Дидар АМАНТАЙ

ҚАРҚАРАЛЫ – ҚАЗЫЛЫҚ
Эссе

Мазмұны
Бастау
Кіріспе
Округтік мәртебе
Дуан дәрежесі
Жәрмеңкелер
Қоянды жәрмеңкесі
Кеңестік кезең. Жәрмеңкенің ақыры
Қарқаралы көпестері
Жатақтар
Советтік Қарқаралы
Петиция
Ақбайдың Жақыбы
Көшпелі Қарқаралы
Антисоветтік Қарқаралы
Елдің жағдайы
Педагогикалық техникум
Жұт
Жәрмеңкенің тағдыры

Бастау

Іргетасы ертеде қаланған Қарқаралы қаласы һәм іргелі жұрт өлкесі тақырыбына қалам тартамын деп жүргенде, біршама уақыт өтіп кетіпті.
Арқаның көркі, ажары, келбетіне айналған, бетпақ түз, қыр дала, ұлан-ғайыр сақара төсінде, тарихқа дейінгі, атамзаманғы таулар қалыптасқан көне дәуір, есте жоқ ескі заман, ежелгі уақыттан бері, ертегідегі самұрық, сақарадағы қарқара құсындай қанаттанып, омыраулатып, салтанат құрып келе жатқан, айбынды, абыройлы, асқаралы Қарқаралы!
Көк майса шалғын, қалың от, ақселеу шөптен ақ көйлек жамылған ардақты Қаратоқа, самалдан торғын жібек байлаған Жеті қарақшы, тауына өрмелеп көтеріліп бара жатқан жалғызілікті жұртты бақылап қарап отыратын Жиренсақал, жер мойны қашық өңірден қарауытқан Үшқара, Кент, Балқантау, шың-құздарын бұлт қапқан Шаңкөз, құлама тік жартас терең шатқалдар, Тасшатыр, үш үңгірлі Мәліксай, қайнарынан ақ көбік су атқылаған ақбұлақтар, Суықбұлақ, Тұнықбұлақ, Тасбұлақ, тау сауырынан күркіреп құлаған сарқырама өзендер, Үлкенкөл, Шайтанкөл, Самалкөл, Жартас, Шортанды, қара масаты қамзолдай жұмсақ, тоқыма кілем-алашадай сәнді бөктерлер, қасқыр құйрық қарағайлар, қауырсын қадаған қарқарадай қауқиған атауының өзінде айбат, сұс жатқан құтты қоныс, құдыретті мекен Қарқаралы!
Ел-жұрттың інжу-маржаны, ер-азаматтың іңкәр-сағынышы, пайғамбардан басқаның бәрі шыққан дарындардың отаны, шоқтығы биік жоталы, Қаздауысты Қазыбек, дәулескер күйші Тәттімбет, Бекболат, Шөже ақын, Тіленші би, Кенже би, Нұралы би, Сеңкібай батыр, Алашорда қайраткері Әлихан Бөкейханов, бірінші заңгер Ақбайдың Жақыбы, ер Мәди Бәпиұлы, бас актер Қалибек Қуанышбаев, алғашқы математик Әлімхан Ермеков, Кеңес Одағының батыры Нүркен Әбдіров, дауылпаз ақын Қасым Аманжолов, әулие көкірек Әлжаппар Әбішев, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, шайыры жырына қосқан, бейнетқор әкім-қарасы еңбегін, ғұмырын арнаған, батыры жорықта ту көтерген, данышпаны қадіріне жеткен, адал перзенті махаббатына бөлеген Қарқаралы!

Кіріспе

Па, шіркін, Қарқаралы!
Үш жүздің басын қосқан, төбе билер бастаған қалың жиынның бірі Қарқаралы-Қазылық-Қайыңсауда өтіп, Абылайды хан ұсынған деген дерек бар.
Демек, өлке шежіресі қазақ тарихымен бірге – біте қайнасып жатыр. Бойына – қасиет бітіп, қадір дарып, құт қонған – киелі, асыл, тілеуқор ата мекен.
Әлқисса, XIX ғасырдың басында, күш-қуаты артып келе жатқан Ресей импе-рия¬сы киіз туырлықты қазақ жерін түпкілікті бағындыру саясатын біртіндеп жүзеге асыра бастағаны белгілі. Ол пат¬ша өкіметінің сақарада қалыптасқан ежелгі хандық билігін түбегейлі жойып, басқару¬дың жаңа ресейлік жүйесін орнатуынан көрінді.
Әуелі, кешегі асыл отанымыз, ғұн-түркі бабаларымыздың қонысы Сібірге (Су-Жер) жақын Орта жүз¬ге ауыз салды. 1822 жылы жарық көрген көшпелі қазақтар туралы ереже бойынша Абылай ұрпақтары биліктен біржола шеттетілді.
М.М. Сперанскийдің басшылығымен жасалған “Сібір қырғыздарының (қазақтарының) Жарғысына” орай Ресей патшалығына қарасты Орта жүз, сатылы басқарудың тиімді жолын енгізу мақсатында – округ, болыс және ауылға бөлінді. Округті басқаратын аға сұлтан мен төрт заседательді патша өкіметі бекітетін болды.
“Сөйтіп, – деп жазды Әбілмәжін Жұмабаев Орта жүзде хан билігінің жойылуы және “Ғұбайдолла Уәлихановтың ісі” туралы “Қазақтың соңғы ханзадасы” атты еңбегінде, – 1824-жылдың 28-сәуірінде Көкшетаудың оңтүстік бауырында Көкшетау округінің ашылу құрметіне орай сұлтандар мен билер, старшындар мен қатардағы көшпелілер, сондай-ақ Омбының шенеуніктері қатысқан алқалы жиын болып, артиллериядан салют берілді, әскер шеруі өткізілді. Мұнда аға сұлтан болып Орта жүздің соңғы ханы Уәлидің ұлы Ғұбайдолла, ал қазақтардан оның заседатілі болып старшындар Байтелин мен Жәнібеков сайланды. Олар Құранға басын тигізіп, патша ағзамға адал қызмет ететіндіктеріне ант етті. Алқалы жиын соңы ұлы дүбір тойға жалғасты. Осылайша Абылай ханның немересі, Уәли ханның ұлы Ғұбайдолла заңды мұрагерлік хан атағынан айрылып, патша әкімшілігінің қазақ даласындағы бір шенеунігіне айналды”.
Кейбір деректерде, Орта жүз және Ұлы жүздің бір бөлігі “Сібір қазақтарының об¬лысы” деп аталып, жаңадан құрылған Батыс-Сібір ге¬не¬рал-губернаторлығының құрамына кіргендігі туралы айтылады. Сонымен қатар, ереже жариялана сала, Сібір өкі¬метінің ор¬гандары ашық жоспарланған тізімдегі жалпы саны сегіз округті ашу ісіне кіріседі.

