Дидар АМАНТАЙ

ЖАЗУ МЕН ОҚУ

1

Оқу жазудан бұрын туған жоқ. Бірақ, жаза білген адам оқи алатын еді. Қазір, жазу үшін оқу керек. Ертеде – оқытты. Бағзы замандарда жазуды арнайы оқытатын еді. Ешкімді қайсы бірінші деген сауал мазалаған емес. Қос процесс (үдеріс) бірге жүрді. Бүгінде жазуды үйретеді. Қара тануда – ерекше қасиет, айрықша құпия бар-тұғын. Әріптің сыртқы кейпі, ішкі мазмұны елге түсініксіз болды. Жұрт таңбаны танық санады, жазушыны анық құрмет тұтты. Объект – қоймадағы қазына, субъект – қойманың кілтін ұстады. Жазудың бәрін даналық, терең данышпандық көрді. Жайдан жай ештеңе жазылмайды деп ойлады.

Заманалар ауысты. Технологиялық ғасырдың тегеуріні қатты еді. Тесіп шықты.

Сөзде астар жоқ. Тура сөзден тұспал жойылды. Емеурін жасайтын, жұмбақтап жеткізілетін, жорамалдап айтылатын жасырын ақиқат, жабық ақпар-мәлімет енді қазір ашық жатыр.

Жазуға бағынған жұрт, оқуға құштар ел қалмады. Мәтін тұңғиық болса да, түбіне жететін амал-айла көбейді.

Технология тау қопарып, кен қазды, жынысты кеніштің бетіне шығарды. Кешегі қасиет, қастерлі жұмыс күнделікті механикалық іс-әрекеттің біріне айналды. Оқу мен жазу киесінен (сакралды мәртебесінен) айрылды. Біздің заманда мәтін байлықтың өзі емес, байлық туралы хабар жеткізуші. Қызметі өзгерді. Бұрын жаза білу басқа қонған бақ, маңдайға біткен дәулет еді, қалам иесін хаттың сырын ұққан абыз көрді. Қазір жазу мен оқу – жай бір жеңіл шаруа, оңай жұмыс.

Жазу мен оқу діни салтпен араласып, көпке дейін сәні мен салтанатына бөленіп келді.

Тағдыр талайымен – жазылмаған, оқылмаған нәрсе – азаюдың орнына молайып барады.

Терең мәтін сиреді, тіпті, қадірі кетті, тұңғиықтың абырой-беделі жоғалды, күрделі дүниені жасанды көреді, зая уақыт, рәсуа күш-жігер, бекер еңбек санайды.

Күрделі пассажды жеңіл түсінік жаулады, жеңіл түсінік жедел түсінікке айналды. Әлемтануды оңайландырған жадағай, үстірт, ұшқары модус (білімсіздік, шалағайлық), алайда тез түсінуге, жүре тыңдап, жылдам сөйлеуге, тиіп-қашып шұғылдануға жол ашты.

Ертеде пікір алдында пауза болатын, қазір, аялдамайды, күрт басталып, шұғыл айтылып, кенет аяқталады.

Жеңіл-желпі кітаптар басылып шыға береді, Бір сәт тоқтамайды. Үзілмеген, кідірмеген, созылмалы үдеріс. Екеуінің (оқу мен жазу) алдында – тоқу (сана) өмір сүрді.

Таным қызметінің тұтқасы – сана. Сана дегеніміз ақыл, сезім, жалпы кісілік қасиеттер жиынтығы. Бес бөліктен тұрады: өре, ниет, жігер, көңіл (эмоция), өзін-өзі түсіну немесе жад (өзіндік тектестік – само-идентификация-сознание, память). Сана-сезім ақылға салғанда, ой қорытылады.

Ой – кез келген ойлаудың нәтижесі, қорытындысы ғана емес, ол, сонымен қатар, үдеріс (процесс). Бірақ, танымға ақиқат (мұрат) жолында шындыққа (меже) жету үшін қисынды пайым қажет.

