Дидар АМАНТАЙ

 КӨК МҰНАР: ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАСТАУЫ

Эссе/мақала

 

Кіріспе

 

Қаңтар айының соңғы күндерінің бірінде, жайма-шуақ таңертеңгілік мезгіл, қазақтың қайраткер перзенті Мұқтар Құл-Мұхаммед маған тосын телефон шалды. Алаш әдебиет-өнерін қай салада қызметте жүрсе де, назарынан тыс қалдырмайтын, үнемі жіті бақылап-қадағалап отыратын ардақты аға кезінде әділ бағасын ала алмаған “Көк мұнар” романы туралы, шағын ба, үлкен бе, қайта жарық көрейін деп жатқан кітапқа, алғысөз тұрғысында бір мақала жазып беруімді сұрады. Дәлірек, көрнекті қаламгер Мұқтар Мағауин сексен жылдық мерейтойына орай, мүлтіксіз атқарылуы тиіс аса маңызды тапсырма берді. Жүктеген міндет – ауыр, бірақ, тілеуқор аға қазақ әдебиетінің абыройына айналған Мағауин шығармашылығында ақтаңдақтар болмауы керек деген пікір айтты.

Жақсы шығарма жайлы жазу қашанда көңіл семіртеді. Бірақ, жақсы мақала жаза алдым ба, ол енді, қадірлі оқырман, Сіздер шешетін, Сіздердің құзырыңыздағы мәселе.

 

  1. Роман-квинтэссенция

 

Ерте ғасырда, көне Грекия дәуірінде, Эмпедокл (б.ж.с.д. 490-430 жж.), бүкіл әлемді қозғап тұрған төрт күш, құрайтын төрт негіз, бастайтын төрт стихия  бар екені туралы жазды.

Кейінірек, бұл құрамға Шығыстың алғашқы ұстазы Аристотель (б.ж.с.д. 384-322 жж.) бесінші элемент енгізді. Су, от, ауа, топырақ қатарына эфир қосылды. Ол бас құдырет ретінде көрінді.

Демек, жаратылыс құрылысы осы аталған бес кірпіштен қаланған. Бесеуінің ішіндегі зоры – эфир түсінігі кейін де физика саласында аса маңызды рөл атқарды. Бірде керек, бірде артық көрген оны тағдыр тәлкегі кванттық теория мәселелерінің біріне айналдырып жіберді. Қазір ол Хиггс өрісі (немесе бозон, материяға салмақ беретін бөлшектер) деген атпен белгілі. Кезінде Эмпедокл/Аристотель енгізген ірі зат-құбылыстар ұсақ бөлшектерден тұратыны жөніндегі идея, сөйтіп, болмыс көрінісінен болмыс мәніне дейін көтерілді. Бірте-бірте (Демокрит, б.ж.с.д. 460-360 жж.) атом түсінігі де кеңінен тарай бастады.

Он жетінші ғасырда Рене Декарт эфирді жарық тарайтын кеңістік тұрғысында түсіндірді. Кейін Максвелл электромагниттік толқындар өмір сүретін орта ретінде тұжырымдады. Бұны Ньютонның абсолюттік кеңістігі орнына келген теория деуге де болады. Эйнштейн салыстырмалы теориясына бір тұрақтылық енгізіп те көрді, ол кеңістікті қозғалмайтын объектіге айналдыратын еді.

Бүгінде бәріміз жаппай түпнегізді іздейміз. Түпнегізден (субстанция) материя тұлғасы көрінеді. Дәнінен бидай, аналық/аталықтан өсімдік, тұқымнан егістік өсіп шығады. Өнеді. Бір нәрсенің бар қасиеті бір түйірдің бойына жиналады.

Бар дүниенің бір дүниеге сыйып тұрған мәнін квинтэссенция дейді. Қазақша, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні. Немесе тоқ етері. Ұзын сөздің қысқасы. Бастан өткен жайттың қорытындысы. Мәтінді, мазмұнды тұжырымдап, нығыздап мәнге айналдыру. Сол мән ертең мәтін атынан сөйлеп тұрады. Мәннен мәтінді танимыз.

“Көк мұнар” – Мұқтар Мағауин романдарының квинтэссенциясы. Бүкіл шығармашылығына жарық түсіріп тұр. “Көк мұнардан” бүкіл әдеби-көркем туындылары өрбиді. Заманауи тақырыптары, тарихи сюжеттік желілері, тіпті, сөз саптау, уақиға құру, жазу мәнері, бәрі, осы романда көтерілген, аңғарылған, байыпталған, жеткен, қалыптасқан машықтан бастау алады.