Округтік мәртебе
Әлқисса, 1824 жылы Қарқаралы және Құсмұрын округтері құрылады. Қазақ жұрты арғы заманғы дәуірден бері көшіп-қонып жүрген шұрайлы жер, құнарлы өлке, байтақ қоныстардың түпкір-түкпірінде округ¬тік приказдардың ұйымдастырылуына байла¬нысты Қарқаралы (1824), Көкшетау (1824), Аякөз (Сергиополь, 1831), Ақмола (1832) тәрізді бірнеше қалалар тұрғызылады.
Туымыз жығылып, еркіндік жойылып, тәуелсіздіктен айырылған сол бір қасіретті кезеңде, 1824 жылы 8 сәуірде, Қарқаралы округі мен прика¬зының салтанатты ашылу рәсімі өтеді.
Қаланың ашылуы туралы жарлыққа 24-шілдеде қол қойылып, мөр басылған соң, сотник Д. Қарбышев бастаған, құрамында 250 шептік казактары бар әскери топ көп кідірімей, қаланың іргетасын көтеруге аттанады.
Тарихшы Жанар Тұрлығұлова Қарқаралы қаласының салынуы туралы Құрбанғали Халидтің “Тауарих Хамса” деген еңбегінен мынадай дерек келтіреді: “Қарқаралы бекінісінің салынуы Бөкей хан немересі Тұрсын Шыңғыс ұлы мен Жамантай хан атымен мағлұм… олар Омскіден шыққан орыс қазақ әскерін губернатордан өтініп, Қарқаралыға бастап әкеліп, олардың ішінде қала салу үшін шыққан жүзге тарта үйлі казак-орыстар мен тілмаштар 1824 ж. көктемінен бастап құрылысқа кірісті. Аз уақыт ішінде 100-ге тарта үй салынып, әскерге баспана, айнала топырақ қорғанмен қамалды бекітіп, бір рота жаяу, бір бөлек атты әскер, бір батарея зеңбірекшілер орналастырылды”.
Әнес Сарай “Бес мейрам” кітабының “Қарқаралы дуаны” бөлімінде елдің наразылығы туралы жазады: “Омбы облысының басқарушысы полковник С. Броневский арнайы жасақталған әскер тобымен Қарқаралы топырағын басқанда, сол маңды жайлап-қыстап жүрген жалықпас, байбөрі, қамбар, танас, тобықты, тарақты, қуандықтың мойын аталары Қарқаралы тауының шатқалдарына шоғырлана бастаған-ды. Бірақ, тосын әрекеттерге бара алмады. С. Броневский 1824 жылыдың 8 сәуірінде құрылтай өткізіп, Бөкей ханның немересі Шыңғыс сұлтанның баласы Тұрсын (Жамантай) Шыңғысұлын аға сұлтандыққа тағайындап кетті… 1843 жылға дейін Қарқаралы оязын басқарды”…
Наразы ел-жұртқа “Саржан Қасымұлы басшылық еткеннен бастап, жанжал өрті өрши түсті. Саржан мен аға сұлтан Тұрсын Шыңғысұлы ата жауларға айналды”…
“Тұрсын – Жамантайдан кейін Қарқаралы оязына Бөкей ханның немересі, Тәуке сұлтанның ұлы Құсбек аға сұлтан болды… Ресей патша сарайы Құсбектің 200 адамнан қарулы жасақ жасақтап, казак-орыс әскерімен бірігіп, Кенесары Қасымұлына қарсы соғысқанын естен шығармады. 1861 жылы оны қайтадан екінші рет аға сұлтан қып сайлады… Ал Құнанбай Өскенбайұлының аға сұлтан болуы 1849-52 жылдардың аралығы”.
Әнес Сарай дерегі бойынша, 1852-1855 жылдары аға сұлтан Төлек Тұрсынұлы болды. Дуан қазылары ішінен елге таныс – шекшек Жаманбай Нұралыұлы, қазыбек Алшынбай Тіленшіұлы, жаманқара Майлыбай Байғұттыұлы – есімдерін атай аламыз.
Жалпы, Қарқаралы дуаны құрылғанда, Шор болыстары (Қара-Әйтімбет, Дүйсенбай-Шекшек), Шаншар болыстары (Айбике-Шаншар, Нұрбике-Шаншар, Әлтеке-Сарым), Байбөрі болыстары (Көшім-Байбөрі, Байбөрі), Кәрсон-Керней, Қояншы-Тағай, Қарауыл-Қамбар, Жалықпас, Шұбыртпалы болыстары жасақталады.
Енді құжаттарға жүгінейік. Ахметбек Әрінұлы ақсақал “Атақоныс – Арқадағы шежірелі Қарқаралы” атты кітабында Қарқаралы округі мен приказының ашылуы туралы жарлықтың өзін келтіреді. Бұл деректің ішінде ояз міндеті, хақы, сот өндірісі, пошта тасымалы, ру тізімі, адам саны түгел бар. Дуан марқұм Бөкейханның құзырына бағынған болыстардан құралады. Әр болыс жиырма мыңға тарта үй мен алпыс мыңға жуық ер адамнан қалыптасады.
“Аңыз бойынша, – деп жазады Ахметбек ақсақал, – қаз дауысты Қазыбек атамыз бастап Сыр бойынан Арқаға ауған қалың Қаракесектің Қарқаралы өңіріне қоныстана бастаған кезі болса керек. Қарқаралы тауларын айнала орналаса бастаған Қарашор рулары қонысқа таласып… ел арасында жер дауы көбейеді. Мұны сырттай бақылаған Шекшек Нұралы батыр: “Қой бұларға төрелі айтар төреші әкелмесе болмас”,– деп Жетісуға аттанады. Содан Жетісудан Ондон сұлтан ұрпағы Барақ төреге барып “Бір балаңды бер,”– деп қолқа салады. Барақ төре біраз күн ойланып, “Жарайды, Бөкейімді берейін, өзіңдей көр, ол да сені өзімдей көретін болсын,” – деп баласын қосып шығарып салады. Ахаңның (Байтұрсынов) есептеуі бойынша, бұл оқиға 1748 жылы болса керек. Бөкей бес әйел алып, олардан он бір ұл көрген екен. Олар Қақсал, Батыр, Бөрі, Уәли, Есім, Тәуке, Сұлтанғазы, Әбілғазы, Әлеке, Әбет. Бөкей 1819 жылы 85 жасында өлген. Бөкей өлгенде халық оның екінші баласы Шыңғысты хан көтерген екен. Арада бес жыл өткенде жаңа мизам болып, Қарқаралы дуанына Шыңғыстың үлкен ұлы Тұрсын Жамантай аға сұлтан болып сайланады… Бөкейдің тағы бір немересі Тәуке баласы Құсбеке аға сұлтан болған. Ал Батыр деген баласынан Мырзатай, одан Нұрмұханбет, Нұрмұханбеттен Алаштың ардақты көсемі – Әлихан Бөкейханов туған”.
Сұлтандық дәуірде ел басқарған аға сұлтандар туралы Ахметбек Әрінұлы ақсақал төмендегідей ақпар береді:
1. Тұрсын Шыңғысұлы (Жамантай): 08.04.1824 – 09.02.1845.
2. Құсбек Тәукин: 09.02.1845 – 1849.
3. Құнанбай Өскенбайұлы: 22.12.1849 – 31.12.1852.
4. Түлік Шыңғысұлы: 1852 – 1861.
5. Тұрсын Шыңғысұлы: 1861-1862.
6. Шалғынбай Бірәлин: 1862 – 1868.
Бұл жерде Төлек Тұрсынұлы (Әнес Сарай – 1853-1855) мен Түлік Шыңғысұлына (Ахметбек Әрінұлы – 1852-1861) байланысты мәліметтер бір-біріне қайшы: бір адам ба, екі бөлек тұлға ма.
Әнес Сарай дерегі бойынша, “Қаракесектердің Қазылық – Қарқаралыға баруы – 1757-58 жылдарға жатады, әсте одан бұрын емес”…
Бұл енді Ахметбек ақсақал (Ахмет Байтұрсынов ақпары) алға тартқан уақытына қайшы: ол кісі 1748 жылды көрсетеді. Меніңше, көш бірнеше жылға созылуы мүмкін. Бәрі бір мезгілде ірге бекітіп отырған қонысынан тайлы-таяғы қалмай түгел қопарыла көтеріліп көшіп кетпейтін шығар. Топ-тобымен бөлек-бөлек жылжуы ғажап емес.
Әрі қарай оқимыз: “Құжат мәтінінің ауыз ләміне қарағанда, қытай елшілерінің Абылай ұлысына жете алмай, Қаракесек ұлысында болып қайтты дегеніне қарағанда, Қаракесек шет ұлыстың бірі ретінде әсер қалдырады. Асылы әңгіме болған қаракесек қонысы – Қазылық таулары болса керек. Біз тілге тиек етіп отырған құжат 1759 жылдың 17 мартында хатталған”.
“Қаракесектердің Қу, Қазылық, Едірей, Қарқаралыға Абылай заманында қайта қоныстануын 1757-58 жылдарға жатқызған жөн”.
“Сонымен, орыс іс-қағазындағы деректер қаракесектер мен Қазыбек би ауылының жылдары әлі Ұлытау өңірінде екенін аңғартады”.
Арғындардың Арқаға барып қайтуы туралы да жаңа мағлұмат, тың деректер береді.
“Содан арғындар 30 жылдан астам Арқаға тұрақтап, жайлап-қыстады. Тек 1652 жылы Есім ханның ұлы Салқам Жәңгірдің өлуіне байланысты арғындар қайтадан Сырға серпілді”.
“Тарихшы Ж. Омари Дулат Бабатайұлының:
Ата қоныс Арқадан
Басында қазақ ауғанда”,
деген шумағы мен Бұқар жыраудың “Бастапқы ақтабан болғанда” деген өлең жолдарын көлденең тартып, арғындардың Арқадан бастапқы кетуінің кезеңін дұрыс шамалайды”.
“1459-1460 жылдары Керей мен Жәнібек Көшпелі Өзбек хандығынан бөлініп, Қозыбасы келіп, Қазақ хандығының іргесін көтергенде, бірге болып, 1470 Жылы Сығнаққа өайтып оралғанда, қаракесектер қатарларын Арғу-Талас манихей діни ордасының абыздары мен оларға қарасты қара, шор тайпаларымен толықтырып қайтты”.
Дулат жыраудың Арқаны ата қоныс атағанына қарағанда, арғын жұрты бұл өлкені ертеден жайлаған болса керек.
Енді, Әнес Сарай ағамыздың қаракесек құрамындағы қара мен шор туралы дерегіне байланысты Медеу Сәрсеке ақсақалдан үзінді келтірсек. Медеу Сәрсеке 1995 жылы “Атамұра” баспасынан жарық көрген “Тарақты және Қаракесек шежіресі” (“Орта жүз, Арғын арысының Болатқожа Қаракесек және олармен қоныстас Тарақты, Жағалбайлы, Шөптеміс, Ырғақты руларының шежіресі”) атты еңбегінде өзгеше дәйек ұсынады: “Сол себепті біз Бәтішор ұрпақтарын таратуға өткен ғасырда жасалған Ә. Бөкейханов кестесін пайдаландық. Оны бірақ өзімізде бар кейбір деректермен толықтап, әрі бергі таралымына И.Омаров шежіресін де әжетке жараттық… Әлекең Бәті ұрпағын молайып өскен соң, әрі ірілігін, күштілігін даралау үшін ШОР атанған, “Қара Шормыз, жаратқаннан да зормыз” деген сөз содан қалған дейді”.
Әнес Сарай ағамыз “Бес мейрам” кітабының 252 бетіндегі дерегіне 267 бетінде, мүлдем басқаша дәлелді көлденең тартады (“Қазақ университеті баспасы”, 2015 жыл), Мәшһүр Жүсіптен ұзақ дерек келтіреді, біз қысқартып беріп отырмыз: “Осы Сарыдан – Қожасқара, Жаманқара. Әлбетте өз аттары емес, лақаб аттары. Соның әсерінен Сары ұрпағы Қара атанған, Қарашор деп жүргеніміз – “Қарашормыз, Құдайдан да зормыз” деуіміз осының салдарынан” (том – 10, – 105.) .

