Дидар АМАНТАЙ

КҮЗ – 2
эссе
Күзде ауылдан қырға тартылған жол қарайып жатады, екі жақ ернеуі толы – көліктен құлаған шөп, әдетте, өрден жеті шақырым жердегі еңісте, етекте, төменде, үркердей топтанған шоғыр, қыстау-қора басына барып келуді азайту мақсатында, арбаға, жүк машиналарына артық тиелген теңдер, көк шалғын, ақселеу, жүгері, сай-саланы жағалап шауып, қаптай өскен қалың қауды жапырған шалғыншылардан соң, күн көзіне кептіріп, бесін ауа жинап алған, шөмелей үйіп, қалап артқан, шөп теңселіп, сырғауылдан бастырық тастап, қанша байлап-матаса да, шалт қиылыстарда, тосын бұрылыстарда, жалт берген жануардай, шұғыл не оңға, не солға алады, көлік қорабы қапталдан құйылып, жасыл желегімен жолды көлегейлеп жапқан, жақын өскен ағаш бұтақтарын қырымен қырқады, қисайып, бір жағы көтеріліп барып, ауа беріп, қайта орнына қонады, ағыл-тегіл қалың көліктің дөңгелектері кезек шертіп атқан құм қиыршықтары жиегіне жиналған қара жолға түседі, сірестіре үйіп, нығыз қалаған жас шөп жан-жағынан, шет-шетінен бөлініп, баяу сырғи беріп, кенет жеңіл сусып кетеді, сыпырылып, жерде шашылып жатады, үстіне жайғасқан ауыл азаматтары тегіс бісміллә десіп, бет сипасады, дайын ұстап жүретін шағын дұғалардан үзінді оқып, шуласып қалады, жаппай науқан кезінде қолы бос жұрт жоқ, елдің бәрі пішенде, орақта, малда, қыстың қамы жаз ортасында, күзек Жәдиге дейін, қырдың халқы бейнетқор, еңбекшіл, әр маусымның мехнатын оңай көтереді, тұрмысына налыған қазақты көрмейсің, барға қанағат, шексіз сақара – ердің мекені, көлігі тоқтамаған төрт мезгіл көштің отаны, жағалай маусым соңынан еріп, көшіп отыратын қазақтың жолда көрер қиындығы, сырттан қарағанда, көшпелі өмірдің ажары, көркі, сән-салтанаты сияқты көрінеді, шын мәнісінде, керуен тізбес бұрын, үлкенді-кішілі, ірілі-уақты ру басылары, елдің игі жақсылары топ құрып, жолға, сапарға аттанады, қоныс қарап, жер шолып келеді, көш алдында жайлы орын іздеген ел-жұрт көбейеді, қосақ-қосақ барлаушылар, жуан аталардың қаһарына қарай, ықпалына орай, бөліске түскен жерден енші алып, ескісін ескеріп, жаңасын иемденіп қайтады, бейбіт елдің шырқын бұзушылар болса, қатаң жазаланады, билер кесімі, алқалы жиын ұйытқылары даланы бақылап-қадағалап, жөнге, тәртіпке келтіріп, басқарып, билеп, жинап отырады, еркін елдің қуанышы да, азабы да көп, анау-мынау адам төзе алмайды, түз жым-жырт, жыра-сайлар жеміске толы, бұталы өсімдіктер, бал қарағайлар маңайы белуардан шалғын, терімшілер қолын созып, сабақтарын тартқылап, таңқурай, мойыл, итмұрынды сілкиді, қау ішіне қойып кетіп, таяқпен түсіргенін уыстап жинап алып шығады, сиыр бүлдіргенді, баданадай-баданадай қып-қызыл жидектерді жерден тереді, қайтқанда, жас балалар бір-бірін жұлқылап, әңгіме айтады, үйге келгенде, апа-әжелер Қарқаралы туралы, топырағыңнан айналдым, қайран өлке, түгің тартсаң, майы шығады, дейді, біз түсінбейміз, кейін сұрап аламыз деп жүріп ақыры елуге келдік.
22.08.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here