Үлкенді-кішілі роман-повестері, әңгіме-хикаяттарының қайнар көзі аталған шығармада жатыр.

Туынды түркі рухын тірілтеді. Бас қаһарман Едіге Жәнібеков: “Мен – тәңрі текті, тәңрі сыпатты түрік Білге қаған”…– дейді кітаптың 337-ші бетінде, 1-ші том (Он үш томдық шығармалар жинағы, “Қағанат”, Алматы, 2002 жыл). Романды ашқан кезден бастап-ақ, түркілік кеңістік, қыпшақ даласы, кең Сарыарқа бейнесі көз алдыңызға келеді. Профессордың доцент Бәкен Тәңірбергенов жазған ғылыми жұмысын түзетіп жатқан сәтіне дәл түскен Едіге әріптесінің таяздығына, дайындықсыздығына кездейсоқ куәгер боп қалады: “Есіңізде болсын, Ноғай ордасында Шыңғыс ұрпағы – хан, сұлтандар емес, Едіге әулеті –  билер үкім жүргізген. Орда әміршісі – хан емес, ұлыби аталған, оның бас министрін уәзір емес, нұрадын деген”. Келесі бетінде: “Қадырғали Жалайыр, Жамиғ-ат- тауарих, Қазан, мың сегіз жүз елу төрт, Записки Оренбургского отдела Императорского Русского Географического Общества, тысяча восемьсот семьдесят пятый год, выпуск третий… Жаздың ба?” деп сұрап, берген тапсырмасын мұқият орындауын талап етеді.  Жаңа міндеттер жүктейді. Сол Бәкен Тәңірбергенов кейін Едігенің архивтен тапқан ғылыми жаңалықтарын пайдаланып кетеді.

 

  1. Роман-мысалдар

 

Рас, қолға алған туынды – әмбебап туынды. Бір жерінен – кең тынысты “Аласапыран” роман-эпосының көмескі бейнесін көрсеңіз, енді бір тұсынан –  “Қыпшақ аруы” мен “Қара қызды” байқайсыз.

Бұл жазбада “Көкбалақтың” сұлбасы да, “Жармақтың” ізі де жатыр.

Кейін зерттегенде, “Жыланды жаз”, “Бір атаның балалары”, “Тазының өлімі” атты повестерін жазуда қолданған, соңыра мектебіне, жазу мәнеріне айналған Мағауинше сөз құру, тіркес қалыптастыру, сөзді кестелеп өрнектеп тоқу, мәтін әсемдігін күшейте түсу тәрізді әдіс-тәсілдері алғашқы жазғандары ішінен “Көк мұнардан” табыла бастады.

Сөзіміз дәлелді болу үшін, әуелі “Аласапыранға” бастайтын эпизодтарды мысалға келтірейік, сосын, “Қыпшақ аруына” көшеміз: “Алыстан айбарлы атын естіп, мұқият дайындалған франктер өздері түгіл астарындағы атына дейін көк болатқа құрсап, дулығаларының ұшындағы үкілерін желбіретіп майданға шығып еді, қозыжауырын жебе мен қайқы қылыштың өтіне ұзақ шыдап тұра алмады. Ұрыс даласында қураған сүйегі мен үйілген темірлері ғана қалды”.  Немесе, “Жоғарыда көк аспан, төменде қара жер пайда болып, адамзат жаратылғалы ай мен күн куә боп көрмеген қиян-кескі қырғын басталды. Айғай-сүреңнен, қарулардың қаржысқан дыбысынан құлақ тұнды, жерге төгілген қанның көкке көтерілген буынан қызарып күн тұтылды”.

“Қыпшақ аруына” параллель мәтін үлгілері – “Мүмкін осының бәрі түсім шығар. .. Түске ұқсас қой. .. Қаншама жыл іздеген, бейнесін ойшы сызып, талай таңды ұйқысыз атырған арманым қасымда келе жатыр. Қасымда. Сен екен деп талай қызға қол создым. Алданғанымды тез байқаушы ем… Мен сені өмірде жоқ деп ойлай бастаған ем”. Болмаса, “Көзіне көзі түсіп кетіп еді, тұнық жанарымен жалғасқан кірпіктері өткір екен”. Не, “Жебе кірпіктер баяу айқасып барады”.

“Көк мұнар” – қазақ-түркі прозасына ірі қаламгер келгенін білдірген белгі, ишарат, емеурін еді, бірақ оны сол кездегі әдеби орта тани алған жоқ.

