Дидар АМАНТАЙ

КИНЕМАТОГРАФИСТ
Әңгіме

– Осы.
Шет-шеті желінген ескі, көнетоз, былғары сөмкесін қайта жауып қойды. Қолындағы қағаз папкіні оған ұсынды. Ол алды да, бауын шешіп, бетін ашты. Ішінде сценарий жатты. Парақтап көрді. Жұқа. Тәубе, деді. Ықшам екен. Қысқа шығарма қашанда терең. Ұзын туындының сөзі көп. Мынау шағын, қалың емес, шүкір. Әдетте, бәрі қаламгер, дарынды, жазуға құмар, оқитын тек мен ғана.
– Жарай ма?
– Білмеймін.
– Оқып көр, өкінбейсің, кемел дүние.
– Жақсы.
– Он бес жыл сақтадым.
– Шарды тізіп жіберші.
Ол жайлап, берген драматургиялық жазбасын мақтап сөйлеп жүріп, шарды үшбұрыштап тізді. Терезе жақтауынан құлаған мол жарық, үлкен әйнектерден кедергісіз өтіп, ағаш мүлік, таза еденге жайылып, құйылып тұр. Жазғы, таңертеңгілік мезгіл күн әлі көлденең, біртіндеп тас төбеге көтеріліп келе жатыр. Екеуі кий таңдады. Сценарийді үстел үстіне, астың жанына қойды, қолына таяқты алды, әрі көздеп, бері көздеп, тура орта тұсынан дәлдеп атты. Үркердей топтанып тұрған шарлар тарс етіп, жан-жаққа шашырады, безек қағып, тарыдай шашылған күйі, босып, жапатармағай жүгіре жөнелді, бортқа жетіп, тағы тарс-тұрс соғылды. Тынышталғанда, әрбіреуінің позициясын, осал жерін аңдады. Ұзақ, індете қарап, ұрымтал тұсын тапқанда, саңылауы да көрінді, жүретін жолы айқындалды, сол кезде – ұрды. Көлденең жатқан шарды бүйірінен қағылез қаққанда, шыр айналды да, ұяға теріс барып кірді, іле-шала тағы біреуі топ ете түсті. Сосын, тағы біреуі.
– Ұмытпайсың ба?
– Жоқ.
Ойын тез аяқталды. Асыққанда, үнемі партия тез бітеді. Көлік келгенде, тез қоштасып, сценарийді ұстап, “Титаник” кафесі табалдырығынан аттап, сыртқа шықты. Ол босағада қалды. Қалпағын шешкенде, шашы сиреп бара жатқаны көрінді. Мүмкін, енді жолы ашылар, бағы жанып, редакциялық алқа бірауыздан мақұлдап, қабылданып, қаламақы алып жүрсе бір күні… елдің бәрі түгел таңырқар. Қоғам – кеме, теңіз – тіршілік, пассаждың түйіні: біз – суда жүзген көліктің пассажирлеріміз.
Дәу джип тауға бет алды. Тауды аралап жүргенде, сценарий есінен кетпей қойды. Жүзеге аспаған жоба сөреде жатып ескірген тәрізді. Кешігіп жетті. Уақыт бір орында тұра ма. Бүгін өзекті, ертең немқұрайды, енжар. Бірте-бірте сан мәрте экранға шыққан тақырыпқа айналады. Жаңа сөз емес, кеше, шынымен, маңызды, қызықты еді, бәрі қызыға оқитын, кино жасайтын дүние болды. Қайраңдағы қайық, құмда жатқан кеме, алыстан қарауытқан көлшік. Қазір тұрғылықты халықтан басқа елдің есінде Арал қайғысы жоқ, қасірет – жұрт ұмытқан күнделікті қарапайым шындық. Ешкімді толғандырмайды, тебірендірмейді, ақындар да аңғармайтын, шайыр да жыр арнамайтын мәселе. Бүгін басқа нәрселер – уайым, пандемия, вирустар шапқыншылығы, содан соң… зейнетақы, төлемақы, пәтерақы. Ақысыз дүние жоқ, төлеуі, өтеуі көп, тегіс мемлекет алында міндетті, бәрінің мойнында ауыр жүк, әлеуметтік ауыртпашылық, жеке тұлғалық жауапкершілік. Ол ағаш тамырына жармасып жоғары көтерілді. Жартастың беті жылтыр, іргесі ойқы-шойқы. Тағы ырғыды, келесі баспалдақтан көрінді, сүрлеуді қуалап, сатылап келе жатыр. Алдыңғылар жүйрік, жылдам, соңындағылар шұбатылып, бір-бірінің ізін басып, тізіліп, кейде тарқатылып, шашылып, созылып көзге түседі.