Дуан дәрежесі
1868 жылғы “Уақытша жарлық” бо¬йын¬ша Орынбор мен Сібір қазақтары құрамынан Орал, Торғай, Семей және Ақмола облыстары құ¬рылды. Семей өлкесі мансап-мәртебесі өсіп, өзін қосқанда, Көкпекті, Павлодар, Қарқаралы атты төрт дуанға бөлінеді.
Қарқаралы округінің қазақтары жаз айларында Кі¬ші және Үлкен Нұра, Шідерті, Талды, Өлең¬ті, Ащысу өзендер төңірегін, сай-саласын, Батағор, Ерейментау отқа толы көк майса бөк¬терлерін жайлайды. Олар Қа¬занғап, Түндік өзен¬дері бойындағы қап¬таған көп шатқалдарды, Бал¬қаш¬тың солтүстік жа¬ғалауларын, Қарқаралы тауларын және айнала шоғырлана төңірегін қыстайды. Ахметбек Әрінұлы ақсақал әр рудың ірге көміп, ен жайлаған жерлеріне байланысты толық мағлұмат келтіреді. Мұндай деректерді Әнес Сарай туындысынан да табамыз.
1868 жылы, жаңа низам талабына орай, Қарқаралы дуаны Семей облысы құрамына кіреді.
Бұл облыстың кең жері оң¬түстікте Тобыл губерниясының шекара¬сынан Тарбағатай тауына дейінгі, Алтайдан Мойын¬тыға дейінгі құйқалы өріс, кең байтақ өлкені алып жатты. 1897 жылғы санақ тұсында, дуанда 104 509 қазақ өмір сүрген екен.

Жәрмеңкелер
Тегінде, қарға тамырлы қазақ халқының саны, шаһар жатақтары ішіндегі үлес салмағы қала тұрғызылғалы, сауда-саттық қарыштап дамуына байла-нысты, біртіндеп, жылдан-жылға көбейе түсті.
Жергілікті мұрағат деректеріне қарағанда, 1866 жылы Қарқаралы қаласында 155 түтін болды, сол жүзден астам әулет ішінен 36 шаңырақ меншікті дүкен ұстады. Зады, Үш жүзге атақ-даңқы жайылған, күллі сақара жұртына кеңінен таныс Қоянды жәрменкесі жол торабында жатқан мәуелі өлкенің тез өркендеп, гүлдене беруіне кепіл әрі қозғаушы күш болды. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпа¬лын тигізді.
Қарқаралы дуанында құрылған, асқан бай көпес Варнава Ботовтың есімімен тығыз байланысты бұл Қоянды жәрмеңкесі Талды-Қояндыда 1849 жылы ашылды.
XIX ғасырдың басында Қытай көпестерінің Қазақстанда сауда жүргізетін жері тұрғысында Бұқтырма қаласы сайланды, көшпелі жұрттың Қытаймен сауда жасайтын ірі орталығы Құлжа қаласы болды. Семей қаласы Моңғолиямен сауда жасайтын шаһар ретінде таныла бастады.
Қазақ топырағында қаптап ашылған жәрмеңкелердің басым көпшілігі елдің орталық-шығыс аймақтарында орналасты. Ресейдегі Ірбіт, Қазақстандағы Қоянды жәрмеңкесі сияқты, XIX ғасырдың аяғында Жетісуда Қарқара жәрмеңкесі қақпасын ашты.
Ел ішінде, қыр далада, Қарқаралы уезiндегi Қоянды-Ботов, Ақмола уезiндегi Константинов-Еленов, Атбасар уезiндегi Петров, Орал облысындағы Ойыл және Темiр, Верный уезiндегi Қарқара, Жаркент, Сырдария облысындағы Әулиеата, Семей уезiндегi Шар, Павлодардағы Тайыншакөл жәрмеңкелерінің дүркіреп аты шықты.

