Дидар АМАНТАЙ

ЖАЗУ МҰРАТЫ: ҚҰРАЛДАН МӘНЕРГЕ ДЕЙІН

Шығармаңызды оқыдым,
бірақ идеясын түсінбедім.
Әншейін бір өткенге оралу, сағыну ма.
меніңше, бұл тек жай ғана естелік.

“Ая” новелласы туралы,
Толғанай Шәкизада

Кіріспе

Ұнап тұрғаны: бұл пікірде өнер-әдебиет ұғым-түсінігін қалыптайтын бес мәселе қамтылып отыр: идея, өткен, оралу, сағыныш, естелік. Модерндік, тіпті, постмодерндік сөздер, дәлірек, терминдер.
Ертеде Кьеркегор жазып қалдырып еді – пенде баласы не үмітпен, не естелікпен өмір сүреді.
Меніңше, бүкіл өнер атаулы – естелік, оны Марсель Пруст аңғартып кетті. Ал енді – өткен мен оралу – Жиль Делез еңбектеріндегі белсенді категориялар.
Кез келген шығарма өткен шақты бейнелейді. Тараздық бір ақын жақсы айтты: менің атым – өткен шақ. Мартин Хайдеггер, кейінірек Хорхе Луис Борхес, тіпті, үш шақтың бір нүктедегі бірлігі туралы тұжырым жасайды.
Туынды сағыныштан туады, екінші аты – естелік. Екеуі де осы шақта өмір сүріп отырған өткен шақ (формалары).
Енді әр ұғымды әдебиет тарихында аса маңызды рөл атқарған түрлі-түрлі ағымдар тұжырымдамалары аясында, бір-бірімен салыстыра отырып, оңаша-оқшау, жеке-дара талдап көрейік.

Генезис
Бұл атаудың (генезис) өзі – дамып, кемелденіп келе жатқан құбылыстың пайда болуын, шығу тегін, қалыптасуын білдіретін пәлсапалық категория.
Бұрын генезис туралы сөз бола қалса, табиғат/болмысқа сілтейтін еді, кезінде мифология, соңыра философия мен жаратылыстану ғылымдары (Кант-Лаплас, Чарльз Дарвин) кейін таным методологиясы тұрғысында жаңа міндеттерге ие болды.
Георг Гегель ғылым мен білім қалыптасуын айқындайтын сананың феноменологиялық талқысында пайдаланады.

Генезис түптің түбінде идеяға айналады. Идея – мәтін ойы. Квинтэссенциясы. Басты мақсаты – аталған шығарманың не үшін жазылғанын аңдататын жайт. Алайда, еркін проза алдына ешқандай мақсат қоймайды. Онда біздің түсінігіміздегі идея жоқ. The river is within us, дейді Томас Элиот. Болды. Өмірдің өзен тәрізді ағып өтіп жатқаны ғана бар.
Өзінің программалық атақты сөзінде, Я владею всего лишь манерой письма, деп ой қорытады жаңа роман ағымының негізін қалаушы Ален-Роб Грийе. Бұл цитата – тұтас бір концепция.
Бірақ, идея түсінік тұрғысында философиядан келді. Көне грек тілінде образ, ұғым деген сөз. Көп мағыналы пайым-пассаж: қадім замандарда форманы, образды, түрді, топты аңғартты.
Платон идея деп уақыттан тыс жатқан түйін (сущность), өмір сүріп отырғанды сомдайтын, жасайтын архетипті, стоиктер адам ақыл-ойынан шыққан түсініктерді, неоплатоншылар архетипті туғызушыны, схоластар Құдай ойында көмескі өмір сүретін зат бейнелері, Рене Декарт, Джон Локк замандастары идеяның субъектіленуін алға тарта отырып, адам ақыл-ойымен сіңісетінін, теңесетінін жариялады.
Қазіргі ойшылдар идеяны табиғат құбылыстарын, объектілік реалды дүниені танудың формасы деп түсінеді.
Көне Грекияда идеяны эйдос деп белгілеп келді. Бірақ Лосевтің ойынша, “эйдос наглядно значит, идея наглядно выражает”.
Сонымен, идея – белгілі бір зат, құбылыс, дүниенің мәнін ашатын, мағынасын көрсететін білімді, танымды бір сөзге сыйғызып тұрған түсінік.

Өту – оралу

Жиль Делез атақты “Мағына логикасы” және “Айналым мен айырмашылық” атты еңбектерінде адамзат сан ғасырлар бойы таныған, жеткен, ұққан әлемнің табиғатын, жаратылыс қасиетін талқыға салады.
Өмір шексіз өту мен оралудан тұрады. Бір ғажабы, адам санасында өткен шақ осы шақта өмір сүреді. Демек, өткен шақ оралып отырады. Оралғанда өзгеріп келеді. Сол, бірақ, ол емес.
Экзистенциализм мән өмір сүру барысында қалыптасады, деген пікір ұстанады. Биография біртіндеп жүрген сайын мазмұнға толатыны сияқты.

Сағыныш
Өнер – өткен шақтың сәулесі. Өткен нәрсе – өткенімен қымбат, қайта айналып келгенімен – қуанышты.
Естелік – сағыныштың формасы. Сағынышымыз естеліктермен жетеді. Еске ала отырып, сағынышымызды білдіреміз.
Сюжет – міндетті емес, бостан талап. Бар ма, жоқ па, автордың қолында, оқырманға сюжетсіз, ақындық, азат проза ұнауы мүмкін.

Күрмеу
Менің ашқан бір жаңалығым бар: жазу құралы жазу мәнеріне әсер етеді. Саз-балшық тақталарға жазған әдіс-амалдардан бастап, компьютер клавиатуралары мен курсорға дейін. Тасқа да қашап түсірді, папирустарды да қолданды, пергамент те іске жарады.
ІТ-технологиялар бәрінен озды. Мәтін эстетикасы күшейді. Жаппай бүкіл халықтық сипат алды. Бұқаралық эстетика тобыр талғамынан бөлініп шықты.
Офиске кіргенде, жүздеген әдемі компьютерлер тізіліп тұрады. Әсемдік, сұлулық мәтін жарысында сюжет желісі, әңгіме арқауы, уақиға барысынан озды.
Ақындық проза алға ұмтылды, бірақ, жаппай сипатқа ие бола алған жоқ.

26.08.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here