Діттеген тұсқа жеткенде, тоқтады. Ептеп жел есіп тұр. Майда. Қала алақанда жатқандай. Таныс ғимараттар сұлбаланып, көзге оттай басылады. Үсті күңгірт, түтін, тұман.
Ол тынығып алған соң, кері қайтты. Төмен – жеңілірек, оңайырақ, қысқарақ. Ең бастысы – тастар арасынан сыйып өтіп кететін жол таба білу. Секіріп, жүгіріп келеді. Екпіні қатты. Болмайды. Тежеген жөн. Сүрініп кетсе, омақаса құлайтыны анық. Баяулады. Ескі соқпақ сілемденіп, ұзарып, тілген таспадай із тастап, ұсақ шоқылардан асып, қашып барады. Жақсы демалыс болды. Саф ауа көкірегін керді.
Түнде тағы сценарийді ойлады. Бүкіл өмірі өтті, кәрілік шалды, ұлдарын үйлендіріп, келін түсіріп, кезек-кезек жұмсайтын, немере сүйіп, шөбере көретін, алақанынан су ішетін уақыт келді, ол болса, әлі ескі сценарийін тулақтай сүйретіп, киностудия жағалап жүр.
Ертеңіне жұмысына бара сала, сценарийді толық қарап шықты. Ыждаһаттап оқыды. Он бес беттік дүние, жұмбағы жоқ, құпия да байқамады, жалпы, суық, әсерсіз, атмосферасы – жалған. Қаһармандары – жалаң. Штрихы аз. Бояуы қалың. Кезіндегі өзекті тақырып. Бірақ, кино кітап емес, ол – ескіреді. Талдау барысында:
– Сценарий жарамсыз, – деді ол, – уақыты өткен, дәурені біткен.
– Өнер деген мәңгілік, – деп қарсыласты автор.
Айтарға уәж жоқ. Ол үнсіз қалды. Мәңгі нәрсе бар ма. Адамға қатысты нәрсенің бәрі ұшқыр. Мұратына тез жетеді.
– Сценарийдің басы мен аяғында тұтастық жоқ, сюжеттік желі осал,
әлсіз, тура тартылған идеясы жалаңаш, сендірмейді.
– Мәтін ашық.
– Драматургиясында шашыраңқылық бар.
– Бірізділік көрмей тұрмын.
– Кейіпкерлері кездейсоқ.
– Соңындағы мораль қажет емес, кімге ақыл үйретеміз.
– Иә.
– Ой жасырын қалуы тиіс.
– Оны уақиға айтуы керек емес пе.
– Қазақты қойып, адамзатқа ақыл үйрете бастадық па?
– Қорытындымыз анық: жарамсыз деп танылсын.
Автор қалшылдап кетті. Орнынан қалтырап, дірілдеп тұрды.
– Сендер, – деді ол, – нөлсіңдер.
Сосын, тозығы жеткен былғары сөмкесін сүйретіп сыртқа шығып кетті. Бөлмеде тыныштық орнады. Дәлізден бухгалтердің дауысы естіледі. Біреуге ұрсып жатыр. Шығын емес, ысырап. Бюджет дегеніміз бұлжымайтын заң, тәртіп. Үкімет бекітеді, парламент қолдайды. Басқа қаржы жоқ. Талқыға жиналған жұрт тарқай бастады.
Кешке “Титаник” кафесіне ас ішуге барғанда, ол дастарқан басында жалғыз отырған авторды көрді. Қып-қызыл мас. Шатақ іздеп, төңірегін шолады, өткен-кеткен кісіге тесіле қарайды. Сірә, жыға танымады:
– Жолдас, – деді ол, – Сіз студиядан емессіз бе?
Ол әдейі, жорта танымай тұр деп ойлады.
– Менің күшті бір сценарийім бар, гениальное произведение искусства, призванное увековечить проблему Арала, с философским началом.
– Үйіңізге апарып тастайық па?
– Жоқ.
– Шаршадыңыз, ертең де күн бар.
– Білесіз бе, әлем – мұхит, біз – бір қайықтамыз.
– Рас.
– Но только капитан “Титаника” пьян, пока лодка плывет, он давно увидел айсберга.
– Отрезвеет.
– Это зависит от драматурга, он вполне способен поменять название судна.
Сосын, күлді. Кафе тыныш, бірақ, катастрофа жүзіп келе жатқандай атмосфера бар: қабырғаның бәрін де – айсберг фотосуреттері.

01.08.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here