Дидар АМАНТАЙ

СӘУІРДІҢ ЫЗҒАРЫ

(Қаламгер Сәуле Досжан шығармалары туралы)

Эссе

Автор кейіпкерлеріне бақ пен сорды қатар үйіп-төккен екен. Сынға кезек, сынаққа бірге түседі. Мехнаты көп ғұмыр, шаруа бағып күн көрген қоңыр  төбел тіршілік, тартыс, күрес – бәрі тараудан тарауға, парақтан параққа озып, көшіп, тасымалданып – дамып, кемелденіп, ауысып отырады, ат басындай қайғы – тарқамайтын қуанышқа ұласады, жарымағаны жақсылыққ кез болады, ылғи жарқылдаған динамикалық геройлар.

Тілі оқуға жеңіл, уақиғасы түсінуге оңай: дәстүрлі прозаның үздік те үлгілі сипаттары бар. Сюжеттері – аса белсенді. Әрі екпінді. Іш пыстырмайды. Жалықтырмайды. Өзгеріп, өніп, өрістеп отырады. Кейіпкерлері – жарқын тұлғалар. Есте қалатын, бір сәт ұмытылмайтын персонаждар. Түгел қаракет жасап, қайрат көрсетіп жатады. Тегіс – ширақ, сергек, шалт.

Біз қарастырып отырған Сәуле Досжан шығармашылығы айтқан сөзімізге куә. Романдары – нығыз, іс-әрекеті көп, уақиғасы қалың. Бас қаһармандары – жалынды, жігерлі, еңбекқор…

Күллі шығармасы дерлік – қазақтың ұлы мұңы – Семей полигоны құрбандары туралы екен. Тақырыбы да сол. Өзі автор Семей, Қайнар, Қарқаралы өңірін түгел аралаған екен, жолын үйреніп алыпты, ауыл, жыра, сай-сала, тау-тас аттарын, жол сілемін жатқа біледі.

Еркін сілтейді. Шұрайлы тіл пейзаждарға жақсы – бай кейіптейді. Кестелегені – нәзік өрнекті. Жазуға енді жеткендей, асығып, сағынып жазады. Көркем мәтінге құштар.

 

Үлкен үйдегі үрей

(“Жазушы баспасы”, Алматы, 2013 жыл, таралымы екі мың)

Роман

 

Бұл роман – үш ғасырдың жиынтығы, қазақ тарихының үлкен уақиғаларын қамтиды. Тілі жатық, құнарлы, жақсы шығарма. Тез оқисыз.

Сюжеттік желі Қарқаралы-Семей өңірінде қалың дәулет, қазына-байлығымен аты шыққан татар көпесінің Қарқаралы қаласында салған “Акметовтің үйі” тұрғындарының өмірі төңірегінде өріледі.

Бүкіл романды бір қаһарман өзіне байлап тұр: ол Арслан, әуелі, аталған туындының бастапқы жартысында тірі кезін, адам бейнесін көреміз, кейін әкесінен мұра үйді күзетіп жүрген елес күйінде танимыз.

Тірі кейпінен ажырап, терезеден жібек шілтер жамылып түнгі бөлмеге түскен аруақ ұйықтап жатқан жұрттың мазасын алады. Себебі, жаназасы шығарылмаған, зиратқа қойылмаған, қабірін таппаған бейбақ… ағайын-жұрты арулап көмбеген, артынан ұрпағы Құран да оқымаған шарасыз – іргесіндегі отын қорада ораулы жатқан мүрде мәңгілік орнын тілейді.

Ақ қашып, қызыл қуған заманда әке мұрасына ие бола алмаған Арсланды тоқалы Хадишаның екінші революционер күйеуі балтамен шауып өлтіреді де, кезінде әкелі-балалы Акметовтер алтын-күмісін, інжу-маржан тастарын сақтаған құпия отын қоймаға апарып тастайды. Бергі жағынан отын қалап, іргені жауып, бекітіп қояды.

Хадиша, негізі, азғана уақыт дәурені жүріп, шалқып өмір сүрген персонаж. Татар күйеуіне атбайлар баласын тауып беріп, ықпалы енді күшейген кезде, төңірегін билеп-төстей бастағанда, заман өзгереді.

Ол ерінің татар бәйбішесі Нүрияны қазан-ошақтан, үй шаруасынан, әңгіме-кеңестен шеттетіп те қойған еді, төменгі үйге қуып, бүкіл ырзықтан аластағаны да, қашырғаны да рас болатын. Бірақ, Таупық дүниеге келгелі – дүние тарылады. Ел бұзылады, совет белсенділері ойран салады, қазына-мүлікті тәркілейді.

Кітаптың соңында елестің құпиясы ашылып, жұмбағы шешіледі. Бірақ, елес қаншама адамды қазаға ұшыратады. Өлі риза болмай, тірі байымайды деген осы.

