Дидар АМАНТАЙ

БІРЕУ

Новелла

 

Ту сыртымнан үнемі біреу қарайды да тұрады. Теріс бұрылғанда қарасын шалып қаламын. Жылдам қашып үлгереді. Байқағанымды ойына да алмайды. Өз үйінде жүргендей, жайбарақат, жайсаң, желке жағымнан ауыр тыныстап, көкірегі қарс айырылып, күрсініп те қояды. Келесі сәт күлкісін естимін.

Күлкісі – сүйкімсіз. Денем түршігеді. Не деген жеккөрінішті күлкі: адам ба, ит пе, хайуан ба. Түсініксіз мақұлық. Әлде, жын-шайтандар осындай бола ма. Құлағынан от шашып, аузы-мұрнынан жалын атып, төңірегін жайпап жататын…

Түнде қараңғы тереземнен көз салады. Перделер арасынан саңылау тауып, құлағын түреді, сөйле дегендей белгі береді. Жүзін көрсем де, түрі есімде қалмайды. Ұзын тұра бейнесі бұлыңғыр, көрінісі – тұманды.

Қайдан шыққан пәле. Күні-түні аңдиды да жүреді. Қорлықпен өткен өмір-ай, жазаға тартатындай жазықты емеспін, мүмкін, Жасаған Иенің көтеретін пендесіне берген қайғы-қасіреті, азап-мехнаты, қиын сынағы ма екен, әйтеуір, ем-дом айықтырмады, созылмалы сырқат, жұқпалы дерттей жабысып алды, оянсам болды, соңымнан ереді де отырады, өзі жақындамайды да, алыстамайды, қозы көш жерден, мекен-жайымды жағалап, бірде ұзын, бірде қысқа байланып, кейде қашықтан орағытып, кейде таяудан айналып, берекемді кетіреді.

Алаңдайсың, елеңдейсің, жан тыныштығынан айырады, ойыңды бұзады, жоспарлы жұмысыңнан айнытады. Ырысыңды төгеді. Бақытың күйеді. Сен – бейтаныс кепке ұшырадың.

Күйің қандай, пейілін ше, періштеге сыбырлағаның жер-жаһанға жаңғырып естіледі, қаріпсіз, ғаріпсіз, дауыссыз сөз тау-шатқалдардан сақара белдеріне, бетпақтың шөлдеріне күркіреп, күңіреніп жетеді. Сыбызғы тартқаны жүрек қылын шерте ме, ұйқыға шақыра ма, ұйытып әкетіп бара ма. Оян.

Оятпағанда…

Құтыратыны да бар, асыр салып ойнағанын қайтесің. Бәрін әдейі істейді. Түртпектеп отырады. Маза бермейді. Ашуы қатты, реніші жылдам, сартылдатып жұдырық сілтейді, қанжарларын қайшылайды, қимылы шалт, өміріңе қауіп төнеді, қорқытады, жан-жағыңа алаулатып от лақтырады, шала түскен жерінде бықсып жатады, көк түтін қаптап, көзді ашытады, сайқымазақтанып біресе шіңкілдейді, біресе қарқылдайды, есалаңданады, есік алдындағы көлігіңді ауыстырып кетеді, кілтпен ашып, рөлін бұрғанда, бөтен машина екенін түсінесің.

Періштелер бірнешеу, жынның санына жеткен жан баласы бар ма.

Келеке етеді, келемеж қылады, табиғаты ма, жатыры ма, нашар, асылды көрсе, жақсыны сезсе, табаны астына салғандай таптайды. Екіұрық жан иесі. Оттан жаралды ма екен.

Сосын, ватсап келді. Елдің атынан хат жазады, кездесулер белгілейді, күлкі жібереді, теріп жатқан текст немесе хатыңды өшіріп тастайды, байланыс құралына қойған ену паролін дөңгелетіп-дөңгелетіп әкеліп, түрткілеп, түбінде, түбегейлі санын өзгертіп, көбейтіп жібереді, телефон тізіміндегі номерлерді бір-бірімен ауыстырып, шатастырады, Айгүлге қоңырау шалсаң, Перизат көтереді, Нұрланды сұрасаң, Асқар жауап береді, Тілегенді іздесең, Төлеген шығады, қасыңды тапсаң, досың жоғалады, жарыққа сөйлесең, түнек тіл қатады.