Қоянды жәрмеңкесі
Тегі, көне деректерге сүйеніп айтылатын, жұрт аузында жүрген әңгіменің ұзын-ырғасы мынадай: 1848 жылы 15 мамырда Ялуторск көпесі Варнава Ботов өндіріс тауарларымен Қызылжарға мал айдап апара жатқан саудагерлердің алдынан шығып, сауда жасау мақсатында Тоқпақ тауларының баурайындағы үлкен жазыққа келіп қоныстанады.
Ол өз тауарларын қымбат бағамен айырбастап, мал мен одан алынатын өнімдерді, қолөнер бұйымдарын Қызылжарға, тіпті, Ресейдің еуропалық қалаларына жеткізіп, пайда табады. Мұндай жеңіл табыс, оңай олжа басқа да орыс көпестерінің назарын сақараға аудартады.
Аталған себептерге байланысты 1849 жылы мамыр айында, Қарқаралы қаласынан 50 шақырымдай жерде жатқан Қоянды даласында, орыс саудагерлері мен көшпелі қазақтар қатысқан жиын өтеді.
Белгіленген жерінде бірден жұмысын бастап кеткен сауда орны бірте-бірте қанат жайып, дамып, өрістей отырып, жәрмеңке дәрежесіне дейін көтеріледі.
Жәрмеңкенің дәл осы Қарқаралы өлкесінде ашылуына, негізінен, Қытайдан Қызылжарға баратын көпестердің сауда жолында жатқандығы әсер етеді. Құжаттарда іргетасын қалаушы ретінде Ялуторовскілік көпес Ботов деп көрсетіледі, алайда, Тәттімбеттің де қатысы бар екендігіне шүбә келтірмейміз.
Бүгінгі күнге дейін бүлінбей, тура сол қалпында жеткен, көптеген архив құжаттары мен деректеріне сүйенсек, жәрмеңкенің алғашқы саудасы ашық жерде өтеді, тіпті, ауыл-ауыл қазақы киіз үйлер тігіліп, сауда орны тұрғысында пайдаланылады.
Өсіп-өркендеп, атақ-абыройға ие болған жас жәрмеңке төңірегінде, жаппай арнайы сауда нысандары тұрғызыла бастайды. 1869 жылы Семей губерниясының әскери губернаторы Полторацкий мен Қарқаралы дуаны бастығы штаб-капитан Тихонов Қоянды сауда орнын жәрмеңке деп тануға бұйрық шығарып, сол кезден бастап бірде “Қарқаралы”, бірде “Қоянды” деп аталып жүрген жәрмеңке ресми түрде “Ботов” атауына ие болады, деп жазады қарағандылық зерттеушілер. Бірақ, сақара шежіресінен Қоянды жәрмеңкесі деген қазақы атауы да жойылған жоқ.
Сол жылы 12 қыркүйекте Батыс Сібір Бас басқармасының кеңесі Қоянды жерінде жыл сайын 15 маусымнан 15 шілдеге дейін жәрмеңке ұйымдастыруды бекітеді.
Жәрмеңке қазақ даласының алғашқы сауда тобын, зиялы іскер қауымын қалыптастырады. 1928 жылы жәрмеңкеде “Халық үйі” жұмыс істеп, мұнда қазақ тілінде қойылымдар жүрген екен. Патша өкіметіне саяси қарсылық ретінде 14 мың адам қол қойған атақты “Қарқаралы петициясы” осы жәрмеңкеде жазылды.
Қоянды жәрмеңкесі дами түседі. 1872 жылы Қояндыда жобада көрсетілмеген, жоспардан тыс сауда орындарын көптеп салу қолға алынады. Мұрағат көрсеткен деректер негізінде, 1876 жылы он алты дүкен ашылып, 120 киіз үй тігілгендігін айта аламыз.
Сөйтіп, 1889 жылы телеграф тартылып, 1894 жылы банк жетеді. Банк бөлімшесі құрылғанда, сауданың қыза түскенін, өрістей бергенін ақпар-мәліметтерден аңғарамыз: 1900 жылы отыз дүкен, екі жүз жетпіс алты балаған, жеті жүз жеті киіз үй құрылады. Сауда нүкте¬лері орналасқан жердің көлемі елу бес шаршы шақырымды қамтиды.
Жәрмеңкедегі негізгі сауда түрлері – төрт түлік мал еді. Әсіресе, қой саудасының үлесі көп болады. Сонымен қатар, жергілікті халық мал және мал өнімдерін батыс Қытай, Моңғолия, Үндістан, Батыс Сібір, орталық Ресей саудагерлері өз жерінен тасыған, күнделікті қолданысқа қажет сауда бұйымдарына айырбастап отырады. Бұл Қоянды жәрмеңкесінің жергілікті сұранысты өтеп, халықаралық талаптар үдесінен шыққандығын, мәні, маңызы артқандығын аңғартады.
Жәрмеңкеде керекулік көпес Деровтың үлкен жеке дүкені ашылады. Қоянды пошта бекетінің ғимараты да, пошта-телеграф бөлімшесінің үйі де, мұсылмандардың намаз оқитын ғибадатханасы да осында орналасты, дейді өлкетанушылар.
Ресейдің қаржы министрлігі Қоянды жәрмеңкесінде Мемлекеттік банк бөлімшесінің ғимаратын салдыртады. Сауда қатарларының аяқ жағында шенеуніктер орны деп аталатын аудан орналасады. Онда Мемлекеттік банк бөлімшесі, пошта-телеграф кеңсесі тұрғызылады. Қарқаралы дуаны бастығына, бітістіруші сотқа, мал дәрігерлері мен адам дәрігерлеріне, сондай-ақ полицияға орын беріледі.
Қазақтар жәрмеңкеге көл-көсір тамақ, ағыл-тегіл ас жеткізіп тұрады. Қымыз бір үзілмейді.
Ол үлкен ыдыста – бес биенің сабасында, месте сақталады.
Жәрмеңке тек сауда-саттық ісінде ғана емес, көршілес елдермен тұрақты экономикалық байланыс орнатуда, халық өнері мен мәдениетін дамытуда аса маңызды рөл атқарғаны белгілі. Шын мәнісінде, қалың қазақ қауымы бас қосқан, халық өнері насихатталған, ардақты әнші-жыршылары танылған алып сахна, биік тұғырға айналды.
Арқа өңірінде дүркіреп аты шыққан майталман өнерпаздар, түз таланттары, өнер тарландары, ірге бекітіп, ел қонған қыр етегінде жиылып, бәйге шауып, топ жарып, өнер сайысына қатысып, жәрмеңкені қыздыра түсті. Жергілікті дарындар ғана емес, күй шертіп, ән салған жұрт, күш атасы палуандар, цирк әртістері Қытай, Ресей, тіпті, Жапониядан келіпті-мыс деген деректер бар.
1855-1862 жылдары сақарада мал саны азайып кетуіне қарамастан, 1869 жылы Қоянды жәрмеңкесінде саудаға түскен мал басы жарты миллионнан асып түскен дейді. “Қоянды жәрмеңкесі” ұлтымыздың өнер саңлақтары түлеп ұшқан, шын мәніндегі, өнер мектебіне айналды. Алаштың аяулы перзенті Майра Уәлиқызы осы жәрмеңкеде ән шырқап, алты алашқа аты шықты.
Ұлттың бас актері атанған Қалибек Қуанышбаев бір айға созылған жәрмеңке кештерінде дауысын бірде бала, бірде кемпір, бірде шал қылып құбылтып, образ сомдап, иісі қазаққа әйгілі болды.
“Қоянды жәрмеңкесі” қазақ өнерінің шоқ жұлдызы атанған Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Әбдінің Омары, Иса Байзақов, Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Балуан шолақ, Иманжүсіптерді халыққа кеңінен танытты.
Бірінші дүниежүзілік соғыс Ботов жәрмеңкесінің сауда-саттық көлемін едәуір азайтты.

Кеңестік кезең. Жәрмеңкенің ақыры
Қазан төңкерісінен кейін Семей облыстық Кеңесінің атқару комитеті 1918 жылғы 13 мамырдағы қаулысымен жәрмеңкені Қоянды деп атап, оны Кеңес өкіметінің қарамағына беру және сауданы маусымның басынан, шілденің басына дейін жүргізу жөнінде шешім шығарды.
Қоянды жәрмеңкесінің алғашқы жылдары тек сауда-саттық мәселелері ғана басты орын алса, кейінгі жылдары саяси-мәдени мәселелер де биік орын алатын болған. Мұнда қыр елдері билерінің басқосуы өтіп, онда түрлі әлеуметтік, құқықтық мәселелер сөз болады. Жалпы, бар қадірінше көп мәселелер өз шешімін тауып отырған. Қоянды жәрмеңкесі дүлдүл ақындардың, талай түйе палуандардың, халық циркі артистерінің, жалпы, өнерпаздардың өнерін тамашалайтын орынға айналады.
Сондай-ақ, жәрмеңке төрінде ойын-сауық, айтыс, күрес, өнер сайысы жиі көрсетіліп отыратын еді. Арқа төсінде сексен екі жыл дүрілдеген Қоянды жәрмеңкесі үлкен нәубет алдында 1930 жылы біржолата жабылды. 1930 жылы жәрмеңкенің құрылыстары жаңадан құрылған колхоздарға берілді.
Жалпы, бұл жәрмеңке, Таласбек Әсемқұловтың дерегі бойынша, қазақ малын арзанға сатып алуға машықтанған Орынбор-Омбы-Барнауыл белдеуіндегі орыс көпестері билігін әлсірету мақсатында құрылған. Елден айдап келген жылқыны дер уағында сатып алмай, ұзаққа созған жергілікті көпестер малдың салмақ тастағанын, шүйгін көрмей, қоң біткен тоқ күйінен айырылып, арып-тозғанын күтеді екен. Бұл жәрмеңке көшпелі елдің мұрат-мүддесіне қызмет ету мақсатында құрылған сауда көзі еді.

