ЖЕДЕЛ ҚОҒАМ – 3

Бұрын ғылым панасыз еді, қазір алып кәсіпорынға айналды. Өндіріс пен ізденіс арасы тақай түсті, кеше көздеген мұрат рыноктарға асыққан тауар еді, енді саясатқа араласа бастады, озық елдер, озбыр мемлекеттер IT-technology үлгілерін саяси құралға, ықпалдылық тетіктеріне айналдырып, әлемді өзіне қаратты.
Ғылыми-техникалық табыстар, әдетте, сынақтан, тәжірибеден өткен, қызметін тағы бір мәрте тездеткен технологиялар бейнесінде көрінді.
Тегінде, ғылым тезді, жылдамдықты нысана тұтты, тұрмысқа бағынды, жедел көліктер жылдан-жылға желаяқ болды, желаяқтығы да пайдаға жарады, өткендегі ұялы телефонға қарағанда, биылғы нұсқа – қайта уақыттан ұтты. Қызмет сапасы өзгермесе де, қызмет көрсету жылдамдығы артты. Артылған уақыт үшін ақы төлейсің.
Техника адамның дәл өзі тәрізді: дәуір озған сайын бостандығы күшейді, еркіндігі көбейді, жалпы, адамзат тарихы – дербестігін жариялағанда, тәуелсіздігін берік орнатты, шеру тартып, бүгіннің шекарасына жетті.
Біртіндеп бұғауды үзіп, бір-бірлеп босау – тарихтың ашылып келе жатқан құпиясы, шешіле бастаған жұмбағы.
Әрине, ғылым тұрмыс жайлылығын (комфорт) көбейте түседі, түрлі епті ойлап табады, мәселені тез шешеді. Тез шешім тез жүзеге асады, тездеген нәрсе үсті-үстіне тездей бермек, тез – санаға сыймайтын, ақылға қонбайтын қимыл, неге тездетеміз, белгісіз, қанағат жоқ, тез жүрген нәрсе жүзін, кейпін, бейнесін жоғалтады. Тез ұшқан да сол.
Көз алдымыздан ағып өткен дененің бәрі тегіс бұлдыр, бедерінде бұтақ жоқ, күдір-бұдыры қырналған, қатты жылдамдықтан қадау-қадау қарағай, топ-топ қайың арасы тұтасып, орман болады.
Ширақ, қунақ, шалт – бізді қайда бастап бара жатыр, шаруаны тез бітіріп тастап, не істейміз, сөйлестік делік, ой таластырдық, сөз жарастырдық, сосын… бос уақыт пайда болады, екі қолға не ермек, тездік, лезделік – нығмет пе, бейнет пе,
Қоғам жеделденді. Желөкпе емес, желаяқ. Жылдам тілдесеміз, тез шешім шығарамыз, шұғыл орындаймыз. Артылған уақытты қалай жинаймыз, уақытқа еңбек сіңірсек, сол еңбек құн, құндылық болады. Ол еңбектің рынок қалыптастырған бағасы бар, еңбек – кез келген нәрсенің құнын сақтап қала алатын маңыздылық. Қаншалықты маңызды – ол еңбектің көлеміне, уақыттың мөлшеріне байланысты. Маркстің айтқаны. Бірақ, Фердинанд де Соссюр мен Пирс, Маркстің теориясынан туындайтын ой-тұжырымға орайластыра, сүйене отырып, бүкіл еңбекті бағалай алатын, айырбастай алатын еңбек (ақша) түрі философиясынан өз гипотезасын жасайды. Ол – белгі.
Белгі – басқа туралы ақпар-мәлімет таратып тұратын таңба.
Жедел қоғамда іс-әрекет ұшқыр. Жедел жәрдем – түсінікті. Бірақ, жедел қоғам асығып қайда бармақ, не қайыр таппақ.
Қайыр емес, төніп келе жатқан қасіреттей. Жылдам, тез – жай сөйлестірмейді, қаракеттің өзіне қиялдан қанат байлап, ойшылдықтың шыңына самғап, жылдам ұшып шыққысы келеді, жоқ, әдетте, биік тауларға асықпай көтеріледі, әңгіме-дүкен құрып, бір-біріне ілесіп, ақырын аяңдап жүреді, асыққандар тез шаршап қалады, жарықтан жүйрік тек қана кванттар шығар, шапшаң бөлшектерде мақсат жоқ, әлде мақсаттарын шалт көзіміз шалғанда, жай отындай жарқ етіп, көрінбей, бізге жеткізбей кетеді.
22.08.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here