Дидар АМАНТАЙ

АЯ
новелла

Әлі күнге шейін Ая деген әдемі есімі естіле қалса, жүрегімді біреу аялы алақанымен сипағандай болады.
Бейне бір жайма-шуақ жас күндерім қайта айналып келгендей, айрықша бір күй кешемін, көрікті бейнесі көз алдымнан көлбеңдеп кетпей тұрып алады.
Қайран, Ая, қайда екен деймін, тірі ме, жоқ па, тағдыры не болды, арманы орындалды ма, ол Қарағандыға көшіп, бақытты өмір сүргісі келетін. Сол Ая екеумізді ешкім айыра алмады, бірақ екеуміз де бұның бәрі уақытша екенін білетінбіз.
Сұмдық сұлу еді, ағаш сәкіде құшақтасып, көрпе жамылып көп отыратынбыз. Әр нәрсені бір қиялдап, таң атып қалғанын да байқамаушы едік.
Көкейіндегі арман-қиялы Қарағайлы қалашығымен бірге қирап, терезелері үңірейген үйлері тәрізді үйіндіге айналып, жермен-жексен болып жатыр ма екен. Қайда екен Ая, бір жаз өміріме куә ажарлы ару не істеп жүр екен, уақытша дүниенің де ұзақ әсері бірталай жылдардан соң жанымды қайта қинайды деп ойламаппын.
Ая. Үнемі тілімнің ұшында тұрады, есіме түскен сайын көргім келеді, бағалай алмағаныма, қаірлей білмегеніме, өкінемін.
Мен Ақтеректе күздің басына дейін болдым. Екі арада шұғыл байланыс жоқ, жұрт кеңсеге барып, әкімнің қабылдау бөлмесінен жан-жаққа қоңырау шалатын. Қоңырау аудан бойынша тегін. Телефон жалғыз, елең-алаң оянып, ертемен бәріміз кезекке тұрамыз. Кісі де көп емес, тек ел ұзақ сөйлесетін.
Менің қоңырауымды көтергенде, ар жақтан жұмсақ дауысы алло дейтін, тұла бойым шымырлап қоя беретін, тіпті, жаным балқып кетуші еді. Еден жуып жатырмын, дейді. Сөзін нәштеп сөйлегенде, қала қызының әсем дауысы осындай болады екен, деп, бірінші рет естігендей, әсерленетінмін. Биязы үн қататын. Зиялы тембрдің сұлулығына таңырқап қалатынмын. Ая тұла бойы сұлу деп ойлайтынмын. Көздері үлкен, жүзі шырайлы, езуінен күлкі кетпейтін. Сыңғырлап сөйлеуші еді. Сөйлеген сайын аузынан алтын-күміс тамып, інжу-маржан төгіліп жатқандай көрінетін.
Таңғажайып образы әлі күнге шейін көңілімді толқытып, жанымды тебірентеді. Бірде, оқшау қалғанда, құшақтасып сүйісе жөнелдік. Дайындап қойған төсекке көлденең құладық. Жалма-жан омырауын ашып жібергенде, көзім қарауытқандай болды. Екі алмасы да тырсиып тұр екен. Әдемі денесі, құлын мүшесі, ерні, төсі бір сәт есімді шығарып жіберді. Бақыт дегеніміз осы шығар деп ойлап қоямын. Бірақ, ер-азаматтар аты шығып кеткен деп елемейтіндерін де, құрметтемейтіндерін де білемін.
Мен Аяны сүйген жоқпын. Елден кеткенде қоштасқан да жоқпын. Алматыға жетіп алған соң, тіпті, ұмытып кеттім. Бірақ, бірақ, Алматының кейбір жаңбырлы күндері Қарағайлыға, қара суық күзіне, тамыз, қыркүйек айларына ұқсап кеткенде, жазғы демалыс бітіп, астанаға оқуға аттанар шақта бір кезердегідей, қобалжып не шаттанып жүргенімдей, біртүрлі толғанамын, аласапыран күй кешемін, көз алдыма Ая келеді, бақытты болды ма екен, асыл арманына, жарқын мұратына жетті ме екен, деп алаңдаймын, көкірегімде сағыныш оянады, Қарқаралы-Қарағайлыға деген, бірге жүрген жолдастарыма деген, мені Аямен кеште таныстырған Рамазан, Құрмет, Асқат секілді қарағайлылық достарыма деген, сол бір уақыт, сол бір орта атмосферасы мені жазуға, жазу үстеліме қарай сүйрей жөнеледі, қолыма қалам алып, жазып тастамасам, мауқым басылмайтынын да түсінемін.
Аяның бақытына тілектеспін. Бағы ашылса екен деп ойлап жүремін. Өмірдің жұмбағы да сол, жылдар өте келе тарс ұмытқан адамдар қайта еске түсе бастайды, сонда, сол кезде кешкен ғұмырың кездеспей кеткен бейнелер галереясы айналып кетеді.

24.07.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here