Дидар АМАНТАЙ

ҮШ КІТАП

(Ерлан Төлеутайдың шығармашылық жолы)

 

  1. Қазақ болмысы

Кешегі ескі заман болса, Ерлан Төлеутай алаштың ардақты өнерпаздары Біржан сал, Ақан сері, Балуан шолақ, Үкілі Ыбырай, Иманжүсіп, Естайлармен бірге Арқадағы қазақ ән өнерінің негізін қалаушы тұлғалардың бірі тұрғысында көрінуші еді, тіпті, қара домбырасын асынып, ел аралап, жұрт қыдырып, інжу-маржан шашып, алтын-күміс төгіп жүретініне кәміл сенеміз.

Бірақ, ол басқа ғасырда туды. Мінсіз өнер технологиялар арқасында бұқаралық сипат алды: көп нәрсеге көпшіліктің қолы жетті, дарын орнына маман жүрді, кәсіби шеберлік тума таланттан биіктеді, асыл өнерден асыл металл озды.

Үстіміздегі технологиялық ғасыр өнімдері: фонограммалық ән, компьютерлік өңдеуден өткен жыр, техникалық мүмкіндіктерге сүйеніп жазылған жалғамалы репертуар, жалған шеберлікпен жұртына танылған талапсыз бейталанттар, ерні ғана жыбырлап елді алдаған орындаушылық, оның ішінде – дауысты көтеру, созу, шегіне, межелі жеріне жеткізу, шырқау биігіне шығару, шырқату – шын мәнінде, шынайы дарын, ерекше қабілеттің даралануына, асқақтап көрінуіне кедергі келтірді, жақсы мен жаманды айыра алмай қалдық, тойшыл саздың теріс мәнерінен сырқат тигендей науқастанып жаттық, өнердің бейнетінен қашып, оңай жолын таптық, жеңіл табыс көзіне айналдырдық, індеттей жабысқан дертінен ілкіден айықпадық, компьютер басын қосып, бәрінен біркелкі пішін, бірыңғай пошым жасады, дауысы да бірдей, бейнесі де бірқалыпты нұсқалар қалыптастырды. Әнде – мелодия, күйде сарын, орындаушыда қарым-қабілет жоқ.

Алдын ала жазылып, өңдеуден өткен музыкалық шығарма, әншінің бір кеште бірнеше жиын-тойда ән шырқауына мүмкіндік берді. Сөйтіп, шаршамайтын, бар жерде бірдей ән салатын, дауысы қарлықпайтын “великандар” пайда болды.

Түпнұсқа жоқтықтан үлгі жойылды, енді барлық артистер бір-бірінен аумайтын бір үйдің балалары тәрізденді.

Алматыда жыл сайын көбейе түсетін екі нәрсе бар: бірі – дыбыссыз автомобильдер, екіншісі – дауыссыз әншілер. Әншіліктің құны – бір клип. (қазақ бұрын бір тиын деуші еді). Бір клип түсіріп алсаңыз, әнші боп кетесіз.

Біз табиғи дауысты ұмыттық, қандай екендігінен бейхабармыз. Музыкалық нәшті, нәштің әсемдігін, әсемдіктің нәзіктігін, нәзіктіктің қоңыр үнін жоғалттық. Ұлт кодынан қол үздік. Күйдегі қоңыр үнді де естімей қалдық. Баяғыда ашық терезеден, автомобиль салонынан, көпқабатты үй балконынан, радиодан, таңертеңнен кешке дейін күмбір-күмбір күй төгіліп жататын, біз жатқа білетін телевизиялық хабарлардан сан қилы концерттер беріліп, бір-бірінен бөлек, бір-біріне ұқсамайтын түрлі-түрлі әншілерді көретін едік.

Қазір Ерландар әр жерде қадау-қадау қалды. Талай-талай тамаша дәстүрді үзіп алдық. Енді дәстүр үзілген заманда, салт түзілген, мектеп қалыптасқан дәуірді зерттеп жүрміз. Біздің, елдің атынан Ерекең зерттеп жатыр.

Халық және халық композиторлары әндерін орындап жүрген, сахнаға шығарып жүрген эстрадалық топтардың орындаушылығы – көп көшірменің бірі, түпнұсқа – Рамазандар, Ерландар, Еркіндер, түпнұсқа үлгі – Қайрат Байбосыновтар.

Бір ардақты ағамыз (Мұхтар Құл-Мұхаммед) Ерлан Төлеутайды көргенде, біз сені елу жыл күттік деген екен. Дәл қазір сенен басқа қазақ әні туралы жазатын адам жоқ, Ахаңнан бері (Ахмет Жұбанов).

