Дидар АМАНТАЙ

КЕЗДЕЙСОҚТЫҚ

ақ өлең / эссе

 

Сіз, сөйлеу мәнеріңіз – Сіз, көпе-көрінеу сән бердіңіз Сіз, тұрысыңыз, жүрісіңіз, көркіңіз,

бір-біріміздің сағынышымызға айналып біз, тізеден байланып күз, жапырақ жауғанда, ілгері басқызбай, іңірде жарқ еткен жас қыздай, шам жанып, көшені аралап келе жатқанда, сыртымыздан самал жел еседі, қыркүйек соқпақ жол үстіне қызылды-жасылды кілемін төседі,

мизам-шуақ қуаныш тарқаса да, атқан таңға ажары жараса ма, қараса да көз тоймайтын қарашада, шіркін, жаз өтіп, қайран Әсет қалды ма қол бұлғап соңымнан, есіме алдым да, көңілім ортайып есіктің алдында,

тамыз да тамызық Сүмбіле, суытып өңірді, қым-қуыт өмірді, кеше, жаз қалаға шіліңгір ыстығын ала кіргенде, шілде жарықтық қаталап шөлдеп жатқан жерінде, шатырдың үстінде – бүгін күз, тарыдай шашылып сыртылдап, үзілген өріктер сыр тыңдап, кенет, тылсымнан құлайды тырсылдап, құлайды, тиеді үн қатып, бара жатқанда алаулап қызарып күн батып, алагеуім мезгілде, таңда да, кеште де, ғұмырдың бір мәні ештеңе, маусымда, ескі сүрлеудің сілемін қуалап барғанда, білемін, қайнар бұлақтың көзінде, су жоқ, құмығып сөйлеген сөзінде, сағыныш жатты, кезінде, жазылған арудың жүзінде, түн іші, тарылып тынысы, сылдырап аққан су дыбысы, естіліп, Жарлы өзен гүрілі,

біртүрлі, мәңгі өмір жоқ мүлдем, біреуі өкінген, біреуі бекінген, пәлсапа ажалға үйрету, жеңілдетілген – қаза жолы, тегі, бізден гөрі тас мәңгілік дүниеде, сосын, ғарыш, тіпті, алапат жарылыстың өзінде – өлім бар, Қорқыт оның жанында түйіршіктей көлемін мың-миллиард санға бөлгендегі бөлігі, қас-қағым сәт – таңның атып батқаны, жұлдыз өліп, жұлдыз туып жатқаны, қарақұрдым жалмауызы әлемнің, бізді Құдай сақтады, ашып қойып қақпаны, қара түнек қаптады, шілде – жалын, мұз қара көк ақпаны, таусылды ма талқаны, мол дастарқан дәм-тұзынан татқаны, адам – қара топырақтың жалғаны, космостың жел айдаған шаң-тозаңы – қалғаны….

21.10.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here