Дидар АМАНТАЙ

КҮЗ – I

Шілде бойы тастақ көше, ашық терраса, шағын үстел басында күн шуақтаған ескі қалаға баспалап суық кірді.
Жәди, Дәлу төмен еңкейген, астасқан көкжиекті жағалап, мүйісте іліне бастаған көзтаныс жұлдыз, Әсет пе, Чіллә кезінде ме, ұзын-сонар жаз айлары соңын ала бере, едәуір тың уақыт, елеусіз мезгіл, Зауза, Саратан, аспан жерге байланып, енді ғана, құт мерзімі қаңтардан қаңтарылған, тұсамыс, шідерін үзіп, Сүмбіле етектен жылжып төбеге көтерілгенде, ентелеп келе жатқан жаңа маусымды паш етті. Желпініп, сыбдыр қағып, шулап, теңселіп тұрған қалың ағаш ішінен бір жапырақ сарғайып көзге түсті. Келе жатқан суықтың айқын белгісі, анық хабаршысы. Сосын, миуаны жауып, жан-жағына екпіндеп жайылып, қаптап кетті. Сары, қызыл-жасылды бояу әр тұстан бір көрініп, бақ аралады, бірте-бірте, бір-бірімен жалғасып, қосылып, етек-жеңі тұтасып алды, күн нұрына шомылған қала реңкі күрт өзгере бастады, шаһар шалқып-тасып түрлі-түсті шалқар көрпе жамылды.
Әлемді жирен түс жайлады. Жидектер ақты, Түнгі ызғар жиіледі, жаңбыр көбейді. Троллейбустар кешқұрым уақ кең даңғылдар бойымен сүйретіліп бара жатты. Қападар жүргінші, көңілін қаяу шалған жолаушы, сапары ұзақ жиһангер, дүниеде қайғы жоқ, дүрмекті ойлап тапқан, бәріне кінәлі – біз өзіміз. Мән көргіміз келеді, түп мағына іздейміз, түбегейлі байлық сұраймыз. Ырыс-береке кісі таңдайды, дәулеттің дақпырты көп, кедейшіліктің кемдігі бар ма. Бақыттымын деген адам бақытты.
Күз – қамыққанға күз, жайдарманға – жаз. Әлем бейнесі адам көңілінен қалыптасады.
Күллі ғұмырым көз алдымда. Әр жыл мезгілі – жадымда. Жазда – қыс, қыста жаз есімнен кетпейді.
Бақыттың басы – балалық шақ, соңы соңыра – кәрілік. Біз бақытты боп туады екенбіз, неге бақытсыз боп дүниеден көшеміз. Бәрімізге бір тағдыр бақытымызды тартып алып қояды. Бақыттың жолы – өмір, қашықтығы – туу мен өлу арасы. Бірақ, қашықтық – азайған бақыт секілді қысқарады.
Бала кезде дүниенің бояуы – қанық, дәмі – айқын. Жастықта қызықтың – уақиғалары да жарқын, жасампаз, жалынды. Сөзі – тура. Қартайғанда – көмескі, күйрек, әлсіз.
Пенде пешенесіне жазғанды көреді, алайда, Жаратқан жазғанын өзгертуі де мүмкін. Адам пейілі тазарып, ниеті ағарып жатса, немесе, тарылып, кірлей бастаса…
Күз – ойланатын уақыт. Тегінде, күздің ойы – сұмдық терең, тіпті, тұңғиық, ойлағанының – түбіне жетеді, биігіне шығады.
Екінші қыс тәрізді. Жаңа жыл күзде басталатын секілді. Және де – қандай! Ойланып-толғанатын мезгілдей, ойнап-күлетін маусымдай.
Күздің серігі – көңіл. Көп сөйлейтін әрі көбіне үнсіз қалатын. Күзде рухани жаңаратындай сияқтымыз.
Жыр жазғымыз келеді, ән салуды аңсаймыз, қасымызда жүрген адамды сағынамыз. Қолда барды армандаймыз. Сағынғымыз келеді де тұрады.
Күз – жұмбақ, белгісіз бір құпияларға жетелейді. Шыр айналдырады. Сезіміміз – астаң-кестең. Жан сараймыз – быт-шыт. Қобалжимыз. Тебіренеміз. Даурығамыз.
Бір қызық күтіп тұрғандай көрінеді.
Бізді.
Бір жерде.
Сен бізді жібер, барып келе қояйық, Тәкең екеуміз – білеміз!
Бізде бүкіл бақыттың адресі бар…

18.08.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here