Дидар АМАНТАЙ

ПЕНДЕНІҢ РИЗЫҒЫ
Эссе

Бала кезімде Қарқаралы баурайына жидек теруге жиі баратын едік. Кейде, көлік табылғанда, ауылдың қыз-келіншектерін бастап, әжем қоса еріп шығатын.
Жаз тыныш, жаңбыр жомарт, жылы түн марғау жылдары ел ішінде тамаша бір атмосфера орнайтын. Қалғып жатқан сағым таулар, мүлгіп тұрған ауыл үйлері, жан-жақтан қосылған тарам-тарам жайдақ жолдар айрықта тоғысып, бас құрап, жер мойны қашық басқа елді мекендерге бастаған ескі грейдерге жалғасатын, бір жақтан келіп жатқан, бір жаққа кетіп жатқан жалғызілікті, қою қара шаңын бұрқыратқан сирек көліктер көрінетін, арагідік алабай төбет әупілдеп, бүкіл ауылды басына көтеріп, азан-қазан ететін, қора маңы, есік алдынан қаз-үйректің айбат шегіп жатқаны естілетін, бәрінен бұрын, дастарқан басында шайдан үнсіз ұрттаған, қыш кесені төңкере ішіп, қолына бейқам ұстаған ақсақалдың батыр тұлғасынан, жас немереден, бір нәрсе сұрап кірген көрші-қолаң дауысынан тіршілік сан түске боялып, жайбарақат күй, жайлы рақат сезімге бөленіп, күллі тықыр, бүкіл дыбыс қырдағы өлке, іргедегі жайлау тынысын асқақтатып жіберетін.
Қалада жаз ұзақ еді, қыстау шөмеле үйіп, шөп тасып жатқанда, шаһарда шақырайған күн ерекше құйып тұрары белгілі. Күзде жазды, қаңтар, ақпанда күздің қоңыр салқын шағын, қара суығын да аңсаймыз.
Жетісуда дала жақтан, орман-тоғай шоғырларынан, тау етегінен – төңірек тып-тыныш бола қалған кезде, жайылып алма иісі келетін. Әсіресе, самал байыған жеміс жұпары, жел соққанда үстімізді жауып, көміп, басып кететін.
Қазақтың ырысы көп. Тауы да, жазығы да, теңізі де, көлі де ғанибет. Елдің берекесі.
Жасымыздан топырағын қастерлеп, жерін сүйіп келдік. Ел десе ері құрбан, жұрт десе жолында өлетін батыр халықпыз.
Білімділік те қазақта. Өнер де алаш бойында. Бала оқыту (жоғары білім алу) – қазақ салтына айналған үрдіс. Біз баланы оқуға білім жинасын деп емес, кәсіп игерсін деген ойымыз да жоқ, бастық болсын деп, ең қымбатына, ең алысына түсіріп оқытамыз. Қазтуғандар заманынан солай: бүкіл қазақ хандары отырықшы өмірді, ордалы астананы, озық ілім-білімді, танымды аңсады.
Қазақтың сағынышы – ерекше сағыныш. Көрші ауылға барса да, үйін аңсайды. Үйіне жетпей – ұйқысы қанбайды. Түзде сергек, түтінде – селқос.
Құдай тағала басына құт қондырды, қолына дәулет берді, қасиетіне кісілік сыйға тартты. Қайран қазақтың жерін шексіз, Отанын зор етіп жаратты.
Кісілігі көптігі сондай, кісілігіне бар адамзат сыяды.
Бала кезімде Қарқаралы баурайына жидек теруге жиі барғандағы тағы бір есебім, ойым, терімшіліктен басқа, ел атауын, жер аттарын жаттау, жадыма жазылған, көкірегіме тоқылған аяулы есімдерді есімде мәңгі-бақи сақтау еді…
Заманында, ата-анасы әжемді ертіп апарып, Қарқаралы тауларын көрсетті, мені әжем мен атам апарды, мен бүгінде балаларымды апарамын. Тамашалап қайтамыз, табынып қайтамыз… қайтпай қалуға дәрмен жоқ, екі жақта екі қала күтіп тұр.
Кейде, бір күні бұл дәстүр де аяқталады, дерек үзіледі, деп ойлап қоямын, сол кезде, бойым шымырлап кетеді, бұл тереңнен қопарылып келе жатқан елге деген менің махаббатым!

26.08.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here