Дидар АМАНТАЙ

СЕГІЗІНШІ КҮН
Әңгіме

Түсіне Хайдеггер кірді. Бұл неғып жүр. Екеуі маңдай алдында, қарсы жатқан, иіп-иір асқаралы тау сілемін қуып барып асып, етегін шимайлаған, сүрлеу-соқпақтың бас жағында, болмыс туралы әңгіме-дүкен құрып, атқан таңға көңіл ауармаған қалпы, жайдарман, жайбарақат, бейтарап күліп сөйлеп келе жатыр. Жолда қарағайлы орман арасынан қылтиған сандықтас шоқылар көп. Ауа мұнтаздай таза, кір шалмаған, саф. Бір тұстан сарқырап аққан асау өзен үні талықсып жетеді. Кенет іргеден, құлама жартастардан бөлініп, жарылып, жақпар-жақпар, ірі-ірі тастар төмен сырғыды. Шыңыраудың түбіне жеткенде, тас-талқан болды.
Енді шатқалды жағалап жүр. Ницше көрінеді, Гуссерль де келіп қалыпты. Пәлі, Жан-Люк Марион тұр. Хайдеггер феноменологиялық онтологиясында ғаламды үш кезең ішінде жасайды.
Ол жеті күн ішті. Сегізінші күні – тоқтады. Оянған қалпы, орнынан тұрмай, теріс қарап күн тас төбеге көтерілгенше, бүркеніп, қимылсыз жатты, түскі ас кезінде, аздап кеспе салған жас сорпадан татып көрді. Басын көтеріп, екі-үш мәрте ұрттады да қойды. Жаңа құйылған ыстық көже жап-жақсы, дәмді, сұйық, үстінен ептеп бу шығады. Бірақ, тәбеті жоқ. Енді азап басталады. Жауырынын қабырға іргесіне сүйеп, ыдысты ұстаған беті ойланып қалды, мұңлы көзі көлеңкені қиып өткен жарықтың соңынан қарады, күн сәулесі қалтарыстан шыға бере шұғыладай жан-жағына шашырап, төгіліп жатыр.
Терезеден көшеге, көшеден жолға, жолдан алысқа көз салды. Алыстан бір-бірімен жарысқан автомобильдер көрінді. Әр жағы – зәулім үйлер, қаланың шеті, қырдың алды, дала…
Сірә, жоспарынан адасты ма, әле, бағытынан жаңылды ма, бірте-бірте сәтсіздікке ұшырады, денсаулығы сыр берді, жүріс-тұрысы қиындады, көңіл күйі түсті, мазасы кетті.
Ол қайыра теріс аунады. Бейнетін күтіп жатыр. Мехнат дәлдігіне күмән бар ма, міндетті түрде келеді, бастан алады, аяқтан байлайды. Әр кафеге бір тоқтап жүреді. Сіресіп шықпай қояды.
Бірде фужер, бірде рюмка күйінде күтіп тұрады. Бокал формасында сирек, анда-санда. Ойланып-толғанып алғысы келеді, кілтипанды іздейді, жұмбақтың шешімі қарға адым жерде сияқты, таяу, алайда, аласапыран жібермейді, ойын құрсайды, дерт, сырқат емі, дауасына жұмсайды, жетелейді. Бұл кезде – бір рюмканың құлы.
Есінен айратын нәрсенің бәрі – адамға жау. Сана шаршамайды, неге ол демалуы керек. Тынығатындай арба сүйреді ме, тең артты ма, жүк тартты ма. Ойлану – сана табиғаты. Болмысы – жүйеленген түсініктер жиынтығы. Түсінбеген – сана бола ала ма. Көбіне түпсанаға сіңеді. Екінші түрі – мақұлық. Жан – тіршіліктің белгісі, иесі емес.
Ішпеймін, деп шешті ол. Төсектен тұрып, үстіне жазғы киімдерін киді. Үй-іші үрейлене қарады. Тағы арақ-шарапқа кетті. Шығарда, тиын-тебен сұраған жоқ. Бәрі алаңдап қалды. Ол, тіпті, қарызға ала салуы мүмкін. Береді. Есікті тұтқасын басып ашты да, табалдырықтан аттады. Итеріп жауып қойды. Баспалдақпен төмен түсе бастады. Жерде бірлі-жарым темекі қалдықтары жатыр. Жаңа жуылған еденді қайта қолма-қол былғап… көрші-қолаң бір-бірінің еңбегін бағаламайды.
