Дидар АМАНТАЙ

ҚОРҚЫНЫШ ДЕРТІ
( ғаламдық саяси болмысы һәм жеке тұлғалық психологиялық бейнесі)
Философиялық трактат

1.
Әлемді қорқыныш билейді. Ұлы мемлекеттер кіші елдерді жасырын қорқытып басқарады. Саяси құпия шантаж ғаламдық сипат алды: жоқты бар дейді, барды – жоқ. Келіспегені жанталасады, қарсыласып бағады, кейде күштінің бетін қайтарады, кейде әлсізі күйрей жеңіледі. Саясат – мықты ойышыныкі.
Жалпы, саясат – көздеген саяси мүдде жолында жалған шындық сомдайтын өнер. Мақсатқа жетудің барша амалы жақсы. Біз белгілі бір елді саясатына қарап емес, мүддесіне қарап танимыз, демек, түсінеміз. Саясат өзгереді, мүдде – қалады. Бірақ, саяси мүдде жалпы мүддеден бөлек. Әуелі халық мұратынан туған саяси мүдде кейін дербес қатысушыға айналады.
Қауіп төніп тұрған қоғамды ағымдағы саясатына бағындыру әлдеқайда оңай, бірақ, дүние жүзін бөлшектеген идеологиялық концепт күшейгеніне не әлсірегеніне қарай жылдар өте келе қайта түзіледі.
Идеология – жеткізуші, тасымалдаушы құрал. Бірақ, саяси құндылықтар өзгеруі идеологиялық насихат мазмұнын жаңадан қалыптастыра бастайды. Саясат – мүдде туындысы. Мүдде – мемлекеттің қозғаушы күші. Тіпті, қорғаушы күші де (өзін-өзі сақтау инстинкті). Немесе, жаны. Мүддесі (арман-қиялы, мақсат-мұраты) анық, тұрақты, мәңгілік мемлекеттер ұзақ жасайды.
Мүдденің бір аты – жоспар. Біз – бірге атқарған ұжымдық жоспардың тетіктеріміз. Ұжымдық жоспар – бірлескен жоба немесе ұлттық бағдарлама. Мемлекет ұлттық мүддені саясатқа айналырады.
Жоспарсыз ел – жолсыз көлік. Қайда бара жатқанын білмейді. Бірақ, қабылданған, бекітілген жоспардың жүзеге асуын қадағалайтын бір құрылым бар, ол – мемлекет. Қолында – билік. Жұртты жұмылдыратын күшке ие.
Алайда, ұлтты біріктіре алмаған ұран, демек, халық мүддесіне қайшы. Мемлекет мүдесі мазмұн тұрғысынан халық мұратынан тұруы тиіс. Мемлекет мүддесі дегеніміз ұлт мұраты.
Құрушы, басқарушы қызметін мемлекет органдарына жүктеген қоғам оны бақылап-қадағалауға құқылы. Мемлекет күші халық тілегінен туындайды. Мемлекет – ұйымдастырушы. Сондықтан, мемлекеттік аппарат қолында орындауға мәжбүрлейтін хақ бар.
Кез келген жоспар – заң. Жүзеге асуы тиіс, бұл – мемлекет мүддесі. Демек, ұлттық мүдде. Қоғам мен мемлекет қарым-қатынасы өзара бақылап-қадағалауға құрылады.
Заң орындалғаны жөн, оған мемлекет жауапты, орындатуға міндетті. Бір тараптан, заңбұзушылық жазаланады, бірақ, заңды саналы түрде атқарған жақсы. Сонда, қоғам өседі.
Жазаны заң аясында қолданатын – мемлекет. Бар кілтипан осында: жазаның бір функциясы – қорқыныш.
Бірақ, қорқу – қорқыныштың өзі емес, қорқу – алдын ала қабылданған шешім құрбаны, қалыптасқан түсінік/образдың сол сәттік көрінісі, тірілуі, маңыздануы. Бұл термин көпмағыналы, көпмәнді әрі семантикалық бірізділіктің жоқтығы түсінуді, талдауды, қорытынды жасауды қиындата түседі.
