Дидар АМАНТАЙ

ҚАЛАНЫҢ ШЕТІ

Әңгіме

Белсебед бұрышты айналып, көшеге шыға берді де, қалт бұрылып тоқтады. Жаңа асфальт жүзінде балон іздері қалды. Тежеуіш тізгіндеп, сырғып барып кідірген дөңгелек әлденеше рет көлденең жолақ тастады. Қала шетіндегі ең соңғы аялдамадан жұрт жан-жаққа бытырап тарқап жатыр. Бірнеше автобус қаз-қатар қаңтарылып, қаптап тізіліп тұр. Жүргізушілер тегіс бұрқыратып темекі тартып, кафе алдында, жазғы күрке, терассаларда жан сақтап, ас күтіп отыр. Күн сәулесі қалқалардың дәл іргесінен құйылады.

Шілде ыстық. Жаяу жүргіншілердің қалың легі жол үстінде сеңдей соғылысып қозғалып келеді. Кенет жолайырықтан ақ бант тағып, аппақ гольф киген аққұба қыз бала көрінді. Күлімсіреді, белсебедтегі бала оны танып, қолын бұлғады.

Екеуі көп қабатты үйлердің алдында табысты. Аула толы құм үйіп, шелек тасыған жасөспірім жеткіншектер, қаз-қаз басып жүріп келе жатып тізерлей құлаған топ-топ сәби, арбадағы бүлдіршіндей нәрестелер. Күн қыздырып барады – ел шілде айының қызығын тамашалап терезелерден сыртқа қызығып қарайды, бір-бірін ертеден танитын сыралғы жұрт көшеге, тысқа кешігіп шыққан көрші-қолаң, қоңсы ағайын-туыспен жабыла жамырай амандасады, қоралап тұра қалып сыр шертіседі, жарқын дауыстар дүркін-дүркін естіледі.

  • Анам қайда?

Бала күмілжіді.

  • Білмейсің бе?
  • Білемін.
  • Білсең, айтсаңшы.

Ол күліп жіберді.

  • Не болды?
  • Тура қазір театр сахнасында “Біржан – Сара” операсынан ән салып тұр.
  • Мені қарсы алған жоқ.
  • Әлі “Кармен” бар.

Екеуі кері жүрді.

  • Сонау жақтан… ат арытып.
  • Бәйге шаптың ба?
  • Иә.
  • Бірінші келдің бе?
  • Бірінші.
  • Өтірік.
  • Жалған сөйлеп қайтемін.

Сүйрік саусақтары жылдам құлпын ағытып, кішкене ақ сөмкесінен қағаз шығарды. Ортасын ашып көрсетті де қайта орнына салып қойды.

  • Құтты болсын!
  • Тағы бір сыйлығым бар, үйге барған соң, көрімдік бересің. Әйтпесе…

Ол сөзін аяқтатпады.

  • Қарғы!
  • Қай жерге?
  • Алдыма.

Қыз бала алдына қарғыды. Белсебед қиғаштап барып, бағытын түзеді. Қарындасы күліп келеді. Ағасы рөлді қоя берді.

  • Құламаймыз ба?
  • Енді құлаймыз.
  • Түсемін.
  • Кеш.

Бала рөлді қайта ұстады. Белсебед асфальт жол үстімен үздіксіз зымырайды. Екеуіне қанат біткендей…

  • Розыбакиев көшесіне бұрыл.

Бұрылды.

  • Енді төмен кеттік.
  • Иә.
  • Тез бас.
  • Бастым. Жарай ма?
  • Жарайды.
  • Көрімдік, көрімдік дейсің, базарлық қайда?
  • Міне, базарлық.

Оны желкесінен түйіп-түйіп жіберді. Ер бала күлді.

  • Таяқ жейсің!

Айдарынан жел еседі. Оның ақ банты ұшып, жерге түсті. Қопсыған шашы жібектей желбіреп, ақ жағасы бетін сабалап, тоқтамай желпілдейді.

  • Менің белсебедім қайда?
  • Үйде.
  • Әкелмедің бе?
  • Жалғыз?
  • Иә.

Қыз күлді.

  • Қалай?

Бала педалін күшене басады. Шынжырдың үзік-үзік ұяларына дөңгелектің күрек тістері айналғанда дәлме-дәл құйылып түседі. Майға батқан екі темірдің бір-бірін құшақтап айқасқаны айқын сезіледі. Шілденің шақырайған күні пана берер емес.

  • Алма пісті ме?
  • Иә.
  • Қарбыз ше?
  • Баяғыда.

Ол педальді басып, ентігіп келеді.

  • Жүзім де.
  • Өрік, алмұрт, шабдалы.

Жайма-шуақ, тыныштық орнаған түс мезгілі. Кенет қиылыстан су шашқан машиналар көрінді. Белсебедшілерді жуындырып өте шықты. Шоқырақтаған екеу жол үстінде шомылып қала берді.

  • Алматы…

Екеуінің айқайынан қала жаңғырады. Күңгір-күңгір күмбездер тәрізді… төңірегіне құмығып тарап, талықсып жетеді.

  • Мен жасыл желек жамылған Алматыны сүйемін.
  • Гүл-қала.

Педаль айналдыру қиындай бастады. Әлде, шаршады ма.

  • Фрунзе бойымен Мұстафинге жетеміз.
  • Иә.

Олар Мұстафин көшесінде дүкенге тоқтап, дүңгіршектен сатқан балмұздақтан жеп, сусын ішті, сосын, жұмсақ балкүлше мен мейізді тоқашты, “Буратино” лимонадын, кексті, печеньені, күллі тағам-тамақты қағазға мұқият жеке-жеке орап, сөмкесіне салды, манадан іргеде тұрған ескі көлік жарма есіктерін шалқасынан ашып жібергенде, жаңа піскен нан жұпары көшені алып кетті, сөйтіп, тынығып, демалып алған ағалы-қарындасты жұп қала желкесінде автомобильдер айналған, дөңгелеп жатқан жолйырықта оңға бұрылып, шеңберді асып, Навоиге жетті. Навои бойымен ілгері тартты. Белсебедтерін сүйретіп, оңтүстік-шығысқа маңдайын түзеді, алқына адымдай басып жүзін көтергенде, қарсы алдарынан алып тауларды аңғарды. Сәлден соң, қала жақтан жоғары қарай жаяу өрлеп бара жатқан екеу алыстан қарауытқан құз-шатқалдар етегінен көрінді.

Қос алматылық жасөспірім бір-біріне езу тартып, көзін сығырайта, күн шуағына қарады. Күн шуағынан қалың шыршаға, шыршадан шыңдарға, шыңдардан биік қаланың үлкен аспанына қарады.

  • Рөлді берік ұста.
  • Жақсы.
  • Қатты жылдамдықпен жүреміз.
  • Білемін.
  • Білсең, сол.
  • Ұшамыз ба?
  • Иә.
  • Сен де қатты жабысып отыр.
  • Жарайды.
  • Дайынсың ба?
  • Дайынмын.
  • Онда, кеттік.

Қазір төмен зымырайды. Мүмкін, көліктерді басып озады. Бірақ, желмен жарысқанға не жетсін, құлақ түбінен былдырлап ән салады. Үйлер бытырап қалып жатады.

 

 

22.09.2020

 

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here