Төменгі қабат алакөлеңке, құлыптың түймесін басып, сыртқа шықты. Күн жайнап тұр. Ол көзін сығырайтып төңірегін шолды. Есік алды лық толы халық. Немере жетектеген апа-әжелер, тарихты қайталаған әулие көкірек ақсақал-аталар. Шежірені жатқа біледі, ру таратқанға – даңғыл.
Дүние жат көрінді. Үйдегі адам қарайғаны бір бөлек, тіпті, алыстап, өгейсіп қалады екен. Бөтен әрі жылы. Шуақты. Тез үйреніп кетеді. Ойнаған балалар арасымен өтіп, тротуарға беттеді. Сәбилер шулап қалып жатыр. Шүпірлеп толған, жыпырлап жатқан сәбилер. Сары балапандар тәрізді.
Дүкенге қарай жүрді. Екі ойы арпалысып келеді. Жоқ! Кері бұрылды. Бар. Кідір. Мына азаптан құтылудың төте жолы, бірақ сапары – ұзақ. Тағы бір күн қосылады. Кеш батқанда үрей келеді, әуелі – зәре. Зәресі ұшқанда, үрей қалады. Үрей қорқынышқа айналады. Қорқыныштан өгейсіп, дүниеден безеді. Шақырады. Белгісіз біреулер қол бұлғап шақырады. Өлім жолын сілтейді. Оны бәрі біледі, түбінде бәрі өледі. Өлім жолы – адамның өмірі. Өмір сүрген адам өлімге келеді.
Дүкен алдында қипақтап біраз тұрды да, кейін шегінді. Тротуармен кері қайтты. Батырлық қорқыныштан да биік басқа мағына бар екенін түсінуден туады. Қауіппен күреспес бұрын қорқынышымызды жеңуіміз қажет. Батыл адам қорқынышын баса біледі. Құлазудан ішімдік құтқармайды, ол тек ептеп шегіндіреді. Түндегі жиын-той таңертең оянғанда қайғы-шерге айналып тұрады.
Әр мөлшердің өз қайғысы бар. Ішкен сайын еселенеді. Көп арақ көміп тастайды, кейде – қабірге апарады.
Мастық – сана тоқырауы. Жарты қызметінен айрылған жарты сана. Қызығы азабына айналады.
Ол жерден құмырсқа илеуін көрді. Тізе бүгіп, еңкейіп, жақыннан шолды. Бос, бейсауат жүрген біреуі жоқ. Бәрі еңбек үстінде, бейнет жолында. Бір құмырсқа өзінен үлкен тасты көтеріп бара жатыр. Құлатып алды. Тырбаңдап, астына кіріп, қайыра көтерді. Жол-жөнекей жәрдемшілер қол ұшын бере бастады.
Сана жоқты инстинкт адастырмай тұр. Не істесе екен. Ол автомобиліне тақады. Есікті ашып, рөлге отырды, сосын, жолға шықты, қала шетіне бет алды. Даңғыл саяхатқа шақырды. Автомобиль ақырын жылжып келеді. Бір жолаушы қол көтерді. Терезе шынысын түсірді.
– Іргеліге.
– Бұрылыста қалдырсам бола ма?
– Иә.
Автомобиль қайта қозғалды. Бойжеткен қыздың сұлулығына қарап:
– Қажет десеңіз, үйіңізге дейін апарып тастайын, – деді.
– Қажет.
Сөмкесінен ұялы телефонын алып жатып, күле сөйледі. Үні жұмсақ, жағымды, әсем. Көздері үлкен, ерні шиедей – қыр мұрынды.
– Жақсы.
Қыз телефон терезесі бетімен саусағын жүгіртіп, таңбаланып түскен сандар құрамын тексеріп жатыр. Қоңырау шалғандар көп тәрізді. Бір түймесін басып, бәрін әйнектен көрсетті. Жарық мол, айнадай жарқыратып тұр. Шыны астынан көтермеген қоңыраулар тізімі шықты. Кенет шашын қолымен қайыра, ақ құба жүзін бұрып, шопырға қарады. Шашы қайта құйылып түсті.
– Қымбат емес пе?
– Тегін.
– Тегін?
Пассажир пассаж таппай, ойланып қалды.
– Иә.
Ойын-қалжыңы аралас сөз деп ұғып, сенер-сенбесін білмей, таңырқап отыр. Телефон шамын өшірді де, сөмкесіне салып, өзінен ары итеріп қойды.
– Неге?
– Бүгін менің жолаушыларды тегін таситын күнім.
Ол күлді. Қыз да күліп жауап берді. Бәрібір, сенбей отыр. Қызық. Бірінші рет…
– Тоқтаңызшы, мен түсіп қалайын.
