Дидар АМАНТАЙ

ЖЕДЕЛ ҚОҒАМ

эссе

Сірә, әлемдегі ең ауыр азап – ішпысу. Әдетте, біз жұмысымыз жоқтықтан зерігетін сияқтымыз. Шын мәнісінде, ол – өмір табиғаты.
Әрине, жалығу ішпысқандық емес, жалыққандық тұрмысқа байланысты, ішпысуда – метафизикалық өріс жатыр.
Біз күнделікті қам-қаракет қамымен жүріп, іргелі мәселелер жайлы ұмытып кетеміз.
Лев Толстой “Иван Ильичтің қазасы” атты повесінде мынадай жайтты келтіреді: “Все, чем ты жил и живешь есть ложь, обман, скрывающие от тебя жизнь и смерть”.
Блез Паскаль тамаша бір, таңғажайып пассаждар жасайды: “Чтобы понять смысл всех человеческих занятий, достаточно вникнуть в суть развлечений”.
Демек, ғұмырда қайшылық бар. Сүргіміз келеді, алайда ажалды байқап тұрамыз. Ол пенде ризығына у құяды, қуанышына қара су жібереді. Алапат күштің бәрі пендеге қарсы. Адам – шығыны көп, әлсіздігі басым, қорғансыз, тиімсіз жаратылыс, ажалы жылдам, шыдамы жоқ, төзімсіз. Суық та, ыстық та, қатты да, жұмсақ та, алыс та, жақын да, бәрі адам өміріне қауіп төндіреді. Болмашыдан – құриды. Сондықтан, құралы көп.
Психикалық дерт адам бойында ғана болады. Сана – жарық дүние көшірмесі, жарқын бейнесі ғана емес, күллі аурудың кеңістігі де. Кісіден басқа тіршілік иесі жын ауруына ұшырамайды.
Қағылез болса да, қайғысы басынан асады, уайым – сырқаттың қайнар көзі, шерлі пенде қасіретінен шерменде тәрізді көрінеді, шын мәнісінде, ішқұса – жақсы өмірдің дерті.
Нашар тұрмыс, еселенген бейнет, керісінше, адам жанын құтқарушы, тоқтың жалығуы көп, нығметін иеленген экзистенциалистік жағдайда жүргенін білмейді, өйткені, өмірдің мәнсіздігін екі қолыңыз боста көресіз.
Қызмет – алданыш, бала да жалған, өсиет айтқанда, ұрпақ мәңгі жалғанатын, мыңжылдықтар бойы тоқтаусыз өмір кешетін тәрізді сөйлейміз, алайда, орта жас алпыстың мөлшерінде, кәрілік – ілуде бір ілігетін олжа.
Еңбектің мұраты – ағыл-тегіл азық-түлік қана емес, жұмсайтын күштің үнемшілдігінде де жатыр. Ғылым, техника тұрмысымызды оңайлатады, уақытымызды қықартады, бірақ, сондағы түпкілікті мақсат не: тездете бергенде не бар, не нәрсе бізді қуып келе жатыр, шұғыл, жылдам, лезде орындалатынның салдары қандай болады екен, біз қол созғандай ма, әлде өзгеше ме, жалпы, бірінен бірі озған заман еліріп, желігіп, асығып, шынымен, қайда бара жатыр екен.
Ойда жазық жоқ, сілтегенге жол тапты, ілгеріледі, алға шықты. Енді қазір елік адым түгілі екі елі жылжыса да қуанады. Ізденістер, қаракеттер шексіз, бірақ, табиғат мүмкіндігі өлшеулі.
Энгельстің бір қызық тұжырымы бар: “Не будем, однако, слишком обольщаться нашими победами над природой. За каждую такую победу она нам мстит (“Диалектика природы”).
Әлемнен тәртіп іздеп жүріп, кванттық бей-берекеттілікке бой алдырдық. Енді, тіпті, табиғаттың теріс қызметінің өзінен пайда табатын болдық. Бақ үйде отырғанда, бақытты тыстан қарадық. Бір қадам жол емес, ұзақты аяң еңсереді.
Жол да жұбаныш, сапар – ойдың қуанышы.
Еңбектің өзі бақыт, бірақ, өмірдің бақыты емес, тұрмыстың бақыты. Өмір – қайғы. Жоспар жоқта, мұрат жоқта, еңбек жоқта – қапа.
Ұсақ-түйек тірлік, қым-қуыт тіршілік, тұрмыс мехнаты, ойын-той, қызық-думан – бізден өмірдің мағынасыздығын жасырған құпиялар.
Біздің міндетті түрде көңілімізді аулау керек, әйтпесе ішіміз пысады, оның, рас, салдары зор.
Бақытты өмір – бейнеттен қол тимеген тұрмыста.

21.08.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here