Дидар АМАНТАЙ

ЖАЗДА

Әңгіме

 

Еңбектеп келе жатып, аунап түсті де, ұраға ернеуінен сыпырыла құлады. Соңынан жеткен, суылдаған дыбыс – қатар шықты. Іргесінен топырақ бұрқ ете қалды. Жарылыс піл сауырлы қара жерді ойып жіберді.

Қыртысы қатты – бірақ, асты үстіне келді. Терең қопарылды. Оны – үстіне шашылып көміп тастады. Көзін сығырайтып ашып, көршісі де топырақ астында жатқанын байқады. Қимылсыз. Есімін атап еді, қозғала бастады.

Екеуі үйіндіден қатар шықты. Үсті-басы саз, жаңбыр болса, сіркіреп жауып тұр, жау қарсы келе жатыр, көліктері дүрілдеп естіледі. Қасындағы серігі белден қазған ұрадан мойнын созып, көз алдына қарағанда, таяп қалған шабуылды көріп:

  • Танк! – деді.

Танк жаңбырдан езілген жерді таптап, шұңқырларда іркілген қақ суын жан-жағына шашыратып, гүрілдеп тақап келеді. Жаяу әскер көліктерінен қарғып-қарғып түсе бастады. Суыт жүріп, сайдан жоғары көтерілгенде, мылтығын кезеніп қарға адым жерден көрінді.

  • Басқалары қайда?

Ешкім жоқ. Тірісі де, өлісі де. Окоп іші – жақсы қорған, мықты бекініс, алғы шеп, бірақ, екеуден бөлек ешкім жоқ.

  • Қаза тапты ма?
  • Әлде қолға түсті ме?
  • Қаза тапты.

Дыбыс, тіпті, жақыннан шықты.

  • Қашайық.
  • Жоқ, шегінеміз.

Бөтен шеріктердің дауысы тұс-тұстан кейде айқын, кейде құмығып естіледі, жат тілде даланы жаңғыртып сөйлеп келеді.

  • Қолға түстік не өлдік.

Екеуі қабырғасына жармасып, сатылап ордан шықты да, мылтықтарын сүйретіп, жорғалап, жар асып, ойпаңға құлады. Төмен домалап, аунап бара жатып соңдарынан оқ атқан қарудың үнін құлақтары шалды.

Енді тұрып, жүгіре бергенде, оқ тиіп сүрініп, екеуі де ома қапты. Көздері ашық, аузынан қан кетті.

  • Ол ерлікпен қаза тапты.

Терезеден күн сәулесі құйылып тұр.

  • Шай ішесіздер ме?

Қос офицер таң қалды. Бет-жүзінде қайғының ізі, толғаныстың белгісі де жоқ.

  • Жүріңіздер.
  • Шайға ма?
  • Иә.

Екеуі, мүмкін, есі шығып кеткен шығар деп ойлады.

  • Жарайды.
  • Бұл өзі үнді шайы, жұпары ғажап, дәмі бөлек. Қытайдан алдырттым,

әдейі, балам әскерден келіп қалса, ағайын-жұрт жиналса, үлкен астан соң, ел шөлдеп сусын сұрағанда, шай беруге дайын отыруым керек.

  • Қай балаңыз?
  • Пәлі, атын айтпадым ба, қуаныштан толқып, есім шығып тұрғаны.
  • Ол ерлікпен қаза тапты.

Екеудің біреуі, әлде естімей қалды ма деп ойлап, қайталай сөйледі.

  • Сәуірде кетті – сәуірде келуі тиіс.
  • Ол ерлікпен қаза тапты.
  • Білем, білем, күллі ауыл жұрты бас қосады.

Бір-біріне қарады. Үшеуі асүйге барды. Шай құйып, бала кезін айтып отыр. Ешқандай шалық емес, тәп-тәуір ана. Дені сау, есі түзу, ойы анық.

Бұл қалай болды екен, шынымен, жынданып кетті ме, жоқ, түрі, бәрі жақсы, қайғыны көтере алмай, уақытша сандырақтағаны шығар, мүмкін. Бірақ, сөзі көп, шаршатып жіберді, бір сәт кідірмей шер толғайды, сыр ақтарады, кезең-кезең әңгімелейді. жылжып-жылжып, енді жас шағына келді. Одан өтіп, әскер алдындағы жайма-шуақ күндерге тоқталды.

  • Тағы ішіңіздер.
  • Рақмет.
  • Бір кесеге орын табылатын шығар.
  • Сіз қапа болмаңыз, апа.
  • Әрине.
  • Егер қара жұмыс, шаруа шыға қалса, әскери бөлімшесіне қоңырау шалыңыз, сержант бастаған бір топ солдатты жібере қоямыз, көмектеседі, өкімет те ұмытпайды, қамқорлығын жасайды.
  • Иә, күтуім керек.
  • Түс уақытынан асып барады, біз ерте шығып, қас қарайғанша діттеген жерімізге жетіп алайық.

Үнсіз отыр. Офицерлер тыныштықты бұзуға да қорқады, ана көкірегінде бір үдерістер, құпия толғаныстар жүріп жатыр, шілде айының ыстығы қатты, аңғары ұнамайды, бейуақ мезгіл, түйіні шешілмей, беймәлім екі ой бір-бірімен күресіп, тартысып, жанталасып жатқандай ма… қалай.

  • Балам қайда, көрмедіңіздер ме, жолықпадыңызар ма, хабарыңыз бар ма, хат үзілгелі қашан.
  • Біз Сізді жалғыз тастамаймыз.
  • Жаңа ғана осы жерде жүрген сияқты еді, қолма-қол қалай жоғалып кетті.
  • Ол ерлікпен қаза тапты.
  • Ұмытып барамын, қуанышты хабар әкелген тілеуқор адамға жабамын деп сақтаған сүйіншіге сыйым бар еді, қазір… негізі, дайындап қойғанмын.

Түкпір бөлмеге кіріп, сәлден соң қайтып келді. Қолында – екі шапан, қос қалпақ. Құдалықтың жолына деп сақтаған болса керек. Ұлына той жасап беруді аңсаған ана арманы – тас-талқан. Екеуіне шапан жауып, қайтадан шайға шақырды. Шай үстінде ұзақ сөйледі. Тыңдауға мәжбүр. Біресе тәуір, біресе дүдәмалды.

  • Балам қайда? – деді кенет.

Бір-біріне ожырая қарады.

  • Қайдағы бала?

Қапелімде екеуіне қарсы тұра ұмтылды, тайқып, босаға жаққа қашты, жұдырықтарын түйіп ала соңынан үдете жүгірді. Қашты, есікті жауып, сыртынан бекітіп, көліктеріне қарай тағы қашты.

  • Оңбағандар, мен сендерге тірі бала бергенмін.

Жеңіл машина орнынан қозғалды.

  • Қайтар ұлымды.

Іштен өкіріп жылағаны естілді. Тарс-тұрс. Ыдыс-аяқ па, әлде шкафтар ма,  құлап, сынып жатыр.

  • Жалғызым, жампозым, кімге тастап кеттің мені, неге асықтың, Құдай

неге асықтырды, қайтемін енді, қайтіп күн көремін, құр сүлдерімді сүйретіп көше кезгенше, өле қалайын, ал мені, Құдай.

Тосын, бір уақ, іште от жанып жатқаны құлаққа анық жетті. Жаз айында қаңсып тұрған ескі үй дүр етіп тез өртеніп кетті. Cодан кейін оны ешкім көрген жоқ.

03.10.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here