Қарқаралы көпестері
Жәрменке жылдан жыл¬ға қанат жайып, үлкен сауда орталығына айналады. Сырттан кел¬ген малды базар жанында жүрген жергілікті алыпсатар делдал жұрт са¬тып алып, жәрменкеде жоғары бағаға өткізіп отырған.
Сауда-саттық қала көпестері мен саудагерлер санын көбейтті. Мысалға, 1898 жылғы дерек бойынша, Қарқаралыда көпестер саны 21адамға жеткен, Семейде –96, Өскеменде – 36.
Қарқаралыда 1866 жылы 611 адам тұр¬ған. Қала халқының саны өсуіне қазақ қоға¬мын¬да жүргізілген реформалар әсер етеді. Біртіндеп отырықшылық өмірге мойынсынған халық бой көтере бастаған қалаларда шоғырланып, қала маңындағы өн¬ді¬рістерден жұмыс іздеуге көшеді.

Жатақтар
Кәсіпорында, жалпы, қалада белгілі бір жұмысқа іліккен ағайын-туыстарын қазақ жବтақ¬тар деп атайды. Жатақтар, негізінен, малынан айырылған отбасы немесе шыр бітпеген қу тақым кедейлерден тұрады.
Қарқаралы уезінің бастығы Карпов Семей об¬лысының әскери губернаторына 1899 жылы 23 нау¬рызда жазған бір хатында: “…Не могу себе представить как города Кар¬каралинс¬ка так и пригородной станицы без джатаков: кто бы без них возил дрова, косил сено, пахал, служил в работниках и вообще исполнял все то, где требуется рабочая сила. В станице всякий хозяин но не работник, а город, если не считать этих джатаков состоит из нескольких купцов и нескольких чиновников” – дейді.
Елден сыртқа жұмыс іздеп шыққан қазақ, негізінен, балық аулау өндірістерінде жұмыс істейді. Бір бөлігі ғана тау-кен өндірістерінде, атап айтқанда, Баянауылда тас көмір кешенінде көмір, Қарқаралы түрлі-түсті метал кенішінде қорғасын қазды. Бұл өнеркәсіптің қожайыны Попов 1843 жылы Талдыкүл кешенінен 12840 пұт тас көмір, ал 1846 жылы Қарқаралыдан 5292 пұт қорғасын рудасын алған.
Жалпы алғанда Қазақстандағы өнеркәсіп¬тің даму төменгі сатыда болды. XIX ғасырдың 1860-жылда¬ры¬нан бастап орыс кәсіпкерлері қазақ өңіріндегі қазба байлығы бар жерлерден өндіріс орындарын аша бас¬тады. Қазақ май өңдеу, тері өңдеу, ұн тарту кәсіптерін игерді.
Қарқаралы өңіріндегі өнеркәсіптің көбеюі, негізінен, тау-кен орындары дамуынан көрінді. Бұл рудниктерді орыс кәсіпкері По¬пов әулетінен шыққан ағайынды Николай мен Александр ашты. 1864 жылы ағайынды Поповтардың Қар¬қаралы округі бойынша 17 тау кен орындарынан 750 пұт күміс, 9042 пұт мыс қорытылған. Округтағы Поповтар зауытында 1 мастер әйелімен, көшіп келген 5 орыс шаруасы, 25 жалдамалы қазақ, 2 орыс-қазақ тобы қызмет жасады.

Советтік Қарқаралы
Әлқисса, 1920 жылғы 11 желтоқсанда Қаз АССР ОАҚ-нің I сессиясының қаулысымен Семей губерниясы құрылып, орталығы ретінде Қарқаралы қаласы бекіп, Қарқаралы уезі осы губернияның құрамына енеді.
Ал, 1928 жылғы 17 қаңтарда Губерниялық бөлініс таратылып, Қарқаралы округ орталығы болады.
Негізі, 1923 жылғы наурызда өткен Губерниялық экономикалық кеңесте “Губернияны экономикалық аудандастыру туралы” шешім қабылданыпты. Онда Губерниялық жоспарлау комиссиясы Қарқаралы уезіндегі 22 болыстың орнына ірілендірілген 14 болыс құруды жоспарлаған екен.
Губерниялық жоспарлау комиссиясы Семей губерниясының орнына 5 округ құру мәселесі де қаралыпты. Ақмола мен Семей губерниялары арасындағы шекара да сол жылдары нақтыланған. Архив құжаттарында: “Будущий Каркаралинский округ проектировался в составе Каркаралинского уезда и пустынь южной половины Акмолинской губернии, был поставлен вопрос о передаче карагандинских каменоугольных копей в Каркаралинской округ” деген де мәлімет бар.
Расында да, сол жылдары қазіргі Қарағандының орнында шағын елді мекендер әрі кіші-кіші өндіріс орындары ғана бар еді. Бұл жағдайда Қарағандының Қарқаралы округі құрамына енгізілуі де әбден мүмкін болатын.
Алайда, жиырмасыншы жылдардың ортасынан бастап Қарағанды кенішін жан-жақты зерттеу жұмысы қолға алынып, аймақатың ұшан-теңіз мол қазынасы бары анықталған кезде, оны өз алдына дербес өндіріс ошағы ретінде қалыптастыру мәселесі тұрды.
Сөйтіп, Қарағандыны Қарқаралы округінің құрамына беру мәселесі тек жоба түрінде ғана қалды.
Семей архивінде аумақтық бөліністерге қатысты, 1924 жылдың 29 сәуірінде уездік қаржы бөлімінің меңгерушісі дайындаған құжат бар. Орыс тілінде жазылған осы жазба “Краткое описание Каркаралинского уезда” деп аталады. Үш беттік қызмет жазбасында Қарқаралы уезінің Семей губерниясында аумағы жағынан бірінші орынды алатындығы айтылады. Құжат 1920 жылғы санақ бойынша уезде отырықшы бір болыс пен 22 көшпелі болыс бар екенін алға тартады.
Болыстықтар санын қысқартуға байланысты отырықшы Хорошевская болысының әкімшілік жағынан іргелес Ақсары болыстығының құрамына енгені айтылады.
“Население Каркаралинского уезда состоит преимущественно из кочевников киргиз и оседлое сельское население включая сюда гор. Каркаралы составляет 6,6% всего населения. По плотности населения Каркаралинский уезд считается одним из малозаселенных уездов Семгубернии и на 1 кв.версту приходится — 0,7 души”,
Осы жазбада дуанда өндірістің дамуы да төмен деңгейде екендігі келтірілген. Дуан бойынша бумен жұмыс істейтін жалғыз ғана диірмен болса, оның өзі Қарқаралы қаласында дейді. Жол қатынасының нашарлығы айтылады. Қарқаралыдан Керекуге бір почта жолы арқылы, ал Майлығара земск трактысы арқылы Семей мен көршілес дуандарға қатынауға болады екен. Сыртқы және ішкі байланыстардың дамымағанын айта келіп, губерния орталығымен почта және телеграф байланысы тек Павлодар арқылы ғана мүмкін болып отырғанына реніш білдірілген. Бұл құжатта дуанның экономикалық дамуы мен жағдайы бойынша ондағы болыстар төрт топқа бөлінеді. Осылайша дуанның жалпы жағдайына шолу жасалып, оның таяу мерзімдегі міндеттері сараланады.
1928-30 жылдар мен 1934-36 жылдар аралығында округ орталығы, ал 1936 жылдан бері – Қарағанды облысы құрамағындағы аудан орталығы.