– Не болды?
– Қауіптенемін.
Жігіттің жүзі жылы, шынайы күлімсіреді.
– Өз еркіңіз.
Ол тежеуішін басты. Қыз түсіп қалды. Жеңіл машина қозғала бергенде:
– Жарайды, келістім, – деп, қайыра отырып алды.
– Салон ішінде алкоголь иісі жоқ па?
– Бар.
– Қатты ма?
– Сіз іштіңіз бе?
– Кеше.
– Она, мен түстім, – деді қыз.
– Өзіңіз біліңіз.
– Жүзіңіз жылы екен, жарайды, апарып тастаңыз.
– Мақұл.
– Алғабасқа соға кетсек ше?
– Жолын айтып отырыңыз.
– Кемертоғанға Іргеліден кейін…
– Келістік.
Автомобиль Саин көшесімен құстай ұшты. Бағдаршамдар, тақталар, жарнама шамдары қос қапталдан шұбырып қалып жатыр.
– Қатты айдайсыз, – деді қыз.
– Жылдамдық – жүрек соғысындай қатты болуы тиіс.
– Неге?
Қыз күлді.
– Себебі, қатты жылдамдық дерттен емдейді.
– Оңға.
– Оңға бұрылдық.
– Солға.
– Бәсе, дауысыңыз күшейді.
– Тез өмірдің тезі де сын.
Жеңіл машина Алғабасқа соқты, сосын, іргесіндегі, негізгі маршрут, Іргеліге маңдай түзеді, түске қарай, айтқан мекенжайына келіп тоқтап жатты. Ескі жер үй, жайылып бес-алты қаз-үйрек жүр, тауықтар, он шақты қой-ешкі көрінеді, кәрі ит дуал түбінде, күннен қашып, көлеңкеге тығылып, рақат кешіп, мызғып жатыр, түтіні бұрқыраған самаурынға бір бала отын салып тұр.
– Алдабергеновтерге сәлем!
– Мен боспын ба?
– Жоға, – деді қыз, – әлі жұмыстар бар.
Сосын, машинадан шығып, үйге беттегенде тағы:
– Алдабергеновтерге сәлім, – деді.
Үйге кіріп, жоқ болды. Біраздан соң, бір бала шайға шақырып келді. Сенектен өтіп, ауызүйге кіргенде, шайда отырғандар тегіс түрегелді.
– Төрлетіңіз.
Орнына жайғасып бола бергенде:
– Қай елсің, балам, – деді бір әже.
– Балқаштан.
– Ар жағынан ба, бер жағынан ба?
– Қай жағы дұрыс, апа?
– Екі жағы да.
Бәрі ду күлді. Шай ішіп отырып терледі. Сосын, сыртқа шықты. Кемертоғанда тағы шай ішті. Іргеліге қайта айналып соққанда, шай дайын екен, дастарқан жайылып тұр. Ет те келіп қалды. Ол қалғып-мүлгіп түн ортасында Алматыға қайтты. Туыс тауып, көңілі жайланып, ақырын ғана әндетіп жол үстінде келе жатты. Қалаға кірген бетте телефон шылдырлады. Әр жақтан манағы сұлу бойжеткен:
– Аға, телефоныңызды ұмытып кеттіңіз, – деді.
– Сонда, мынау кімдікі? –деп сұрады ол.
– Менікі.
Ол күлді де, машинасын кері бұрды. Таң атқанша, үйіне бір жететін шығар әйтеуір. Кенет хабарлама келді:
– “Жылдамдық – жүрек соғысындай қатты болуы тиіс”.
Ол:
– “Неге”? – деп жазып жіберді.
Қыз күлкінің белгісін салды да, артынша-ақ:
– “Себебі, қатты жылдамдық дерттен емдейді”, – деген сөз жолдады.
Іргелідегі үйдің жанынан тоқтағанда, ол есік алдында оны күтіп жүрген бір қауым елді байқады. Бәрі шулап қоя берді:
– Келінді болдық!
– Азаматымыз келін әкеле жатыр.
– Сүйінші!
Күні ұзақ көлік жүргізген жігіт шаршап тұрса да, сүйіншіге не берсем екен деп салон ішін, қалтарыс-қуыстарын, кең қалталарын ақтарды. Хайдеггердің бір кітабын тапты. Оқымаса да, сырты қандай екенін білетін болады, деп ойлады ол.
Бірақ, кейін дүниеге келген нағашылы-жиенді қос перзент көне университеттің философия факультетіне оқуға түскен екен дейді.

28.07.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here