Дидар АМАНТАЙ

ЖЕДЕЛ ҚОҒАМ – 2

эссе

Бақыт өзгереді. Жоқшылық, жетіспеушілік орнына тоқшылық, молшылық, ырыс келеді. Кеше армандаған, бүгін аңсаған мұрат бейнесі қарауытып алыстан көріне бастайды, сұлбасынан жаңа заманды, қызық-дәуренді аңғарамыз. Көз жазбай танимыз. Ел қуанышты. Бағы ашылды, маңдайы жарылды. Қол босады, қор жиналды. Енді, сауық-сайран құрамыз, ұйытқы жұрт – ұйқы көрмей, дәурен кешті. Бірақ, шексіз той бола ма, соңы бар, ауыртпашылығы көп, мойынға салмағы түсті, белсенді топ белгілі, шаршады, қажыды, тіпті, тамаша да жалықтырады. Жұмыс таусылған, ден сау, көңіл тыныш, демалып шықты, енді – панорама ашылады: өмірдің таза өзі көрінеді.
Іш пысады. Бәрі орнында, әр үйде – баршылық. Көңіл алаңсыз өмір сүре алмайды екен. Мәселе іздейді. Бір ермек табады. Сондықтан, бай әулет тоқ елдерде қайырымдылықпен айналысады. Көңіл жайландыратын жұбаныштың бірі, бірегейі де.
Уақыт өтпейді. Жоқта, тапшы еді. Бір нүктеден бір нүктеге асыққан сағат тілі уақыт емес, салыстырмалы шарт, шын уақыт кеңістікте жатыр. Бірге туды, қатар өледі, бірақ, бөлек жүрген кезі жоқ.
Ермектің күші ішпысқандықты еңсере алмайды, себебі, ермек – жеке тұлғалық, тұрмыстық әрекет, ішпысу – метафизикалық күй. Бізді жалғыз жаратқан. Басымызды қосатын ұқсастықтар бар, алайда бөліп-жаратын айырмашылықтар да көп.
Біз ішпысқандыққа қарсы жалғыз күресеміз. Сондықтан, тірлігіміз баянсыз, көңілімізде қаяу, көргеніміз – бейнет, бейнет, бейнет.
Өмірдің өзі қайғы-қасірет жағдайында тұр, қазақ оны – дүниенің басы сайран, түбі ойран, дейді.
Ойрандалғанға дейін – ой жетеу, ақыл алтау. Абай. Сонда, дүниенің бір кемідігі ғана емес, бір артықтығы да бар екен. Құса – артық, уайым – артық, мехнат – артық. Кемдігі – құса жоқта құштарлық жоқ, уайым жоқта сүю бақыты жоқ, мехнатсыз ар бола ма, ұят бар ма, тіпті, кісіліктің өзі көрген азаптың нәтижесі. Вена үшінші метебін қалыптастырған, концлагердің тамұқтарынан өткен, ұлы ойшыл Виктор Франкл: азап адамды өзгертпесе, мағынасы жоқ, мәнсіз нәрсе, дейді.
Дүниенің әр тасы есепте, әр қадамы көз алдымызда, күй-жағдайы анық. Сол себепті, ішпысқандыққа Құдай жеткізбесін: мұсылмандық шарты, Алла алдындағы есеп, кісілік парыздары – бізді метафизикалық дағдарыстардан құтқаратын қаракеттер.
Жанталасамыз да жатамыз. Қозғалыс – әлемнің тірегі, оның қайнары – күш. Бір сөзінде Вернар Гейзенберг: “Первый глоток из кубка естествознания порождает атеизм, но на дне сосуда нас ожидает Бог”, деген екен.
Ал Макс Планк Нобелдік сөзінде Гейзенберг ойын қуаттай түседі: “Все во Вселенной создается и существует благодаря силе. Мы должны предполагать, что за этой силой стоит сознательный разум, который является матрицей всякой материи”.
Сондықтан, дүниеге қызығудың қажеті жоқ, дүние бізді жалғыздықтан құтқармайды, құтақаратын – Құдай, қашанда біргесің.

22.08.2020.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here