Әр меже – өз кезегімен ашылып жатқан шындық құпиялары немесе төменге (тереңге) бастаған, әлде жоғары өрлеген (көтерілген) баспалдақтар.

 

2

Ойлаудың да өзіндік тәртібі немесе формасы (бірнеше) бар: диалектика заңдары (санның сапаға өзгеруі, қарама-қарсылықтардың күресі мен бірлігі, терістеуді терістеу), индукция, дедукция, абдукция. Ең қиыны – логикалық метод әдіс-амалдары:

  1. Теңдік заңы – А = А, немесе А ⊃ А;
  2. Қайшылықсыздық заңы – A ∧ A;
  3. Үшіншіні жоққа шығару заңы – A ∨ A;
  4. Жеткілікті негіз заңы – А ⊃ В.

Түсіндіре кетейік. Теңдік заңы: кез келген ой, талқы, ұғым – мән-мағына тұрғысынан – ойлану барысында, біркелкі болуы немесе өзгермеуі тиіс.

Бір-біріне қайшы екі пікір не көзқарас бір уақыт ішінде, демек, қатарынан бір мезгілде ақиқат бола алмайды, кемінде жұптың бірі жалған, дейді екінші ереже.

Үшінші тәртіп бойынша, tertium non datur, егер екі ойдың бірі растап, бірі жоққа шығарса, онда, шынымен, екеуінің бірі – шындық.

Жоғарыда келтірілген үш заңды ашқан – екінші ұстаз Аристотель. Төртіншісін негіздеген – Готфрид Вильгельм Лейбниц: кез келген нәрсенің жеткілікті негізі болуы қажет.

Бүкіл адам баласы осы жүйе бойынша ойланады. Ойлаудың заңдылықтары осы формулалар аясында, шеңберінде қамтылған. Ой қорытудың даңғыл жолы – осы.

Ойша толғанасың ба, жазып ойланасың ба, өз еркің, бірақ, тұжырымға жетудің соқпағы – біреу.

3

Демек, оқу мен жазу – тоқумен біртұтас. Санасыз жан иесі жазу мен оқуды игере алмайды, себебі, өз бойына мағына сыйдырып тұрған таңба – абстракциялық белгіні ұқпайды. Фонетика реалды нәрсені білдірсе, содан туындаса, грамматикаға ілінген зат өмірге байланбаған жалпы мағынаны алға тартады.

Мәтінді, мән-мазмұнды реттеуші низамның талап-тәртібі, шарт-тілегінен хат-хабар мағынаға ие болады: грамматикалық құбылыстың кестесі құралады, сөз тәртіппен орналасады, сөйлем бірыңғай заңдылыққа бағынады.

Задында, грамматика – фонетикадан бұрын жаралған ба (жасалған ба), ілкі ме, әлде кейін бе, белгісіз. Бірі алдыңғысын жақтайды, бірі – соңғысын. Бірақ, ерте ме, кеш пе, ұстанған көзқарасына байланысты тілдің шығу тегі, қалыптасуы, дамуы, жалпы теориясы айқындалады.

Белгілейтін немесе белгілеуші (означающее) /белгіленетін немесе белгіленуші (означаемое): тіл таңбаға, нақтырақ, таңбалар жүйесіне айналды.

Жалпы, америкалық философ Чарльз Пирс пен швецариялық тілтанушы Фердинанд де Соссюр төңкеріс жасады. Келтірілген деректер бойынша, Пирс лингвистикамен айналысқан жоқ, ол логикаға көп көңіл бөлді. Сондықтан, логикаға сүйене отырып, теңдесі жоқ тіл теориясы – семиотиканы ойлап тапты.

Десек те, оның атын шығарған өзінің шәкірті – Чарльз Моррис еді.
Тәлімгері, ізбасары Моррис белгі жайлы теорияны өз ілімінің басты тақырыбына айналдырды.