Қорқыныштан қашудың, жасырынудың қажеті жоқ, бой беруге де болмайды, оны түсінуге, айқындауға, басқаруға тырысу керек.
Әдетте, тосын жағдайдан түпсанада жатқан қам-қаракет алгоритмі оянады: қорыққаннан – қимыл-әрекетсіз тұрып, кідіріп, қатып қалады, ми қызметінен жаңылады, ой-сана дағдарады, пенде баласы көңілі құлдырап, эмоцияға беріледі, қорқыныштың бағынбай кетуі де мүмкін, негативтік сценарий финалын күткен қаһарман эмоциясы екілене, күшейе түседі, қорқыныш қорқынышты шақырады, түрленеді: яғни, қазақ мәтеліндегідей жағдай қалыптасады.
Қорқыныш – ерекше хал-ахуал. Қауіпті санаған объектімен жүздескісі, кездескісі келмейді, жағдай ушыға түседі, уайым көбейеді. Сормаңдай, шерменде бұдан да сорақысын күтеді.
Әлем түнектей түнереді, жаулық тілейтіндей көрінеді. Қоршаған орта суық, пенденің көрсетер қайраты, қарсылығы жоқ, көңіл күйі алаңдаулы, хал-жағдайы қобалжулы, мұңды, қорқыныштының қорқыныштысы – назарда.
Жан күйзелісі тән арпалысына ұласады. Не қорқыныш бағынады, не қорқынышқа бағынады. Әуелі жанарына қонған үрей көзден анық көрінеді, Қазақ көзі бақырайып кетті, дейді, немесе көзі алақ-жұлақ етіп… құтылу жолын іздейді, сосын, қарашығы дәлдігінен (фокусы) айрылады, жан-жағын, төңірегін түсінуден қалады, бұл психологиялық қорғаныс түрі – реалды өмірден адасады. Тынысы жиілейді, тез-тез кірпік қағып кетеді, сөйтіп, жақыннан көру қабілеті артады, бұл қауіптің төніп келе жатқанын анық аңғара түсуге көмектеседі.
2.
Қорқыныш – қоғамдық сананың да, тұлғалық сананың да бір-бір бөлшегіне айналды. Қауіпті тенденция. Бір қорқыныштан құтылып жатса, бір қорқыныш келіп жатады. Қорқыныш бүгінгі қоғамда ағыл-тегіл. Қорқыныштан құтқаратын – мәдениет. Оның ең үлкен миссиясы сол, мәдениет нәзік бола тұра қара күшке қарсы күреседі.
Мәдениет – қалың тарихтың жұқа қабаты.
Заңорындаушылық – мәдениеттің үлкені. Жазаны еске салудың қажеті жоқ. Сана – қоғамның тірегі, мәдениет – мемлекет қазығы. Мәдениетіне қарап мемлекетін танитын заман келді.
Бұрын мәдениет техникалық табыстың көзі, қайнары, қозғаушысы болатын, қазір – нәтижесі. Мәдениет – мүдде. Түпкілікті ұлттық мүдде – мәдениет. Саясаттың ар жағында мәдениеттер күресі жатыр. Бірақ, техникалық табыс дүниені өзгертті. Поп-мәдениет жер-жерге оңай тарап, көшірме нұсқаларын түбегейлі біркелкілендірді. Жеңіл әуен, тез жатталатын сөз, ләззат көруге, рақат кешуге шақырған тақырып, жылдам жылтылдаған бейнекөріністер, төсек қатынасына емеурін білдірген тұманды атмосфера, түрлі талғам тоғысқан ашық-шашық киім үлгісі – ұлттық шекараларды бұзып, сахналарға ұмтылды, саналарды жаулады, салт-дәстүрлерді, ұлттық әуендерді ығыстырды, жергілікті таным-түсініктерді тұғырынан түсіріп, технологиялық жетістіктер өзгерістер туына айналы.
Технология, техника, әсіресе, ғылымда ұлттық белгі жоқ, мәдениет тұрғысынан – ғаламдық қауіптердің бірі. Комфортын татқан смартфондар дәмінде біз аңғармайтын у бар.
