Дидар АМАНТАЙ

АҚЫНДАРДЫҢ ҒҰМЫРЫ

Әңгіме

 

Сіз оны жақсы көрдіңіз. Ғашығыңыздай еді. Тіпті, оқуды аяқтаған соң, диплом алған күні қайта-қайта факультеттің атын атап, қимай қойғаныңыз әлі есімде. Кәдімгідей қайғырдыңыз. Кафеде отырып, ауыр күрсіндіңіз. Үйге келе жатып, білесің бе, бір жағынан бақыттымын, екінші жағынан, көңілім толық, орнықты емес, қарсы алдымнан бір жайсыз жайттар күтіп тұрғандай болады, дедіңіз. Мен уәж келтірдім: ақындықты тастаңыз, шарт емес, дәріс беріңіз, қозғамасаңыз, ойдың бәрі өзінен-өзі селдіреп, шегініп, кетіп қалады, сайға құлайды, жырада жатып топыраққа сіңеді, сейіледі, жойылады. Жалпы, қайғыда опа жоқ, уайым – күллі дерттің бастауы, аты аталмаған ауру адамға қарға адым да жоламайды.

Білмеймін, қарсы уәжім әсер етті ме, жоқ па, әйтеуір бір мезет оқыған бес жылдың қызықтарын теріп, тізіп айтып кеттік. Бірақ, көзге түсіп қалдыңыз, тамсанып, аңсап жүрген жұрттың Сізді әредік қалашықтан байқай бергені естегі елесіңізді бұзды, жұрт көңіліне қаяу салды, қылығыңызды бәрі ерсі көрді, сонда, еріксіз тоқтадыңыз.

Бірақ, тоқтамапсыз. Ішкі әлеміңіз кедергісін талқандап еңіске құлаған өзен, жағасынан асып, жан-жағына жайылған тоған тәрізді бір сәт тоқтамапты. Бірге оқыған жұрт баяғыда ұмытып, қайнап жатқан еңбек, қым-қуыт қала тіршілігіне араласып, ақша тауып жатқанда, Сіз қиялыңызда кешегі ғұмырыңызы қайталап кешіп, топтас құрбыларыңызды көз алдыңызға елестетіп, естелікпен қайғырып өмір сүріп жүрдіңіз.

Естелік кейін тартып, ілгері жүргізбей қояды, бүгінмен өмір сүру қажет, бәрін, бүкіл нәрсені дәл қазір татқан жөн, ертеңмен де алысудың керегі жоқ.

Расында, несі уәжіп.

Өзіміз өткен шақ болсақ та, өміріміз осы шақ. Кешегіні аңсаған алға жүре алмайды, есте сақтау, жадта тұту – қандай шарт, нендей уәзипа.

Неге университет факультетін айналсоқтап, жиі-жиі төңіректеп кеткеніңізді жақсы түсінемін, анық білемін, бірақ бұл мәселені құпия ұстадық. Қалашық іргесінен жаяу аяңдап өтіп бара жатқанда, мойныңызды созып, телміріп ұзақ қарап тұратынсыз, қызыл іңір ерсілі-қарсылы қыдырған көп халықтың тап ортасынан, не ту сыртынан, не қарсы алдынан ғайыптан шыға келетіндей көрінетін.

Джек Лондон сомдаған Мартин Иден қаһарманы туралы айтқанда, өзіңіз Мартин Иденге ұқсап кететін едіңіз.

Жадымда, Сіз әдеби таласта сұңғыласыз. Оқымаған кітабыңыз жоқ. Оноре де Бальзак, Федор Достоевский, Лев Толстой шығармаларын толық тауысқансыз.

Бірде, көп оқыған бүгін күлкі шақырады, дедіңіз, кеше абыройлы еді, бірақ, күліп жүріп өлең жазыла ма, шын ақындар жылап отырып жазбай ма, Қасым тәрізді, қазір ақын деген сөзге сенбейтін болдық, алдына шын сөзін қоямыз.

  • Күштісің , – дедіңіз, – жырларын жақсы.
  • Жоқ, – дедім жауап қайырып, – Сіз данышпансыз.

Жалт қарадыңыз.

  • Мен бе?
  • Иә.

Жол үсті – қара нөпір автомобильдер, аялдамалар –  автобустарға толы. Сіз қол созып, такси тоқтатып жатырсыз. Салонға кіріп жайғасқана, шопыр Сізді таныды, мәз боп қалдыңыз.

  • Қызық, мені таниды.
  • Иә. Газет-жорналды үзбей қарап отырамыз.

Көлік Тимирязевтен Байтұрсынұлына, Байтұрсынұлынан Абай даңғылына, Абай даңғылынан Шагабутдиновке бұрылды. Біз тысқа шықтық. Дүкенге кірдік, арақ алдық, пәтерге азық-түлік көтеріп әрең жеттік, басқа біреуіміз шай қойып, қуырдақ дайындағанша, біз әңгімемізді бастап кеттік.

  • Ішіп жүрсіңдер ме, – деді Асекең.
  • Иә.

Сіз үнсіз отырдыңыз да, кенет, жүз граммды тартып жібердіңіз. Бәрімізге құйып қойдық.