Ұстазы Пирс – белгіге тұңғыш анықтама берген тұлға. Белгі – заттың өзі жоқта оның орнын басатын әрі оның атынан тіл қатып “сөйлеп тұратын” мән-жайды жеткізуші.
Ол үш белгіні бөліп алып, кеңінен талдайды. Икондық белгілер, индекстер және символдар. Біріншісі – заттық түпнұсқаға жақын көшірмелер (живопись, фотографиялар, суреттер, штамптар), екіншісі – затқа емес, іс-әрекетке бағдар беруші немесе хат-хабар, ақпар-мәлімет жеткізуші (жол белгілері, сілтемелер, сигналдар), үшіншісіне ол аса қатты назар аударады, өнер-мәдениет тарихында пәнаралық қозғалысқа айналған “символизм” ағымының қалыптасуына жол ашқан ұғым-түсінік.
Символ – икон мен индекс арасында тұрған белгі: индекс тәрізді еркін де емес, икон секілді қатты талап та жоқ. тегі, символизм – семиотика арқылы постмодернизмнің бір үлкен табысына, ал символ мәдениеттің постмодернистік теориясы аясындағы басты түсініктердің біріне айналады.

Бірақ, Фердинанд де Соссюрдің лингвистикалық теориясы, белгі туралы ойы басқаша дамыды. Ол тілді белгілер жүйесі деп түсінді. Бұл түсінік тіл туралы қалыптасқан дәстүрлі ой-түсінікті тас-талқан қылды.
Ол, біз белгі деп түсінік пен акустикалық образдың комбинациялық тығыз байланысын айтамыз, деді.

Зады, акустикалық образ – дыбыстың өзі емес, адам сөйлеген кезде естіген сөзден алған әсері, демек, ол – психикалық құрылым. Дыбысты акустикалық образ ретінде психикалық планға ауыстыруы Соссюрге дыбыс пен түсінікті біріктіруге мүмкіндік береді, өйткені түсініктің өзі әу бастан психикалық планда жатыр.

Сонда, белгі – қос қатынасты психикалық түп мән (сущность). Белгінің лингвистикалық табиғатын сақтап тұру мақсатында ғалым-ойшыл екі жаңа термин енгізеді: белгілеуші/белгіленуші немесе ашып айтқанда: түсінік – “означаемое”, акустикалық образ – “означающее”.
Соссюр “означающее” (план выражения – айтылу жөні) мен “означаемое” (план содержания – мазмұндық жөні) екеуін біртұтас бірлік ретінде қарастырады.

4

Сөйтіп, тіл мәтін болды: белгіден – белгілер жүйесіне айналды. Мәтін дүниені құрады, дәлірек, дүние мәтінге өзгерді. Өнер, мәдениет, қоғам – мәтін.

оғамдық болмыс – әлем тұтастығын, дүние мен адам бірлігін, тіршілік мәнін, қоғамдасып өмір сүру кезінен қалыптасатын, бір-біріне деген қатынасын білдіретін философиялық категория тұрғысында, қоғамдық сана – белгілі бір заман, дәуірге тән ұжымдық  ұғым-түсінік жиынтығы, рухани өмір, адам санасында қалыптасқан қоршаған орта, көзқарас, ой-зердесі көрінісін, бейнесін, түрлерін түгел қамтитын (қоғамдық сана формалары саяси, құқықтық, кісілік, эстетикалық және діни деп бес түрге бөлінеді) философиялық категория ретінде – мәтін.

Еске сала кетейік, категория – толық, анық түсінік емес, ғылыми мәртебесі жоқ сөз, болжам.

Мәтін философияның негізгі мәселесіне айналғанда, мәтін тудырушы негізгі сала – әдебиет күйзеліске ұшырады. Біз, әдетте, жұрт оқымайды дегенде, көркем әдебиетті меңзейміз.

Жазу – мәтін, оқу – мәтінді түсіну процесі (үдеріс) немесе мәтінді қалыптастырған заңдылықтар – кілті арқылы құпиясын ашу, жұмбағын шешу.

Ол кілттің аты – грамматика.

Оқу жазудан бұрын туған жоқ. Бірақ, жаза білген адам оқи алатын еді. Қазір, жазу үшін оқу керек.

11.09.2020

 

 

 

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here