Сөз-ақ.

Қазақта әрбір ән – хикая. Қиссадай ұзақ, дастандай шалқар, термедей тегеурінді. Қазір көп томға айналып жатыр. Сырына үңілсеңіз, қырына көзіңіз түседі. Ән де сегіз қырлы. Шығарушысы, орындаушысы, жеткізушісі, түрленуі, күрделенуі, бүлінуі, мектеп түзілуі… жетеді.

Және де, музыкатанушылардың бәрі өзі байқаған өз сегіз қырын табады. Сегізі де артық біткен асыл қасиеттер.

Әнді зерттеп, зерделеу өз алдына, сонымен қатар, оны жазу үшін адамға құнарлы тіл, кеңінен ойлау қасиеті, ұлттық таным керек.

Сөзіңіз жайдақ, жазған сөйлеміңіз сойдақ болса, онда ән құдыретін жеткізе алмайсыз. Ой – көрген, естіген ғана емес, оқығаннан да – туындайды. Оқымаған ғалымның автор сөзіне тереңдеп кетуі неғайбыл.

Ән – қазақтың жан сыры. Бітімі. Философиясы. Тіл мен күйге қосылып, үштаған одақ құрады. Үшеуі де ұлт болмысын қалыптастырады. Қазақты тілінен (ауыз екі немесе жазба) танисыз, күйінен көресіз, әнінен білесіз. Қалғаны – қосымша өнерлер.

Ерлан әрбір ән тарихына қатысты мол дерек, шығу тегіне байланысты көп материал жинады, тиянақты, байыпты, жүйелі жұмыс жасады, үлкен қор қалыптастырды, мұқият зерттегенде, жан-жақты талдағанда, құрастырып жазғанда – тереңге сүңгіген, теңіз астынан інжу-маржан іздеген су халықтары сияқты көрінетін. Жауһардай жайнаған, төңірегіне самаладай жарық шашқан, су түбіндегі асыл тастардың құнын, бағасын білген тәрізді, әннің де қадыр-қасиетіне жетіп, тереңнен қопарған, жоғын іздеп тапқан ол бүгінде білікті ғалым-зерттеушіге айналды. Ұзақ жылғы ізденістері нәтижесінде, ерен еңбегінің, тынымсыз қаракетінің арқасында автор енді көлемді кітаптарды дүниеге әкеле бастады.

Тегінде, ұлт қазынасын түсінуге ұлттық тәрбие көрген, әулие көкірек қарияны тыңдап өскен, дәстүрлі орта кеңістігінде, атмосферасында өмір сүрген тума талант керек.

Біз қойған талаптың барлығы – алғашқы шарттар, шын кіріскенде, телегей-теңіз біліміңіз шексіз ізденістерге ұласуы мүмкін. Ұшан-теңіз ой – ұлт танымында жатыр. Қазақтың ғарышы – көкжиекте аспан мен жер астасқан – төңкерілген кесе. Сақара – киіз үйдің, қонған ауылдың өмір сүретін кеңістігі. Космосы.

Ғалам пішіні – киіз үй бітімі, суреті – сары белдер қаптаған, айқыш-ұйқыш шимайланған көш жолы, сайын дала, қоныс-құдықтар.

Әр қазақтан бар қазақты көреміз. Жайсаң, ақкөңіл, қонақжай. Тұрағы – киіз үй шіндегі киіз үй. Қалтарыс, бұлтарысы жоқ. Бұрышсыз. Шексіз. Ашық.

Сондықтан, бір қазақ та қазақ халқы. Кез келгенімізге қарап бүкіл ұлтымызға, күллі жұртымызға баға береді.

Қазақ қандай десек, Ерландай (Төлеутай) еркін деуімізге болады. Әнін біледі, жанын түсінеді, арман-тілегі – таныс, рухы – туыс, сайын даласы – қоныс.

Өткені жадында, келешегіне қызметші, бүгініне – адал.

Оның, шын мәнісінде, ойында: қазақ, сөзінде: қазақ, әрекетінде: қазақ. Әлқисса, Ерлан Төлеутай – біздің эссеміздің қаһарманы.

 

  1. “Баянауылдың дәстүрлі ән өнері”

 

Жүз жиырма екі (122 бет) беттен тұратын бұл кітап 2006  жылы, Алматы қаласында, “ҚАЗақпарат” баспасынан жарық көрді.