Петиция
Қарқаралы тарихынан мол дерек беретін құжаттар Мәскеу, Алматы, Семей, Қарағанды қалаларының архивтерінде сақтаулы.
Қарқаралыда 1905 жылдың 15 қарашасында өткен толқуға қатысты құжаттар Мәскеудегі Октябрь Революциясы және социалистік құрылыс Орталық Мемлекеттік архивінің №10200 қорындағы №1350 істе сақталған, деген дерек келтіреді мамандар.
1905-1907 жылдар аралығы Ресей тарихында бірінші буржуазиялық революция деген атаумен белгілі.
Ұлан-ғайыр Ресейдің әр түкпірін қамтыған революция дүмпуі қазақ даласына да, соның ішінде Қарқаралыға да жетеді.
Ел ішіндегі жаппай наразылық өршіген тұста, яғни 1905 жылдың 17 қазанында II-ші Николай патша “Мемлекеттік тәртіпті жетілдіру туралы” манифесті шығаруға мәжбүр болды.
Осы манифестегі сөз етілген қалың бұқараға қатысты өмірлік маңызды мәселелердің ішінен, алдымен патша өзінің қол астындағыларға азаматтық бостандық береді, яғни адамның жеке басының еріктілігіне ешкім қол сұқпайды, ар-ождан бостандығы, одақтар құру бостандығы “беріледі” деп жар салады.
Алайда патша берген “құқықтардың” жалғандығы манифест жарияланысымен ашылды. Солай бола тура патша манифесі жергілікті жерлерге, соның ішінде Қарқаралығада кеш жеткізілген. Қаланың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары патша манифесін жергілікті билеушілердің халықтан жасырып келгеніне наразылық білдіреді. Мұның өзі жергілікті халықтың демонстрацияға шығуына, олардың өздерінің ақ патша мен жергілікті шенеуніктерге деген наразылығын ашық білдіруіне әкеліп соқты.
Осы жайтқа байланысты ояз бастығы, штабротмистр Оссовскийдің ұлы мәртебелі Әскери Губернаторға әлденеше рет мәлімдеме жолдауына тура келеді.
Мәскеу архивінде Қарқаралы уезінің бастығы Оссовский мырзаның 1905 жылғы 18 қарашадағы “құпия” деп белгі қойып Дала генералгубернаторының Канцелярия меңгерушісіне жолдаған хаты сақталған.
Хат былай бас-талады: “Доношу Вашему Превосходительству, что 15 ноября при объявлении мной населению Высочайщего Манифеста 17 октября одаровании населению гражданской свободы, в городе возникли беспорядки. Эти беспорядки, вызванные некоторыми злонамеренными лицами, имеют столь огромное моральное значение для всего вверенного мне Каркаралинского уезда, что я считаю необходимыми по долгу службы и присяги доложить Вашему превосходительству, что если не будут приняты немедленно самые энергичные меры предосторожности, основанные, конечно, на строгом благоразумии и осмотрительности, то гроза разразится и в дальнейшем порядок может быть востановлен только ценою крови”.
Қарқаралы уезінің бастығы бұдан соң тағы бір мәрте қаладағы толқудың соңы қан төгісіне әкеліп соғуы мүмкіндігін қадап айтады.

Ақбайдың Жақыбы
Әсіресе, мына жай оны қатты алаңдатады: “Киргизы получили известия, что для обьявления Манифеста в гор. Каркаралинск едет бывший кандидат на судебные должности Якуп Акпаев. Зная хорошо Акпаева, как человека крайне горячо и увлекающегося, я не без основания ожидал, что его неумеренные речи вызовут беспорядок и шумная толпа демонстрантов в раний час утра может получать мирных жителей и вызвать недоразумения, последствиями которых могли быть даже столкновения с оружием в руках”.
Кеш те болса манифестің мәтіні Қарқаралыға жетеді. 15 қараша күні күндізгі сағат 12-ге таман уездік басқарманың алды қалың елге толып кетеді. Бәріақ патшаның не дегенін естуге ынтығады. Оссовский осы мәлімдемесінде манифесті тыңдауға жиналған қазақтардың бәрі дерлік ат үстінде болғанын айтады. “После чтения Манифеста… Управляющий сельскохозяйственной школой Г.Белдыцкий перебил мою речь следующим возгласом: “Не вы здесь председатель этого митинга, не Вы будете говорить, а я”. Вслед за этим Г. Белдыцкий начал свою речь так: “Жалует Царь, да не жалует псарь Царское слово украдено: от нас целый месяц скрывали Манифест, в Семипалагинском листке пропущено, что народу даруется свобода личности, собраний, союзов и неприкосновенности личности…”
Ел алдында Ақбаев та сөйлеп, халықтың билік басындағылардың әрекетіне деген наразылығын ашық айтады.
Бұдан әрі Қарқаралы демонстрациясының барысын уезд бастығы “… толпа до тысячи человек с пением и громким криками со стороны группы русских чиновников: “долой полицию”, а со стороны киргизов “долой крестьянских чиновников” двинулись по улицам города” деп сипаттайды. Осы мәлімдемесінің соңында ол Дала генерал-губернаторынан уездегі бейбіт өмірді қамтамасыз ету үшін бірқатар шараларды, соның ішінде толқуды басу үшін казак жүздіктерін пайдалануды, тағы басқа жайларға қоса, ең соңында Белдыцкий, Акбаев, Чемоданов, Митянь және Астреинді Қарқаралыдан шуғыл аластату қажет дегенді айтқан.
Мәскеу архивінің қорынан алынған, полиция департаментінің ерекше бӛлімінің “1905 жылғы Семей облысы бойынша тәртіп бузушылықтар мен демонстрациялар туралы” құжат та назар аударуға тұрарлық. Онда уезд бастығы Оссовский мырзаның жоғарыға хат жолдап, онда жергілікті жердегі жағдайды теріс ұғындырып, елге қысым жасап отырғанын Семей облысы Қарқаралы уезінің 21 болысының өкілдері аса мәртебелі императорға жазбаша жеткізеді.
Бұл хатқа Акпай Жанберкин, Әубәкір Құрманов, Тәңірберген Жұмағұлов, Аралбай Сұлтанов, Ахмет Бексембетов, Тоқмет Қоңыршин, Нармамбет Орманбетов, Әбен Тұрсынов, Оспанқұл Менаяқов, Мұса Тәттімбетов, Мақат Ақаев, Арыстанбек Дәулетов, Кәрібай Матаев, Тоқтарбай Жандыбаев тәрізді тағы бірнеше адам қол қойған.
Қарқаралы демонстрациясының соңы қалай аяқталғаны белгілі. Елді тұтқындау, жазалау қолға алынды. Казак жүздіктері, Омбыдан Қарқаралыға арнайы келген өкілдер жөн-жосықсыз әрекеттерге де жол берді. Қарқаралы уезінің 21 болысының өкілдері ұлы мәртебелі патша ағзамға бул хат-ты жолдағанда қорғансыз елдің босқа жапа шегіп, құрбан болмауын ойлағанға ұқсайды.

Көшпелі Қарқаралы
1921 жылғы халық саны былайша сипатгалады: қала тұрғындарының жалпы саны – 4000, отырықшы адам саны – 4000, көшпелі – 162000.
Осы мәліметтер Карқаралы уездінде ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басында отырыкшы халықтан да көшпелілер санының әлдеқайда артық болғанын көрсетеді. Көшпелі халықты отырықшылыққа көшіру кезеңінің ұзаққа созылғаны белгілі.
Семей губерниясының тұрғындары Совет өкіметінің орнағанын естігені болмаса, сол 20-шы жылдардың басында оған жаппай жығыла қалған жоқ.
Ал, ақ пен кызылдардың жан алысып, жан беріскен шайқасынан зәрезап болған, оның қасіретін көзбен көріп, иығымен көтерген Қарқаралы уезінің тұрғындары болса жаңа өкіметтің әкелер жақсылығына бірден сене де қоймады. Сондықтан да болар жаңа өкімет саясатын жергілікті тұрғындар бірден қабылдамаған. Оған аймақтың орталықтан қашықтығы, ел ішіндегі үгіт-насихат және түсінік жүмыстарының өз деңгейінде жүргізілмеуі, әрі халықтың басым бӛлігінің көшпелі өмір сүруінің де тигізген ықпалы болмай қалмады.

