МАРТИН ХАЙДЕГГЕР ФИЛОСОФИЯСЫ

Соңғы кездері еуропалық интеллектуалдық орта неміс ойшылы Мартин Хайдеггерді XX ғасырдың ұлы философы деп атап жүр, алайда оның шығармашылығына деген көзқарас әлі күнге шейін тиянақталған жоқ, біржақты емес.

Баз біреулер оны қызыл сөз қуған ділмәр шешен көреді, кейбірі ертеңгі күнді болжаған көріпкел санайды.

Шынымен, Мартин Хайдеггер кім? Қазіргі таңда Хайдеггер туралы ондап, жүздеп, тіпті, мыңдап жарияланып жатқан көп мақалалардың ішінен бірін, сәттісін таңдап алып, орыс тілінен қазақшаға аудара отырып, алаш оқырманына белгісіздеу тұлғаны таныстыруды өзімізге мақсат тұттық.

 

Хайдеггер соқпақтары

Бірден айтуға тиістіміз: Хайдеггер философиясын түсіну үшін жаңа талап-тәртіпке көшірілген (өлшемге құрылған) ой-пайым жүйесі қажет. Хайдеггер ойының соқпақтары дәстүрлі метафизика жолынан тыс жатыр. Белгілі бір таным деңгейіне жету үшін әуелі “дайын суреттермен” ойлау (Мераб Мамардашвили) дағдысынан арылған жөн. Хайдеггерлік философияның ерекшелігі оның Болмысты бөлек, оқшау түсінетіндігінде жатыр. Әдепкі жұрт ұйғарымынша, дүниеде бар белгілі бір нәрсе қашанда бірдеңе атқарып, бірдеңе жасап тұрады (өзінің міндетін немесе қызметін). Мысалы, тас жатыр, жылқы жайылып жүр, адам сөйлеп отыр. Хайдеггер ортаға аса маңызды сауал тастайды, “бар” дегеніміз не? Тас, жылқы, адамның “бар” екендігі бірдей ме? Тең бе?

Ойлана-толғана келе тосын байлам түйеді: бірдей емес. Тас – бар (“наличествует”), жылқы – жайылуда (жайылу жағдайында жүр, “пребывает”), адам тірлік кешіп (“экзистирует”) отыр. Тірлік кешу дегеніміз бар екендігінен тысқары шыға алу қасиеті, қаракеті. Бұл адам баласының әлемдегі ерекше жағдайын, айрықша орнын айқындайтын пассаж. Ол затияға (“сущее”) ұстынды түрде ашық, өзіне-өзі қамақ емес. Адам құзырына қараған затияны назарынан сырт жібермейді.

Кезінде, біздің дәуірімізге дейін, дәстүрлі философиялық-психологиялық түсініктер адамды субъект, тұлға ретінде айшықтап, пысықтап келді. Мен, психика, сана. Хайдеггер адам табиғатын Dasein деп белгілейді. Бұл сөзді “осы-Болмыс” (“вот-Бытие”) деп аударып жүр. “Осы” деген тіркеме сөз белгілі бір нәрсенің кеңістіктегі орнын көрсетіп тұрған жоқ. Бұны түсіну – өте маңызды. Dasein – затияның, ұсынылған мәндеріне деген өзінің ашықтығын, мызғымай берік ұстап тұра алу жағдайы. Хайдеггер: “Адам “осы-Болмыстың” өзі ретінде өмір сүреді, демек, оның сәулесі”, – деп жазады.

Хайдеггер бойынша Болмыс дегеніміз не?

Ең әуелі, Хайдеггердің Болмысты категория тұрғысында емес, уақыттан тыс, тарихи тұрғыда пайымдайтынын ескеру керек.

