Дидар АМАНТАЙ

ҰЙҚЫДА

Новелла

Бірдеңе топ ете қалды. Елең-алаң. Жел көтеріліп, терезелер шалқасынан ашылғанда, бөлме ішіне жібек самал құйылды. Өзімен бірге сырттан алма иісін ала келді.

Мен ояу жатырмын. Қараңғылықта мұрныма жеткен жемістің ғажап жұпары тұрып-тұрып әлсірей бастады, кенет жойылып, жаңбырдың иісі аңқыды. Сірә, жауын алдындағы жел алма сіңген, кең жайылған таза ауаны қайыра тысқа айдап әкетті.

Әлде, мен ұйықтап кеттім бе екен. Көзімді ашсам, таң себезгілеп атып келеді. Күннің өзі жоқ, шапағы жүзіме түседі. Тау арасынан жарқырап көріне беріп, шың-құздардың артына жасырынады, келесі сәт басқа тұсынан аңдыздап шашырайды.

Жаңбыр жаумай өте шыққан тәрізді. Мен Қамарияны ойлап жатырмын. Әдемі еді, маңдайға сыймады. Тағдыры сойқан болды. Гүлдей қыз ерте солды. Зылиха ше, Әлия, Лимара, Гүлфәни.

Ойлағым келмейді. Ұзақ жатамын, сосын, ас әкеледі. Одан түскі асты күтіп… түскі астан соң, кешкі асты тосамын, ұйықтар алдында айран ұсынады.

Кейде тәбетім шаппайды, быламық, сорпа көже, ет, күріш, кеспе, палау, дәм ауысып отырады, ішпеген күндері қасымда, шкаф үстінде суып тұрады, мейірбикелер сыпайы, бірақ, сөзге сараң, күлкіге мырза.

Алма иісі қайта шықты. Кәрі ағаш бұтағымен терезеден бөлмеге кіріп тұрған сияқты.

Таң атпай қойды. Көшеге шыға бастаған жұрт асыға басады. Қыз-келіншек тықылы төпілиі тасқа тиіп қатты естіледі. Қала ерте оянады, кеш жатады.

Ауылға көшемін. Гүл өсіремін, мал бағамын, жылқы ұстаймын. Бірақ, өркениет қызығынан, пәтер қолайлылығынан, жол даңғылынан қалай, қайда қашасың. Күні ұзақ мал соңында жүру де оңай емес. Күтімін айтсаңшы, ата-бабаларымыз қандай бейнетқор, қаһарман болған.

Жетісуға сіңдік. Жер жаннаты, ел көркі.

Қазақтың бар өлкесі ыстық, алаш баласына төрт тарапта көшіп-қонып өмір сүрсе де жарасымды, ғанибет, тамаша.

Күн шықты. Дәліз тірілді. Әрі-бері жүрген жұрт қарасы көбейе бастады. Тықыл күшейді.

Өмір сүргім келеді.

Жазуға құштармын. Қалам бақыты – жазуда, қағаз бақыты – оқуда. Қанша ұстайтыны белгісіз.

Түнде алма иісін күтіп жатамын. Кей уақ кешігіп жетеді. Тіпті, таң атқанша келмей қоятыны бар, сол кезде ауа райы болжамын қараймын, жаңбырды іздеймін, бұлт қаптап, жел соқса, терезелер ашылып, самал кіреді. Ол маған алманың ұшан-теңіз иісін әкеледі.

25.09.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here