Дидар АМАНТАЙ

БАСЫМЫЗДАН – БЕЙНЕТ, КӨЗІМІЗДЕН ЖАС КЕТПЕДІ

Рецензия/эссе

Кіріспе

Биыл, көктем айларының жайма-шуақ күндерінің бірінде, шыңырау құз-шатқалдар шыңдарынан ала қанат Алатау етегіне ызғар суыққа айналып, төмен құлағанда, Алматыға жаз келе жатқанын анық аңғардық.

Бұл елдің таңғажайып табиғатының күн суықта нұр шашып тұратын тамаша қасиеті бар. Таңертеңгі салқын түс мезгіліне таман тарап кетеді. Қалаға жаз маусымы орнайды. Қалың ағаш, мәңгі жасыл шырша жарыса, жанталасып жоғары өрлеген қалпы, баурайында қымтанып жатқан көркем қаланы жасыл желек, көк майса шөпке көміп, елді тысқа, көшеге шақырады. Талтүсте жұрттың бәрі кафе-барлара кофе ішіп отырады.

Бүгінгі бейбіт өмірдің шат дауысынан, ауыл-аймақтың бұйығы тыныс-тіршілігінен, ірілі-ұсақты қазақ шаһарларының бітпейтін бір айқай-шуынан, кешегі ашаршылықтың күңіренген жантүршігерлік үнін естімейсіз, бейнесін көрмейсіз, жайын түсінбейсіз.

Елді жайлаған аштық ертегідей көрінеді.

Неге?

Себебі, ашаршылық туралы аз айтыла ма екен, әлде, оқу орындарында тиіп-қашып оқытыла ма екен, тіпті, аш-жалаңаш күйімізде жаппай қырылғанымыз үшін қысылатын да, ұялатын да сияқтымыз.

Тоғышар қоғам сән-салтанатын бұзғысы келмей ме екен. Ұмытқанымыз қылмысқа тең қасірет.

Қасіретті еске түсіріп, бейбіт, мамыражай ағып өтіп жатқан бақытты ғұмырымызды бір сәт болса да үзіп, қапалансақ, қайғырсақ, жатқан жерінде аруақтар бір аунап түсер еді. Нәубет белгіленген күні, жұрт жұмысына жетіп үлгерді-ау деген мезет, неге жер-дүниені жаңғыртып, автомобильдерімізді пепілдетіп, жазықсыз жазаға тартылған, айыпсыз айдалада атылған, еш себепсіз қынадай қырылған қазақ халқының құрбандарын жадымызға алмаймыз.

Құрметіміз қайда?

Фашист концлагерінде тамұқтың азабын кешкен, атақты ойшыл, Вена мектебінің негізін қалаушы Виктор Франкл бір сөзінде, “қасірет адамды өзгерте алса ғана мағыналы”, деген екен. Оны тозақтан жетелеп алып шыққан үміт болса керек.

Біздің де үмітіміз бар: күндердің күнінде ашаршылыққа да саяси баға берілетін шығар деп күтеміз.

 

Құжат-деректер

 

Көктемде, мамыр айының басында, Print House Gerona баспаханасынан “Аштық жайлаған дала” атты Сара Камеронның, Сәуле және Зәуре Батаевалар ағылшыншадан қазақ тіліне төтелей тәржімелеген, тікелей аударған, қазақ ұлты, алаш ұлысы үшін аса маңызды кітабы жарық көрді.

Таралымы шағын (2500 дана) кітаптың ана тілімізде басылып шығуына Досым Сәтбаевтың жеке қорының қолдауы себепкер болған екен.

Автор аталған еңбекті жазу барысында қасынан табылған, демеу білдірген әріптестеріне алғыс айтады: Йель университеті мен тармақтарына, Америкалық ғылыми қоғамдар кеңесіне, АҚШ Мемлекеті Департаментінің түрлі құрылымдық бөлімшелеріне, Лора Энгельштейнге, Тим Снайдерге, Бен Киернанға және т.б.

Сонымен қатар, Жұлдызбек Әбдіғожинге, Талас Омарбековке, Сәбит Шілдебайға, марқұм Мақаш Тәтімовке, Сәуле Сатаеваға, Әсел Шаяхметке және бірқатар азаматтарға рақметі шексіз.

 

Кітаптан алған жалпы әсеріміз

Сөз жоқ, аса құнды дүние, деректер мол, күллі ақпар-мәліметтің түпнұсқаға апаратын, арқа сүйеген сілтемелері бар.

Әрі ғылыми, әрі көркем эссе тұрғысында жазылған дүние. Камерон ханымның ұзақ еңбектенгені, табанды жұмыс істегені, қайрат көрсеткені, тіпті, тақырыпқа деген шынайы құштарлығы, қазақ халқына деген адал пейіл-ниеті, ықылас-ілтипаты көрініп тұр.