Тұңғыш кітабы. Бұдан кейін “Жүсіпбек Елебеков” (“Өнер”, 2013 жыл, 272 бет), “Үкілі Ыбырай” (“Қазақ кітабы”, 2020 жыл, 3500 бет) атты кітаптары шықты.

Оның үстіне, “Қазақфильм” киностудиясында жүріп Шәкен Айманов, Қасым Аманжолов, Мәди, Тәттімбет, Жүсіпбек Елебековтер туралы деректі фильм сценарийлерін жазды, түсірілімдеріне қатысты, кино-жобаны басқарған кездері де болды, Қазақ хандығы жайлы көркем фильмдердің өндірісіне (тарихи желісін қадағалап  отырды/диалогтарын жазды) қатысты.

Тырнақалды шығармасында он бір әнші хақында толымды деректер топтасқан: Мұстафа Бүркітбайұлы (1806-1833), Жаяу Мұса Байжанов (1835-1929), Жарылғапберді Жұмабайұлы (1851-1914), Естай Беркімбайұлы (1868/74-1946), Қали Байжанов (1877-1966), Сапарбек және Балабек Ержановтар (XIX-XX), Жабай Тоғандықов (1889-1978), Бисмилла Балабеков (1901-1980), Жүніс Шаймерденов (1918-1984), Қырықбай Жұмабеков (1904-…),

Кітап “Арқаның дәстүрлі ән мектептері” деген тараумен басталады. Автор Кеңес өкіметі тұсында орныққан жалған лепес, қалыптасқан ұшқары пікірге қарсы шығады. Қазақтың ән мектебі (көшпелі жұрттың үш жүздік одақ құрылымына сәйкес) үш емес, бес аймақтан тұратынын қадап айтады. Бұл жерде аймақ сөзі жағрафиялық түсініктен туған көлем не аудан ұғымы емес, аталған өнердің күллі ерекшіліктерін ескерген, қамтыған үш рухани кеңістік. Әрине, әр өлке арасында бір-бірімен өзара тығыз байланысқан туыстық, бірыңғай шарттылық, талаппен қатар, біте қайнасқан ұқсастық бар, үлгісінде ортақ тәртіп, орындаушылығында тең заңдылық бой көрсетеді. Бірақ, солай бола тұра, бар мектептің бір қасиеті – бәрінің қазақ ән өнері екендігі.

Зерттеуші ойын Ақселеу Сейдімбектің сөзімен бекіте түседі: “Бірінші, Оңтүстік Қазақстан және Жетісу өңірін қамтитын әншілік мектеп, екіншісі, Орталық және Солтүстік Қазақстан аймақтарды қамтитын мектеп, үшіншісі, Қазақстанның батыс өңірін қамтитын мектеп, төртіншісі, Сыр бойының әншілік-термешілік өнері, бесінші, Қазақстанның шығыс өңірін, Баян өлкесі мен Түркістанды қамтитын мектеп”.

Жоғарыда келтірілген мектептердің бірі – Арқа дәстүрін (Орталық/Солтүстік Қазақстан) пысықтай отырып, автор бірнеше ән ошақтарын табады.

Көкшетау, жетекші мектеп, ту тіккен биігі ретінде қарастырылады, жиі айтыла бермейтін үлкен ән ордасы – Қызылжар, оған жалғас – Баянауыл, сосын, Семей өңірі, орталықтан – Қарқаралы-Қу жағы, жапсарлас Ақмола-Қорғалжын, көршілес Атасу-Жаңаарқа.

Ерлан Төлеутай бұл топтамасында, негізінен, Баянауыл әншілік мектебіне тоқталады.

Аталған он бір өнерпаздың ғұмырбаяны мен шығармашылығын бүге-шігесіне дейін зерттеп, талдайды.

Жалғыз “Бүркітбай” әнімен “есімі ел жүрегінде қалған” әнші – Мұстафа Бүркітбайұлы, бірақ, автор “Баянауыл” әні турасында, бұл шығарма Мұстафаның әні деген деректер бой көрсете бастады, дейді, түбінде иесіне қайтарылуы тиіс. Сосын, Ерекең Жаяу Мұсаға көшеді.

Оның шығармашылығы екі бағытта дамығандығын атап көрсетеді. Әуелі, ол – Біржан сал дәстүрін жалғастырушы, сосын – жүрдек екпінді марш, қала музыкасы үлгісіндегі әндердің авторы, еуропалық композитор, орындаушы.