Антисоветтік Қарқаралы
1921 жылдың басында Губерниялық атқару комитетінің мүшесі Қарқаралы уезінде болып, ондағы Совет өкіметінің орнығуы және осы бағытга жұмыстардың қандай дәрежеде жүріп жатқандығымен танысқан. Ол уезде Совет өкіметін орнықтыру ісінің олқы тұстары мол екенін көреді және Губерния орталығына Қарқаралы уезі бойынша 1921 жыддың 1 каңтарынан 1 ақпанына дейінгі аралықтағы уездік атқару комитетінің қызметі туралы есеп жолдап, онда мына жайларды хабарлайды: “Создана комиссия по обследованию имущественного положения граждан г.Каркаралинска. Создана комиссия по проведению недели помощи красноармейцам тыла. Упразднен Темиртасский волисполком за бездействие по выполнению заданий Центра и заменен волревкомом”.
“Настроение населения и отношение Советской власти частью враждебное, частью со стороны бедноты безразличное и равнодушное, объясняется это тем, нто в киргизских степях не было еще ни одного инструктора и киргизская беднота почти всецело находится под влиянием баев-кулаков”, деген жолдар сол 1921 жылдың басындағы ел көңіл күйінің нақты жағдайынан мәлімет береді.
Советтік кезендегі жазылған көркем шығармалар мен түсірілген кинолардан былғары бешпет киген қызыл комиссарлар қай жерге бармасын оларды елдің құшақ жая қарсы алып жататындығын оқып және көріп жүрміз. Ал, тарихи кұжаттар мәселенің, шын мәнісінде, тап солай өрбімегендігін дәлелдейді.
Негізі, жаңа үкімет халықты жаппай оқытуды қолға алды, ел арасында мәдени-ағарту жұмысын белсенділікпен жүргізуге көңіл бөлді. Құжаттарда сол 1921 жылы Халық Үйінде орыс/қазақ тілдерінде бірнеше спектакльдер қойылғанын, мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу қолға алынғаны, бала бақшаларын ұйымдастыруға кірісіп отырғандығы туралы айтылады.
Расында, Қарқаралыға қатысты тарихи деректер Семей архивінде аз емес. Себебі губерния орталығы ретінде мәліметтер сонда жинақталып, әрі басқа ӛңірлер тәрізді Қаркаралы уезіне катысты мәселелер де губаткомда қаралып отырған ғой.

Елдің жағдайы

1926 жылдың 1 наурызында Қарқаралы уезі Кенестерінің ҮІ сьезі өтеді. Сьезд хаттамасында уездің жалпы өміріне, тұрмысына сипаттама беріледі.
1924-25 жылдардағы шаруашылықтар да ала-кұла. Атап айтқанда, уезде – жиырма пайыз кедей, жетпіс бес пайыз орта, ал бес пайыз бай шаруашылықтарды құраған екен.
Сол жылдары Қаркаралыда өнеркәсіп кәсіпорындарынан бір диірмен, мал соятын орын, монша болған. Тері заводы мен өрт сөндіру депосы болғанымен, жұмыс істемеген, дейді.
Калада, сондай-ақ, канализация, су құбыры және электр станциясы салынған екен. 1924 жылдың соңы мен 1925 жылдың басында қалада аурухана/амбулатория қызмет көрсеткен. 1926 жылға дейін қала бойынша 40873 науқас қаралса керек.
Уездің Кедей болысында бір фельдшерлік бұрыш пен екі көшпелі дәрігерлік көмек қызмет жасаған. Өңірдің денсаулык бөлімі штаты – меңгерушіден бөлек – бір дәрігер, бір көшпелі дәрігер (ол әрі сот медициналық сараптаушы), екі дәрі/дәрмек жеткізуші, бір туытана, бір медбике, қос күтушіден құралған.
Архив деректері сол жылдары аппаратты қазақтандыру жұмысы алға қойылып, ол маңызды мәселе ретінде қатаң қадағаланып отырғандығынан мәлімет береді.
Егер 1924 жылдың 1 қаңтарында уезд мекемелеріндегі қызметкерлердің бар-жоғы он бес пайызы қазақ боса, 1926 жылдың 1 ақпанында олардың арасалмағы сексен жеті пайызға жеткен.
Сондай-ақ, Қарағанды облыстык архивінде бертінірек Қарқаралы округіндегі байланыс кызметінің дамуынан мәлімет беретін құжаттар бар. Қарқаралы қаласында 1930 жылдың 1 шілдесінде округтік байланыс кеңсесі ашылған. Сол жылы Қарқаралыдан Семейге дейінгі атпен пошта жеткізу жолы қалпына келтіріледі. 1929-30 жылдары қалада радиостанция орнатылған, Кереку/Қарқаралы телеграф байланысы орнатылған. Ал алғашқы телефон байланысы 1930-31 жылдарда іске қосылған.
Қарқаралыда, ұлт мақтанышы Ахмет Байтұрсынұлының ұстаздық еткенін жақсы білеміз.
Қарқаралы Қазақ педагогтық техникумыны жүздеген білікті мамандарды даярлап шығарғаны да есте.

Педагогикалық техникум
Жоғарыда өзіміз айтып кеткен Қарқаралы педтехникумының оқытушылар құрамы туралы құжат Семей архивінен алынды. 1927 жылдың 5 ақпаны күнімен ресімделген “1927 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қарқаралы Қазпедтехникумы оқытушыларының тізімі” деп аталатын қолжазбада осы оқу орнында ұстаздық ететіндердің аты-жөні, олардың қай жылы туғандығы, әлеуметтік жағдайы мен білім деңгейі көрсетілген.
Педтехникумның оқытушылар құрамымен таныса отырып, осындай ұстаздар қазір біздің кез келген университетіміздің жүгін көтеріп әкетер еді деп ойлайсың.
Тарихи жазбаға сүйенсек, 1927жылы Қарқаралы педтехникумында Семей мұғалімдер семинариясының курсын бітірген Рахымбай Сапақов, Петербургтің тарих-филология институтын бітірген Дмитрий Алексеевич Юринский, реальды училище мен Уфа өндірістік училищесін бітірген Павел Петрович Белдыцкий, Париж университетінің философия докторы Вячеслав Павлович Калтыпин, институт және Москва университетінің заң факультетін бітірген Арсений Гурьевич Карягин, Уфадағы «Ғалия» медресесін бітірген Майдан Тұрғанбаев, Омбы ауыл шаруашылығы училищесін бітірген, политехникалық институттың инженер-құрылыс бөлімінің студенті Глеб Александрович Чередов, Омбы кадет корпусының түлектері Петр Алексеевич Тысяцкий мен Сергей Леонидович Макаревич, Омбы ауыл шаруашылығы училищесін бітірген Бірмухамед Айбасов, гимназияны және Киев қаласындағы жоғары әйелдер курсының тарих-филология факультетінің түлегі Валентина Леонтьевна Троицкая, Семей қаласындағы екі жылдық педкурсты бітірген Абдрахим Абдрахимов, Семей гимназиясының түлегі Раиса Михайловна Юринская қызмет атқарғанын көреміз.
1924-25 оқу жылының басында Қарқаралының басындағы I сатылы 3 мектепте, 13 мұғалім сабақ беріп, онда 666 бала оқыған, ал II сатылы 1 мектепте 8 мұғалім қызмет істеп, 82 балаға дәріс берген. Балалар коммунасында 65 адам тәрбиеленген. Қаланың мектебінде 172 орыс, 537 қазақ, 32 татар, 7 сарт оқыпты. Бұдан бөлек уезде 993 балаға білім беретін болыстық 24 мектепте 43 мұғалім қызмет істеген. Сол кезде шартпен оқытатын мектеп деген де болыпты. Олар 1926 жылдың қарсаңында жабылған, ал 1925-26 оқу жылдарында уездегі осындай 29 мектепте 27 мұғалім сабақ беріп онда 450 бала білім алады.
Дәл осы педтехникумда 1937-1939 жылдары менің атам Төлеубай Қосылбекұлы оқыған.

