Дидар АМАНТАЙ

ЖАНЕТТА – ЖОРЖЕТТА

әңгіме  

Редакцияға кіргенімде хатшы қыз:

  • Аға, Сізге телефон шалды, – дейтін.
  • Кім?
  • Жанетта, Жоржетта.
  • Сосын?
  • Антуанетта.
  • Әй, Сәулежан, қоймайсың-ау.

Ол ұзын бойлы, аққұба, көздері үлкен – сыпайы қыз болатын, қалалық, дәлірек – алматылық, қалжыңдап сөйлеген кезінде беті бір бүлк етпейді,  байсалды, маңғаз қалпында, үнемі салмақты үнмен тіл қатушы еді:

  • Енді звондаса, не дейін, аға?
  • Үйленіп кетті де.

Күлмейді.

  • Біржолата ма, әлде қайтып келеді, дейін бе.
  • Екіұдай сөйле.
  • Онда үйленіп кетті, бірақ, келіп тұрады, – дейін.

Мен күліп жіберемін, Сәуле үндемейді. Әрі өтіп, үстеліме қарай жүремін. Өз басыңыздың жеке құпиясын өзіңіз айтыңыз. Ойын жүзінен танимын. Төр жақта Тәкең отыр. Бұрылып, екеуіміз құшақтасып амандасамыз.

  • Сәулені кафеге шақырайық, – дейді ол.
  • Біртүрлі ұят, – деймін.

Кенет Сәуленің дауысы шығады:

  • Мен барамын!

Біз кафеде отырмыз. Қызыл іңір, бітпейтін жаз, терасса алакөлеңке, ауа райы ептеп салқын. Сәуле өзіне плед алдыртты, сосын, дастарқан мәзірін қарап, форель сұрады, гарниріне қуырылған көкөніс таңдады, сырадан holsten, Тәкең екеуміз қуырдақ қаладық, ішімдіктен вискиді жөн көрдік, .

  • Күйеуге шығамын, ағалар, көрімдік беріңіздер.
  • Сүйінші де.

Тәкең түзетіп қойды.

  • Және өзің емес, басқа сұрауы керек.
  • Қиындатып жібердіңіздер.
  • Жөні осы.
  • Тойыма не қыркүйекте, не көкекте келесіздер.
  • Сәуір дұрыс.
  • Көктемде дүние құлпырып тұрады.
  • Сіз Жанеттаны ұмытпаңыз.
  • Кімді?
  • Жанетта, Жоржетта, Антуанетта.

Тәкең көңілденді.

  • Билейік.
  • Даяшы, музыка.

Топ гитараларын дыңғырлатып, барабандарын солқылдатып ұра бастады. Chris de Burg, “Lady in Red”.

  • Күйеубала тәртіпті ме?
  • Бақытты.
  • Тәртіп бұзса, айт, тәрбиелеп береміз.
  • Тап-тамаша қызымызды алып отыр, шат-шадыман өмір сүруі керек.
  • Әзірше өзімнің шамам жетеді, бірақ, шеңберден шығып бара жатса,

ескертемін.

Тәкең, екеуміздің фужерімізге құйып қойды.

  • Не тұрыс, төбелес қайда, – деді Сәуле.
  • Шығыстың азат қыздарының құрметі үшін!
  • Сол күресте жауды түре қуып тастаған қос батырымыздың абыройы асқақтай берсін.
  • Рақмет, Сәулежан.

Біз тартып жібердік. Тартып жіберсек – дүние ғажап.

  • Түнек еді, түрленіп, жайнап… кетті.
  • Басы. Қазір, тіпті, тамаша болады.
  • Соңыра.
  • Иә.

Тағы іштік. Сәлден соң тапсырған тамақтарымыз ағылып келе бастады. Woman in Love. Барбра Стрейзанд.

  • Билейміз бе?
  • Иә.

Мен екеуін күтіп отырмын. Жұрт орындарынан тұрып жатыр. Ән аяқталғанда, үстелге қайтып келді.

  • Тағы.

Ернеуінен асып кетеді.

  • Шала мас болсаң, дүние – қараңғы.
  • Үсті-үстіне тартып жіберсең…
  • Дүние жап-жарық.