Дәстүрдің бәрі еңбекке құрылған, алайда, технологиялық ізденістер табысқа жетудің ұзын жолын қысқартады. Жаяудың орнына атты келеді, ат орнына – автомобиль, автомобиль орнына – пойыз, пойыздың орнына – ұшақ, ұшақтарды ракеталарға ауыстырамыз.
Техниканы басқару оңтайландырылды. Автомат электрондық сатыға жетті. Енді адамның өзін машиналар қадағалайтын болды.
Ғылыми-техникалық және технологиялық сан салалық революциялар Жер бетіне электронды мәдениет орнатты. Оның салдары көп.
Бірі – адамның өзгермегендігін паш етті. Түрлі катастрофалар кезінде әуелі қоғамның ең нәзік, ең жіңішке, ең ұзақ қалыптасқан қабатын су шайып кетеді. Демек, мәдениет-өнерді қорғау керек, үнемі күзетте, назарда ұстаған жөн, адам санасы – адам мәдениетінің биік көрінісі, жоғары дамуына жеткен жоқ. Не, белгілі бір бөлігі жет жете алмады. Себебі, жаза әлі күнге шейін бар.
Өкінішке қарай, қорқытпай заң жүз пайызға орындалмайды. Санамен емес, зорлықпен жеткен тәртіп. Социалистік елдер тәжірибесі сана бейқамдығын, көңіл алалығын, қоғам дәрменсіздігін көрсетті.
Бірақ, қорқыту әрекеті кісілікті жақтаушы категория емес. Ежелгі, ескі түсінік. Яғни, қоғам көне заманғы шараларды әлі күнге шейін қолданып келеді.
Қоғамды, ұжымды, адамды қорқыту, қоқан-лоқы жасау арқылы басқару адамзат топтасып өмір сүрген кезден бері, ес жиып, етек жапқалы астыртын да, жария да жүргізіле бастады. Мыңжылдықтар бойы.

3.
Қазір күшейді, себебі, тетік көбейді. Электронды бұқаралық ақпарат құралдары көз ілеспес жылдамдықпен хат-хабар, ақпар-мәлімет тарататын техникалық-технологиялық қабілетке ие болды. Қорқыныш бұқаралық сипат алды. Бірін-бірі қорқытады.
Қорқыныш қауіп-қатерді үйіп-төгеді. Қоғамда қорқыныш көп. Ғылым түрленген сайын қорқыныштың да түрлері көбейіп келеді. Адам мен машина арасы, қарым-қатынасы күрделене түсті. Терең қорқыныш бірте-бірте орнайды.
Басы уайым, соңы – қайғы. Болмашы нәрседен болмысы қалыптасады. Емдемеген елеусіз дерт сезімнен көрініп, санаға шабады, оны жаулағанда, дүниетаным өзгереді.
Бірте-бірте машиналардың өзі қауіп төндіре бастайды, біздің пост-заманда кез келген мәселе ғаламдық кеңістіктің проблемасына айналады. Өйткені, электронды әлемге енген күллі ақпарат қолды болады, екі жақ та пайдаланады.
Сонымен, қорқыныш не? Меніңше, дүлей апат. Біз қорқыныш апатына ұшырадық. Ғылым, жоғары технологиялар дамыған сайын басымызға қара бұлт қаптайды, күн туады.
Қорқыныш қалың сор болды. Оны жеңбесе, ол, әрине, – қуаныштан үстем, еркіндіктен басым. Үрей елдің ішкі жан сарайын аласапыран етеді. Қорыққан адам оң шешім қабылдай алмайды. Ойлануға да, әрекет жасауға да қабілетсіз. Бұл – төніп келе жатқан қатердің залалы. Немесе біздің реакциямыз. Дәлірек, көрсеткен қарекетіміз. Бір сәттік қауіптен зәресі ұшқан пенде кейін қорқа келе үнемі үрейленіп жүретін болады. Өзін-өзі сақтау инстинкті тудырған психо-физиологиялық ахуал.