Шығармада қаламгердің шынайылығын көрсететін, тіл сұлулығын аңғартатын детальдары көп-ақ: 1) “Оның алп-алп басқан әр қадамы әйелдің жүрегін жаншып кетіп бара жатты”, 2) “Кәмшат бөрігінің үкісі бұлғаңдап, қыжым бешпентінің белін қынай буып… 3) “Басында кимешек, кең-мол пішілген бәтес көйлектің сыртынан жеңсіз пұлыш киеді”, 4) “Баяғы Акметовтан қалған үлкен үйдің екі жағынан екі есік шығарған Шапанбаевтар мен Шалқарбаевтардың отбасылары өсіп-өнім жатты”…

 

Екі күйеулі келіншек

(“Жазушы баспасы”, Алматы, 2013, таралымы екі мың дана)

Хикаят

 

Көркем туынды Бас кейіпкер Гүлжанның өз басынан өткен жайттарды жорналшы құрбысына айтудан басталады.

Гүлжан қолында бір күйеуі – мүгедек Ерік – бар. Өзі – Игорьдің әйелі. Балалардың әкесі Ерік ішіп кетіп, өмірінің соңында Гүлжанды жағалап қайта оралады. Ұрпақ үшін кешіреді. Артынан ерген нәсілі әкесін өздері күтеді. Игорь – қарсы емес, тек арағын қойсын дейді.

Бас жағында, орта тұсында қалаға келгендегі өмірі әңгімеленеді. Асхана бастығы Марат екеуі арасындағы қарым-қатынас нанымды бейнеленеді.

Шығармада атауы көрсеп тұрғандай қазақ қоғамына да азаматтық неке дендеп еніп келе жатқаны, күн тәртібіне көтерілгені сөз болады, тіпті, көп еркекпен қатар жүре беретін бай келіншектер туралы да әңгіме қозғалады.

 

Жатқа туған бала

(“Жазушы баспасы”, Алматы, 2013 жыл, таралымы екі мың дана)

Хикаят

Бұл шығарма ерлі-зайыпты Жария мен Мақсұттың тағдырын бейнелейді. Перзентсіз отбасы Жақсыбек пен Айғаным жалған-ана” (суррогат-ана) көмегімен бала сүюді армандайды.

Құрбысы Шара Жарияны Түркияға оқуға кеткен жолдасы жоқта Айғаныммен таныстырады, екі жақ “жалған ана” қызметінің құнын екі бөлмелі пәтер деп белгілеп, ортақ келісімге келеді.

Бірақ, кейін, бәрібір, күйеуі Мақсұт құлақтандырылады. Ұрық кезінен өсіріп-жетілдірген баланы дәл туар алдында жақсы көріп қалған ана қимай, қатты қиналады.

Шығарма үлкен философиялық-этикалық мәселелерді көтереді.

 

Қасірет пен тағдыр

(“Қазақ университеті” Баспа Үйі”, Алматы, 2019 жыл, таралымы 500 дана)

 

Роман – төрт жүз бет. Басты қаһармандары: Аяулым, Мэлс, Әмір, Гүлім-ай… Бүгінгі заманда кең тынысты шығармалар жазылатынына күмән білдіруші едік.

Бар екен.

Тегі, автор үлкен шығармалар жазуға төселіп алған тәрізді. Роман Аяулым мен Мэлс арасындағы жас махаббат, мөлдір сезім туралы эпизодтардан басталады. Кейін Мэлс үйленбей қалады, Аяулым Әмірмен қосылады.

Мэлс – мүгедек. Тіпті, Аяулым да Шынар есімді қыз тауып, нәресте құрсағынан Даун кеселіне ұшырайды. Ақыры, шетінеп кетеді.

Әмір ерте дүние салады. Бұл жайт Аяулымды қатты қинайды. Жұмыс іздеп, бала-шағасын асырайын деп, әбден сергелдеңге түседі.

Қорлап та кетеді, бірақ, Ауялым отбасын сүйреп жүріп ақыры жақсы күніне де жетеді. Ол әлі үйлене қоймаған Мэлске тұрмысқа шығып, бақытын табады.

Сәуірдің ызғары бар екен, деп жазады автор кітабының соңына қарай (382-бет), сюжет те финалына жетіп қалған кез… Ол (Аяулым) сәуірдің бір кешінде Мэлсті күтіп тұрады, екеуі сөз байласуы тиіс, аса маңызды күн.  Бірақ, ызғарды шегіндірген екі нәрсе болады, бірі екеуінің жұптасуы, бірі, бұл қуанышты хабарды естіген Мэлстің жүріп кеткені… аз-аздап, қаз-қаз басып.

Әдетте, көктемнің ызғарын сындырып сәуірден соң жылы маусым келеді. Әрі қарай – жаз. Өмірдің белсенді уақыты. Сәуірде табысқан қос тағдыр енді күллі кедергіні бұзып өтуге әзір.

Қаламгер әлеуметтік мәселені, жеке адамның қайғы-шерін бүкіл халықтық драма деңгейіне көтере білген.

Зұлымдық ақырына дейін айтылса ғана кетеді. Қайратты қаламға атқаратын жұмыс көп.

20.10.2020

 

 

 

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here