Ол, негізі, ендігі межеде жазушы-ғалымның шығармашылығында алты алаш тарихы мен қазақ көркем сөз өнері астасып жататынын меңзеген еді.

Шытырман жазушылық жолындағы, өмір бойы ұстанып келе жатқан атақты бейнетқорлық ұстыны тұңғыш рет тағы осы “Көк мұнардан” көрінді, автор-кейіпкерге профессор жетекшісі бірінші тараудың соңында, кітаптың 252- бетінде былай деп өсиет айтады: “ Аузымыз ондай дуалы емес, алайда, қазақтың көп шалы сияқты, бір ауыз ақыл бізден де шығады: ғылым мен өнер адамы үшін фәниден бақиға барар жол біреу-ақ – жұмыс істеу, басқаның бәрі алдамшы. Осыны жадыңа тұт.”

Немесе, 259 бетінде: “Өмір жолының бойындағы тұңғыш марафонын Едіге ойша үш кезеңге бөліп қойған. Алғашқысы – жалпы дайындық: диссертация тақырыбына тікелей, немесе жанама қатысы бар тарихи, әдеби нұсқалармен бажайлап танысып шығу, екіншісі – таза спорттық режимге көшкен шақ: зерттелмек мәселенің ізіне түсу, бүге-шігесін анық танып, тереңіне ойлап ену, ең соңғы, шешуші кезең – аламан бәйгенің өзі: ойдағы өрнекті қағаз бетіне түсіріп, жазып шығу”.

Аруақтың даланы кезіп жүрген штрихтары кейінгі Мағауинді еске түсіреді.

Кітаптағы махаббат эпизодтары, Едіге – Гүлшат, Гүлшат – Бердібек, Хәлел – Зада – Бәтия үшбұрыштары, оянған нәпсіні аузыдықтай алған табандылығы, сәтсіз өткен шынайы сезімнің өзін, мөлдірлігін сақтай білген кісілік қасиеттері, бәрін, пендешілік тірлігін, пендауи ғұмырын ұлы мақсатына, асыл міндетіне, мехнаты асқан ғылыми жұмысына бағындырғаны – жас ғалым ұстанымынан хабар береді.

Сертіне берік, сөзіне тұрақты, мұратына адал. Басты арманы – ұлттың ар-намысы. Ұлы тарихын ұлықтау. Бірақ, ұлықтайтын тарихын ұрлатқан елдің  асыл қазынасы, алтын кеніші идеологиялық қоймаларда құлыптаулы жатыр. Құлпын бұзатын шақ келді. Арпалыса жүріп, “Алдаспанын” жарқырата көтеріп жүріп.

Мұқтар Мағауин – бүтін тұлға. Ғұмырында адасып көрмеген ақеділ алаш перзенті. Шындығы да жарты емес. Себебі жарты шындық та – жалған. Жорта сөйлемейтін, қиындықтан қорықпайтын, орта жолда тастап кетпейтін сенімді қаһарман. Ол – мұратына жетпей тынбайтын, сапарын аяқтамай қайтпайтын қайраткер.

“Көк мұнар” алғашқы ғылыми ізденістерінің, көп жылғы тынымсыз еңбегінің көркем биографиясы.

Кітаптың өн бойында Совет идеологиясының қазақ жөніндегі түсінігін автор келемеждеп, күлкі қылады. Екі-ақ пайызымыз сауат аштық, дейді қаламгер-кейіпкер. Айналайын Совет жаппай қара танытты. Қараңғы халық кенет екі аяғы аспаннан салбырап жерге түсе қалған сияқты. Сонда, оған жерді кім берді, тарихтан келмегенде, соншама халық енді қайдан шыға келді.

Ғылым, ғалымдар туралы кітапта қала өмірі жиі-жиі көрініс беріп отырады. Елінің тарихын, ұлтының қайраткер тұлғаларын білгісі келетін жас ғалымдар аса сергек, белсенді, батыл.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қазақ санасы күрт ояна бастады. Ең әуелі оянған қазақ қаламгерлері еді. Олар оянған ұлт зиялыларының алды болды.

 

  1. Роман ішіндегі роман

“Едіге дәл осы сәтте өзінің басы – бұлтсыз, ашық көк аспандай тұнық, ал рухы шырқау биікте қалықтаған қырандай еркін екенін сезінді. Ақыл-ойы жетпейтін, қолынан келмейтін ештеңе жоқ сияқты, бойына күші сыймай, кемерінен асып-төгіліп бара жатқан сияқты”.

Бұл – аса маңызды штрих. Модерн заманының ықпалы, автор-кейіпкердің адамзат ақиқатты, әлемді танитынына сенімділігі, прогресске күмән келтірмейтін, сенім білдіретін дәуірдің әсері.

