Дидар АМАНТАЙ

МИЗАМ-ШУАҚ-2
Эссе

Бір өзінде (бойында) мың қасиет бар еді – маңдайымызға сыймады. Дәулескер күйші, виртуоз қаламгер, асқан фольклортанушы, музыковед, сосын – ойшыл.
Тізе берсең – шыға береді.
Маңдайы жарқыраған Тәкем құлама жартастан шауып алған мүсіндей еді. Дене бітімі, қол-аяғы, екі көзі, құлақ-мұрны – ірі, ерекше зор, өзіне жарасып тұратын.
Әңгіме шерткенде, осының бәрі қозғалысқа келіп, қимылдап, жандана, тіріле, бастайтын.
Ертегі алыптарындай еді. Ол қай салада болмасын, сұңғыла, жүйрік, оқыған-тоқыған, білімдар адам-тұғын. Тәкең тұрған жер – күлкінің ортасы. Қыран-топан күлкі. Ішін ұстаған ел, айнала қоршаған жұрт, белі бүгіліп, қырылып жататын. Зерек бола тұра – аңғал, бөлек, оқшау бола тұра – бірге, қатар, күрделі бола тұра – қарапайым.
Терең еді.
Зейінді, тиянақты, тыныштықты сүйетін оқымыстылық, қалай мүмкіндік берген, қайтіп жан сарайын ашқан, осыншама кітапты жатақханаларда, жертөле үйлерде, ескі тамдарда, тіпті, көз байлаған қараңғылықтарда сығырайған майшамның әлсіз отын, шамалы жарығын ілдебайлап пайдаға жарата отырып, қалай діттеген, жеткен жерін, межелі тұсын тапқан, қалай жатып алып парақтаған, мұқабасы ауыр, беті қалың көп томдықтарды қап-қап толтырып, қайтіп аузын буып арқалаған, төлемақысын көтере алмай ескі қоныстан, құтты орнынан айрылғанда, жаңа жерді жағалап, кез келген қалқа, бұрышты паналаған Тәкең, жиі-жиі көшіп-қонып жүріп қай кезде, қай уақытында оқып үлгерген деп ойлайтынбыз.
Сүйреп, тасудың өзіне күш, қаражат, көлік керек.
Тәкеңнің кедейлігі, керісінше, жан байлығын жария етіп тұратын. Кейін жағдай өзгерді, Тәкең отбасылы болды.
Шапқан жаудың бетін қайтарған жалғыз батырдай, кітаптың қалыңдығына қарап, кідіріп қалмайтын, іркіліп тұрмайтын, қолына алып бірден оқи жөнелетін.
Дәу басына әлем сыйып тұрғандай көрінуші еді.
Сағындық Тәкеңді… бізді көргенде амандасқанда, жүзі жадырап, жан-жағына шуақ төгіп, сәулеге бөлеп, қападар сәттің өзін қуанышқа айналдырып жіберетін.
Аяулы Тәкең жайлы “Мизам шуақ” деген еңбегімізде жаздық. Мына шығарма, шағын эссе – арнайы пост: Таласбек Әсемқұлов биыл алпыс бес жасқа толды.
Қазағым деп өткен қайран Тәкең!

25.08.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here