Ессіз дүние, есуас әлем.

Көкейіңде – тыныштық. Ойыңда – тыныштық. Есіл-дертің бір ғана сәт – тыныштық. Көрмесем екен, іздемесе, ізіме түспесе, түңілмесе – торықпа, бауыр. Жындыны жыға танымасақ та, жығамыз, басылмаса да пасық атын паш етеміз.

Сірә, анық жын-шайтан, қуғын-сүргін ұйымдастырып, не көздеді екен. Өміріңді сұрай ма, өзге күніңді қалай ма, әлде өкпелі ме. Өз күнімді өзім көремін, өмірімді бере алмаймын, өкпелейтіндей екі туып бір қалған емеспіз.

Найсап болса, тұнығымды лайлама, ағымды қаралама, асылымды қорлама, дер едім. Бірақ, кім екенін білмеймін. Білемін, албасты көп, жөн нұсқап, жоба сілтемейді, сатқын, тықылдауық сатқын, ардың азабы алда, тозақтың қазаны суымайды, жалған куәлігіне алапат жаза, айқын кесім.

Біреу қарсы, келіспейді, өзін жын санамайды, хайуан көрмейді. Рас, оқығаны шамалы, үстірт, тіпті, ұшқары, көп пе, аз ба, бір басына жетерлік, оң-солын айырған, жақсы-жаманды таныған.

Жынға оқып не керек. Туабітті надан. Екі дүниеде оңбайды, бір дүниеде озбайды. Бірақ, азады, бейнеті аздырады. Мехнат адамды өзгертсе – мағыналы, жаманды жақсартып, жақсыны жақсарта түсіп, әйтпесе, ешқандай мәні жоқ.

Біреу жынды емес. Ол мұратсыз.

Жария мұратсыз.

Жұмақтан дәметеді. Астың дәмдісін қалайды. Өкінішке қарай, тағырдың бәрі тәтті емес, ащысы да бар, оны кім жейді. Күллі жұрт балына қол созады, сорынан қашады.

Сор – жынға қажет.

Бірақ, біреуден шаршадым, алайда, дұшпанды жеңетін қайрат емес, пейіл. Күнде соңыма түсіп алып, аңдиды. Өзінде шаршау жоқ. Бәлкім, азып-тозған, азғындаған, керісінше, оған жағады. Неғұрлым сорлы болса, соғұрлым оңды.

Сөзінде тиянақ жоқ, ісінде – береке. Сүрініп-қабынып… жеткен жаман сөздің өзінде – жын, ақ ит кіріп, көк ит шығады, яғни – бейпіл ауыз, бейсауат адамды жын-шайтан төңіректейді.

Қыр соңымнан қалмайды, суретке түсіре ме, таспаға баса ма, әйтеуір белсенді, пысық, ширақ, кеш батқанда, қараңғы түскенде, ымырт – әйнектін көзінен сығалайды, перделерді жел қағады, қағазды үйіріп төбеге ұшырады, желкемнен сөйлегісі келеді, ұпайы түгел, есімі тізімде, енді бір күні құпияның бәрі жария болады. Ұзап бара жатып жалт қарағанда, біреуді танимын. Құпияның тағдыры жариямен аяқталады.

Түнек жарықтан қорқады, жарқыраған күн сәулесінен жойылады, түн қараңғылығында тіріледі, бірақ, біз елең-алаң таң атарына кәміл сенеміз, өйткені таң мезгілі ешқашан кешігіп көрген емес.

Алғашқы арай көкжиектен сыз бергенде, дүние сұлудың көзіндей төңкеріліп қарайды.

 

20.09.2020

 

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here