Қорқыныштың кісілік мақсаты да бар – адам жанын құтқарып қалу. Біз қорқудың арқасында қалыптасқан жағдайды тез арада бағалап, не істеу қажеттігін шамалаймыз.
Яғни, қорқыныш біз тұспалдаған не анық тақап келе жатқан қауіп-қатердің салдары.
Бірақ, кетпейтін, өшпейтін қорқыныш бар, ол қауіп сейілгеннен кейін де біздің көңілімізді алаңдатып тұрады.
Алаң көңілде ақыл жоқ, ертеңіне көзі жетпейді, есін жия алмаса – созылмалы дерт. Тыныш жағдайында ғана сана – анық, дәл, түбегейлі.
Беймазылық күй – ырқыңа көнбейді, шырқыңды бұзады. Бойымызға сіңген, санамызға орныққан үрей бірте-бірте біздің өзімізді бағындырып, басқаның көмегінсіз жүріп-тұра алмайтын жағдайға жеткізеді.
Қорқыныш науқасқа айналады. Дерттің әрі физиологиялық сипаты (жүрек соғысының жиілеуі, тынысының тарылуы, көздің үлкеюі, қан қысымының артуы, терлеу, жаурау) әрі психологиялық белгілері (жағдайды түсінуден қалу, ступор, өршіп бара жатқан зиян-залалды танымау, паника, үрейлену, күйгелектену) көріне бастайды.
Әр адамның кез келген мәселеге деген реакциясы да әртүрлі. Бірінің есі шықса, бірі бірқалыпты, біртоға мінезінен айнымайды.
Оқта-текте байқалып тұрса, бұл адам денсаулығына да, өміріне де қауіпті емес, алайда, теріс әсері ұзақ болса, адам біртіндеп сырқатқа ұшырайды.
Үрей дерті меңдеп, адамның мазасын ала берсе, ақырында құса, өкініш, күйініш – депрессияға ұласады, түнде қорқыныш билейді, түсіне енеді, невроз пайда болады, меланхолияға беріледі. Дүниені жат көреді.
4.
Сондықтан, қорқыныш сезімін сейілтіп, ем-дом жасау керек.
Депрессия өмір сүру жолын Мартин Хайдеггер үш кезеңге бөледі: редукция (объектіні өткен шақта қарастыру), конструкция (жаңа ғалам пішінін қалыптастыру) және деструкция (екі кезеңнен жақсысын алып, тоқайластыру).
Әдетте, қорқыныштың түрі көп: шын немесе өзі ойлап тапқан қорқыныш, қорғаныс хақында немесе тежеуіш ретінде, нақтылы объект не ситуация туғызған, қатты үрейден қалыптасқан, кеңістіктен қорыққан – клаустрофобия, агорафобия.
Тез өтпелі, ұзақ әрі тұрақты, сосын, бала қорқынышы, сәби шақтан қалған кеселдер, әлеуметтік ауыртпашылықтан (тұрмысы нашарлық, білімсіздік, жұмыссыздық, төмен жалақы, басқа да жеке өміріне байланысты күйзелістер) өрістеген, дамыған, құлазыған күй, биологиялық топтағылар, үрей кейпіндегілер.
Жалпы, әр адамның бойында тумысынан белгілі бір қорқу түрлері болады, жалғыздық қорқынышы, жеңілістен бой тартатыны, ыңғайсыздық сезімін туғызатын хал-ахуал, жай-күйді кешуден қашқан қорқыныш. Бір рет қорқыныш дерті жанына батқан адам екінші рет бұл сырқатты көрмеуге, басынан өткермеуге тырысады. Айналып жүреді.
Адам – әлеуметтік орта қалыптастырған тұлға. Ол үнемі өз көзқарасы, ережесі, тәртібі бар басқа жандармен қарым-қатынасқа түседі.
Кез келген адам төлтума табиғатын, жеке басының ерекшеліктерін басқаға ашуға, көрсетуге қаймығады, себебі, қоршаған ортасы түсінбей қалуы мүмкін.
Қолға алған жобасын жүзеге асыруға қорқып жүріп алатын адамар да бар. Әуелі қорқынышты не туғызатынын білу керек. Себебін тапсақ, өзінен де құтыламыз.
