Біздің санамыз, ақыл-ойымыз фотоаппарат тәрізді, бейнеңізді суретке түсіріп алады, егер сана болса, фотоаппарат – әйнегінен өтіп, қорап ішіне түскен – фотоны көрер еді, алайда, Сіз суретке түсіп жатқанда, өзіңізді таспаға басып жатқан фотоаппаратты да, фотографты да көресіз.
  • Сонда?
  • Әлем бізге қарап тұр, әрбір жан иесі, сана егесі дүниеге қарағанда, ол да көз тігіп бізге қарайды.
  • Ницшенің тұңғиық туралы айтқаны еске түседі.
  • Иә.
  • Тұңғиық – шексіз.
  • Екі жақ көрген дүние – болмыс, қоршаған орта емес.
  • Қызық екен.
  • Сырқаттың да көзі бар.
  • Келісемін.
  • Білесіз бе, адам организмінде кесіп немесе сылып алып тастайтындай артық ештеңе жоқ,
  • Дерт ше?
  • Ол да мағыналы.
  • Қалай, сонда, дерт жақсылық па?
  • Мағына – тек қана оң, мазмұн – бейтарап, оң да, теріс те емес.
  • Неге?
  • Дүниеде мағынасыз зат бар ма?
  • Білмеймін.
  • Мағынасыз ештеңе өмір сүрмейді, өмір сүрген нәрсенің бәрі – мағыналы.
  • Сонда?
  • Мағына деген міндет атқарушы, қызметі жоқ нәрсе мағынасыз, демек,

өмір сүру – қызмет. Дерт өмір мен өлім арасындағы өткел. Өткенге дейін мағына жасап, қызмет атқарып үлгерсе, онда өлген соң – сүрген өмірі – мағыналы, яғни, өмірдің мағынасы – қызмет ету.

  • Яғни, еңбектену.
  • Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын, Абай.

Бақ іші ғажап, жайнап, құлпырып тұр, күзгі пейзаж шабытты оятады, шабыт – ақындарды. Әдемі, маусым ауысуы келісті, ажары атқан таңдай табиғат елең-алаңнан бастап күн ұясына қонғанша нұрлы, түнде түнектің қойнауына сіңеді, қаралы.

  • Сырқат ізгілік емес, әрине, бірақ, жеке мағынасында – қасірет.
  • Шер.
  • Қайғы да, қуаныш та – үлкен шеңбердің бөлігі, дәлірек айтқанда, шексіздіктің сәулесі.
  • Демек, бақыт мүмкін емес пе?
  • Тыңдаңыз, әлі күнге шейін көп нәрсенің құпиясы ашылған жоқ,
  • Рас.
  • Ғарышта бақыт деген ұғым жоқ.

Ол үнсіз. Кеш уақыты. Жол бойы орналасқан бағаншамдар сығырайып жанып тұр.

  • Ұлы масштабта қарасаңыз, шексіз ғарыштың жұлдыздар шоғырынан

Жердегі, теңіз жағалауларындағы құмның бір түйіршігіне дейінгі аралықты қамтыған заңдылыққа бағынуының бір көрінісі, кіші масштабта – өлі, тірі ауысымының дәнекері, жойылу тірілуге жалғасады, тірілу жойылуға ұласады. Тіпті, ғарышта бақытпен қатар өлім ұғымы да жоқ, тіршілік орнына қызмет бар, қызметтің иесі кім?

  • Орындаушысы ше?
  • Болмыс – сана туындысы. Сана – көрген нәрсенің бейнесі, көрмегенді не істейміз?
  • Сырқат жіберген кім бе, не ме?
  • Әр нәрсенің өз қызметі бар.
  • Бақыт дегеніміз адам санасының жемісі.
  • Ұлы ғарыш тәрізді біздің табиғатымыздың жаралуында да тәртіп бар, ал тәртіп ақылға құрылған.
  • Шын.
  • Ешқай органда рудимент жоқ.
  • Әрине.
  • Біз қызметін түсіне қоймаған дене мүшелері де белгілі бір мақсатпен жасалған.
  • Пенде баласы ойынша, адам – ғаламдағы ең мінсіз тіршілік иесі,
  • Қателеседі.
  • Неге?
  • Бүгін ғалымар прогреске сенбейді.
  • Біздің эволюцияның тәжі деген атағымыз бар.
  • Жалған сөз.
  • Демек, дүниенің қожасы.
  • Керісінше, адам – ең тиімсіз жан иесі, төзімсіз, ыстықта тез күйеді, суықта тез тоңады, аштық пен шөлге шыдамайды, ешқандай ауруға қарсы күресе алмайды, жылдам шаршайды, ақыл-ойының арқасында табиатты бағындырды, алайда, бәрі, бар билігі Жер планетасы шеңберінде ғана.
  • Рас-ау.
  • Біз де келдік, әңгіме де бітті.
  • Жақсы серуен болды.
  • Көп мәселенің жұмбағын шештік.
  • Иә.
  • Есіңізде болсын, ғұмырдың құндылығы барлық мән-мағынадан жоғары, қандай шарт қойса да, тіршілік бәрінен алда тұр, демек, өмір бірінші, ал оның мағыналылығы – екінші мәселе.

Екеуі жылы қоштасты да, екі жаққа кетті. Кешкі Алматы бойжеткендей сұлу, сүйген жан, ғашық ару сұлулығына ой кетіп… жүрген қайран он сегіз, қайта айналып келмес заман, жағалай тізіліп жанған шамдар төңіректі нұрға бөлеп кешегі қызықтарға шақырады.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here