Бір байқағанымыздай, автор қазақ тілін біршама білетін сияқты. Елдің көшпелі тұрмысын, салт-дәстүрлерін, асын, көші-қонын, ән-күйін, даласын, ауа райын, тарихын жақсы зерттегені қаламынан, сөз саптасынан, тұжырымдарынан анық көрінеді.

“Қазақтың өлі риза болмай, тірі байымайды” деген мақалын эпиграф тұрғысында алғаны да сақара жұртын жақсы танитындығын аңғартады.

Еңбекте әсірешілдік жоқ, әр нәрсе өз орнымен айтылады. Тақырыбын жеңіл сенсацияға да айналдырмайды, себебі автор жақсы біледі, ол ұлы қасірет туралы жазып отыр.

Тұтас бір ұлттың тағдыры туралы терең қалам тербеген Сара Камерон баға бергенде, трагедия масштабын көрсеткенде, сандарды алға тартқанда мейлінше сақ, әділ, дәл. Тапқан, жинаған, өңдеп келтірген фактілеріне адал.

Кітап – жүйелі. Тарау, бөлімдері асқан бір тәртіппен орналасқан.

Деректі туындыда пафос жоқ. Фальш – екі бастан.

Негізінен, кітап Қазақстан, қазақтан гөрі шетел аудиториясына көбірек арналған тәрізді. Әрі бұл өте дұрыс та. Себебі, дүниежүзі білуі тиіс, киіз туырлықты қазақтың аштық жылдары жартысынан астамы нақақтан-нақақ қырылғанын дүниежүзі білуі тиіс.

Автор ашаршылықты әлемдік драма, адамзаттық қасірет деңгейіне көтереді.

Шын мәнінде, “Аштық жайлаған дала” кітабы – орасан зор еңбектің нәтижесі.

Қасірет-қапа шежіресі. Жан азасы.

Шынайы көзқарас, үзбей зерттеп, оқыған адамның еңбегі. Бір күннің, бір жылдың жұмысы емес, бес-алты, тіпті, он шақты жылдың жемісі деп білеміз.

Сара Камерон сақара қазақтарының алапат кезеңін, жерін, елін тартып алып, өздерін, бүкіл даланы босқынға айналдырған, ойран салған, жаппай қырған ұлы  аштық трагедиясын жалпы планеталық тілде, бүкіл адамзат ақыл-ойын билеген ағылшын тілінде бар әлемге паш етіп отыр.

Еститін құлақ естиді, көретін көз көреді.

Автор әр сөзін дәйектейді, бұра тартпайды, бұлтармайтын дәлел келтіреді.

 

Кітаптың мазмұны және құрылымы

 

Кітаптың бір ерекшелігі – бір ғана тақырыппен шектелмеген. Негізгі  мәселеден басқа, өткен ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ басынан кешкен күллі қайғы-қасірет, азап-мехнат түгел дерлік көрсетіледі: оның ішінде аштық та, қандыбалақ советшілердің тізесі батқан озбырлығы да, қиянаты да, зорлық-зомбылығы да бар.

Ел іші жиырмасыншы ғасыр басталғалы бейнеттен көзін ашқан жоқ. Дәлірек, Қазақ Хандығы 1822 жойылып, Кенесары (1802-1847 / 1838-1847) аттан жығылып, ажал құшқалы қазақтың еңсесі бір көтерілмеді.

Хан баласы аға сұлтан болды, демек, Патша өкіметінің қатардағы қарапайым шенеунігіне айналды. Кешегі айбынды, жаужүрек қазақ басқарусыз, қорғансыз, қамқорсыз қалды. Жағдайы күн санап, жыл санап төмендей берді. Соңында елсіз-жерсіз, үйсіз-күйсіз қалатыны белгілі еді.

Сонымен, біз талдап отырған кітап 1896-1921 жылдар аралығынан бастайды.

Кіріспе бөлімінде, атақты қаламгер Әлжаппар Әбішевтің естелігі келтіріледі: “Бала болсам да, ауылдағы асыра сілтеушілікті ұмыта алмаспын, сірә… сол кез есіме түссе, сай-сүйегім сырқырайды”. Жалпы, менің білуімше, аштық өткен ғасыр басында дүркін-дүркін қайталанды, автор бұл жөнінде хабардар екен. Бейімбеттің “Күлпашты” жазуы 1921жыл болса керек. Аштықты өте дәл әрі алғаш бейнелеген шығарма. Кейін алпысыншы жылдары бұл тақырыпқа Мұқтар Мағауин (“Тіленші”, “Бір қадақ бидай”)қалам тартты, Смағұл Елубай роман жазды.