Өзінің қомақты табыстарына, қол жеткізген жетістіктеріне масайраған адамзат ғылыми-техникалық ізденістердің шегі жоқ, үздіксіз, кедергісіз,  ешқашан тоқтамайды, десек те, түбінде ғарышты түгел танимыз деп ойлады. Өзін дүниенің қожайыны сезінді. Өндіріс қарыштап дамыды. Енді қазір дағдарып отыр. Әлемді таныған сайын танымайтын нәрсе көбейді. Мысалы, кванттық механика.

Автор-кейіпкер жазып-жазып, ақырында таусылады. Қараса, кітапханада жалғыз өзі қалыпты. Филогенез онтогенезді қайталайды.

Бұл кітаптың жанры көп: мистика, реализм, фэнтези, интеллектуалдылық, тарихилық, лирикалық. Бәріне дәлел келтіре берсек, эссе/мақаламыз романның цитаттық көшірмесіне айналып кетеді.

Роман ішіндегі кітаптың тақырыбы – қыпшақ ата-бабамыздың айбынды жорықтары, азаттық үшін күресі. “Тек бір-ақ жерде екі жақтың әлденеше мың қаралы әскері қарама-қарсы сап құрысқан күйлері ұрандасып, бір орында тұр. Ортада екі батыр сайысып жатыр. Қыпшақ Темір-Бұқа мен қаушын Назар-Тағай”.

Екеуі де мерт болады. Ел үшін, Отан үшін.

Бұл – жазылып жатқан роман. Екі қолжазба жазылу барысында бір интертекст құрайды. Бір мәтін бір мәтінге мінгеседі. Екеуі бір мәтін ішінде болса да, екі түрлі кеңістікте өмір сүреді. Себебі, уақыты бір емес, бөлек-бөлек. Әр уақыт өз кеңістігіне сай, әр кеңістік өз уақытына ие.

Автор-кейіпкердің қолжазбасы, мәтіні сол автор-кейіпкерді туғызып жатқан роман мәтініне тігіледі. Сонда метатекст үлгісі қалыптасады.

Мәтін ретінде екеуі де ұлы мәтіндердің бір-бір бөлшегі. Жеке шығарма тұрғысында бас-аяғы, құрылымы бар жазбалар.

“Айбынды қыпшақ мемлекетінің күйреу кезеңіне арналған тарихи романын Едіге бұдан үш жыл бұрын, студент кезінде бастаған… ақыры табандап бір ай отырған соң межелі жерге жақындап-ақ қалды”.

 

 

  1. Роман-философия (жаратылыс жайлы ой-толғамдар)

Романда еркіндік бар. Әртүрлі тақырыпта диспуттар, диалогтар құрылады. Ғұмыр/ажал, рух/материя, сана/жан, адам/ғалам, ақыл/сезім турасында ойланады. Келешекті болжайды, топшылайды, пысықтайды.

Өмірдің құны көрген бейнетіне тати ма, неге мехнат өнердің серігі? Батыста қалыптасқан, экзистенциалистік ағым көтерген философиялық мәселелер біз талдап отырған роман бойынан да анық көрініс табады.

Түрлі концепция, топ, жүйе ілімдерімен жақсы таныс автор сөз арасында үздік үлгілерден (цитата) үзінділер келтіріп, шығарманың әрін, түсін, келбетін айшықтай түседі: “Студент кезінің өзінде Спинозаны да, Кантты да, Гегельді де түгестім деп жүрген, тіпті Ницше, мен Шопенгауэрді тауып оқыған Едіге тіксініп қалды: құлаған жігіттердің ішінде қаражаяу ешкім жоқт-ты”.

Кіші ғылыми қызметкер арманы, жас ғалым ізденісі, аспирант жұртына тән ақиқатты тануға деген құштарлық, кітапқұмарлық, әлем әдебиетімен жүйелі түрде танысу мәселесі, адамның ақыл-ойына, қабілет-қарымына деген сенімі, өрелі әңгіме ауаны, бәрі тегіс роман мазмұнын байытып, әртүрлі реңк береді, бояуын қанықтыра түседі, жылы атмосфера туғызады, шығарма формасын қалыптайды.

Бұл өзі – “ақылды роман” қатарына жататын туынды. Автор  қиын мәселе, күрделі тақырыптарды қаузайды. Жарыстырады, шыңдайды, толықтырып отырады.