Кеш батты. Қала қараңғыланып тұрды да, біртіндеп бағаншамдары самаладай жарқырап көбейе бастады. Жол автомобильдерге лық толы. Пепілдеп, гүрілдеп, тоқтап – аласапыранды күшейте түседі. Көшеде әрі-бері ағылған кісі қарасы көп, аялдама төңірегінде шоғырланып, топталып келеді, автобустар іркіліп, жарма есіктерін ашып жібергенде, жиналған байыпты жұрт сеңдей бұзылып, соғылысып, көлікке ұмтылады, баспалдағына аяқтарын қойып, ішіне кіреді. Салонда бос орын жоқ, жолаушы тығыз, теңселіп, айқайласып, кете барады.

Біз әңгімелесіп отырмыз. Саксафон жылап тұр. Шашлық сұраттық. Қой етінен, ірі туралған екен, иісі бұрқырап дастарқанымызға жеткенде, тәбетімізді ашты.

Ептеп масайдық. Тәкең сөз бастады:

  • Тебя не ищут?
  • Әлі он сегіздесің.
  • Кому меня искать?
  • Не болды?
  • Жай.

Үнсіз қалдық.

  • А где мама?
  • Мама?

Біз бас изедік. Түн суыта бастады, жаурап барамыз. Плед сұрайтын шығармыз. Сәуле төмен қарап, әлсіз тіл қатты.

  • Мамы больше нет.
  • Как нет?
  • Уснула и не проснулась.

Өзіміз ыңғайсызданып қалдық. Бекер қозғадық. Мамы больше нет. Ол көзіне жас алды.

  • Кешір бізді.
  • Иманды болсын.
  • Давно, но я до сих пор плачу, что мамы больше нет.

Төбеден жұлдыздар жымыңдайды. Қала аспаны төрінде күмбезденіп жарқырайды. Қай түкпірден, қай тарапқа қарасаң да, ғарыш бейнесі бірдей, біркелкі, шексіз.

  • Жанетта?
  • Иә.

Күле сөйледі:

  • Хорошо сидим.
  • Көргеніме қуаныштымын.

Ол шашын түйіп алыпты. Үстінде – жеңіл күртеше, джинсы, кроссовка.

  • Құрбым екеуміз келдік.
  • Тәкең, Сәуле, манадан бері отырмыз.
  • Кейін хабарласармыз.
  • Жақсы.

Жанетта түкпір бұрышқа қарай жүрді. Үстел басында екі жігіт күтіп отыр екен.

  • Ол жалғыз емес, – деді Сәуле.

Мен үндемедім. Орнымнан тұрып, кафе ішіне кірдім. Тәкең соңымнан жетті.

  • Ұрамыз ба?
  • Кімді?
  • Ана екеуін.
  • Қайтеміз. Өзі біледі.

Біз сыртқа шықтық. Тәкең темекі сұрап қайтты. Берді. Қайта барды. Енді тұтатып берді. Сөйлесіп жатыр, қоштасты да тағы барды. Ілік іздеп… тиісе алмай жүр. Ерегісіп тұр ма екен. Тіпті, жайғасып отырып алды, ұзақ тілек айтып, тост көтерді. Қарқылдап күлді.

Жаужүрек. Қорқып көрген емес. Шатақ шығарса, тоқтату қиын. Көнбейді. Ұстатпайды. Бір көтерілсе, басылмайды. Бірақ, сауықшыл. Ер көңілді. Мырза.

Түн салқын. Ептеп ызғар білінді. Жаурағанымыз сезіледі. Мен еріксіз соңынан бардым. Екеуміз қайтып келе жаттық. Ол ән шырқады. Үстелімізге таясақ, Сәуле жоқ. Бір салфеткаға хат жазып кетіпті.

“Ах, эти Жанетта, Жоржетта, Антуанетта”. Тәкең екеуміз маспыз. Бидің ортасында жүрміз.

  • Жанеттаны маған берші.
  • Ал.
  • Рақмет.

Әрі қарай билеп кеттік. Мен ертеңнен бастап Жанеттаны тастаймын. Тәкең қарсы емес. Шешімім оң, перспективасы бар, стратегиялық тұрғыдан ұтымды, ұтқыр. Негізі, жақсы ұйғарым, жалпы, қарсы емес, мақұл көреді. Бір уақытта маған тақады, музыка қатты, ештеңе естіртпейді, құлағыма айқайлап жатыр.

  • Жанеттаны мен де тастаймын, – деді ол.
  • Неге, алғаның жаңа ғана.
  • Маған достық қымбат.
  • Бәсе.
  • Енді жөнге келдім бе?
  • Иә.

Біз осыған келістік. Флаг тебе в руки, Janet.

 

29.09.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here