Қорқыныш – қауіптің өзі емес, оның анық немесе болжамды тақап келе жатқаны. Қорыққанға қос көрінеді, дейді қазақ, өте дәл айтылған. Қос-қостап көрінген нәрседе қорқыныш көп.
Жеңудің амалы – салқынқандылық сақтап, қалыптасқан жағдайды бағалап, жылдам шешім қабылдай білу. Қорқыныштың образын бөлшектеу қажет, сонда мәні ашылады, мағынасын түсінсе, күресу де оңай.
Батырлық – қорқыныш сезіміне ие болу. Тіпті, оны басқару, билеу, дегеніне көндіру. Қорықпайтын пенде жоқ, себебі қорқыныш организмнің өмірімді қайтсем сақтаймын деген ұмтылысы, жанталасы, сезімі.
Қоғам қауіпсіздігі мүшелері қорықпайтындай дәрежеге жетуі тиіс. Сонда, бақытты өмір сүреміз.

5.
Қорқыныш сөзі түсінік тұрғысында көпмәнді мағына береді. Семантикалық айқындылығы жоқ. Түрлі аяда қолданылады. Гипотетикалық аралық ұғым ретінде де, стресс туғызған бір сәттік психологиялық жай-күй, әлеуметтік қажеттілігін қанағаттандыра алмаған фрустрацияқ келеңсіздіктен туған, пейіл-ниет қайшылығы, тереңде отырған ішкі және сыртқы хал-ахуал тұрғысында да.
Дж.Уотсон сілтемесінде, қорқыныш – іргелі ұғым-түсінік, ашу (жеккөрініштілік) мен махаббат (сүйіспеншілік) тәрізді негізгі эмоциялардың бірі. Дәлірек – үшіншісі.
Ішкі висцералды реакция. Қорқыныш дами келе шартты рефлекске айналады. Түп себебі белгісіз болғандықтан дерт созылмалы сипатқа ие болады.
Әйгілі У.Джеймс, сана ағысын ашқан психолог, оны онтогенетикалық ежелгі инстинкт ретінде қарастырды. Бір зерттеушілер Уотсон/Райнер қорқыныш пен үрейді дағдылы мотивация көрді, екінші негізді термин деп түсінді.
Атақты З.Фрейд аффекті ахуал есептеді.
Наразы сезім асқынғанша көрінеді, кейін түпсанаға түседі. Оның ойынша, реалды және неврозды қорқыныш бар. Реалды қорқыныш – био-физиологиялық реакция, алдында тұрған қауіптен туған өзін-өзі сақтау инстинкті. Қашып құтылғысы келеді.
Неврозды қорқыныш – адам бойында отырған белгісіз бір күтіп өмір сүрген қорқыныш. Мәні ашылмаған, тұлғасы айқындалмаған эмоциялық реакция. Көбінесе, бала кезде тереңге батырып-сіңіріп жіберген секстік және агрессивтік құмарлықтың нәтижесінен қалыптасады.
Демек, неврозды қорқыныштың қайнары – сыртқы емес, ішкі жан дүниесінде жатыр.
М.Миллерді тыңдасақ, қорқыныш – вегетативтік жүйке жүйесінің ауырғанға қарсы қорғанған шартсыз реакциясы. Немесе, рефлекс.
Сонымен қатар, қорқыныш мотивация емес, қажеттілік қалыптастырған жағдай болуы мүмкін.
Әрине, стресс – аса қауіпті құбылыс. Жүйкеге түскен салмақ қана емес, тіпті, жара немесе жарақат салдары ғана емес.
Стрессті айналып өту қиын. Бірақ, ол жергілікті жерге, белгілі бір уақытқа бейімделу, бой үйрету талпынысы.
Қорқыныштың тиімді тұстары да бар: адамға белсенділігін арттыратын күш-қуат береді. Қорқыныштан – адам уақиғаны, уақиға орнын және өткен уақытын жаттап алады. Адам қолында ақпар-мәлімет жоқта, қорқынышына қарап шешім қабылдайды.

31.07-10.08.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here