Бұл деген Болмыстың затияда (“сущее”) көріну әдіс-амалы уақыттық аяда өзгеріп отырғанын білдіреді. Мысалы, сократқа дейінгілер Болмысты “фюзис” тұрғысында, яғни заттық-табиғи бастау ретінде түсінді, Платон “түйін” (“сущность”, “идея вещей”) тұрғысында, Аристотель “қуат” – хақында (мүмкинаттан хаятқа көшу, “переход от возможности к действительности”) және т.с.с. Алайда, Хайдеггер Болмысты ұмытқанның үстіне ұмытып бара жатырмыз деп есептеді (“забвение Бытия”). Көне ойшылдар пайымдаудың Болмысқа деген ашықтығына әлдеқайда жақын еді. Әрі қарай – пайымдау өзіне өзі қамала түсті. Бұл туралы Жаңа Дәуір заманында дүниеге келген субъектілік-идеалистік философияның Болмысқа қарағанда пайымдау бірінші, ғалам пішінін сол қалыптастырады, әлемді сол құрайды деген көзқарасы куә. Қолжазбаларында Хайдеггер Ұмытылған Болмыстың тарихы, пайымаудағы трансформациясы туралы очерк келтіреді:

Fusiz (Сократқа дейінгілер)

Ousia (Платон)

Energia (Аристотель)

Actus (Схоластар)

Perceptum (Декарт, Беркли, Юм)

Objectum (Кант)

Wirklichkeit (Лейбниц)

Wille und Vernunft (Фихте, Шеллинг, Гегель, Шопенгауэр)

Machenschaft (Ницше, Дильтей, Бергсон)

Seinsverlassenheit (марксизм, прагматизм)

 

Болмысты Хайдеггердің өзі қалай түсінеді?

Болмыс ұмытылған соң, енді оны әңгіме ету үшін оған ой бастайтын жолды тазалау қажет, сонымен қатар, ол жайлы сөйлейтін тілдің де жолын ашқан жөн. Сол себепті, Хайдеггердің тілі аса күрделі. Жеңіл емес, қозғауға, орнын ауыстыруға қиын, ауыр, ұзын сөйлем құрылымдарының ұзақтығы сондай, аяқтап келе жатқанда, басы қалай басталғанын ұмытып та қаласың. Хайдеггердің өзі, түсінуге өте ауыр ыңғайсыз тілі жайлы пайымдаудың мүлде өзгеше ұстындары өзінің төл лексикалық құрамын, ана тілін қалыптастырады, деген пікір айтты. Хайдеггердің қолайсыз сөз құрылымдарының қалыптасуына оның осы бағыттағы, ой толғап, пайымдаулар жасаған алғашқы, тұңғыш философ екендігі тікелей әсер етті. Хайдеггердің еңбектерін түсінікті тілге көшіру келер ұрпақтың бір міндеті болуы мүмкін. Бірақ, мәселе мынада, аударма барысында Хайдеггердің ой-таным тереңдігі жоғалып кетпей ме екен күдік бар.

Демек, Хайдеггер Болмысты Уақыт аясында қарастырады. (тіпті, оның басты шығармасы “Болмыс пен Уақыт” деп аталады). Хайдеггер Болмыстың да, Уақыттың да затия немесе затияның (“сущий”) бір түрі еместігін біледі. “Егер Болмыс бар болса, біз оны затия (“сущее’) деп тануға мәжбүрміз әрі оны өзі тәріздес басқа затиялар қатарынан тауып ала аламыз”.

Осы аудитория бар. Шам жарықтандырған аудитория бар. Жарық аудиторияны біз ойланбастан-ақ затия тектес бір нәрсе деп қабылдаймыз. Бірақ, аудиторияның қай жерінен біз осы “барды” табамыз? Болмыс нәрселерінің ешқай жерінен біз оны таба алмаймыз. Уақытқа қатысты да сол. “Уақытты көрсетіп тұрған сағаттың ешқай жерінен біз уақытты таба алмаймыз, сағат механизмдері арасында, циферблатта ол жоқ. Заманауи техникалық хронометр құралдарында да жоқ. Бұл жайт төмендегідей тәртіп орнатады: хронометр техникалық тұрғыда және өлшем нәтижелері бойынша тиімді болған сайын уақыттың өзі туралы ойлануға да себебі азаяды”.

