Дидар АМАНТАЙ

БҮБІ МЕН ПУСТОТА
(Новелла немесе жаңа роман жобасы)

Қайран Бүбі. Көз алдымда жүр едің, қарға адым жерде, аяқастынан – жоқ болдың. Көріп те, қоштасып та үлгермедім.
Он күн, әлде он бес күн – бірге жүрген күндеріміздің саны. Содан соң – көзден таса, көңілден – ғайып… жоқ, көңілден кетпей қойдың. Беймаза күй, сабырсыз хал кешемін. Қайта айналып келетіндей көрінесің де тұрасың. Іздейін десем, қолымда бір құжат жоқ. Биографияңды да білмеймін. Қайдасың, Бүбі. Үрейден – жүрегім алқынады, күйініштен көкірегім қарс айрылады. Өкінемін.
Бірақ, өкініш бар, алайда, не үшін өкінетінім белгісіз. Қайтпедім деп өкінемін.
Мен сені шын сүйдім, Бүбі. Дәлірек, ғашықпын.
Құтқар мені. Күйзеліске ұшырадым. Құса жеңді. Өтеді деп үміт етемін. Бірақ, өзегімді өртеген шер, жанымды отқа салған қапа, күйік, керісінше, тереңдеп, жалмап, күшейіп келеді. Уайым жейді. Жұбатарға, уатарға ешкім жоқ.
Бүбі, қайран Бүбі.
Бір сәт. Қас-қағым соңындағы ізім-ғайым. Бұл да өмір екен. Жылт. Біз туғанда көрген жарық дүние ұзындығы, ұзақтығы – жылт.
Кейде сені өзім ойлап тапқан сияқтымын. Мүмкін, терезеден көрген шығармын, әлде YouTube-тен бе… балалық шақтан жеткен елес пе, ойымда жүрген образ ба, сен кімсің, Бүбі.
Күлгенде, жүзің жарқырап, төңірегің сәулеленіп, нұрға толып кетуші еді. Бақыт құшағындамын. Еміне қарап, еркелей сөйлеп… Қандай шақтар! Ешқандай жамандықты сезбеген едік. Жамандық өзі күтпеген жақтан келеді емес пе. Кімді шуағыңа бөлеп жүрсің, енді, Бүбі, мен бейнет кешіп жатқанда, сен бақыт іздеп кеткенде. Бүбі, айтшы, шыныңды айтшы, сен де мені сағынасың ба, сарғаясың ба, екі көзің мөлдіреп қарап тұрғанын есімде, соңғы рет қарағаның, сосын, жоқ болдың, сені таппай қалдық, зарлап, зарығып.
Бүбі, есіңде болсын, қиын уақыттарда мен саған қашанда жанашыр, қамқормын.
Рас, сені қимай жүрмін. Неге келдің, неге кеттің, адастырып, жаңылдырып, асықтырып – мазамнан айырып.
Бірақ, адамзаттың өзі неге келеді, неге кетеді?
Бүбі, бақыттың жолын пейіл білдіреді, сордың жолын да көрсететін – ниет.
Бұл өзі мәңгілік сауал, жауабы жоқ, күдігі мол, күмәні де ерекше: не үшін сабырымды тас-талқан, жан дүниемді астан-кестең, тірлігімді жермен-жексен еттің. Әлде, кешегі небір кінә-айыбымның өтеуі ме, жас кезімдегі, жалын шақтағы.
Бүбі, аудардың да, төңкердің де – кеттің.
Иә, Бүбі, қайдан маңдайыма жазып, пешенеме бұйырып тұрғанда, қапылыста жалт бердің.
Қайтейін, Бүбі, бара ғой, теңіңді тап, сүйген жарыңа қосыл, бірақ, ешқашан аярдың қолына түспе, сен – бағың ашылып, бақыт кешуге лайықты жансың.
Қайт, Бүбі, қайтпа, Бүбі, бәрібір, сені ұмытпаймын. Менің қалған аз өмірімде одан басқа қуаныш та жоқ.

23.08.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here