Ертеден көңіліңізде бір түтйкіл бар екенін аңғаратынмын. Қиялдаңасыз, іштегі күйікті баса алмай, көміп-көміп жіберетінсіз.

Сол кезде, бәріміз пәтерде арақ ішіп отырғанда, жүрегіңізді ауыртқан, үнемі, қайда барып тығылсаңыз да, тыныштықтан айырған, маза бермеген, жан дүниеңізді үңгіп жеп жатқан ой күшейе түскенін қалай аңдамадым деп әлі күнге шейін өкінемін. Бұл ой түбегейлі қашан орныққан, Сізді қалай жаулаған, қандай жағдайда, кіммен жүргенде, әлде жалғыз отырғанда жабысты ма, тегіс тағдырға жаптық, пешенесіне, маңдайына жазылған деп соқтық, өзімізді өзіміз алдап, айыптан, жазадан құтылдық, бірақ, бәрібір, құтқара алмадық.

  • Далбаса, – дедіңіз.
  • Қайдағы далбаса.
  • Мен гений емеспін.

Күлдік.

  • Генийсіз.
  • Мен қазақ батырымын, – деп бір қойдыңыз, – жорық жырын шырқап, көсем найзаны сүйретіп, жауға аттанып бара жатырмын.
  • Не үшін?
  • Басымызға денсаулық, бақыт, дәулет бітсін.
  • Сайыпқыран Шыңғыс хан баһадүрімін.

Басыңызды көтеріп, тым-тым алысқа, алып таулардың ала шыңдарына, мүмкін, құз-шатқалдардың арғы жағына, тылсымға, Күн отанын іздеп шыққан тайпаларды жетелеген жарқын мұраттарға көз салып тұрғандай көріндіңіз.

  • Гильгамеш пе, Энкиду ма, қайсымыз?
  • Білмейміз.
  • Уа, Энкиду бабам қолдай гөр.
  • Өлең оқиық!
  • Дұрыс.
  • Асау тұлпар қолда жүрген Тағдыр көлік бақиға, Өмір ұзақ жолда көрген Кішкентай бір оқиға.
  • Тағы!

Ақындар құйып қойды. Шөлмектер ағылып келіп жатыр, міндетін біліп, дүкендерден дастарқанға асығатын тәрізді. Мен бір өлеңді бастадым.

  • Кітап оқуды өмірдей көрдік,

Өмір сүруді – кітаптай.

Артығын іздеп, жартысын бердік,

Бір кем дүниені ұнатпай.

 

Жаратылыстың уақытын білмей,

Жараттық оңды-солды көп,

Енді кірпіктерімізді ілмей,

Кетеді ұйқы қолды боп.

 

Жұмақтың кілтін жұмадан алдық,

Үміт байлады азан үн,

Пейіштің жолын таба алмай қалдық,

Жұмбағын шешіп ажалдың.

 

Пәлі, десті жиылған жұрт. Бәрі жамырай сөйлеп, жабыла қол шапалақтады. Ел менің тез біткенімді қалап отыр. Өздері де жыр оқығысы келеді. Менікінен де күшті. Әдетте, ақындар іркілмей төгіп-төгіп оқиды, тіпті, кезек-кезек, таңды таңға ұрып, бір сәт кідірмей, іркілмей – дамыл таппай, тоқтамай жатады. Кейде бірнеше күнге созылады. Арақ таусылмай, аламан бәйге аяқталмайды, поэзия кеші көріктей қыза түседі.

 

Суындай мөлдір қасқа бұлақтың,

Хош иісі бақтың бұрқырап…

Қажеті бар ма басқа кітаптың,

Жауабын айтса бір кітап.

 

Уайым-қайғы ұйқымды ұрлап,

Жанымды қинап иман да,

Өмірді ақын өлгенше жырлап,

Өмірге өзі сыйған ба?

 

Содан кейін бір ай өтіп, жаз шыққанда, суық хабар жетті. Есіме екеуміздің түн ортасы ауғанда, елең-алаң, алагеуім мезгіл есік алдында сөйлескеніміз оралды.

  • Білесің бе, – деп едіңіз, – қолтырауындар шегінбейді, кейін жүру үшін

кері бұрылады.

Мен жорта түсінбеген болдым. Бірақ, оқыған кітаптарының тізімін не үшін жасағаны белгісіз, барын қасына жинағаны да біртүрлі, алайда, соңыра, жылдар өте келе, жұмбағын шешкенде, қапыда айрылып қалғанымыз жаныма қатты батты.

Сірә, ой түбіне жетті. Шегінген жоқ, қарсы жүрді, айналып өтсе де болар еді. Қайда асығып кетті, оны өзі ғана біледі, бұл жұмбақтың түйіні жоқ, нағыз өнер иесі қашанда жел өтінде, еркіндік пен тәкаппар мінездің өтеуі, тағдырдың талайын да көреді, табанына да түседі.

Ұлы Тәңірдің, азап-мехнатын төзе алатын пендесіне ғана беретінін қайтерсіз, сондықтан, ақын адамның әрдайым арқалаған ауыр жүгі бар, қара бұлттай қаптаған қайғыны азайтатын да шайыр, шайырдың жыры,  көбейіп кеткенде, шіркін, көтеріп әкетеді.

 

07.10.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here