Сөйтіп, Жарылғапқа келеді. “Мұрасы шағын, бес-алты ән иесі” деп қорытындылайды.

А.В. Затаевичтен цитата келтіреді: “Ардақ” әні – жалпы, музыка өнерінің табысы”.

Естай әнші десек, есімізге бірден “Қорлан” әні түсетіні рас. Автор Естайдың, Жаяу Мұсаның, Қалидің, жалпы, кітапқа енген          бар әнші-композиторлардың бір әнін қалдырмай түгел қарастырады.

Қали Байжанов – Жарылғапбердінің шәкірті.

Кезінде, 1922 жылы, Қарқаралыда автономия тойы болғанда, іс-шараға қатысуға Семейден уәкіл ретінде Мұқтар Әуезов келеді, осы жиында бас жүлделерді Қали Ғаббас Айтбаев екеуі жеңіп алады.

 

  1. Жүсіпбек Елебеков

 

Бөлім атауында келтірілген туынды немесе автор өзі белгілегендей, ғұмырнамалық хикаят, 2013 жылы Алматыда, “Өнер” баспасында басылып шығады.

Екі жүз жетпіс беттік қомақты дүние. Кітаптың құндылығы – құнарлы,

жатық тілімен қатар, қуатты ойы, жаңа деректерді қамтыған ақпар-мәліметінің молдығында жатыр. Білімді, білікті адам қолынан шыққаны көрініп тұр. Автор барын салған. Кемел нәрсе екені анық, әзірше Ерекеңнің ең үздік кітабы. Тіпті, қымбат қапсырма қағазы, қатты мұқабасына дейін жақсы, ұқыпты жасалған.. Баппен жазылған. Күтімі жақсы, мініске жайлы, жорға жылқының әсем жүрісіндей, көз сүрінбей оқисыз, бабында отырған қыран бүркіттің қалт жоғары көтеріліп қияға ұшқанындай, қиял ұшқырлығын, болжам күшін аңғарасыз. Қиыннан қиыстырған жазбалары көркемдігімен, сергектігімен өзіне тартып, оқуға жетелеп, шақырып отырады. Кітап атақты өнерпаздың бүкіл өмірін, қызметін бейнелей отырып, жиырмасыншы ғасырдағы қазақ рухани ортасын, ұлт өнерінің дамуын, табысын түгел суреттейді, сөйтіп, аталған жүзжылдықтағы алаш мәдениетінің портретін жасап шығады.

Рамазан Еелебаевтің “Жас қазақ” әнінің тууын, қалай, қайтіп майдан даласынан елге әкелінгенін, қандай тұлғалар құтқарып, сақтап қалғанын ғажап әңгімелейді. Мұндай шежірелі тараулар көп. Кітап “Әйгілі адамдар” сериясы бойынша жарық көрген.

 

  1. “Үкілі Ыбырай”

 

Бұл кітап та кемел. Автордың көп еңбектенгені байқалады. Екі ғасырды қамтыған, тіпті, Елемес (Үкілі Ыбырай немересі) апа бейнесінде, үшінші ғасырдың басын шалған. Бізге жетіп тоқтайды. Бұл жайт кітап әсерін күшейте түседі.

Дерек мол. Кейбір уақиғаларды қалың детальдардан құрап,  қайта қалпына келтіріп, оқырманға ұсынады. Түсінуін әрі жеңілдетеді, әрі жеделдетеді. Бұл – Ерлан Төлеутайдың ерекше қабілеті. Бұрынғы кітаптарынан да байқағанбыз.

Үшінші кітабында Үкілі Ыбырайдың ғұмыры мен шығармашылығы қатар өріледі.

Шығарма мамандарға да қажет, оқырманарға да пайдалы үлгіде жазылған. Тағы да, әрі жеңіл, әрі қиын. Келтірілген әндердің барлығы нотасымен қоса берілген, бұл жайт кітап құндылығын, ғылымилығын арттыра түседі.

Тегінде, біз талдап, зерттеп отырған бұл үш кітап үшін Ерлан Төлеутайға

профессор атағын докторлығымен қоса ойланбастан беруге болар еді, әйтпесе, алғашқы екі кітаптың тағдырындай тағдыр кешу қаупі бар, өйткені, бұл еңбек жарияланған соң, көптеген ғылыми-көркем жұмыстар мен көпшілік танымдағы мақалаларға цитата түрінде не ғылыми жаңа деректер ретінде, төл авторын жоғалтып, тағы да кеңінен таралып кетуі әбден мүмкін.

 

10.10.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here