Болмыс пен Уақыт бар екендігі орындық, ағаш, қабырға бар екендігімен тең емес. Әрине, тілге тиек – ештеңе емес, бірдеңе. Сондықтан Хайдеггер Болмыс пен Уақыттың затияда өмір сүру әдіс-амалын белгілеу үшін “es gibt” ұғымын қолданады. Бибихин оны орысшаға “имеет место” деп аударған, қазақша – “орын алды”. Болмыс пен Уақыт орын алды. Болмыс затияда қатысу арқылы орын алды. Жасырылғанды ашу (“открытие потаенности”). Болмыс дегеніміз қатысуды (“присутствие”) білдіреді. Қатысу (“Присутствие”) дегеніміз адамның бір маңызды нәрсесімен ілігу (“задевание чем-то существенным человека”). Адам – қатысуын ұстап қалған беріктік (“Человек –  это устоявший в захваченности присутствованием”). Адам – қатысқанына үнемі сый иеленуші. (“Человек – тот, кто является постоянным приемником дара присутствия”). Осы сыйды иелену арқылы адамның адамдық өлшемі қалыптасады. Сондықтан қатысу қуанышын ешкім алып шықпаса, Болмыс ашылмай қалады, адам Болмыс өлкесі ашықтығынан алыстап кетеді, адам адам болудан қалады. Адам дегеніміз Болмыс бақташысы. Затияда Болмыс – оң ашылуына алаң қамқорлық иесі. Болмыстың ашылуы Уақыт қатысуымен жүзеге асады. Бірақ, Уақытты белгілі бір ұзақтық немесе бірінің соңынан бірі жүрген не ерген сәттер не осы сәттердің ауысымы деп түсінуге болмайды. Уақыт Болмысқа қарап, өзінің Уақыт екенін шын (нағыз) мәнінде көрсете алады. Алайда, шын (нағыз) мәнінде деген “Енді Қазір” емес, “Қатысушы” түрғысында деген мағынаны білдіреді.

Біз жоғарыда Қатысушы қатысу ұғымына адамды “берік ұстаған” деп анықтама бердік. “Берік ұстаған” қалай жүзеге асады. Уақыт арқылы. Өйткені Уақыт Өткен ғана (Cол Кезде) емес, Oсы шақ та (Енді Қазір), Болашақ та (Кейін). Уақыт “Жүзеге Асқан”, “Қатысып Тұрған”, “Келе Жатқан” ретінде орын алады. (“Оно имеет место как Осуществившееся, Присутствующее, Наступающее”). “Бізге Уақытты екі нүкте арасындағы ұзындық өлшемі тұрғысында түсінген әлдеқайда анық. Уақыт туралы бұл түсінік бірінен соң бірі келетін не жүретін, үш өлшемді кеңістік туралы түсінігімізден қалыптасқан. Алайда, қандай да бір уақыт есебінен бұрын, одан, тіпті, дербес “осы шақ”, “жүзеге асушы” және “енді қазір” арасына өзара тартылған (тартылушы, “протяженность”) орын алғаны анық. “Келе жатқан” да, “әлі осы шақ емес” те, “келе жатушы” да, сонымен қатар, “енді осы шақ емес” те жүзеге асқанда, тіпті, нағыз осы шақта әрдайым тию мен ілігу, яғни, “қатысушы” бар. Осындай пайымдауға түскен “қатысуды” біз үш өлшемді уақыттың біріне жатқыза алмаймыз, әсіресе – осы шақты. Дәлірек айтсақ, уақыттың үш өлшемінің тұтастығы немесе бірлігі бір-бірінің пайдасына ойнаған ойыннан көрінеді”.

https://concepture.club/post/obrazovanie/hajdegger

Орысшадан аударған Дидар АМАНТАЙ, 21.08.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here