Дидар АМАНТАЙ

ӘЛ-ФАРАБИ: БАҚЫТ ЖОЛЫН СІЛТЕУ

(Екінші ұстаз трактаты туралы толғаныстар)

Әл-Фараби, “Бақыт дегеніміз әрбір адам ұмтылатын мақсат”, деп бастайды атақты трактатын.

Мақсаттың өзі жақсылық жолында әрдайым жағдайын жақсарта түсушілік, дәлірек – кемелдік, жетістік, табысқа – талпыну, бұл әркімнің өз қалауы, негізінде, бақыт – мақсат тұрғысындағы игілік (нығмет), және де – игіліктің қадірлісі, ардақтысы.

Кемеңгер автор, игілікті мақсат ретінде және мақсатқа жету құралы ретінде екіге бөледі. Мысал тұрғысында оқу-білімді алға тартады. Білім әлденеше мұратқа бастайды, ғылымға, байлыққа, өкіметке жету үшін де пайдаланылады.

Философтың ұстындары тұрақты да маңызды: “Бақыт дегеніміз игіліктердің ішіндегі ең қадірлісі, ең үлкені және ең жетілгені”…

Бақытқа жеткен адам басқа ештеңеге мұқтаж емес, ол енді қанағатшылық жасауы керек.

Бірақ, әр адамның өз бақыты бар, әрбіреуінің бақыт туралы түсінігі де айрықша. Байлықты  бақыт көретіндер де көп.

Біз бақыт шыңына шығу үшін оны еңсеру жолы мен амалын табуымыз қажет.

Екі түрлі жағдай қалыптасуы мүмкін: соңынан – “жазғырып”/”мадақтауға” болатын және болмайтын жайттар.

Адам “жазғыруға” да, “мадақтауға” да болатын жағдайда ғана бақытқа кенеледі. Мұндай жағдайлар үшеу: “дене мүшелерін пайдалану үшін керекті әрекеттер” – орнынан тұру, отыру, жүру, көру, есту.

Екіншісі, жан әсерлері (“аффектілері”), қуаныш, жұбаныш, ашу, наразылық, жабырқау, күйініш, рақат, құштарлық, қызғаныш.

Үшіншісі, ақыл-парасат,

Бұл үш әрекет, әдетте, ісіне қарай, не жазғырылады, не мадақталады.

Кейде жақсы әрекет не кездейсоқ, не ықтиярынсыз жасалуы да мүмкін, бұл жағдайда әрекеттер бақытқа жеткізбейді.

Демек, адам бақытқа өзі жетуі керек.

Әрекет, әсер және ақыл-парасат қандай жағдайда бақытқа жетеді, автор оны былай тұжырымдайды.

Пенде баласы аярлыққа да, ізгілікке қабілетті. Сондықтан, бәрі ақыл-парасатқа байланысты, қай жолды таңдап алса, жан әсері де, әркетте те сол жолға түседі.

Сонда, күйдің ықпалы қандай?

Қабілет туабітті, күй жүре келе қалыптасады. Жақсы күй немесе жаман күй. Көп нәрсе адамның күйіне байланысты.

Бірақ, ақыл-парасаты болса, “ақыл күшіне” сүйеніп, ізгі мұраттарға жол ашады, ақыл-парасат кемдігі аярлық жасатады.

Әрекет пен жан әсері мінез-құлықты құрайды.

Кісілік – жақсы мінез-құлық пен ақыл күші біріккеннен туатын қасиет.

Кейде әдет мінез-құлыққа айналады. Әдет өз алдына белгілі бір “әрекеттің жиі-жиі және ұзақ уақыт қайталануы”.

Автор кез келген нәрсе мөлшерімен асыл, дейді. Ысырап, ас та төк, асыра сілтеу, артық не кемдік – зиян дегенге келтіреді.

Тең ортаны белгілеген мөлшер керек. Жомарт адам да шамасына қараған жөн.

Бір ұққанымыз, автор философияны өнер деп түсінеді.

Трактаттың соңына қарай, өнер екі түрге бөлінеді деп жазады, тамаша көркемдікке ие (философия/даналық немесе теориялық философия) болу, сосын, пайдаға ие болу.

Бұл көркемдікке ие философия өнері екі топқа бөлінеді: адам әрекеті даритын (білім немесе азаматтық/практикалық философия) заттарды танитын (бағыты) тобы, адам әрекеті дарымайтын заттарды танитын (бағыт) тобы.

Теориялық философия: математика, физика, метафизика.

“Біз философияның арқасында ғана бақытқа жетеміз”, – дейді Әл-Фараби. Біздің заманғы тілге аударсақ, таным (өзіңді, айналаңды, ақиқатты) жолы – бақыт жолы.

“Өнер-білім бар жұрттар” қатарынан қалмауымыз керек, осы – бақытты қоғамның шарттарының бірі.

13.10.2020

 

 

 

 

 

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here