Кейде мәтін екі романның қайсысына қатысты екені бұлдыр күйінде қалады, бұл автордың, кейін атауы табылған, постмодернистік/интеллектуалдық ойыны. Қаламгер жорта ұмытып кетеді, тасада қалдырады, сілтеме жасамайды. Мысалы, он үшінші тарау былай басталады: “Алла тағала хайуанат атаулы түрлі мақұлық, құрт-құмырсқа, жан-жануарларды тегіс жаратып болған соң, осы он сегіз мың ғаламға билік жүргізетін өзінен басқа да бір ие, дәлірек айтсақ, орынбасар керек екеніне көзі жетті… Бірінші – Адамды жаратуы қате екен. Өзі пішіндес жан иесі әлемде жалғыз-ақ болып қала беруі жөн еді”…

 

  1. Роман-модернити

Сөз жоқ, “Көк мұнар” – модерндік қоғамда дүниеге келген модерндік туынды. Бір сюжеттік желіге бірнеше паралелльдер байланады. Әмбебабтық қасиет, роман ішіндегі роман, әр кейіпкерден көз жазып қалмай, финалға дейін жетелеп, жеткізуі, модерндік дәлдік, бұлыңғыр, екіұшты жағдайдың жоқтығы, анық іс-әрекет, ғылым жолындағы үлкен қам-қаракет, сана ағымы (ағысы) – шығарма ішінде модерндік үлгі-нұсқалардың классикалық әдіс-тәсілдермен жұптасуын, аралас-құралас жүре беретіндігін білдіреді.

“…. Қазақтың тарихи жыры он сегізінші ғасырда, жоңғар шапқыншылығы, ақтабан-шұбырынды, Абылай хан және оның төңірегіндегі батырлар атына байланысты шықты”, – деп түсінетін жетекші-профессорына автор-Едіге-аспирант тайсалмай тойтарыс береді: “Меніңше, қазақтың эпикалық поэзиясының шарықтау шегіне жете өркендеген тұсы – он бесінші, он алтыншы ғасырлар. Он тоғызыншы ғасырдың орта шенінен бері жазылып алына бастаған, біздің заманға жеткен жырлардың дені – сол көне дәуірде туған ұлы эпостардың әбден азып-тозған, жармы-жарты қасиетінен айрылған нұсқалары”.

Келтірілген екі абзац тарихи жанр мен модернистік ізденістің оп-оңай бір-біріне кірігіп, жаңа бір текст пайда болғанын көрсетеді.

Роман нығыз жазылған. Дәл мұндай шығарма бұрын-соңды қазақ прозасында болған емес. Әрі “Көк мұнар” қазақтың жас прозасы ауыл тақырыбынан қалаға ауыса бастаған, көшіп жатқан межесін белгілейді. Бірақ, бұл проза көші созылыңқырап кеткені де рас. Әлі күнге шейін қала қаламгерлері басым көпшілігінің тақырыбы, кейіпкерлері – ауыл тұрғындары. Немесе, қалада уақытша жүрген қыр адамдары. Біздің әдебиетімізде бүгінге дейін қала – құбыжық, қалалықтар тегіс – мәңгүрт.

Жалпы, ұлттық проза жанрында қалам тартқан, жоғары оқу орындары тыныс-тіршілігін баяндаған, махаббат-қызықтарын жырлаған, оқырман қауым жылы қабылдаған, авторға абырой-бедел әкелген, әдеби сын назарына іліккен, атақты роман-повесть, әңгіме-хикаяттар жоқ емес, бар. Тіпті, көп.

Шынымен, студент-жастар жайлы жазылған қомақты дүниелер жеткілікті, бірақ, ғалымдар туралы, ғылыми мәселелер хақындағы, білім/таным төңірегінде әңгіме өрбітетін, интеллектуалдық тартысқа шақырып тұратын көркем туынды, әдеби шығарманы кездестірген емеспіз.

Урбанизация – модерндік сипат. Постмодернде аяқталады. Бірақ, кешеуілдеп жүретін біз тағы да көп нәрседен кенже қалдық. Алайда, сеңді бұзатын, түрен салатын, қаһарман тұлғалар болады. Олар бір өзі бүкіл халықтың жүгін көтеріп тұрады.

 

Сөз соңы

“Көк мұнардың” бір шолғанда, біз теріп шыққан қасиеттері осындай. Жаңа толқын, жас ұрпақ, азат буын тағы да басқа қырларын табары сөзсіз. Көркем дүние әсері жойылғанша өмір сүреді. Күрделілігіне қарағанда, “Көк мұнардың” ғұмыры ұзақ болары екі бастан анық секілді.

 

07.02.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here