Жұт
Қарқаралы уезінің жұлпен күрес жөніндегі комиссиясының кезекті мәжілістерінің бірі 1928 жылдың 2 сәуірінде өткен екен. Онда жұттан зардап шеккен халыққа көмек көрсету жөніндегі шұғыл шаралар қабылдау туралы мәселе қаралған. Комиссия төрағасы Күленов хабарлама жасап, елдің жағдайының қиындап отырғаны жайындағы уездік атқару комитетінің ӛткен жылдың тамызындағы дабылына губернияның назар аударып, кӛңіл бӛлмек түгілі ондай қиын жағдай болады дегенге үзілді кесілді қарсы пікір білдіргенін айтқан. Сол тамызда айтылған қауіптің наурыздың басында шындыққа айналып, соңы апатқа ұрындырғанын айтады.
“Последний недельный буран, с одной стороны, и отсутствие своевременной помощи, с другой стороны, привели к повальному падежу истощенного джутом скота”, дейді. Осы мәжілісте Абыралы, Берікқара, Бауыр, Ақсары, Кент, Темірші болыстары мен қаланың маңындағы жағдай әңгіме етілген.
“Из других волостей цифр пока нет, но они тоже охвачены джутом и падежом скота, при чем подчеркиваем, что самый опасный период джута, как правило, настает”, дейді. Бұдан соң малдың қырылуы жұттан соң адамдардың ашығуына әкеліп соғары айтылады.
Қызмет бабымен Бауыр болысында болып оралған халық соты Байтоқин ел жағдайын көзбен көрген. Ол өзі куәсі болған жайларды былай баяндайды. Даланы жұттан өліп, қырылған малдың ӛлімтігі басып кеткен, бір жерден 150 жылқының өлігі табылған. 3-ші ауылдағы Жаманбалин деген байдың 300 қойы өлген. Кедей Алтынғозиннің бар жоғы 8 бас малының 7-уі қырылған. Қалған жалғыз сиырын сақтап қалмақшы болып өзі аштан ӛлген.
Абыралы болысының байы Төленберген Атағозин Бауыр болысындағы жайылымға 500 қойын өргізген екен, бірнеше күннен соң алдындағы малының бәрі қырылып, қойшының өзі таяғына сүйеніп зорға оралған. Бауыр болысынан жеткен мәлімет мұнда екі адамның аштан өлгенін білдіреді. Малдың қырылуы ел арасындағы жаппай ұрлықтың, өткен-кеткендерді тонаудың өршуіне әкеліп соққан. Сондай фактілердің ішінде Бауыр болысының №7 аулында 4,5 пүт, Абыралы болысында 12 пұт астықтың тоналғаны айтылды.
Осы және басқа да жайларды баяндай келіп “Работники волаппаратов лишены всякой возможности сообщаться с аулом, категорически требуют помощи голодающему населению. Голодающие население пригородного района толпами идет в город, требуя настойчиво помощи” деп сол кездің нақты жағдайынан мәлімет береді. Мәжіліс қаулысында жұттың ауыртпашылығын к-теріп, аштыққа ұрынған елге көмек көрсетудің жайы баяндалады. Көптеген шаралардың ішінде, жұт қамтыған аймақтарға Тұтынушылар одағының қорындағы бар 10000 пұт бидайды жӛнелту қажеттігі айтылады. Бұдан кейінгі 7 сәуірде өткен мәжілісте комиссия нақты көмекті елге жеткізу, халық арасындағы жағдайды реттеу үшін Абыралы болысына 1000 пұт, Бауырға – 500, Теміршіге – 700, Кентке – 500, Берікқараға – 500, Ақсары болысының №1 ауылына – 200 және қала маңындағы аумаққа – 600 пұт бидай жөнелтілгені, соған орай жауапты қызметкерлерді, соның ішінде Файзуллинді Абыралы болысына, Байтоқинді Байыр, Оралбаевты Кент, Қожановты Берікқара, Мустафинді Темірші болысына іссапарға шұғыл жөнелту қажеттігін айтады.
Сайын даланың белін қайыстыратын қалың малдың басым бөлігі қырылды. Бұл уездің алдағы бірнеше жыл қатарынан тұралап, күйзелісте болуына әкеліп соқты.

Жәрмеңкенің тағдыры
Атақты жәрмеңке тек сауда-саттықтың ғана емес, қыр елінің алты ай қыстан соң бір-бірімен жолығып, бас қосатын, әрі әлемдегі болып жатқан оқиғалардан мағлұмат алып, халық ішінен шыққан небір таланттардың өнерін тамашалайтын, палуандардың күшін қызықтайтын орны болған. Қоянды жәрмеңкесі орталықтан қашық өңірге өркениеттің ұрығын септі. Алайда, жәрмеңке 30-жылдардың қарсаңында өз жұмысын тоқтатты.
Оның басты себебі ретінде соның алдындағы қыр елін жайлаған жұт, осының салдарынан туындаған ашаршылық болды деу керек. Егер жиырмасыншы жылдардың соңындағы жұт елді тұралатып кетпегенде Қояңды жәрмеңкесінің өз жұмысын одан әрі жалғастыра беруі әбден мүмкін еді. Қоянды жәрмеңкесінде басты товар Арқа төсіндегі мыңғырған мал болды. Ал, 1928 жылдың қысында ғана Қарқаралы уезінің тек бес болысынан ірілі-үсақты жарты миллионннан астам мал жұттан қырылды.
Жұттың уездің өзге болыстарына тигізген зардабы бұдан кем болмады. Ол тек жалғыз Қарқаралы уезін ғана қамтымай жалпы қазақ даласына зор апат әкелген. Жұттан кейінгі жаздағы жәрмеңкенің өту-өтпеуі дүдәмал болды. Бұл мәселе уезд басшыларын да мазасыздандырған. Олар осы бағытта арнайы тексеру жүргізіп, елдің кӛңіл-күйін, елдегі мал басының қанша екенін тағы бір мәрте саралайды.
Соның нәтижесінде 1928 жыдцың 23 мамырында уездік атқару комитетінің Президиумы кезектен тыс мәжіліс өткізеді. Онда тӛраға Кұленов алдағы «Қоянды жәрмеңкесі» туралы баяндайды. Сол хабарламаны тыңдай келіп, президиум мүшелері арнайы қаулы қабылдаған. Оның бір данасын губерния орталығына жөнелткен. Семей архивінде уездік атқару комитеті президиумының төтенше мәжілісінің №18 хаттамасы сақталыпты. Онда тӛралқаның алдағы өткізілуге тиісті Қоянды жәрмеңкесі туралы мынадай шешімге келгені баяндалады. “… и принимая во внимание то предложение населения – уезда, в котором оно находится, после только что пережитого «джута», а главным образом вызванного им падежа и полного истощения скота, который главным образом и составляет основной фактор торговли и значение Куяндинской ярмарки, к моменту открытия каковой при наличии местной обстановки истощенный скот недостигнет основной упитанности и ценности, вследствие чего признать целесообразным начало открытия ярмарки отсрочить до 25 июня, поставив разрешение указанного вопроса перед губернией”.
Осы қаулыда сонымен бірге жәрмеңкедегі медициналық, мал-дәрігерлік қызмет пен саяси-ағарту жұмыстарын жүргізуді уездің ерекшелігі мен жергілікті жағдайды жете өз қызметкерінің жүргізгені жөн деп шешілген. Сондай-ақ жәрмеңкедегі күзет жұмысын күшейту мәселесі де сөз етіледі. Оған жергілікті милицияның күшін жұмылдырумен бірге, губерниялық қылмысты іздестіру бөлімінің екі агентімен нығайту қажеттігі атап көрсетіледі. Жұттан кейінгі жәрмеңкені өткізудің өзіндік қиындығы болатынын жергілікті басшылар жақсы білген. Олар жәрмеңкеге сатуға әкелінетін мал басының бұрынғыдай көп болмайтындығын түсінді. Сондықтан қолда бар мал басының аз мезгіл болса да көкке тұяғы іліккен соң қоңдануына мұрша беруді сұрап жоғарыға өз шешімдерін жолдады.
Осы қаулыда “Принимая во внимание наличие продовольственного кризиса и отсутствие всякой возможности местных заготовок хлеба просить Губторготдел о снабжении ярмарки продовольствием к началу сезона необходимого количества хлеба из Семипалатинска” делінген. Міне, осылайша 30-жылдың қарсаңында Қоянды жәрмеңкесі үлкен дағдарыс үстінде болды. Оның соңы атақты жәрмеңкенің жабылуына әкеліп соқты.

(Бұл эссені жазу барысында, ашық ақпарат көздері, Қарағанды облыстық архивтер мен құжаттама бөлімінің бас маманы Ләззат Байкенжина, “Орталық Қазақстан” газетінің тілшісі Ермағамбет Лұқпан және мектеп-интернаттың тарих пәні мұғалімі Жанар Тұрлығұлова еңбектерінде келтірілген деректер пайдаланылды.)

Мамыр, 2019/тамыз 2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here