“Ел жан-жаққа тентіреп, тамақ іздеп кетеді”. Әрине, 1932-33 жылдары ең ұлы аштық сақараға баса-көктеп кірді. Қазақ халқын тұралатып, ойсыратып кетті. Кіріспеде Сара Камерон “бұл Сталиндік режимнің ең жиіркенішті әрі ауыр қылмыстарының біріне жатады”, деп ой түйеді.

“Қазақстандағы аштық этникалық сипат алды” деп атап көрсетеді, жергілікті халықтың саны 60 пайыз болғанда, қазаға ұшырағандардың 90 пайызы қазақтар болып шыққан.

Халықаралық мінбелерден кеш айтылып, тақырып тереңіне бойлаған ғылыми зерттеулер кешігіп қолға алынып жатыр, десек те, француз Изабель Охайон, италия ғалымы Никкола Пьянчола, неміс ғалымы Роберт Киндлер Қазақ Ашаршылығы туралы қалың-қалың кітаптар жазған көрінеді, тіпті, жариялап та үлгеріпті.

Киндлер “Мәскеудің ашаршылықты қазақтарды партия басқарған мемлекетке бағындыру құралы ретінде пайдаланбақ болғандығын растайды”…

Автор да осы пікірді ұстанады.

Жалпы, кітап кіріспеде, бастапқа бөлімдерде көрсетілген 1896-1921 жылдар аралығындағы бүкіл саяси-тарихи уақиғаларды қамтиды.

Ресей қасақана жіберген қоныстанушылардың қазақ жеріне қалай ағылып келгенін, елдің өрісі тарылып, жақсы құдық-қоныстардан айрылғанын, шөл және шөлейт аймақтарға қарай күшпен ығыстырылғанын түгел баяндайды.

Қазақтың отырықшы, жартылай отырықшы және көшпелі боп үш топқа жіктелгенін де дәйекті суреттейді. Жайылымның құнарлы тұстары Патшалық Ресейден көшіп келген мұжықтарға, шаруларға беріледі, тіпті, қазақтың күллі жері мемлекет меншігі боп жарияланады. Кейін Совет Одағының мұрасына айналады.

Келесі тарауларында социализм табиғаты, көшпелі мал шаруашылығының тағдыры жөнінде әңгіме қозғалады. Кіші Қазан революциясы, қазақ зиялы қауымын баудай түсірген қуғын-сүргін туралы айтылады. Автор детальдарға өте абай, сақ, цитаталардың алынған көздеріне сілтеме жасап отырады.

Сонымен қатар, ұжымдастыру науқаны кеңінен қарастырылады, тіпті, куәгерлердің сөздерін, естеліктерін келтіріп отырады.

Көшпелі жұрттың байы мен кедей табын ажырату, екеуіне анық статус беру қиынға соғады.

Күрмеу

Аштықтан қырылып жатқан елдің алақанын түйіп жататынын байқаған Смағұл Ыбырай атты бала, Семейде көше кезіп жүріп, не де болса көрейінші деп, өліктердің алақандарын жазса, бір түйір нан шығады. Сөйтсе, бейбақтар өліп бара жатсақ жейміз деп сақтаған қорегі екен, бірақ, өліп бара жатқанда жеуге әлі келмей қалады екен.

Сара Камерон сырт елдерге қашқан босқындар туралы көп жазады, әуелі малмен көшеді, кейін бас сауғалап қашып келеді.

Қорыта келгенде, “Аштық жайлаған дала” – дер кезінде жарық көрген кітап. Әрі ағылшын тілі кеңістігінде айналымға түскен кітап, қайран халқым, өзіне орнатылған ескерткішті, ана тілінде оқып алыстан бір көрсінші, асқаралы биіктер алыстан ғана жақсы көрінетіні сөзсіз.

Бұл кітапта кемеңгер Абайдың да аты аталады, аяулы алашордашыл ата-бабабларымыздың есімдері де айтылады.

Қырауар еңбек жасалған екен. Аштық туралы әлемде бар дереккөздердің бәрін бір бойына жинаған аса қастерлі кітап.

Қара түнек басқан, азап-бейнеттен көз ашпаған халқымыздың көрер жарығы бар екен.

Тәуелсіз ел атандық.

Ал алдымызда жатқан бұл кітап – халқымыздың бір ғасырлық жолында шейіт кеткен белгісіз құрбандарымыздың беймәлім тағдырына, көлеңекеде қалған тарихына жарық сәуле түсіріп тұрған нұрлы туынды.

 

17.10.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here